Осыдан бес жыл бұрын, 2011 жылғы желтоқсанның 17-сі күні Жаңаөзен қаласының тұрғыны 55 жастағы Жалғасбай Ұзақбаев үйінен дүкенге барып келуге шығып, сол күйі жоғалып кеткен. Нақ сол күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай енгізіліп, коменданттық сағат тәртібі жарияланған еді. Билік мұндай шешімді желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзенде бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атып, көп адам қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін қабылдаған.
ІЗДЕУМЕН ӨТКЕН БЕС ЖЫЛ
Жалғасбай Ұзақбаевтың әйелі Бибіажар Ұзақбаева бес жыл бұрын жоғалған жұбайын іздеп биыл тағы хабарландыру берген. Ол із-түзсіз кеткен жұбайынан бір хабар болар деген үмітін үзбегенімен, күнделікті тұрмыс қажеттілігі күйеуінің өлі не тірісін анықтайтын құжат талап еткенін айтады.
- Үйдің құжаты толығымен күйеумнің атында. Жаңа туған немеремізді тіркеуге қоя алмай қатты қиналдық. Таныс тауып әзер тіркедік. Денсаулығым да сыр беріп жүр. Балаларға қиын бола ма деп биыл қарашада Жалғасбайды өлі деп тануды сұрап сотқа арыз бердім,- дейді Бибіажар Ұзақбаева.
Оның айтуынша, Жалғасбай Ұзақбаевты соңғы рет 2011 жылы желтоқсанның 17-і күні үйінің маңындағы дүкен сатушылары көрген. Жаңаөзендегі "Бұрғылау" компаниясында мұнайшы болып жұмыс істейтін Жалғасбай Ұзақбаев сол күні демалыс болғандықтан әрі қалада коменданттық сағат жарияланғандықтан үйінде болған. Күйеу баласымен есік алдында біраз әңгімелескеннен кейін үй маңындағы дүкеннен темекі сатып алуға кеткен.
- Күйеуімді желтоқсанның 18-інен бері іздедім. Желтоқсанның 21-іне дейін баламыз екеуміз Жаңаөзен полициясы басқармасы алдынан шықпадық. Таныс тауып, полиция ұстап отырған адамдардың арасынан қарауға тырысып көрдік. Біреуді біреу біліп болмайды, - деп еске алды Бибіажар Ұзақбаева.
Отбасы мүшелері Жалғасбай Ұзақбаевты 2012 жылғы қаңтарда алғашқы қар түскенше іздегендерін, бірақ оны еш жерден таба алмағандарын айтады.
- Бармаған жеріміз қалмады. Жаңаөзеннің маңайын адақтап, тіпті Теңге әулиенің басына дейін бардық. Бір жерге көміп кетсе, жаңадан қазылған жер белгілі ғой деп ойлағанбыз. Әлі есімде, қаңтардың 25-і күні (2012 жылы) қар жауды, соған дейін айналаның бәрін қарап шықтық, - дейді Бибіажар Ұзақбаева.
"КӨРДІМ ДЕГЕН АДАМ СӨЗІНЕН АЙНЫДЫ"
Ұзақбаевтар отбасы жоғалған адамын жұрттан сұрастырып Ақтау, Жаңаөзен қалаларында вокзалға, көшеге хабарландыру іліп, газеттерге жыл сайын іздеу жариялағанымен еш нәтиже шықпаған.
Кейін полиция қамауынан шыққандардың бірі Жалғасбай Ұзақбаевтың үй-ішіне оны көргенін айтқан.
- Жалғасбайдың үстіндегі киімін, ала жемпірі мен "Бұрғылау" деген жазуы бар жұмысқа киетін курткасының көк түсіне дейін айтып, түр-тұлғасын дәл сипаттады. Басы қанап отырғанын көргенін айтты, - дейді Бибіажар Ұзақбаева.
Бір күні келер деп ойлаймын. Себебі оны Ақтау мен Жаңаөзеннің мәйітханаларынан таппадым
Ол күйеуін полицияда қамауда отырғанда көргендер бар екені туралы 2012 жылы прокуратураға шағым берген. Бірақ, "Жалғасбай Ұзақбаевты көрдім" деген адам кейін айтқан сөзінен айнып қалған.
- Ол адамды қорқытты ма, білмеймін, "енді мені мазалама" деді. Осы қаладағы шағын аудандардың бірінде тұратын жігіт болатын, "әрине, көргенімді айтамын" деген еді. Көп кешікпей ол да қайтыс болып кетті, - дейді Бибіажар Ұзақбаева.
Дегенмен ол бес жыл бұрын хабарсыз кеткен күйеуінен әлі күдер үзбейтінін айтады.
- Бір күні келер деп ойлаймын. Себебі оны Ақтау мен Жаңаөзеннің мәйітханаларынан таппадым, - дейді әйел.
2011 жылғы желтоқсанның 16-ы күні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан наразылық шеруін күшпен тарату кезінде полиция қолданған қару оғынан кемінде 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.
Жаңаөзен оқиғасынан кейін ондаған мұнайшы "тәртіпсіздіктер ұйымдастырған" деген айып бойынша сотталып, түрмеге қамалған. Бірнеше полиция қызметкері "қызмет өкілетін асырғаны" үшін бас бостандығынан айырылған.
Халықаралық қауымдастық пен құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстан үкіметінің Жаңаөзендегі іс-әрекетін айыптап, қантөгістің мән-жайын анықтау үшін толық және әділетті тергеу жүргізуге шақырған.