Тарифтерді өсіру туралы риторика реніш тудырды

Тұрғындар тұтынған электр қуаты ақысын төлеуге келіп тұр. Қостанай, 21 желтоқсан 2009 жыл.

Биліктің "коммуналдық тарифтерді қымбаттату арқылы ысырапты азайтуға" шақыруы қоғам белсенділері арасында ашу-ыза мен уытты әзіл тудырды. Олар тариф саясатының жабықтығына да наразы.
Жоғары лауазымды шенеуніктер мен компаниялар соңғы айда дүркін-дүркін мәлімдеме жасай берген соң қарапайым азаматтар мен белсенділер бұл мәселеге жіті назар аударып, көп талқылай бастады.

- Зейнетақым жаңа жылдан кейін 43 мың болды. Оған дейін 39 мың теңге еді. Тең жартысын пәтердің суы мен жылуына төлеймін. Өкімет сонда азық-түлік, киім-кешегіңді қалған жартысына ал деп отыр. Оған не келеді? Пәтерақының соңғы рет қымбаттағанына 2 ай ғана болды, тағы қымбаттаса, жетіседі екенбіз. Зейнеткерлердің өмір сүруі қиындап кетті, - дейді сондай азаматтардың бірі, Алматы қаласында тұратын зейнеткер Сәлима Әбуова.

ҚЫМБАТТАТУДЫ ЖАҚТАУШЫЛАРДЫҢ МЕН ҚАРСЫЛАР

Қазақстан қоғамында тарифтер тақырыбының ел назарын аударуына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесі түрткі болды.
Біздегі электр қуатының бағасы дамыған Еуропадағыдан алты есе арзан.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

- Электр энергиясын, отын-суды үнемдейін деген ешкім жоқ. Келген қонақтарымыз Rixos сияқты жеке меншік қонақүйдің де қатты ысып кеткенін айтып жатыр. Далада 40 градус аяз боп тұрғандай ысытады. Өйткені тарифтің бағасы арзан. Біздегі электр қуатының бағасы дамыған Еуропадағыдан алты есе арзан, - деген президент Назарбаев сәуірдің 10-ы күні Астанада кәсіпкерлермен кездескенде.

«Үкімет пен әкімдіктердің халыққа үнемдеу мәселесін түсіндіре алмай отырғанын» сынаған президент кәсіпкерлермен кездесу кезінде «тарифті қымбаттату арқылы үнемдеуге мәжбүрлеу керек екенін» ескерткен.

Электр қуаты тарифіне наразы адамдардың соты. Талдықорган, 5 мамыр 2011 жыл.


Қазақстан президентінің бұл сөзінен бірер күн бұрын KEGOC компаниясы басқармасының төрағасы Бақытжан Қажиев «компанияның келешек миноритарлы акционерлеріне дивиденд беру үшін электр қуатының бағасын қымбаттатынын» мәлімдеген.

Президент Назарбаевтың кәсіпкерлермен кездесудегі сөзінен кейін бір апта өткенде қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров та тарифтерді қымбаттату қажет деп мәлімдеді.

- Су-энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық секторды өте көп субсидиялап жүрміз. Бірақ тариф тым арзан болғандықтан, бұл жүйені бәрібір жаңарта алмадық. Қолданыстағы ескі технология экологиялық талапқа сай келмейді, - деді ол.

Көрнекті сурет. Алматы, 15 наурыз 2013 жыл.


Бірақ 1993-94 жылдары монополияға қарсы мемлекеттік комитет төрағасы болған, қазір оппозициялық жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі Петр Своик министрдің уәжіне иланбайды, Оның айтуынша, «тариф ұсынушы компаниялардың бухгалтериясына ғана аудит жүргізіліп, технологиясына ешкім назар аудармайды».

Ал «Поколение» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ирина Савостина «тұрғын-үй коммуналдық шаруашылыққа байланысты жүргізілген реформалардың барлығы - мемлекеттік қылмыс» дейді.

Қоғамдық белсенді Қанағат Тәкееваның сөзінше, «тарифті биліктің неге сүйеніп көтеретінін халық білмейді».

Белсенділердің жоғарыда келтірілген пікірлері тариф саясатының жабықтығынан да хабар береді.

ҚЫМБАТТАУДЫҢ СЕБЕБІ

Тарифтердің не себепті және қаншалықты қымбаттағанын, коммуналдық қызметтердің бағаларын анықтау мен бекіту механизмдерін білмек болып, екі күн бойы тиісті орындарға хабарлассақ та, мардымды ақпарат ала алмадық.

Алматы қалалық энергетика және комуналдық шаруашылық басқармасының сумен және газбен жабдықтау бөлімінің бастығы Райымбек Мәдиев «тарифтерді өздері де түсінбей жатқанын», «тариф мәселесімен табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің Алматы қалалық департаменті айналысатынын» айтты.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттікке хабарласқанда жауап берген маман «Тарифтерге байланысты тек бастықтың өзі ғана айтып бере алатынын, бірақ Алматы қалалық департаментінің төрағасы Дәурен Жандарбектің еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовпен бірге Алматы қаласында түсіндіру жұмыстарымен жүргенін» айтты.

