Қарашаның 18-і күні Мәскеудегі баспасөз жиынында Владимир Путин Шешен Республикасы басшысының баспасөз хатшысы Альви Каримовтың Шығыс Еуропаның Сербия, Польша, Чехия, Болгария сияқты славян елдері мен славян халықтарының Ресейге көзқарасы және Ресеймен достық одақ құру мүмкіндігі туралы сұрағына жауап берді. Владимир Путин «Олар - тәуелсіз елдер және олардың тәуелсіздігі сынаққа түсіп тұр» деді.
- Халықтың ішінде саяси болмаса да, белгілі бір мәдени және рухани жақындыққа ұмтылыс бар, ол ешқайда жоғалмайды, оны жою мүмкін емес. Мен бұған сенемін, әрі білемін, - деді Путин.
Оның бұл мәлімдемесіне орай келесі күні Польшаның Gazeta Wyborcza басылымы «Қазір Путинге қатысты позициямызды босаңсытар уақыт емес» деген мақала жариялады. Мақалада журналист Томаш Белецки «Санкциялар мен экономикалық проблемалар Путинді түпкілікті тығырыққа тіреген кезде, оның орнына одан да өткен біреу келмей ме?» деген сұрақ қояды.
Газеттің жазуынша, Батыс Ресеймен қарым-қатынасын жалғастыра беруі мүмкін, бірақ бұл байланыс Еуропа елдерінің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қатер төндірмеуі тиіс. Бұл принциптерден (тәуелсіздікті айтады - ред.) бас тартудан гөрі, Путинге қарсы іс-қимылды күшейте берудің қаупі азырақ. Польша газеті «біздің әлсіз тұстарымызды пайдаланып кетуі мүмкін екенін Мәскеу көрсетіп үлгерді» деп жазады.
ПУТИННІҢ РИТОРИКАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
АҚШ-тың Румыниядағы бұрынғы елшісі Джим Розапепе Американың Baltimore Sun газетінде «Рубльдің күйреуі Ресейді қауіптірек ете түсе ме?» деген мақала жариялады. Оның жазуынша, Ресейдің көрші елдер үшін қаншалықты қауіпті екенін Грузия мен Украинаға жасаған басқыншылығы көрсетеді.
Джим Розапепе «Тарих пен Путин риторикасына сүйенсек, Балтық елдері, Әзербайжан, Польша, Қазақстан және Финляндия текке қорқып отырған жоқ. Ресей бұл елдерге басып кіре қоймас, бірақ астыртын зиянкестікпен, киберсоғыспен айналысуы әбден мүмкін. Чехия және Румыния мұны алдын ала болжап, Еуропа Одағы (ЕО) мен НАТО-ға кіруге асыққан сияқты» деп жазады.
Бірақ ТМД елдері, оның ішінде Ресейдің одақтастары рубльдің құлдырауы мен Путиннің сөзіне орай қам жасап, экономикалық шаралар қолдана бастады. Беларусь президенті Александр Лукашенко өз министрлеріне Ресеймен саудада рубльмен есеп айырысуды тоқтатып, доллар мен еуроға көшуді бұйырды.
Newsweek газетінің жазуынша, бейсенбі күні президент Александр Лукашенко министрлеріне «Мақсатымыз - Ресеймен сауданы рубльмен емес, доллармен жүргізу. Энергияны долларға сатып аламыз, Ресей де бізге доллар немесе еуро төлеуі тиіс» деді.
Апта аяғында Беларусь шетел валютасын сатып алатын заңды тұлғалар мен жеке азаматтарға 30 пайыздық салық енгізді.
«ПУТИННІҢ ИЛЛЮЗИЯСЫ»
Енді кейбір халықаралық сарапшылар Еуразия экономикалық одағы идеясы іске асатынына шүбәлана бастады.
International Business Times газеті желтоқсанның 19-ы күні «Еуразия экономикалық одағы: Путиннің 2015 жылға қарай құрмақ болған Совет Одағы иллюзиясы іске аспай қалуы мүмкін» деген мақала жариялады. Басылым Владимир Путин жобасының құрдымға кетуіне аз қалды деп жазады.
Бирмингем университетінің Ресей, Еуропа және Еуразия зерттеулері орталығының профессоры Катарина Вольчук International Business Times басылымына берген сұхбатында «Олар мұны қазақтардың идеясы, бұл бастаманы әуелі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген деп көрсеткісі келеді. Бірақ бұл - Путиннің мүддесін ғана көздейтін нәрсе» дейді.
Катарина Вольчуктың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі онша үлкен емес, ал Беларусь Кремльмен Астанаға қарағанда тығызырақ байланыс орнатқан. Ол International Business Times газетіне «Сондықтан, саяси астармен құрылған бұл жобаның экономикалық негізі жоқ» дейді.