Ерекше жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі біресе тексеріп, біресе «заң бұзушылық» болмаған деген уәжбен, қилы болжаммен тоқтатқан. Сондықтан Теміртау тұрғыны Сергей Помазановтың істі сотқа жеткізу талабы әлі орындалмаған. Ол «бағдаршамның жасыл шамы жанған кезде жүрдім, сондықтан жол апатына кінәлі емеспін» дейді. Ал әскерилер жеңіл көлік жүргізушісі жарық сигналы орнатылған арнайы автомобиль еріп келе жатқан автоколоннаны өткізуі тиіс болған деп санайды. Іс осылай созбақталып Сергей, оның туыстары мен жергілікті белсенділердің «әділ тергеуді» талап еткеніне бір жылдан асқан.
Жол-көлік оқиғасы 2015 жылы мамырдың 13-і күні сағат 11 мен 12 арасында болған. Қала ішіндегі жол саналатын Ушинский көшесі мен Қарағанды тас жолының көлік жүрісі реттелетін қиылысында ұлттық гвардияға қарасты №5516 әскери бөлімі жақтан үш автокөліктен тұратын колонна («Газель», БТР-80 беренді көлігі мен солдаттар тиелген автобус)келе жатқан. Кейін әскерилер автоколонна Қарабас кентіне атыс жаттығуына бара жатқанын айтқан. Колоннаның алдында келе жатқан «Газель» көлігі қиылыстан сәтті өткен, ал оның артынан сәл қалыстау жерде бронетраспортер келе жатқан. Осы кезде екінші дәрежелі жол саналатын Ушинский көшесі бойымен Сергей Помазанов «Лада Приора» көлігімен келе жатқан. Сергей Помазановтың айтуынша, бағдаршамның жасыл шамы жанған кезде оның көлігі қиылысқа жетіп, әскери колонна кетіп бара жатқан жаққа қарай бұрыла бергенде 14 тонналық БТР –дің астында қалған.
Помазанов шағын колонна өтіп кеткенше күтіп тұруы тиіс пе еді әлде ол БТР қызыл шам жанған кезде тоқтайды деп ойлады ма деген дау бір жылдан бері әлі толастаған жоқ. Колонна өткен кезде көше қиылысындағы жол қозғалысын реттеуші немесе жарық сигналы бар арнайы автомобиль жаппаған, бірақ колоннада арнайы автомобиль болған. Помазановтың адвокаты әскери полицияның кеңсесі бронетранспортер қарайтын әскери бөлімнің территорияда орналасқан, сондықтан тергеу амалдарын тоқтатып қойды деп санайды. Ал әскери прокуратураадвокаттың бұл уәжімен келіспейді. Бұған қоса, бронетранспортер рулінде отырған сарбаз жүріп келе жатқан жолды толық көрмеген деген дау туған. Бірақ іс сотқа әлі жетер емес.
«ПЕРІШТЕСІ ҚАҚТЫ»
Көлігін 14 тонналық БТР басып өткеннен кейін Сергей Помазановтың 6 айы денсаулығын қалпына келтіруге кеткен. Әлгі жол апаты кезінде жігіт көптеген сынықпен ауруханаға түскен. Туыстары оның тартқан бейнетін әлі қынжыла еске алады.
Екі ай гипсте жатып, кейін реаблитациялық кезең басталды. Денсаулығын қалпына келтіруге жарты жыл кетті.
- Періштесі қақты». Төрт қабырғасы, бұғанасы (кезінде темір шыбық салған, бірақ қазір алып тастады), жамбасының ұршығы (ол жерге үш бұрандалы шеге қойды) және жамбасы (ол жерде темір пластина тұр) сынған. Бүкіл оң жағы зақымданды. Екі ай гипсте жатып, кейін реаблитациялық кезең басталды. Денсаулығын қалпына келтіруге жарты жыл кетті. Бірақ сынған сүйектері әлі күнге сырқырайды. Енді өмір бойы сырқырап өтетін шығар, - дейді зардап шеккен жігіттің әкесі Владимир Помазанов Азаттыққа.
Сергей Помазановтың жасы 25-те, бойдақ. Металлургиялық комбинатта көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін ол ұзақ уақыт денсаулығын түзеген соң жұмысқа шыққан. Бірақ жарақаттың орны әлі ауырады, әсіресе ауа-райы бұзылса, қатты сырқырайды. Емдеу шығындары отбасы өзі төлеген.
- Сол кезден бері әскерилердің біреуі де жағдайымды сұрап келген жоқ. Көлігім жөндеуге келместей болып қалды, тек бөлшектеп сатуға жарайды. Көлігім сақтандырылған, бірақ сақтандыру компаниясы «бұл - сақтандыру жағдайы емес» деген уәжбен ештеңе төлеген жоқ. Жаншылған көлік ақылы жеке меншік тұрақта тұр. Әкем полицияға «сот болғанға дейін сатпаймын» деген қолхат жазып берген. Істі қайта қозғайтын шығар деп үміттенеміз, мүмкін зиянды өндіріп алармыз. Ол әкемнің көлігі болатын, - дейді Сергей Помазанов Азаттыққа.
БІР ТЕКСЕРІЛІП, БІР ЖАБЫЛҒАН ІС
«Жәбірленуші денсаулығына ауыр зардап әкелген жол жүрісі ережелерін бұзу» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс үш рет жабылған. Алғашында қылмыстық істі екі рет жауып тастағаннан кейін Помазанов пен адвокатының шағымына байланысты тергеу амалдары қайта басталған. Бірақ көп ұзамай Орталық аймақ әскери прокуратурасы тергеуді тоқтату шешімін құптаған. Помазанов мұнымен келіспей, бас әскери прокуратураға екінші шағым жолдаған.
