"КӨБІ БАЙДЕНДІ ТРАМПҚА ҚАРСЫ ДАУЫС БЕРУ ҮШІН ҒАНА ҚОЛДАП ОТЫР"
Джорджия мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері әрі экономист Бауыржан Едігенов америкалықтардың белсенділігін статистикадан-ақ көруге болатынын айтады. Мәселен, биыл 143 млн адам дауыс берген. 2016 жылы бұл көрсеткіш – 136,7 млн болған. Демек, бұл жолы дауыс берушілер саны 6,3 млн адамға өскен.
– Мен Атлантада тұрамын. Бұл жақта ерте дауыс беру мүмкіндігі бар. Сайлау учаскелері үш апта бұрын ашылған, соның өзінде адамдар дауыс беру үшін 8-9 сағаттап күтті. Халық арасында алаңдау мен толқу бары сезіледі. Дауыс беру нәтижесі жарияланғаннан кейін наразылық болуы мүмкін деген қауіптен сайлау күні адамдар азық-түлік сатып алып, кей дүкендер жабылып, әйнектен жасалған терезелерін бекіте бастады. Әзірге бәрі тыныш, бірақ осы аптада сайлау нәтижесі жарияланған кезде қос тарап та наразылыққа шығуы мүмкін. Сондықтан осы күндері даунтаунға (қаланың орталығы) шықпауға тырысып жүрміз, – дейді Бауыржан Едігенов.
Экономист өз болжамын да ортаға салды. Оның пікірінше, Байденнің жеңіске жетуі АҚШ-тың көп мемлекетпен, әсіресе, Иран, Қытай және Ресеймен қарым-қатынасына әсер етеді.
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас Трамптың тұсында да тұрақты болған. Сондықтан Байден жеңіске жетсе, қос тараптың арасында қандай да бір түбегейлі өзгеріс бола қояды деп ойламаймын. Бірақ Байденнің қалпына келтірілетін ресурстарды (ол күннен және желден энергия алу, көмірсутек қолданысын азайтуды ұсынған – ред.) насихаттау саясаты жалғасатын болса, мұнайға деген сұраныс пен баға өзгереді. Ұзақ мерзімде бұл Қазақстанға соққы болып тиеді. Трамп жеңсе, жұмыс визасын қысқарту жалғасады, сәйкесінше, АҚШ-қа табыс табуға келетін қазақстандықтар саны азаяды,– дейді ол.
Your browser doesn’t support HTML5
Едігеновтің пікірінше, америкалықтар бұл сайлауды бірінші кезекте, Трампқа бола маңызды көреді.
– Көбі Байденді Трампқа қарсы дауыс беру үшін ғана қолдап отыр. Қазір Америкада халық либералдар мен консерваторлар болып екіге жарылғаны анық байқалады. Аборт сияқты маңызды мәселелер бойынша пікірлердің көбі дәл осы екі топқа бөлінеді. Сәйкесінше, әр тарап Американы өзі қалаған жолмен жүргізу үшін күресіп жатыр. Мұнда сенат та үлкен рөл атқарады, оның құрамында ары қарай да республикашылар көп болатынға ұқсайды. Сондықтан сенат сайлауын дәл осындай қарқынмен бақылау керек. Сенатта республикашылдар көп болса, Обаманың екінші президенттік мерзіміндегідей, Байден жеңген күннің өзінде көп либералды реформалар қабылданбайды, – дейді Бауыржан Едігенов.
"АДАМДАР КАНДИДАТТАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІН НЕ ЖЕК КӨРЕТІНІН ЖАСЫРМАЙДЫ"
Мичиган мемлекеттік университетінің докторанты Әлия Бижанова АҚШ-қа екі ай бұрын келген. Ол саясатқа еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ел азаматтарының бәрі бірдей араласып жатқанына таңғалғанын жасырмайды.
– Қазақстандықтармен салыстырғанда америкалықтар саяси тұрғыдан өте белсенді және ашық. Мектеп оқушысынан бастап зейнеткерге дейін саяси мәселелерді жақсы біледі, сайлауда кім жеңетінін отбасында талқылайды. Бір отбасы мүшелерінің арасында осыған қатысты көзқарас қайшылығы да болады. Мысалы, ересек адамдар мен жастардың арасындағы дау. Бір жағынан америкалықтар кімге дауыс бергені жөнінде сұраққа келгенде этиканы бұзбауға тырысады. Мұны талқылау мәдениетсіздік саналады. Қоғамда Трамп пен Байденнің жақтастарының арасында үлкен текетірес байқалады. Бұл барлық жерден сезіледі. Адамдар кандидаттарды жақсы көретінін және жек көретінін жасырмай айтады. Ешкім саяси науқанға бей-жай қарамайды, – дейді ол.
Бижанованың айтуынша, америкалықтар 2016 жылғы сайлаумен салыстырғанда, бұл жолы ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр.
