Күдіктіні азаптаған үш полицей сотталды

Түрме терезесінен қарап тұрған жазасын өтеуші. Көрнекі сурет.

Көкшетау қалалық ішкі істер департаментінің үш қызметкері прокуратураның тексерісінен кейін «адам азаптау» әрекеті бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Құқық қорғаушылар мұны қоғамдық белсенділіктің күшейіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып келе жатқанының көрінісі дейді.

«ҰРЫП-СОҒЫП МОЙЫНДАТПАҚ БОЛДЫ»

Бейсенбіде «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі Ақмола облыстық прокуратурасына сілтеме жасай отырып, полиция қызметкерлері Көкшетау тұрғынын жасамаған қылмысы үшін «ұрып-соғып, мойындатпақ болды» деген айыппен сотталғанын хабарлады.

Ақмола облысы прокурорының көмекшісі Ахмет Болмасов Азаттық тілшісіне бұл ақпаратты растап, өткен айдың соңына қарай, яғни шілденің 26-сы күні Көкшетау қалалық сотының шешімімен Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы қылмыстық-іздестіру бөлімінің үш қызметкері жауапқа тартылғанын айтты.

Ахмет Болмасовтың сөзіне қарағанда, 2010 жылы қаңтар айында Александр Верясов, Арман Найманов және Рүстем Шорағұлов есімді полиция қызметкерлері «қызмет бабын асыра пайдаланып», күдікті саналған Острижный атты азаматқа жасамаған қылмысын күштеп мойындатпақ болған. Полиция қызметкерлері жәбірленушіні ұрып-соғып, Ілиясова есімді азаматшаны "тонағанын мойындатуға" тырысқан.

Жапа шеккен азаматтың қалалық прокуратураға жазған арызы бойынша полицияның үш қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, біреуіне үш жыл жалпы колонияда жазасын өтеу тағайындалса, екеуі екі жыл шартты мерзімге сотталған. Үшеуі де екі жылға дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылған.

Ақмола облысы прокурорының көмекшісі былтырдан бері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің «адамды азаптау әрекеті» бойынша екінші рет жауапқа тартылып отырғанын еске салды.

«ІЛГЕРІЛЕУШІЛІК БАР»

Құқық қорғаушы Ардақ Жанәбілова «біз секілді құқық қорғаушылардың қатысуынсыз-ақ бұл істің жария болуы және айыптылардың нақтылы жазаға тартылуы - адам құқығын қорғауда ілгерілеушілік бар екенін көрсетеді» дейді.

Тағы бір құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев: «Құқық қорғау органдарында адамды азаптау әрекеттері бұрын да болған, бірақ олардың жауапқа тартылғаны өте сирек кездесетін. Қазір қоғамның белсенділігі күшейіп келеді. Бұл - адамдар өз құқықтарын талап етуді үйреніп келе жатқандығының белгісі, - деген пікір айтады.

«АЗАПТАУ АЗАЙМАЙ ОТЫР»

Айта кетерлігі, биыл наурыздың 18-і күні Қапшағайда ЛА-155/8 қатаң режимдегі колониясы қызметкерлеріне қатысты сот ісі аяқталып, «азаптау әрекеті» бойынша 5 қызметкер мен жазасын өтеп жүрген 4 азаматқа (барлығы 9 адам) қатысты үкім шыққан еді.

2010 жылдың қараша айында ЕЦ-166/26 қатаң режимдегі колониясы қызметкерлеріне осыған ұқсас айып тағылып, биыл маусымның соңында Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бұрынғы жеті офицері бас бостандығынан айрылды.

Amnesti International ұйымы 2011 жылға арналған «Әлемдегі адам құқықтарының жағдайы» туралы (мамырдың 13-індегі) баяндамасында Қазақстан адамды қинау-азаптауға қарсы БҰҰ конвенциясына қатысты өз міндеттемесін толық орындамай отыр, бұл республикада адамды қинау-азаптау оқиғалары азаймады деп жазған еді.