Кезінде Ресейде премьер-министрдің міндетін атқарған белгілі саяси тұлға Егор Гайдардың қызы, 32 жастағы Мария Гайдарға өткен аптада тосын ұсыныс түсті. Мамырдан бері Украинаның Одесса облысының губернаторы болып қызмет етіп келе жатқан Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили оны өзіне орынбасарлыққа шақырды.
Гайдардың тағайындалуы төңірегінде түйткілді мәселелер әлі де көп. Ең бастысы – Украинада лауазымды мемлекеттік қызмет атқаруы үшін сол елдің азаматы болуы керек. Әзірге ол азаматтық алған жоқ.
20 шілдеде Киевте өткен баспасөз мәслихаты кезінде Азаттық радиосы тілшісінің сауалдарына жауап берген Мария Гайдар Саакашвилидің қоластында әлеуметтік салаға жауап беретінін, мұндағы басты қиындық «жемқорлық пен ашықтықтың жоқтығы» екенін айтты.
- Біз азаматтар кеңсесін ашамыз, онда келген жұрт жемқорлық мәселесін талқылап, өз ұсыныстарын, арыз-шағымдарын ашық айта алады. Біз олармен сөйлесіп, жағдайларын сараптаймыз, сөйтіп олардың мәселелерін тиімді шешу бағытында жұмыс істейміз, - деді Гайдар.
Гайдар Украинаның шығысындағы кикілжің аймағынан бас сауғалап келген жұрттың жағдайын оңалту үшін бар күшін салатынын айтты.
- Бұл – ең өзекті мәселе, - деді ол.
Киев пен Батыс мемлекеттері Шығыс Украинадағы сепаратистерге қол ұшын беріп отыр деп Мәскеуді айыптап келеді. 2014 жылдың наурызында Ресей Украинаның Қырым түбегін күшпен өзіне қосып алған соң басталған бұл қақтығыстардың кесірінен 6 жарым мыңға жуық адам опат болды.
Гарвард университетінде білім алған, әрі экономист, әрі заңгер Мария Гайдар 2009-11 жылдары Ресейдің Киров облысында губернатор орынбасары қызметін атқарған, ал 2012-13 жылдары Мәскеу вице-мэрінің кеңесшісі болған.
17 шілдеде тосын шешім қабылдағанын жария еткен губернатор Саакашвили президент Порошенкодан Гайдарға Украина азаматтығын беру туралы өтінгенін айтты.
- Соғыс жүріп жатыр. Қаза тапқандар мен босқындар көп. Соғыстың Ресей мен Украина арасында жүріп жатқаны анық, бұған тіпті күмәніміз жоқ, - деді Мария Гайдар.
Украина жұртшылығы Мария Гайдарды Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанына қарсылық білдіріп, ойын ашық айтпады деп сынға алған.
Гайдар болса «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймын» деп жауап берді.
18 шілдеде жарық көрген блогында ол «Қырымды аннексиялауға және Украинаның шығысындағы соғысқа наразымын» деп жазды.
Мария Гайдар – Ресей оппозициясының белді мүшесі, президент Путинді өткір сынап жүрген саясаткерлердің бірі.
Ресейдегілер Гайдардың бұл қызметке тұруын «сатқындық» деп сынады.
- Ресейдің көзқарасы өте нашар адамдармен бірге жұмыс істеуі тек өкіметке қыр көрсету емес, бұл бүкіл Ресей халқына деген қарсылық, - деді Киров облысының губернаторы Никита Белых.
Гайдар Одессадағы денсаулық сақтау саласындағы реформаларға да жауап бермек.
- Менің міндетім – халықаралық сарапшыларды шақырып, олардың жағдайды зерттеуіне, сол арқылы тиісті реформа бағдарламаларын қабылдауына мүмкіндік беру. Сосын біз ол бағдарламаларды жүзеге асырамыз, - деді Мария Гайдар.
Оның әкесі Егор Гайдар Совет одағы күйреген 1992 жылы Ресей премьер-министрінің міндетін атқарушы бола жүріп елдегі түбегейлі экономикалық реформаларды басқарған еді. Егор Гайдар 2009 жылы қайтыс болған.
Грузия президенті болған Михаил Саакашвилидің Украинадағы Одесса облысының губернаторы болып тағайындалуы талай жұртты таңқалдырған. Келе сала парақорлыққа қатысы бар деген қауіпсіздік және кеден саласының қызметкерлерін қызметтен кетірген оның ел ішінде беделі өсіп келеді.