Евгений Жовтисті қолдау шарасының бірі - Варшавада өтті

Польша азаматтық қоғамының белсенділері Қазақстан елшілігі алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Варшава, 15 қыркүйек, 2009 жыл.

Евгений Жовтисті қорғап, қолдау көрсету науқаны жалғасуда. 15 қыркүйекте Варшавада Қазақстан елшілігі алдында Жовтисті қолдау пикеті өткізілді. Оны жергілікті азаматтық белсенділер ұйымдастырды.

Польша астанасынан Азаттық радиосына келіп түскен фотосуреттерге қарағанда, пикетке қатысушылар қолдарына "Жовтис босатылсын", "Қазақстандағы тұтқындаулар тоқтатылсын" деген жазулары бар плакаттарды алып шыққан. Қазақстан оппозициясының белсендісі Балли Мажецтің хабарлауынша, пикетті ұйымдастырушылар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына құқыққорғаушы Евгений Жовтистің бостандыққа шығарылуын талап еткен үндеулер жазылған парақшаларды таратқан. Варшавадағы наразылық акциясына қатысушылардың кейбірі "Жовтиске бостандық" деген жазуы бар футболкалар киіп алған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис 3 қыркүйекте сот үкімімен жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жовтистің қолдаушылары құқыққорғаушының соты әділ өтпеді дейді. Енді Жовтистің адвокаттарының аппеляциялық шағымы қаралады деп күтілуде.

Балли Мажецтің электронды пошта арқылы хабарлауынша, Варшавадағы наразылық шарасына қатысқандар қазақ елшілігінің қызметкеріне Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындауды және демократиялық белсенділердің қудалауын тоқтатуды талап еткен хатты тапсырған.

"Наразылық шарасы күндізгі уақыт бойынша сағат 11-де, яғни жұмыс уақыты барысында өткен болатын, бірақ бұған қарамастан елшілік қызметкері хатты есікті ашпастан-ақ, қабылдап алды", - дейді Мажец.

Польша азаматтық қоғамының белсенділері қазақ елшілігі жанында наразылық акциясын өткізуде. Варшава, 15 қыркүйек, 2009 жыл.



"Соңғы кездері Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қарсы репрессиялар күшейді, бірқатар саяси үдерістер орын алуда, мұнымен қатар, тұтқындалғандардың құқықтары бұзылып жатыр және қинап-азаптау оқиғалары орын алуда. Елде арнайы қызметтер еш бақылау-шектеусіз әректтер етуде", - делінген польшалық белсенділердің талабында.

Қазақстаннан тыс жерде Жовтисті қолдау пикеті алғашқы рет қыркүйектің 14-де Мәскеуде өтті. Ресей астанасындағы бұл шеру де Қазақстан елшілігі алдында ұйымдастырылды.

Сонымен қатар сәрсенбі күні Бішкектегі Қазақстан елшілігі алдында қырғыз құқыққорғаушылары Жовтисті қолдап, пикет өткізбекші. Қыркүйектің 16-ы күнгі шараны "Жемқорлыққа қарсы азаматтар" мен "Кылым Шамы" орталықтары ұйымдастырғалы отыр.

16 қыркүйек, сәрсенбі күні Алматылықтар көп жиналатын Арбат алаңында құқыққорғаушы Андрей Свиридов та Евгений Жовтисті түрмеден босату талабымен шықпақшы. Ол тұп-тура түс әлетінде Арбатқа наразылық акциясына шығатындығы жөнінде Азаттық радиосына хабарлады. Мұндай наразылық акциясын өткен аптада алғашқы болып журналист Виктор Ковтуновский өткізген еді, оған айыппұл жазасын тарттыру жөнінде үкім де шығып қойды.