Accessibility links

Қытайдан келген атлет Қазақстанға қола жүлде әперді


Қазақстандық ауыр атлет Фархад Харки штанга көтеріп тұр. Рио-де-Жанейро, 9 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық ауыр атлет Фархад Харки штанга көтеріп тұр. Рио-де-Жанейро, 9 тамыз 2016 жыл.

Қазақстандық ауыр атлет Фархад Харки Рио олимпиадасында қола медаль алды. 62 килограмм салмақ дәрежесі бойынша бәсекеге түскен ол жарыс кезінде алты мүмкіндігінің тек екеуін пайдаланды.

ЖҰЛҚА КӨТЕРУ

25 жастағы Харки штанганы жұлқа көтеруді 135 килограмнан бастады да бұл салмақты қиналмай көтерді. Бас бапкер Алексей Ни тапсырысты сәтті орындаған атлеттің арқасынан қақты да жылдам басып спортшылар жүрген жаттығу залына кіріп кетті. Екінші рет шығарда Харки 140 килограмм штанганы көтермек болды.

Бірақ атлет 140 килограмды бір деммен жұлқып, жерден көтеріп әкете алмады. Харки штанганы көтере бергенде аяғын сіңірін созып алғанын айтты. Алексей Ни оны жаттығу залына кіргізіп, аяғына массаж жасап, ине сұғып, сіңірін жазуға тырысып бақты.

Фархад Харкидің сіңірін созып алған сәті.
Фархад Харкидің сіңірін созып алған сәті.

Қазақстандық атлет үшінші мүмкіндігінде штанганы жұлқа көтергенімен, орнынан тұра алмады. Шетте тұрған Алексей Ни қолындағы сүлгіні жерге бір ұрды. Жаттықтырушы спортшылар жүрген аймаққа бара жатып, атлеттің қателігін айтып жатты. Харки бапкер сөзін үнсіз тыңдай асыға басып, ішкі кіріп кетті.

Жұлқа көтеру жаттығуында алтын жүлде алады деген атлет - 2015 жылы Хьюстонда әлем чемпионаты атанған Қытай спортшысы Чэнь Лицзюнь шыққан бетте 143 килограмм темірді көтермек болғанымен, шамасы жетпеді. Атлет аяғын дұрыс баса алмай қабырға жағалап бапкерлеріне әрең жетті. Екінші рет шығарында бапкерлері оның аяғына массаж жасап, мүсәтір иіскетіп, есін жиғызуға тырысып жатты. Алайда ол екінші жолы да штанганы көтере алмады. Оны залдан қос бапкері екі жағынан сүйеп алып кетті. Қытай атлеті үшінші мүмкіндігіне шыққан жоқ.

Осыдан кейін Riocentrio кешеніне жиналған қазақстандықтар Қытай спортшысы жарыстан шығып қалғаннан кейін Харкидің медальға мүмкіндігі арта түскенін айтып жатты.

Ал колумбиялық Оскар Фигиероа мен индонезиялық Эко Юли Ираван 142 килограмм штанганы көтеріп кетті.

СЕРПЕ КӨТЕРУ

Серпе көтеруді Харки 170 килограмнан бастады. Ол штанганы төсіне көтергеннен кейін, төрт-бес секунд тыныстап тұрып, шынтағы дірілдей, қиналып барып басынан асырды. Шетте тұрған бапкер Ни жанұшыра “ұста, ұста” деп айғайлап жіберді. Төреші “түсір” деген ишарамен қолын сілтеп қалғанда Харки қинала ұстап тұрған штанга еденге дүрс етіп түсті. Залдағы қазақстандық жанкүйерлер шулап қоя берді.Екінші рет шыққанында 177 килограмм штанганы көтере алмаған ол, тепе-теңдігін сақтай алмай, құлап түсті. Залдағы жанкүйер де спортшы жазым болмады ма деп, тіксініп қалды. Бапкерлер Харкиді жаттығу залына жедел алып кірді де жерге жатқызып, сіңіріне массаж жасап жатты. Үшінші мүмкіндігінде де Харки штанганы мойнына әкеле бере құлап түсті. Бұл сәтте қазақстандық жанкүйерлерінің жамырай ду ете қалған өкінішті үні залдағы жұртқа тегіс естілді. Осылайша, ол 305 килограммен үшінші орын иеленді.

Колумбиялық Оскар Фигиероа жалпы есепте 318 килограмм (142+176) нәтижемен олимпиада чемпионы атанды. Колумбиялық атлет чемпион атанған сәтте көңілі босап, штанганы құшақтап біраз отырды. Индонезиялық Эко Юли Ираван - 312 килограмм нәтижемен (142+170) күміс жүлде иеленді.

Жарыстан кейін Фархад Харки «Шаршадым, қазір тек ұйықтап, демалғым келеді. Келешекте көп жұмыс істеу керек. Жоғары нәтиже көрсету үшін барымды салдым. Енді Токио олимпиадасына (2020 жылы өтеді - ред) қатысуға тырысамын» деді.

«СІҢІРІН СОЗЫП АЛДЫ, АРҚАСЫ ДА ШЫДАТПАДЫ»

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері жарыстан кейін Азаттық тілшісіне «Бұл салмақ дәрежесінде қытайлық атлет фаворит болған еді. Бірақ ол аяғының сіңірін созып алып, жарыстан шығып қалды. Харки де жұлқа көтеруде сіңірін созып алды. Серпе көтеруде арқасын жарақаттап, штанганы төсіне көтере алмады. Арқасы шыдатпады. Сіңірі тартылмағанда 177 килограмды көтерер еді. Бүгін ол толық күшін жұмсады. Бар мүмкіндігі - осы. Ары қарай оған қиын болар еді. Харки – Ильин мен Чиншанло сияқты тәжірибелі емес. Бірақ бұл атлетпен кез келген салмаққа тәуекел етуге болады. Бүгін ол әр салмақты алу үшін күресті және ол әрекеті көңілімнен шықты. Харкидің негізгі салмағы - 70 килограмм. Олимпида алдында сегіз келі салмақ қуды. Ол енді жарыстарға 69 килограмм салмақпен қатысады” деді.

Фархад Харки 2011 жылы Қазақстанға Қытайдан келген. Ол 2013 жылы Қазандағы универсиадада алтын алған. Бірақ оның осы жарыста тапсырған сынамасынан допинг табылып, ол екі жарыстан шеттетілген еді.

Фархад Харкидің Рио олимпиадасының қол жүлдесін алған сәті.
Фархад Харкидің Рио олимпиадасының қол жүлдесін алған сәті.

Бұл - ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының Риодағы алғашқы медалі. Осыған дейін Маргарита Елисеева (48 кг, әйелдер жарысы) -бесінші, Арли Чонтей (56 кг, ерлер жарысы) төртінші орын алған.

Биыл жазда, Рио олимпиадасы қарсаңында, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Пекин мен Лондон олимпиадалары кезінде алынған сынамаларынан допинг табылғанын мәлімдеген. Лондонда алтын алған қазақ спортшылары Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже беріп, Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл төрт спортшының Риоға бармайтынын хабарлады.

Олардан бөлек, ауыр атлетикадан Хьюстондағы әлем чемпионатында жүлде алған Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев та былтыр допинг қолданды деп айыпталып, медальдарын қайтарып берген. Қыдырбаев спорттан сегіз жылға, Өтешов төрт жылға шеттетілген.

Қазір Қазақстан олимпиаданың үш медалі - бір күміс, екі қоламен жалпы есепте 25-орында тұр. Бұған дейін Дзюдодан Елдос Сметов - күміс, Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль иеленген еді.

XS
SM
MD
LG