Accessibility links

ЕО мен ЕАЭО арасындағы Қазақстан


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Еуропа комиссиясының бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозу. Брюссель, 9 қазан 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Еуропа комиссиясының бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозу. Брюссель, 9 қазан 2014 жыл.

Келер айда Қазақстан мен ЕО арасында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі келісімге қол қойылмақ. Астана мұны жариялаған кезде ЕАЭО-ның саяси мүдде көздемейтін одақ екенін тағы айтты. Бірақ бақылаушылар "ЕАЭО - Кремль үшін саяси жоба" дейді.

Астанада Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов ел үкіметі Еуропа Одағымен (ЕО) қарым-қатынасын тереңдеткісі келетінін айтып, желтоқсанда бұл одақпен әріптестік келісімге қол қойылуы мүмкін екенін жариялады. 280 беттен тұратын құжат бойынша ресми келіссөздер бір жыл бұрын аяқталған.

Украина, Грузия мен Молдова сияқты шығыстағы көршілеріне ЕО ұсынған ассоциация құру және еркін сауда-саттық орнату жайлы саяси келісімдермен салыстырғанда, бұл келісім-шарттың мазмұны әлсіздеу көрінеді. Айтпақшы, келесі жылдың басында Украина мен ЕО арасында еркін сауда аймағы ашылады, бірақ бүгін ЕО өкілдері «Киев бұдан тез нәтиже күтпеуі тиіс» деп мәлімдеді.

Бірақ ЕО-ның Орталық Азияның өзге елдері немесе Ресеймен бұдан ертеректе бекіткен келісімдеріне қарағанда, Қазақстанмен келісімі қомақты көрінеді. Ертеректе ЕО аймақтағы экономикасы ең ірі әрі Еуразия экономикалық одағындағы (ЕАЭО) Ресейдің негізгі серіктесі Қазақстанмен ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеген.

Жаңа келісім экономика, сауда және инвестиция, сот төрелігі және қауіпсіздік, заң үстемдігі, адам құқығы мен дербес деректерді қорғау сияқты мәселелерді қамтиды. Құжатта сыртқы саясат саласында аймақтық қауіпсіздік, терроризммен күрес, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздермен қатар адам құқықтары мен демократиялық институттарды дамыту мәселелеріне басымдық берілген.

Осындай келісім-шартқа қол жеткізуге тырысқан әрекеттері энергетика нарығына таластан бастап Украинадағы жанжалға дейінгі проблемалардың кесірінен тежеліп қалған Брюссель мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасқа қарағанда, бұл келісім ЕО мен Қазақстанның байланысын барынша нығайта түседі деп болжанады. 2014 жылдың басында Қырымды аннексиялауына байланысты халықаралық оқшаулануы күшейе түскен Ресей президенті Владимир Путин постсоветтік кеңістік елдерінде долларды ығыстыру саясатын қарқынды жүргізіп отыр. Наурыз айында Путин «ЕАЭО елдері арасында ортақ валюта енгізуді талқылайтын кез жетті» деп мәлімдеген. Қазақстан бұл идеяны қабылдамаған. Сәуірде ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов «Қазақстан ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізу мүмкіндігін қарастырмайтыны жайлы айқын әрі дәйекті позиция ұстанып келеді» деп мәлімдеген.

Бірақ осы аптада Ресей мемлекеттік думасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасы Леонид Слуцкий «қазір ЕАЭО елдеріне ортақ бірыңғай есеп айырысу бірлігін құру жөнінде жұмыс жүріп жатыр» деп мәлімдеді. Қазақстан бір күнде екі мәлімдеме жасап, қарымта жауап берді. Кеше Facebook желісінде Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев «күн тәртібінде ЕАЭО-ның ортақ валютасын құру мәселесі жоқ» деп жазды. Ал ел премьер-министрі Кәрім Мәсімов кеше Астана клубы отырысында Қазақстан билігі ЕАЭО-ға «саясаттан тыс» жоба ретінде қарайтынын айтты.

