Спортшы қуанған, бірақ бапкердің көңілі толмаған жүлде

Қазақстандық ауыр атлет Жазира Жаппарқұлдың штанганы көтеріп тұрған сәті. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Қазақстанның 23 жастағы ауыр атлеті Жазира Жаппарқұл әйелдер арасында 69 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Рио олимпиадасының күміс медалін алды. Спортшы бұл жүлдесіне қуанғанымен, бас бапкер Алексей Ни «алтын алатын мүмкіндік болған еді» деп өкінеді.

Қазақстанның 23 жастағы ауыр атлеті Жазира Жаппарқұл әйелдер арасында 69 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Рио олимпиадасының күміс медалін алды. Спортшы бұл жүлдесіне қуанғанымен, бас бапкер Алексей Ни «алтын алатын мүмкіндік болған еді» дейді.

Штанганы жұлқа көтеруді Жаппарқұл 111 килограмнан бастады. Ол штанга тұрған орынға жүгіре шықты да, оны жедел әрі тік көтеріп алды. Штанганы жерге тастаған соң Жазира ырым еткендей темірлерін қолымен сипап, «алғыс айтқандай» болды да дереу жаттығу залына беттеді. Ни қолын көтеріп «жарайсың» деген ишара жасады.

Екінші рет шыққанында 115 килограмды қиналмай әрі жымиып көтерген Жазира штанганы құшақтап, сүйіп алды.

Жазираның штанганы сүйіп жатқан сәті. Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Атлет үшінші мәрте шыққанында штанганың салмағы 117 килограмм еді. Қазақстан құрамасының аға бапкері Вилорий Пак Жазира жұрт алдына шығар сәтте оның бетін шапалақпен ұрып-ұрып жіберді. Атлет штангаға келді де, оны жұлқи көтеруге тырысты. Алайда батпан темірді көтеріп кете алмады. Жазира сәл жымиды да тұғырдан түсіп кетті. Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни өкінішін білдіріп, қолын басына қойып, Жаппарқұлмен бірге жаттығу залына кіріп кетті.

Жұлқа көтеруде қытайлық Сян Янмэй 117 килограмды екінші рет шыққанда ғана көтерді. Үшінші рет шығарында ол 118 килограмды көтеруге тырысты. Бірақ темірді ұстап тұра алмай, желкесіне қарай түсіріп алды. Қытай атлеті басын сипаған күйі залдан шықты. Египеттік спортшы Сара Ахмед 112 килограммен штанганы жұлқа көтеру жарысында үшінші орын алды.

СЕРПЕ КӨТЕРУ

Жаппарқұл серпе көтеру жаттығуын 140 килограмнан бастады. Штанга жанына келген ол белдігін қысып, тартып қойды. Сәл тыныстады да штанганы орнынан жұлып алып, төсіне қойды. Бірақ басына асыра көтерген темірді ұстап тұра алмай тастап жіберді. Атлет не болғанын түсінбей абдырап, отырып қалды.

Жазира Жаппарқұл штанганы ұстап отыр.

Екінші рет шыққанда спортшы бар даусымен «Аруақ!» деп айғайлап жіберді. Жазира штанганы тістене көтеріп төсіне қойғанда шетте тұрған бапкер Ни де «Тұр тұр!» деп жанұшыра айғайлады. Штанганы тік көтеріп алған Жазира оны 10 секундтай ұстап тұрып, төреші «түсіре бер» деген ишарамен қолын сілтегенде ғана барып жерге тастады.

Жазира үшінші рет шыққанда алдында тұрған штанганың салмағы 144 килограмм еді. Ол штангаға беттегенде зал сілтідей тынып, өлі тыныштық орнады. Жазира бұл салмақты да көтеріп кетті. Штанганы тастай сала ол екі қолын көтеріп, ышқына айғайлап жіберді. Алексей Ни спортшыны құшақтап, арқасынан қағып, құттықтады. Қоссайыс қорытындысы бойынша Жазира Жаппарқұлдың нәтижесі 259 килограмм болып, күміс жүлде иеленді.

Оқи отырыңыз: Жазираның арманы

Ал Қытай қызы серпе көтеруде - 145 килограмм, екі сайыста көтерген салмағын қосқанда 261 килограмм нәтиже көрсетіп, алтын жүлдені алды. Қола медаль египеттік Сара Ахмедке (112+143) бұйырды.

НИДІҢ ӨКІНІШІ

Жарыстан кейін бас бапкер Алексей Ни залдан көңілсіз шықты. Ол «алтын алатын мүмкіндікті пайдалана алмадық» деп өкініш білдірді.

Жазира Жаппарқұлдың штанга көтергеннен кейінгі шаттығы. Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

- Жаппарқұл әлем чемпионатында екі рет күміс алды. Олимпиада да күміс. Өсу жоқ деген сөз. Иә, ол олимпиадада медаль алған алғашқы этникалық қазақ қызы шығар. Бірақ бүгін алтын алатын мүмкіндігін пайдалана алмады. 115 килограмды көтергенде штанганы сүйіп, құдды алтын алғандай қуанды. Үшінші мүмкіндігінде ол 117 килограмды көтеру керек емес пе еді? Жазира жаттығуда 120 килограмды алып жүрген. Қытай атлеті жарақат алып қалды. Онымен күресуге болатын еді. Серпе көтеруде 140 килограмды бірінші шыққанында-ақ көтергенде 145 және 150 килограмға барар едік. Жаттығуда 150 килограмды көтеріп жүрген болатын, - деді бапкер.

Ал Жазираның өзі күміс жүлдеге риза. Ол Азаттыққа берген сұхбатында «төккен тері нәтиже бергенін» айтты.

- Жеңісімді сіңліме арнаймын. «Қазақстанның күміс қызы» атандым. Тарихи жеңіске жеттім (Жаппарқұл олимпиадада жүлде салған алғашқы этникалық қазақ қызы - ред). Алтынға біраз жаттығу жетпей қалды. Штанганы бірінші рет көтере алмағанда ойымда ештеңе болмады. «Ештеңе етпес, келесіде көтеремін» деп сендім. Қолым да, аяғым да ауырмады. Бар күшімді салдым. Енді төрт жылдан кейін Токиода алтын алмай елге қайтпаймын. Токиоға да осы 69 килограмда қатысамын, - деді атлет.

Your browser doesn’t support HTML5

Жазира Жаппарқұл Рио олимпиадасында күміс алды

Жазира Жаппарқұл 2015 жылы Хьюстондағы әлем чемпионатында жарақат алып қалған еді. Ол жарақатын емдеуге ауылдағы тұратын Омар деген сынықшының көмектескенін айтады.

- Жарақатымнан ауылдағы Омар есімді сынықшы ағам емдеді. Қолымның сүйегі ауыратын. Арқам ауырғанда да сол сынықшы ағам емдеді, - дейді күміс жүлдегер.

Бұл - Қазақстанның Риодағы бесінші медалі. Осыған дейін дзюдодан Елдос Сметов күміс, Галбадрах Отгонцэцэг қола, ауыр атлеттер Фархад Харки мен Карина Горичева қола алған.