Адвокат іске қатысты жайттарды анықтаумен айналысқан Серік Төлепбергеновті сотқа дейінгі тергеуді жүргізуден шеттетіп, істі қызметкерлері «5516 әскери бөліміне қатысы жоқ, яғни оның территориясында тұрмайтын, тамақтанбайтын және істі әділетсіз тексеруге әлдебір себептермен мүдделі емес» өзге тергеу органына тапсыруды да сұрайды.
- Астанадан арнайы прокурор жіберулерін сұрап жатырмын, өйткені жергілікті тергеушілерге сенім жоқ. Істі тергеумен №5516 әскери бөлімінің әскери полициясы айналысқан, бірақ олар істі заңға сай тексеріп, бөлімнің әскери қызметшісін де, өздерін де қылмыстық жауапқа тартпайтыны аян ғой. Оның үстіне, бұл қоғам назарына іліккен іс әрі заң бойынша оны тексеретін органды ауыстыруға болады. Сондықтан БТР жүргізушісі ғана емес, колоннаның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етпеген лауазымды тұлғаларды да жауапқа тартуды сұраймыз. Мысалы, жүргізушінің жанында отырған БТР командирі қайда қараған? Бұл жерде лауазымды тұлғалардың салдыр-салақтығы байқалады. Олар әскери полигон емес, жұрт пайдаланатын ортақ жолмен келе жатты емес пе, сондықтан мұндай жайттарды алдын ала келісіп алу керек еді, - дейді адвокат Валерий Мұртазаев Азаттыққа.
Азаттық БТР жүргізушісі келісім-шарт бойынша қызмет ететін №5516 әскери бөлімінен комментарий сұрады. Бірақ олар ешқандай комментарий бере алмайтынын айтып, ұлттық гвардияның баспасөз қызметіне сілтеді. Ал ұлттық гвардия өкілдері Азаттыққа «іс мұрағатқа өтіп кеткен» деп жауап қайтарды. «Орталық» ұлттық гвардия аймақтық басшылығының баспасөз қызметінің басшысы майор Қанат Дос Азаттыққа:
№5516 әскери бөліміне қарасты әскери полицияның іске қатысты жайттарды анықтау органы тиісті жұмыс жүргізіп, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, тергеу амалдарын тоқтатты. Істі әскери прокуратура да тексеріп, қылмыс құрамы жоқтығын растады, - деді.
ЖАРЫҚ СИГНАЛЫ
Помазанов пен оның адвокатының шағымдарына әскери прокуратура қайтарған жауаптарда сотқа дейінгі тергеу амалдары «қылмыс құрамы жоқ болғандықтан» тоқтатылған деп жазылған. Бұған қоса, бас әскери прокуратура «қылмысты тексеру органының №5516 әскери бөлімі аумағында орналасуы іске қатысты жайттарды анықтаумен айналысқан тергеушіні сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуден шеттетуге негіз болып саналмайды» деп түсіндірген.
Істі тексергенде жол-көлік апаты дыбыс күшейткішпен сигнал беретін құрылғымен және арнайы автомобиль еріп келе жатқан автоколоннаны өткізіп жібермей, жол жүрісі ережелерінің 6- бөлімінің 2-тармағы талаптарын бұзған Помазановтың заңсыз әрекеті салдарынан болғаны анықталды.
Әскери прокуратура жауабында «Жол-көлік оқиғасы болған сәтте қиылыста жол қозғалысын реттеуші мен арнайы автомобиль болмағаны рас әрі мұны қылмыстық процеске қатысушылар да мойындайды. Қылмыстық істі тексеру кезінде жол-көлік апаты дыбыс күшейткішпен сигнал беретін құрылғымен және арнайы автомобиль еріп келе жатқан автоколоннаны өткізіп жібермей, жол жүрісі ережелерінің 6- бөлімінің 2-тармағы талаптарын бұзған Помазановтың заңсыз әрекеті салдарынан болғаны анықталды» деп жазылған.
Әскери полициямен тартыста Сергей Помазановтың адвокаты бронетраспортер жүргізушісі «терезені жауып жүріп келе жатқандықтан», жолды толық көрмеуі мүмкін деген тағы бір болжам айтады. Валерий Мұртазаевтың айтуынша, мұны бақылау камерасы түсірген видео, іс материалдарына тіркелген фотосуреттер мен сараптама нәтижесі растайды. Бірақ адвокат БТР жүргізушісі терезесі ашық болса да, айналаны толық шолып отыра алмас еді деп санайды. Сондықтан ол қиылыста жол қозғалысын реттеуші тұрып, ал БТР-дің алды-артынан арнайы көліктер жүріп отырса, жол апаты болмас еді деп санайды. Адвокаттың пікірінше, жүргізілген сараптама кей сұрақтарға жауап бермеген.
Жергілікті автомобилистерді қолдау қоғамы жетекшісі Руслан Лазута әскери полициямен тартыста Сергей Помазановқа көмектесіп жүр. Ол «әскери техниканың қауіпсіз жүрісін қамтамасыз етпей, БТР-80 машинасының жеңіл көлікпен соқтығысып, ауыр зардаптарға ұрындыруға жол берген тұлғаларды жауапқа тарту керек» деп санайды.
Азаттыққа істі жүргізген әскери тергеуші Серік Төлепбергеновпен сөйлесудің сәті түспеді. Бірнеше мәрте соғылған телефон қоңырауларына кезекші бөлімі қызметкерлері «тергеуші орнында жоқ немесе жұмыс бабымен шығып кетті» деп жауап берді.