Алматы тұрғыны Несіпкүл Алпысбаева Азаттық тілшісіне мамырдың 12-сі күні түрмеге әскер кіргізіп, тінту жүргізген кезде асыранды баласы Ескендір Түгелбаевтың аяусыз соққыға жығылғанын хабарлады
ШАРАСЫЗ АНА
Ескендір Түгелбаев Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шуақ кентіндегі жалпы режимдегі ОВ-156/18 колониясында қамауда отыр. Анасы «баламның басын ойып жіберген ғой деймін, ал сынған сүйек миға кіріп кетіп, 3-4 күн комада жатқан» дейді.
Оның айтуынша, Георгиевка кентіндегі госпитальда Ескендір Түгелбаевқа шұғыл түрде нейрохирургиялық операция жасап, «басындағы тесікті бинтпен таңып тастаған». Дәрігерлер операцияны Ескендірдің де, туысы немесе қамқоршысының келісімінсіз жасаған. Несіпгүл Алпысбаеваға асыранды баласының ауыр халде екенін де хабарламаған. 2003 жылы әкесі, ал 2005 жылы анасы қайтыс болғаннан кейін 24 жастағы Ескендір Түгелбаевты Несіпкүл Алпысбаева асырап алған.
Мамырдың 15-і күні Ескендір Түгелбаевты Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы қатал режимдегі ОВ-156/15 колониясы территориясында орналасқан түрме ауруханасы – «санқалашыққа» жіберген. Болған жайтты кейінірек естіген анасы ұлымен жолығу үшін 23 мамырда Семейдегі «санқалашыққа» барған. Бірақ түрме қызметкерлері «дүйсенбі – мамырдың 25-сі күні келіңіз» деп оны ұлымен жолықтырмаған. Белгіленген күні екеуіне 40 минуттай қысқа мерзімді кездесуге рұқсат берген.
«Өздігінен жүрмек түгілі, басын да көтере алмады»
Несіпкүл Алпысбаева кездесуге әкелген ұлын көріп шошып кеткенін айтады. «Басын бинтпен таңып тастаған, өздігінен жүрмек түгілі, басын да көтере алмады, көздері бір нүктеге қадалып қалған күйі сөйлей алмады»,-дейді ол.
Алпысбаева үкіметтің электронды порталы арқылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап бас прокурор, ҰҚК төрағасы, ішкі істер министрі, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасы сияқты құзырлы органдарға шағым жазған.дейді ол.
Несіпкүл Алпысбаева шағым-жолдауын «Өтінемін, ұлымды құтқара көріңдер, сендердің де бала-шаға, немерелерің бар ғой. Баласының жарымжан халін көрген шарасыз ананың қайғы-қасіретін түсінетін шығарсыңдар» деп аяқтаған. Ол Азаттық тілшісіне ұлының түрмеде түскен фотосуретін берді.
«ЖАҒДАЙЫ ТҰРАҚТЫ», БІРАҚ ӘЛІ СӨЙЛЕМЕЙДІ
Мамырдың 12-сің күні колонияда әскердің көмегімен жоспарлы тінту шаралары жүргізілгенін, сотталған Ескендір Түгелбаевтың Семей қаласындағы «санқалашыққа» жіберілгенін ОВ-156/18 түрмесінің есімін атамаған қызметкері де растады. Азаттық тілшісінің "Жоспарлы тінту кезінде Түгелбаев соққыға жығылды ма? Ол қандай жарақат алды?" деген сұрағына ол жауап беруден бас тартты.
ОВ-156/18 түрмесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары подполковник Жақсы Жанұзақов Азаттық тілшісіне тұтқын Түгелбаевқа не болғанын білмейтінін айтқанымен, қазір бұл оқиғаны прокуратура тексеріп жатқанын хабарлады.
Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының түзету мекемелерінде заң талаптарын орындау барысын қадағалау басқармасы Несіпкүл Алпысбаевадан шағымы түспегенін, ОВ-156/18 түрмесінде Түгелбаевқа қатысты оқиғадан хабарсыз екенін айтты.
Семейдегі «санқалашық» бастығы полковник Мұхаметқали Есенжолов Азаттық тілшісіне бас сүйегіне операция жасалғаннан кейін тұтқын Ескендір Түгелбаев ОВ-156/18 мекемесінен келгенін айтты. Есенжоловтың айтуынша, жоспарлы тінту шаралары кезінде тұтқын Түгелбаевқа «заңды негізде» арнайы құралдар қолданылған.
- Ол бізге 18 колониядан келді. Ол жақта оған арнайы құрал қолданыпты. Прокуратура анық-қанығын тексерген, бәрі заңды көрінеді. Қазір жағдайы тұрақты, ешқандай симптомы жоқ, - дейді полковник Есенжолов.
Ескендір Түгелбаевтың сөйлей алмайтынын түрме ауруханасы бастығы да растайды.
- Ептеп күбірлегені болмаса, әлі сөйлей алмайды дегенмен жалпы жағдайы жақсы. Әжетханаға барып жүр, тамақ ішеді, - дейді ол.
Полковник Есенжоловтың айтуынша, науқасты тексерген нейрохирургтың «ешқандай симптом» жоқ деген ұйғарымы бойынша, тұтқын Түгелбаевтың бас сүйегіне қосымша операция қажет емес. «Тұтқын Түгелбаев толық сауыққанша «санқалашықта» жатады» дейді мекеме бастығы
Тұтқындардың құқын қорғаумен айналысатын азаматтық белсенді Руслан Оздоев Азаттыққа «жоспарлы тінту» шаралары кезінде ұлттық гвардия әскери қызметшілері дубинка-таяқ сияқты арнайы құралдарды тым асыра қолданып, тұтқындарды аяусыз соққыға жығатынын әрі жарымжан ететін жағдайлар жиі кездесетінін айтыд. "Кейде мұндай соққыны көтере алмаған тұтқындардан өліп кететініндер де болады" дейді ол.