УКРАИН ТАУАРЫ ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР
Астанадағы базарлардың бірінде сүт өнімдерін сататын Татьяна тұтынушыға Беларусь пен Қазақстанда жасалған өнімдермен бірге «Спражни», «Добряна», «Молька» тәрізді украиналық ірімшік түрлерін де ұсынады. Ол өзі сатып тұрған украиналық ірімшік бағасы қымбаттап бара жатқанын айтады.
– Ірімшіктің [Украинадан] келмегеніне бір апта болды. Екі теңіздің арғы жағынан алып келе жатыр деді ғой теледидардан. Мыналары – өткен аптадан қалғандары. Бағасы 200-300 теңгеге өсіп кетті. Тағы қымбаттайды дейді. Бұрын украин өнімі арзан болғасын өтімді еді, қазір қымбаттаған, енді беларусь ірімшігін алатын шығар, - дейді Татьяна.
Базардағы сүт өнімдерімен іргелес кондитерлік тауарлар қойылған қатарда негізінен қазақстандық «Баян сұлу», «Рахат», «Қарағанды кәмпиттері» фирмаларының өнімдері жиі кезігеді. Бірақ анда-санда украиналық «Roshen» компаниясының өнімдерін де жолықтыруға болады. Тоғыз жылдан бері осы жерде тәтті сататын Назүл соңғы бірнеше аптадан бері саудаға украиналық кондитер өнімдері түспегенін айтады.
– Украин кәмпиті мүлдем келмей жатыр ғой. Беларусь арқылы келгенше бір айдан асып кетеді. Мен сатып тұрған украинның «Grand Toffie», «Пчелка», «Стакан молока», «Jelly», «Коровка» кәмпиттері өткен жолы келген тауардан қалғаны. Кәмпит әкелетін компания «әзірге тауар жоқ» деп отыр. Соңғы рет баға қыста шамамен 20 пайызға қымбаттаған, - дейді Назгүл.
Астанадағы Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі көтерме және бөлшек сауда базарында сатылатын ыдыс-аяқтың дені Ресей мен Қытайда жасалған. Дүкен сатушысы Рыскүл дүкеніндегі заттар арасындағы жалғыз украиндық ыдыс - ас пісіретін қазанның өтпей тұрғанына бір жыл болғанын айтады. Ол қазанды осы компанияның өнімін Қазақстанда саудалайтын фирмадан алған екен.
Азаттық тілшісі Астанада дүкендер жүйесі бар, ыдыс-аяқ саудасымен айналысатын компания өкілімен сөйлесті. Компания мен өз аты-жөнін атауды қаламаған өкілдің айтуынша, жуырдан бері олар украиналық ыдыс-аяқты сатуды тоқтатқан. Қазақстандық компания директорының орынбасары «оған Ресейдің транзитке шектеу қоюы да әсер етті» дейді.
– Біз қазір тапсырысты өте сирек беретін болдық, олар [украин компаниясы] Астанаға дейін өздері жеткізіп береді. Барлық жерде баға қымбаттаған, тұтынушының қалтасы көтере бермейді, өтпейді, сондықтан қазір оларды сатпаймыз. Жалпы ыдыс-аяқ қазір нашар өтеді, - дейді қазақстандық компания өкілі.
ТАУАР АЙНАЛЫМЫНЫҢ КӨЛЕМІ АЗАЙҒАН
Украина ресми орындарының мәліметі бойынша, биылғы жарты жылда Қазақстанмен арадағы тауар айналымының көлемі 2015 жылдың қаңтар-маусым аралығымен салыстырғанда 40 пайызға төмендеген. Қазақстанға украиналық тауар экспорты 46 пайызға (295 миллионнан 159 миллион АҚШ долларына дейін), керісінше, Украинаға шығарылатын қазақстандық өнімдер экспортының көлемі 25 пайызға (136 миллионнан 100 миллион АҚШ долларына дейін) қысқарған. Мұндай мәліметті Қазақстандағы Украина елшілігі де растайды.
