Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында желтоқсанның 9-ы күні қойылған «Желтоқсан желі» пьесасына Талғар қаласындағы 5-мектептің мұғалімі Айгүл Жанғабылова бір топ оқушысын ертіп келіпті. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын қазіргі жастар білуі тиіс деп санайды.
– Желтоқсанның 16-сына мектепте тәуелсіздік күніне арналған тәрбие сағаттары болады. Бірақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын толық көрсету мүмкін емес. Сол үшін осы қойылымға келдік. Бүгінгі спектакльден Желтоқсан оқиғасының қалай басталғанын көргіміз келді. Бүгінгі қойылымда бір отбасындағы кішкентай көріністен біз расында да «желтоқсанның ызғарын» сездік, - дейді ол.
Айгүл Жанғабылованың айтуынша, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған қысқа метражды фильмдер мен сахналық қойылымдарда көбіне жазалаушы жасақтың жастарды ұрып-соғып жатқаны көрсетіледі де, негізгі саяси оқиға толық ашылмай қалады.
«КІМ ҰЙЫМДАСТЫРҒАНЫ БЕЛГІСІЗ»
Драматург Серік Асылбекұлының режиссер Мұрат Ахманов сахналаған пьесасы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде бір отбасы бір түн ішінде бастан кешкен аласапыран оқиға суреттеледі.
Алматының орталық алаңында күшпен басылған демонстрациядан қашып шыққан қыз бен жігіт кездейсоқ үйден пана сұрайды. Өзі де Кенесары-Наурызбай көтерілісі туралы туралы ғылыми зерттеу жазып, 10 жыл Сібірде қамауда отырып келген үй иесі Баймырза түн ішінде есік қаққан қыз бен жігітті кіргізгісі келмей тайсақтаса да, пана сұраған екеуді қуып шығуға дәті жетпейді. Күйеуінің совет өкіметінен жапа шекккенін жақсы білетін әйелі алаңда соққы жеген екі жасты үйге кіргізген күйеуінің ісіне амалсыз көніп, оларды түн ішінде есік қағып келген көршіден де тасалауға тырысады.
Драматург Серік Асылбекұлының пьесасының шарықтау шегі – «компартия, билік үшін ұлтын да сататын, араққа тойып жүрсе де, өзін қарапайым адамдардан бір саты жоғары қойып, интеллигенция өкілімін» деп санайтын тағы бір қонақтың пана іздеп келген екі жасты жазалаушыларға ұстап берген сәті.
Совет кезеңінен бері интеллигенция өкілдерінің Желтоқсан оқиғасы кезінде қалай әрекет еткені әлі күнге дейін түрліше бағаланады. Демонстрацияға қатысқандар мен зерттеушілер алаңға шыққан жастар интеллигенция өкілдеріне арқа сүйегісі келгенімен олардың кейбірі билікті қолдады, кейбірі үнсіз қалды, тек санаулылар ғана советтік кадр саясатына наразылық білдірген жастарды ашық қолдады деп санайды.
Бұл тұжырым – 1986 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан Дінмұхамед Қонаев алынып, орнына ресейлік Геннадий Колбин тағайындалған кезде пайда болған қазақ жастарының наразылығына қатысты түрлі эпизодтың біріне ғана берілетін баға.
Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың кейбірінің айтуынша, «әлі күнге дейін 1986 жылғы саяси наразылық туралы шынайы деректер толық жарияланбаған, оған Қазақстанның қазіргі билігі де мүдделі емес». Азаттық тілшісімен сөйлескен пьеса авторы Серік Асылбекұлы бұл пайыммен ішінара келіседі.
– Жастар алаңға лег-легімен шығып жатқанын көргенде қатты таңырқадым. Өйткені қазақ жастары дәл осылай ұйымдасады деп ойламаған едім. Оларды кім үгіттегенін, қалай ұйымдасқанын қазірге дейін ешкім білмейді. Мәскеуден комиссия келіп бір жыл тексергенде таба алмады. Ақыр соңында ең бірінші плакат алып көшеге шыққандардан – театр және көркем сурет институтының студенттерінен көрді, менің білуімше. Бірақ үлкен саясаткерлердің бірін де атаған жоқ. Шын мәнінде белсенді студенттер ұйымдастырды ма, әлде саяси ұлт азаттық идеяларды қолдайтын ересектер ұйымдастырды ма немесе биліктегілердің бірі ұйымдастырды ма? Мен де білмеймін. Ол кезде ұлттық кемсітушілікке ашынған жастардың өздері де шығуы мүмкін, - дейді ол.
Драматург Серік Асылбекұлы пьесасында болған оқиғаның бір эпизодын ғана барынша шынайы бейнелеуге тырысқанын айтады. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына өзі де қатысқан автордың қазір «Желтоқсан желі» аталып жүрген бұл пьесасы 1996 жылдан бері бірнеше театрда «Бір түнгі оқиға» деген атаумен де қойылған. Серік Асылбекұлы әзірше билік тарапынан қысым немесе цензура көрмегенін айтады.
– Пьесаны қайта жазсам да осылай жазар едім. Тарихи шығарманы жазғанда оқиғаны ойдан шығаруға болмайды, - дейді ол.
«ПЬЕСА ТАБУ ҚИЫН»
Ал «Желтоқсан желі» пьесасын 1996 жылдан бері сахналап келе жатқан режиссер Мұрат Ахмановтың сөзінше, Желтоқсан оқиғасына байланысты сахналайтын пьеса табу қиын.
– Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына да, 20 жылдығына да осы пьесаны қойдық, 30 жылдығына да осыны қоятын шығармыз. Өйткені басқа шығарма жоқ. Тіпті Желтоқсан оқиғасынан кейін құрылған комиссияның қорытынды материалдары бойынша драматургтердің толықтырып пьеса жазуына мүмкіндік бар еді, - дейді ол.
Режиссер пьеса тапшылығын қазіргі жазушылар мен драматургтердің саяси сипаты бар тақырыптардан тартынатынан көреді. Оның сөзінше, Желтоқсан оқиғасын жазуға болмайтыны туралы нұсқау болмаса да, драматургтердің «ішкі цензурасы жібермейді».
– Драматургтер Желтоқсан оқиғасын ұлтшылдық сипаттағы тақырып деп санайтын болуы керек. Мұндай даулы тақырыптан аулақтап, одан гөрі билікке жалпақтап, заман ағымымен жүрген дұрыс деп ойлайды. Артық сөйлемеуге, екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоюға тырысатын советтік партия тәрбиесі солай еді, - дейді ол.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақ жастарының 1986 жылы желтоқсанның 17-19-ы күндері болған, Кремльдің кадр саясатына наразылығына Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен Дінмұхамед Қонаевтың босатылып, орнына Ресейдің (РСФСР) Ульянов облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің тағайындалуы түрткі болған еді.
Жазалаушы жасақ күшімен басылған осы оқиғаға байланысты композитор Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» деп аталатын әні мен режиссер Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильмі танымал туындыларға айналған. 1996 жылы алғаш экранға шыққалы бері түрлі тосқауылдарға ұшыраған «Аллажар» фильмінің авторы Қалдыбай Әбенов «нақты деректерге негізделсе де, Қазақстанның қазіргі билігі фильмді ұнатпағанын» айтқан.