Жаралы айыпталушылар жәбірленуші сапында жоқ

Жаңаөзен ісі бойынша айыпталушылардың туыстары сот үзіліс жариялағанда түскі ас ішіп отыр. Ақтау, 12 сәуір 2012 жыл. Андрей Цуканов түсірген сурет

Жаңаөзен оқиғасы бойынша «Полицейлер соты» жақындап қалса да, оқиға кезінде жараланған айыпталушыларға жәбірленуші статусы берілген жоқ» дейді «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі. Айыпталушылар алдын-ала тергеу кезінде қысымға ұшырағанын айтып жатыр.
«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер» бойынша сәуірдің 18-і түске дейін ғана болған сотта сегіз айыпталушыдан жауап алынған.
Олардың арасында «16-сы күні алаңда болмаған, ереуіл мен мұнайшыларға еш қатысы жоқ» айыпталушылар да болған.

«СЕГІЗ АДАМ БОЛЫП САБАУ»

Оның айтуынша, мысалы, жеке күзет бастығы, ауыр атлетика бойынша спорт шебері Әділбек Шамов 16-сы күні кешкі төрт-бестерде өзінің қарауындағы нысандарды аралап келе жатқанда кездейсоқ түрде ұсталғанын айтқан. Ол сотта өзге айыпталушылар секілді алдын-ала жауап алу кезінде қысымға ұшырағанын мәлімдепті.

- Оны полиция басқармасында, гаражда суық су құйып, кешкі тоғыздан бастап, таңертеңге дейін ұрып-соққан. Қорлаған. Үш күннен кейін оны қамауға алу туралы санкция шыққан кезде ол аппеляцияға беруге тырысқан. Бірақ оны өз пікірін айтқаны үшін қайта ұра бастаған. Өзінің айтуынша, егер қалғандарын үш-төрт адамнан ұрса, өзі денелі болғандықтан оны сегіз адам боп ұрған, - деді Ерлан Қалиев.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, Шамов соққыдан сау тамтығы қалмағанын, басына тыртық түскенін жеткізген.

Бақылаушының сөзі бойынша операция жасатып, бір көзінен айрылған Аманжолов есімді айыпталушы желтоқсанның 16-сы күні мүлде алаңда болмағанын, үйде отырғанын айтқан. Бірақ соған қарамастан оны полицейлер қамауға алып, қысыммен жауап алуға тырысқан.

- Оны желтоқсанның 29-ы басқармаға шақырып, ұрып-соққан. «Сені «Сулпак» маңынан көрген екен. Дүкенді тонадым деп мойында» деп мойнына алғызуға тырысқан. Мал сияқты қорлаған. Бұдан бөлек оны ереуілге белсенді түрде қатысушы деп айыптап отыр, - деді Ерлан Қалиев.

ТАС ТИГЕНДЕР МЕН ОҚ ТИГЕНДЕР

Ол бүгінгі сотта желтоқсанның 16-сы күні бірнеше айыпталушыға оқ тиіп, кейбірі ауыр жараланса да, олардан жәбірленуші ретінде жауап алынбағаны белгілі болғанын айтады.

- Сонда мынадай парадокс болып отыр: «маған тас тиді» деп айтқан кейбір полицейлер тастың нақты қай жеріне тигенін айта алмаса да, іс бойынша жәбірленуші ретінде өткен. Немесе «мені ұрды, тас тиді» деген көптеген полицейлерді айыпталушылардың бірі ұрып жатқаны туралы видео болмаса да, олар жәбірленуші ретінде өтеді. Ал жараланғаны айқын боп тұрған айыпталушылардан осы уақытқа дейін жәбірленуші ретінде жауап алынбаған. Оларға жәбірленуші статусын бермеген. Мысалы, Ерғазевтің жамбасына оқ тиген. Сол сияқты жараланған тағы да айыпталушылар бар. Полицейлердің соты жақын қалса да, олардың статусы анықталмаған, - дейді Ерлан Қалиев.

Осыған дейін сотта сұралған айыпталушылар полицейлердің оқ атуы жайында айта бастаған кезде судья «бұл - басқа қылмыстық іс» деп тоқтатып отырған еді.