Жаңаөзенде жараланғандар жұмыссыз жүр

Естай Сатыбалдиев Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиген иығын көрсетіп тұр. Жаңаөзен, 13 желтоқсан 2014 жыл.

Жаңаөзендіктер 2011 жылғы оқиғадан кейін қала келбеті өзгергенімен, жұмыссыздық мәселесі шешілмей жатқанын айтады. Ресми орындар басқаша уәж келтіреді.

Желтоқсанның 16-17-сі күндері атаулы дата болғанына қарамастан, Жаңаөзен қаласында айтарлықтай бір шаралар өткен жоқ. Көше түрлі-түсті тулармен безендірілгенімен, қала жым- жырт болды. Тек туыстарынан айырылған азалы отбасыларының әлдері келгені мал сойып, марқұмдардың рухына үйлерінен құран бағыштап жатты.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болған адамдардың асы оқиға жылдығынан бірнеше күн бұрын қала сыртында өткізіліп кетті.

Желтоқсанның 16-сына дөп келген Жаңаөзендегі ұрып-соғулар мен полиция тарапынан болған азаптауларды айтып бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Әсем Кенжебаеваның жерленуі ескі жараның ауызын қайта тырнағандай болды.

Сол күндері әр үйде өтіп жатқан ас дастарханына жиналғандар «Жаңаөзен жайлы көп білетіндердің, көзі көргендердің дүние салғанына» баса назар аударған.

2011 жылғы оқиға басталғанда ақпараттық оқшаулауға ұшыраған жаңаөзендіктердің соңғы кезде тілшілермен жүздесуге де аса ынталы емес екені байқалады. Осы жолы да Жаңаөзен тұрғындары ақпарат құралына сөйлеуден тартыншақтап отырды.

«ОТБАСЫН ҚҰРЫП, ЖҰМЫС ІСТЕГІМ КЕЛЕДІ»

2011 жылы аяғына оқ тиіп, мүмкіндігі шектеулі болып қалған Жанболат Жаманқараев шаңырақ көтеріп, жұмыс істеу арманы екенін айтады. Оның айтуынша, осы үш жылдың ішінде сегіз рет операция жасатқан.

Ол Жаңаөзен оқиғасынан кейін өзіне ешқандай психологиялық көмектің болмағанына шағынады. Әлі күнге түнімен түрлі түстер көріп шошып оянады екен. Жанболат «осы күйімде емделуді жалғастырып жатырмын» дейді.

- Мен биыл 23-ке келдім. Қатарым отбасылы болып жатыр. Менің де әке- шеше мойнына масыл болмай, өз алдыма отау көтеріп, жұмыс істегім келеді. Спорт енді қалды ғой, сірә. Денсаулық дұрысталған соң, тек өзім үшін айналыспасам, үлкен чемпионаттар арман ғой, - деді ол Азаттық тілшісімен кездесуде.

Жанболат Жаманқараев жұмыс сұрап барғанымен, «Өзенмұнайгаз» компаниясы басшылығынан «мүгедектерге жұмыс жоқ» деген жауап алғанын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзендік Жанболат Жаманқараев

Жанболаттың әкесі Қошқарбай Жаманқараев бір кезде денсаулығы мықты болған баласының аяқасты мүгедек болғаны әлі күнге дейін жанына маза бермейтінін айтады.

- Мен кейде ойлаймын, егер Жанболат ары қарай боксын жалғастыра берсе, үлкен жарыстарға шығуы да мүмкін бе еді, - дейді Қошқарбай Жаманқараев күрсініп.

«ЖҰМЫСҚА ТҰРУ ҮШІН МҮГЕДЕКТІГІҢДІ АЛЫП ТАСТА»

Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиіп жараланғандардың бірі – Естай Сатыбалдиев. Оқ оның сол жақ иығынан тиген. Ол да бірнеше операцияны басынан өткеріп, өзінің еті тірілігі арқасында қолын аман сақтап қалғанын айтады. «Жаңаөзен оқиғасынан бері үш жыл өтсе де жұмыссыз жүрмін» дейді Естай Сатыбалдиев Азаттық тілшісіне.

