Тұрсынов: «Атабаев досым саясаткер емес, басқаларға еріп кетті»

Режиссер Ермек Тұрсынов. Алматы, 20 сәуір 2012 жыл.

Игорь Винявский Facebook-те режиссер Ермек Тұрсынов Ақтауға «Атабаев пен Мамайды Козлов пен Сапарғалиға қарсы куәлік беруге көндіру үшін барды» деген пост жариялады. Тұрсынов «оның бәрі - өтірік» дейді.

«Өзінің көзқарасына бола келді ме, әлде өзіне етене жақын арнайы қызмет орындарының өтініші бойынша келді ме – білмеймін. Қамаудағыларға (Атабаев пен Мамайға – ред.) тіпті қайтар жолға алған билетті де көрсетіп жатыр, қағазға қол қойып бере салса болғаны» деп жазады Игорь Винявский Facebook желісінде.

«ОНЫҢ БӘРІ – ӨТІРІК»

Қазір Ақтауда жүрген режиссер Ермек Тұрсынов Азаттық радиосына берген сұхбатында «өзге айыпталушыларға қарсы куәлік беруге көндіру туралы мәселені» жоққа шығарды.

Режиссер Ермек Тұрсынов. Жеке архивтен алынған сурет


– Оның бәрі – өтірік. Бұл жерде тергеу жүріп жатыр. Тергеуге қандай да бір үлес қоса алмаймын, я әсер ете алмаймын ғой. Олардың не істеп жатқанын қайдан білемін? – деді режиссер.

Ол бұған қатысты «ешкімнен ешқандай ұсыныс болмағанын» айтты.

– Менің келгенімді ешкім білмейді. Ешкіммен ақылдасқан да жоқпын. Мен саясаткер емеспін. Қоғам қайраткері емеспін. Болат – менің досым. Адами мәселелер болады ғой. Досым абақтыға қамалды. Мұндай жағдайда мен көмектескім келеді. Сондықтан келдім, – деді Ермек Тұрсынов.

«ҰҚК-ГЕ ӨЗІМ ӨТІНІШ АЙТТЫМ»

Ермек Тұрсынов Ақтауға шамамен бір апта бұрын келгенін айтады. Оның айтуынша, «әріптесі, әрі досы Атабаевпен кездесу туралы» ҰҚК-нің тергеу тобы басшыларына әуелі өзі өтініш жасаған.

– «Сендер неге Атабаевты отырғыздыңдар? Ол ешқандай саясаткер емес. Ол басқаларға еріп кетті. Ол – режиссер, әрі досым. Өзім кепіл боламын ол үшін» деп бастықтарына арыз айтқанмын. Бастықтары өздері қолдау көрсетіп, Болатпен кездесуге рұқсат берді, – деді Ермек Тұрсынов.

Режиссердің айтуынша, ол өткен аптадан бері Ақтауда ҰҚК-нің тергеу изоляторында отырған Болат Атабаевпен үш-төрт мәрте кездескен. Соңғы рет кеше түнде сөйлескен екен. «Атабаевпен не жайында сөйлестіңіз?» деген сұраққа:

Болат Атабаев, театр режиссері, оппозициялық саясаткер. Алматы, 31 мамыр 2012 жыл


– Ол ұзақ әңгіме ғой. «Мынау қалай болып қалды? Неден шықты? Неден болды?» деген мәселелер, – деді Ермек Тұрсынов.

Оның айтуынша, «Болат Атабаевтың жағдайы жаман емес».

– Әрине, мұндай жағдайда ешқандай қуанышты жаңалық айта алмаймын. Бірақ негізі ұстамды, денсаулығы жақсы. Дәрілері қолында. Ішіп тұрады. Жаман емес деп айтуға болады, – деді Ермек Тұрсынов.

Ол өткен жұма күні Жаңаөзенге барып, сондағы тергеушілермен де кездескенін, ол жаққа да ешкімнің шақыруынсыз өз бетімен барғанын айтты.

«БҰЛ – ӨТЕ АУЫР ҚЫЛМЫС»

«Әлеуметтік арыздықты қоздырды» деген айыппен тергеліп жатқан Серік Сапарғали, Владимир Козлов, Болат Атабаев пен Жанболат Мамайға 170-бап бойынша («конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру») қосымша айыптар тағылғанын Азаттық радиосына олардың туыстары мен адвокаттары хабарлаған еді.

– Бұл өте ауыр қылмыс болып табылады. Егер бұл осындай бап дәлелденсе, онда қиын болады. Неге десеңіз, бұл екі бап та амнистияға жатпайды. Сондықтан егер бұл іс ертең сотқа жетіп, сот осы баптарды қабылдап жатса... Ол енді дәлелденбеген нәрсе, оны дәлелдеу керек әлі. Сондықтан осы жерде консультациялар болып жатыр. Ақылдасып жүрміз, – деп жауап берді Ермек Тұрсынов бұл туралы.

Режиссер «егер бәрі дұрыс болып жатса, Алматыға сәрсенбі күні қайтатынын» айтты.

Болат Атабаевпен бірге тұтқындалған Жанболат Мамай. Ақтау, 26 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


Ақтауға режиссер Ермек Тұрсыновтың барғанын Болат Атабаевтың қарындасы Дана Атабаева да растады.

– Мен оны көрген жоқпын. Ол Болатқа келді. Мүмкін, шығуына көмектесейін деп келген шығар, – деді Дана Атабаева.

Бұл кездесу туралы білмек болып, Астанадағы ҰҚК баспасөз қызметіне хабарласқанымызбен жауап ала алмадық.

Адвокат Серікқали Мусиннің айтуынша, тергеу тобы кездесуге рұқсат бере алады. Оның айтуынша, адвокат, не туыстарынан басқа кез-келген үшінші тараптағы адам да тергеуге кедергі жасамаса, айыпталушымен кездесе алады.

– Егер тергеуші жұмысқа байланысты кездесу керегін көрсе және ол тәуелсіз тергеудің жүргізілуіне әсер етпесе, онда рұқсат ете береді, – деді адвокат.