Бұл одақта экономикаға басымдық беретінін Астана талай мәрте мәлімдеген. Бірақ кейбір бақылаушылардың пікірінше, Кремль ЕАЭО-ны саяси одақ ретінде қарастыратынын білдіретін белгілерді ескермеуге болмайды. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП) жанындағы Орталық Азия зерттеу орталығы директоры Наргис Қасенованың айтуынша, одақ атауындағы «экономикалық» деген эпитет сөз Қазақстанның бастамасымен қосылған.

Ресейге салынған санкциялар мен оның әріптес елдермен келіспей қарымта санкция салу сияқты әрекеттерінен интеграциялық байланыстардың кері кете бастағанын байқап отырмыз.

– Біз жалпыеуразиялық парламент құру идеясынан бас тарттық және бұл одаққа тек экономикалық тұрғыдан қарайтынымызды білдіретін өзге де сигналдар болды. Бірақ Ресейге салынған санкциялар мен оның әріптес елдермен келіспей қарымта санкция салу сияқты әрекеттерінен интеграциялық байланыстардың кері кете бастағанын байқап отырмыз. Қазір Армения мен Қырғызстан қосылып, одақ біртіндеп кеңейіп келеді, енді Тәжікстан қосылуы мүмкін. Біз одақтың тереңдегенін емес, кеңейіп келе жатқанын ғана көріп отырмыз, – деді сарапшы Азаттыққа берген комментарийінде.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл мәлімдемені интеграциялық жобаға күмәнданушылар қарасы көбейіп, олардың қатарына бизнес өкілдерінің қосыла бастауымен байланыстырады.

Әсіресе Ресей бұл жобаны геосаяси міндеттерін шешуге және постсоветтік кеңістіктегі ықпалын күшейтуге пайдалана бастағаннан кейін сынаушылар қарасы көбейді.

– Әсіресе былтыр Ресей экономикасындағы жағдай қиындап, рубль құлдырап, Қазақстан нарығын Ресейдің арзан импорты басып қалуына байланысты кәсіпкерлер үкіметтен бизнесті қорғауды талап еткен кезде күмәнданушылар қатары көбейді. Қоғамда скептицизм өсіп келеді. Әсіресе Ресей бұл жобаны геосаяси міндеттерін шешуге және постсоветтік кеңістіктегі ықпалын күшейту үшін пайдалана бастағаннан кейін сынаушылар қарасы көбейді. Ресей саясаткерлерінің ортақ валюта, бірыңғай ақпараттық алаң, қорғаныс кеңістігін құру сияқты ұсыныс-мәлімдемелерінің бәрі Қазақстан қоғамындағы алаңдаушылықты күшейтіп жіберді. Сондықтан жұртты тыныштандыру үшін шенеуніктердің «мұнда ешқандай саясат жоқ, тек экономикалық мүдде ғана» деген сөзді жиі айтуына тура келеді, ал мен керісінше деп санаймын. Одақ әу бастан құрылған кезде бизнестің проблемалары екінші орында болған, – дейді ол.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев келісім-шарттардың бәрі экономикалық интеграцияға бағытталғандықтан, техникалық тұрғыдан алғанда, ЕАЭО – саясаттан тыс экономикалық одақ деп санайды. Бірақ ЕАЭО іске қосылған алғашқы жылдарда оның дамуына әлемдегі экономикалық жағдай теріс әсер етіп, Қазақстанның ЕАЭО аясындағы әлеуеті әзірше жүзеге асқан жоқ, сондықтан әлдебір кейінгі кезеңге көшуге әзір емес.

Саясаттанушы Айдос Сарым Мәсімовтің мәлімдемесінде толық астары ескерілмеген деп санайды.

– ЕАЭО-ны Қазақстан қалай қарайтынынан бөлек, оған Ресей мен өзге елдердің қалай қарайтынын ескеру керек. Одаққа кіретін бес елдің бәрінің көкейінде өз мақсаты бар. Олардың келешекке де, қазіргі кезеңге де қатысты амал-тәсілдері әр қилы. Сондықтан, мүмкін, Қазақстан экономикалық одақ деп қарастыратын шығар, ал әріптес елдер, әсіресе Ресей оған саяси жоба, өзге елдерді Ресейдің ықпалында ұстау құралы ретінде қарайды, – дейді ол.

XS
SM
MD
LG