Баласы және жұмыссыз әйелімен бірге пәтер жалдап тұратын Естай бұрын теміржолшы болып жұмыс істеген екен. Өзінің сөзінше, ол жерден 80 мыңдай жалақы алып, отбасын асырап жүрген.

- Бір рет 500 мың теңге көмек алдық осыдан екі жыл бұрын. Содан соң Курганға операцияға апарды. Енді денсаулығым дұрысталған соң жұмыс сұрап барсам, «мүгедектігің болғандықтан алмаймыз, оны алып таста» дейді. Содан мүгедектіктен де бас тарттым. Бірақ бәрібір жұмыс жоқ, - деді ол.

Ол іс таңдап жүрмегенін, өзінің қолынан келетін кез-келген жұмыс сұрап жүргенін айтады.

- Мен темір жолда жұмыс көп екенін білемін. Мәселен, жүргізуші немесе слесарь болуыма болады. Бірақ маған «жоқтан» басқаны айтпайды. Ал заң жүзінде қуынып, адвокат жалдайтын ақшам жоқ, - деді Естай Сатыбалдиев.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзендік Естай Сатыбалдиев

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келгенде бірнеше жас жігіт жұмыссыздыққа тіркелуге келіп тұр екен.

- Сіз де жұмысқа тіркелуге келдіңіз бе? Өнбейтін шаруа ғой. 10 күн сайын тіркеліп тұру керек. Тізімде жаңа жұмыс орыны пайда болғанымен, барсаң «адам алып қойғанбыз» дейді. Ал хабарламаларын жібере береді, - деді аты-жөнін айтудан бас тартқан жас жігіт.

Оның айтуынша, Жаңаөзендегі политехникалық коллежді бітірген, мамандығы - мұнай операторы.

Жұмыссыздығына орай тіркелуге келіп тұрған тағы бір жігіт оның сөзін қуаттай түсті. Ол «Мен кез-келген жұмысқа әзірмін, бірақ әзірге ешнәрсе ұсынып отырған жоқ. Екінші жыл тіркеудемін» деді.

Тізімге қабылдап жатқан жұмыссыздарды тіркеу бөліміндегілер жұртты «енді жаңа жылдан соң келіңдер, әзір қабылдамаймыз» деп қайтарып жатты.

Жаңаөзендегі жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Ажархан Тұрақова Азаттыққа Жаңаөзендегі жұмыссыздық туралы толық мәлімет беруден бас тартты. Оның сөзінше, жыл басынан бері жұмыссыз ретінде тіркелген адамның саны - 5 мың 182.

Жаңаөзен қаласы. 13 желтоқсан 2014 жыл.

- Жаңаөзендегі жұмыссыздық былтырғы жылмен салыстырғанда екі пайызға азайды. Біздегі басты проблема - бәрі мұнай саласына барғысы келеді. Онда бәріне бірдей орын жоқ,- дейді ол.

Жаңаөзендегі жалғыз өндіріс орыны "Өзенмұнайгаз" компаниясына қарайды. Қалған жұмыс көздерін орта және шағын бизнес субъектілері, түрлі мемлекеттік, әлеуметтік мекемелер құрайды. Дегенмен қала билігі мұндағы жұмыссыздық шешілуіне Жаңаөзеннен 70 шақырым жердегі Кендірлі демалыс аймағы құрылысы мен онда бес жұлдызды отельдердің салынуы көмектеседі деп үміттенеді.

2011 жылы желтоқсанның 16-сында - Тәуелсіздік күні Жаңаөзендегі бірнеше айға созылған жалақысын өсіруді талап еткен наразылық жалғасып, полиция қарусыз адамдарға оқ атты. Бұл оқиғадан, ресми мәлімет бойынша, 16 адам қаза тапты.

Жаңаөзен қаласы тұрғындары саны - төңірегіндегі ауылдарды қоса есептегенде 120 - 130 мың адам.