Қалалық тазалық мекемесінің техникасы жауынды күні Достық даңғылына су шашып жүрген көлігі. Алматы. 24 сәуір 2013 жыл.


Сәуірдің 22-сі күні Астанада брифинг өткізіп, «кейбір ақпарат құралдары жекелеген қоғамдық белсенділердің наразылық пікірлеріне негізделген ақпарат жариялайды» деген лауазымды тұлға - табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев тарифке байланысты бірнеше дерек айтты.
Тарифтер іс жүзінде бірнеше есе өспеген және олай өсуі де мүмкін емес.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев

- Тарифтер іс жүзінде бірнеше есе өспеген және олай өсуі де мүмкін емес. Өйткені тарифтің бір жылда, тіпті ай сайын бірнеше рет көтерілуіне жол берілмейді. Себебі монополист тарифтерді өзгертуге өтінім берер алдында кемінде 12 ай мерзім өтуге тиіс, - деді ол.

Аманжол Алпысбаевтың дерегі бойынша, Қазақстанда электр энергиясы «аса қатты қымбаттамаған». Ол 6 тиыннан 99 тиынға өскен. Тек 1 киловат-сағат энергияның құны Қостанай облысында 1 теңгеден асып кеткен (1 теңге 29 тиын). Қалған аймақтардағы қымбаттау пайызы бұл көрсеткіштерден төмен.

Ал суық су тарифтері осы электр энергиясының қымбаттауына байланысты өскен. Төраға орынбасары суық су бағасының Қазақстанның сегіз аймағында «сәл ғана» - 3 пен 25 теңге аралығында (есептегіші жоқтарға - 7 мен 77 теңге аралығында) өскенін айтқан.

Оның айтуынша, жылу құны 2012 жылы 1 шаршы метрге 8,93 - 21,38 теңге аралығында қымбаттаған. Оған себеп - көмір құнының 80 пайыз, газ бағасының 13 пайыз, мазут құнының 25 пайызға артуы. Газ бағасы қарапайым халық үшін 5 пайызға қымбаттаған.

Газ есептегіштері. (Көрнекі сурет).


ПРЕЗИДЕНТ БАСТАҒАН, МИНИСТРЛЕР ҚОСТАҒАН ҰСЫНЫС

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев коммуналдық тарифті қымбаттату жөніндегі ұсынысты 2012 жылы қыркүйектің 1-інде парламентте айтып, үкіметке тапсырма берген еді.

10 күннен кейін өткен үкімет отырысында сол кездегі экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев ең арзан су тарифы Қазақстанда екенін «дәлелдеген». Ал бірінші вице-премьер Серік Ахметов «суды осылай ысырып қыла берсек, күні ертең үлкен проблема болатынынын» айтқан.

Президенттің «халыққа суды үнемдеуді түсіндіру» жөніндегі тапсырмасы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің биыл наурызда жастармен кездесуінде сөйлеген сөзінен де көрінді.

- Мен Германияда оқыдым, ол жақта коммуналдық қызметке тіптен аз ақша шығарып жатқан үйлер бар. Коммуналдық қызмет өкілдері үй иесі өліп қалған болуы мүмкін деп келіп жатады. Дегенмен ол жақта тұратын әжей үнемдеп күн көріп жатқан болып шығады. Алдымен ол ыдысын жуады, кейін сол сумен еден жуады; алдымен балаларын жуындырады, кейін сол суға өздері жуынады. Міне, үнемдеу деп осыны айт , - деген еді Бауыржан Байбек.

Партия жетекшісінің бұл сөзі халық арасында қағытпа сөз, әзіл-оспақ тудырып, жергілікті әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа түрткі болған.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің суды үнемдеу туралы айтқан сөздеріне салынған карикатура. Авторы - Ғалым Смағұл. Алматы, 7 наурыз 2012 жыл.


Биыл тарифке қатысты Орал қаласында бірнеше мәрте кәсіпкерлер шеруі де өтті. Қалада 2013 жылдың қаңтар айынан есептегіш құралы жоқ кәсіпкерлер жылу үшін 350 пайызға көтерілген тариф бойынша ақы төлеуге міндеттелген еді. Кәсіпкерлер бірнеше мәрте шеруге шыққаннан кейін жаңадан тағайындалған қала әкімі 350 пайыздың орнына 45 пайызға ғана қымбаттатуға уәде берген.

Әзірше Оралдағы бұл жайт тариф саясатына қатысты Қазақстан билігі қарапайым азаматтардың талап-тілектеріне құлақ асқан сирек оқиғалардың бірі күйінде қалып тұр.