– Соңғы жыл Трамп саясатын ашып көрсеткен кезең болды. Көбі үкіметтің коронавирусқа қарсы жүргізген және қазір қолға алып отырған шараларын құптамайды. Коронавиус жұққан науқас саны артып келеді, бұл медициналық жүйеге үлкен салмақ түсіріп отыр. Пандемияның кесірінен көп адам жұмысынан айырылып, экономика қиын жағдайда қалды, - дейді АҚШ-та жүрген қазақстандық.
"САЙЛАУ НӘТИЖЕСІ ЖАРИЯЛАНҒАННАН КЕЙІН ТӘРТІПСІЗДІК БАСТАЛУЫ МҮМКІН"
Нью-Йорк штатында тұратын Жанат Нәметқұлова сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін ел ішінде тәртіпсіздік басталуы мүмкін деп қауіптенеді.
– Бәрінің бейбіт түрде аяқталғанын қалаймын. Мүмкін, қазақы менталитетім жібермей тұрған шығар. Ақ америкалықтардың көбі Трампты қолдайды, олардың басым көпшілігі орталық штаттарда тұрады. Сондықтан көбі Трамптың жеңісін күтіп отыр. Неге екенін білмеймін, бірақ постсоветтік кеңістіктен келген иммигранттар да Трампты қолдайды. Олар АҚШ-қа иммиграцияның тоқтатылғанын қалайды. Билікте республикашылдар мен демократтардың қайсысы болса да, америкалықтар мен иммигранттар үшін бәрі бұрынғы қалпында қалады деп ойлаймын, - дейді ол.
Бұрынғы қазақстандық Екатерина Мартынова "бұл ең шиеленісті әрі күтпеген оқиғаларға толы сайлау" деп бағалайды. Ол АҚШ-та ғана емес, бүкіл әлемдегі көп жағдай президент қызметі кімге бұйыратынына байланысты деп есептейді.
– Әрине, осы себептен Трамп жеңбейтін шығар деп үміттенемін. Мен білетін адамдардың бәрі нәтижені алаңдаушылықпен күтіп отыр. Әдеттегіден көп адам дауыс бергені қуантады, өйткені мұның қаншалықты маңызды екенін білемін. Адамдар Байден жеңсе, тыныштығымыз бұзылады деп уайымдайды. Сайлау алдында көп адам қару сатып алғанын естідім. Трамптың расист, қоршаған ортаға мән бермейтін адам болғанына қарамастан, неге оны сонша адам қолдайтынын түсінбеймін, - дейді ол.
"БИЛІК АУЫСУ ПРОЦЕСІНІҢ ӨЗІ МАҢЫЗДЫ"
– Америка азаматы саналатын кішкентай қызым кеше бірінші рет сайлауға қатысты. Ол почта арқылы дауыс берген, бірақ белгілі бір себепке байланысты хаты жетпей қалған. Қызым салаға жауапты қызметкерлерге хабарласып, өз дауысының есепке алынуын талап ете бастады. Соңында дегеніне жетті. Қазақстанда осындай көріністі көз алдыңызға елестете аласыз ба? – дейді қазір АҚШ-та тұратын қазақстандық бизнесмен Барлық Меңдіғазиев.
Оның айтуынша, америкалықтар саясатқа төрт жылда бір рет ғана назар аударғанымен, бұл науқанға бүкіл ел болып қатысады.
– Мұның бәрі стадиондағы бүкіл ел азаматы қатысқан үлкен ойынды еске салады. Бәрі мерекеге жиналғандай киініп, кей адамдар қаруын шығарып, билікке бірдеңе бола қалса, өз құқығын қорғауға дайын екенін көрсетеді. Бірақ сайлау аяқталған бойда адамдар жұмыс орындарына оралып, кім республикашыл, кім демократ екенін ұмытып кетеді. Күйеуі демократ, әйелі республикашыл отбасылар да кездеседі. Менің ойымша, мұны демократияның жетістігі деп бағалауға болады, – дейді кәсіпкер.
Барлық Меңдіғазиев екі елді салыстырып, Қазақстанның қазіргі билігі кезінде мұндайды жүзеге асыру мүмкін емесін айтады.
– Қазақстандықтар не америкалықтар болсын, барлық адам бір-біріне ұқсайды. Мәселе саяси жүйе мен бұл жүйенің қоғамда қандай құндылықты насихаттайтынында болып отыр. Америкада адамдарда шынымен дауыс беру құқығы бар және олар бір-бірінің таңдауына құрметпен қарайды. Қазақстанда Назарбаевтың режимі отыз жылда демократиялық алаңнан ештеңе қалдырған жоқ. Тек Назарбаев басқаратын партия мен соған бағынышты тағы бірнеше партия ғана бар. Сайлау нәтижесі Қазақстанға қалай әсер ететінін білмеймін, бірақ АҚШ көрсетіп отырған билік ауысымы, саяси бәсеке процесінің өзі басқа елдегі адамдарды қанаттандыратын сияқты, – дейді кәсіпкер.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-тағы сайлау әлемде нені өзгертеді?