Жаңаөзендіктер «әскер шығарылып жатқанын» айтады

Жаңаөзен қаласы тұрғынын тексеріп тұрған полицей. 19 желтоқсан, 2011 жыл.

Қаңтардың 31-і күні таңғы сағат 7.00-де Жаңаөзен қаласына енгізілген төтенше жағдай мерзімі аяқталды. Кейбір тұрғындар таңертең әскери көліктердің қаладан кетіп жатқанын айтады.

Жаңаөзен тұрғындары таңертеңнен бастап "төтенше жағдай мерзімінің аяқталғанын, бірақ оның шынымен аяқталғанына сене алмайтындарын" айтады. Жаңаөзен қаласының тұрғыны Бақтыбай Жылқыбаевтың хабарлауынша, "таңертеңнен бастап қала көшелерінде бұрын қаптап тұрған күзет бекеттері мен әскер көрінбейді".

«БАСҚА АЙМАҚТАРДАН КЕЛГЕН ӘСКЕР ӘКЕТІЛДІ»

Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасының жаңадан тағайындалған бастығы Амангелді Досаханов төтенше жағдай мерзімінің қаңтардың 31-інде таңғы сағат 7-ден бастап аяқталғанын, Маңғыстау облысынан тыс аймақтардан келген әскердің қаладан шығып кеткенін айтты.

Ол Жаңаөзенде қалалық ішкі істер басқармасының полицейлерімен қатар Маңғыстау облысының ішкі істер департаментінің қызметкерлері қалғанын айтты.

- Жағдай тыныш, барлық әскерлер әкетілді. Қалада тек Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы (оның ішіне біз де кіреміз) қалды. Жаңаөзен қаласындағы қоғамдық тәртіпті сақтауға күшіміз бен құрал-жабдығымыз жеткілікті,- деді Амангелді Досаханов.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
​Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күні полиция мен мұнайшылар қақтығысынан соң, президент Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 17-сінен қаңтардың 5-іне дейін қалада төтенше жағдай мерзімін енгізу туралы жарлық шығарды.

Көлік тексеру. Фото "Новая газета" басылымынан алынды. Жаңаөзен, 19 желтоқсан, 2011 жыл.

Қаңтардың 4-інде Назарбаев жарлығымен төтенше жағдай мерзімі қаңтардың 31-і күнгі сағат 7.00-ге дейін ұзартты.

Төтенше жағдай уақытында түнгі сағат 1-ден бастап таңғы 7-ге дейін коменданттық сағат болды. Жаңаөзенде комендатура құрылып, оған Қазақстандағы «Төтенше жағдай туралы» заңның аясында жұмыс істеу құзыры берілді.

Жаңаөзен қаласының коменданттығына Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Аманжол Қабылов тағайындалды.

Төтенше жағдай мерзімінде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында мынадай тәртіп енгізілді:

- Қалада жүріп-тұру әрекетіне, оның ішінде көлік қозғалысына шектеу қою;

- Адамдардың жеке бас құжаттарын, заттарын, көлікке тиелген жүктері мен тағы басқа заттарын тексеру;

- Жаңаөзен қаласына баратын жолдардағы қозғалысты тұтас шектеу;

- Жиналыс, митинг, пикет, шерулер өткізуге тыйым салу (бұған мәдени, және спорттық шаралар да жатады);

- Заңдық тұлғалардың қызметін тоқтатуға себеп болатын қандай да бір әрекеттер жасауға және ереуілдерге тыйым салу;

- Көшіріп басатын, көбейтетін, радио-теле хабарлар тарататын және аудио-видео жазатын аппаратураларды қолдануға тыйым салу, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды тәркілеу.

ТӨТЕНШЕ САЙЛАУ

​Төтенше жағдай режимінің аясында Жаңаөзен қаласына бару және одан шығу, сайлаушылармен кездесулер өткізу мүмкін болмағандықтан мәжіліс сайлауына қатысқан саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген жоқ.

6 қаңтарда конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов Жаңаөзенде төтенше жағдай тәртібіне байланысты парламент сайлауын өткізу мүмкін емес деп мәлімдеген еді. Орталық сайлау комиссиясы да қалада парламент мәжілісі сайлауын өткізбеу және мәслихат сайлауын кейінге қалдыру туралы қаулы шығарған.

Бірақ 10 қаңтарда Назарбаев конституциялық кеңестің бұл шешіміне вето қойды. Президент "жаңаөзендіктердің сайлауға қатысуына және сайлануына құқықтары бар" деп мәлімдеді. Конституциялық кеңес Назарбаевтың ветосын еңсере алмады. Осылайша Жаңаөзенде сайлау өткізілді.

Қазақстан президенті Назарбаев қаңтардың 27-сі күні халыққа арнаған жолдауында "Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына дауыс бергенін" айтты.

Мұнайшы киімін киген азамат президентшіл "Нұр Отан" партиясының жарнамасын өртеп жатыр. Жаңаөзен, 16 желтоқсан, 2011 жыл.

Бірақ халықаралық бақылаушылар дауыс беру күні сайлауға халықтың президент сайлауы кезіндегідей емес, аз келгенін хабарлады.

Төтенше жағдай мерзімінде Жаңаөзен қаласында желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғаға орай тергеу амалдары жүргізілді.

Қаңтардың 25-күні Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев Жаңаөзендегі жағдайдың тергеліп, тексерілуіне байланысты мәлімдемесінде оқиғалар мен оның салдарынан 64 адам атыс қаруынан жарақат алып, 14 адамның қаза болғанын айтты. Бұдан басқа 35 полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарын алған. Дауылбаев Шетпеде желтоқсанның 17-сінде болған наразылық оқиғасында полицияның қару қолдануынан 1 адам қаза тауып, 11 адамның жараланғанын айтты.

Билік бұған дейін Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғадан 17 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді.

Тергеу кезінде Жаңаөзен қаласы прокурорының санкциясы бойынша Жаңаөзен оқиғасына қатысты белсенді Айжангүл Әміроваға қарсы Қазақстанның қылмыстық кодексі 164-бабының 3-бөлігі (әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік және діни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы істің аясында "Халық майданы" қозғалысының белсендісі Серік Сапарғалиға, "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловқа, "Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявскийге қарсы қылмыстық істер қозғалып, олар қамауға алынды.