– Егер нақты айтар болсақ, тауар айналымы 38 пайызға азайған. Жалпы ТМД елдерімен де арада тауар айналымы қатты кеміп кетті. Бұл мәселе министрлер кабинетінің отырысында қаралған, - дейді Астанадағы украин елшісінің экономика бойынша кеңесшісі Сергей Воронцов.
Азаттық радиосының ресми сауалына жіберген жауабында Қазақстан ұлттық экономика министрлігі Украинамен арадағы тауар айналымы 2016 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 539 миллион АҚШ долларын құрап, былтырғы жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 41,4 пайызға (381 миллион АҚШ долларына) қысқарғанын хабарлаған. Биыл алғашқы жарты жылдықта Қазақстанның Украинаға экспортының көлемі 313,2 миллион АҚШ долларын құрап, былтырғымен салыстырғанда 33,8 пайызға немесе 160,3 миллион АҚШ долларына азайған. Ал импорт көлемі биылғы жыл басынан маусымға дейінгі кезеңде 225,8 миллион АҚШ долларына түсіп, 49,4 пайызға төмендеген. Айта кету керек, айтылған аралықтағы жалпы тауар айналымының 45 пайызын мұнай-газ өнімдері, 15 пайызға жуығын – тамақ өнеркәсібі тауарлары құраған.
«Украинадан әкелінетін тауар көлемінің қысқаруына – Ресей арқылы транзиттік рәсімдердің қиындауы негізгі себеп болып отыр. Бұған қоса тауар айналымының төмендеуіне әлемдік экономиканың өсім қарқынының баяулауы және Украинадағы экономикалық жағдай, мәселен, Украинаның экспорттық потенциалына әсер еткен кейбір металлургиялық және машина жасау өндірісі көлемінің қысқаруы себеп болды» делінген министрлік жауабында.
Сонымен бірге Ұлттық экономика министрлігі Украинадан әкелінетін азық-түлік өнімдері көлемінің қысқаруын «Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) іске қосылғаннан кейін Қазақстан нарығында ресейлік және беларус азық-түліктерінің көбеюімен» де байланыстырған.
Ресей президенті Владимир Путиннің 2016 жылы 1 қаңтарда қабылдаған «Украинадан Қазақстанға Ресей аумағы арқылы халықаралық транзиттік тасымал жасағанда Ресейдің экономикалық қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету шаралары туралы» жарлығына сәйкес, Украина тауарлары мөр (пломба) басылып, Беларусь-Ресей шекарасы арқылы ғана өту тәртібі енгізілген еді. Бұған қоса, Украинаның кей тауарларын шекарадан өткізуге тыйым салынып, транзиттік көліктерге қосымша алым-салық, талаптар пайда болған. Жарлыққа сәйкес, 1 шілдеден бастап Украина тауарлары Қазақстанға Беларусь-Ресей шекарасы бойындағы арнайы пункттер арқылы да өткізілмейді. Шілдеден бастап Мәскеу Ресей арқылы транзитін шектеген Украина тауарларының санкциялық тізімін кеңейтіп, оларды Қазақстан мен Қырғызстанға өткізуге толық тыйым салған. Қазақстан үкіметі ұсынған екі бағытпен жүрген қазақстандық жүк тасымалдаушылар Ресей енгізген шаралардан уақыт пен қаражат шығынына ұшырағаны туралы шағым айтқан.
Еуропа Одағының Шығыс Украинадағы сепаратизмді қолдады деген айыппен Ресейге салған экономикалық санкцияларына жауап ретінде Мәскеу қарсы санкциялар жариялаған еді. Ол тыйымдардан Еуропа мен Украинадан Орталық Азияға тауар таситын компаниялар зардап шегіп, шығыны көп балама тасымал маршруттарын пайдалануға мәжбүр болған.