Қазанның 6-сы күні Ақорда сайты «9 қазанда Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко кездесіп, сауда-экономикалық байланыстырды, Минск келісімін жүзеге асыру жайын да талқылайды» деп мәлімдеді.
«ІЗДЕГЕНІМ РАС, БІРАҚ ЖАРНАМА БЕРГЕН ЖОҚПЫН»
Іле шала, қазанның 6-сы күні түсте Facebook әлеметтік желісінде: «Достар, бізден көмек сұрап жатыр. Мынандай хабар келді: Жұма күні украинша-қазақша аудармашы керек. Порошенко Астанаға ұшып келеді. Астанаға келу мен тұру шығыны төленеді» деген хабарландыру тарады. Хабарландырудың соңында «Дениз Иванович» деген адамға хабарласу керегі айтылып, оның ұялы телефон номері жазылған.
Азаттық тілшісі осы хабарландыруда айтылған «Дениз Ивановичке» қоңырау соққанда, ол телефон номері Алматыдағы «Просвита-Жетісу» украин мәдени орталығының бұрынғы төрағасы Денис Стадничуктікі екенін білді.
- Дүйсенбі күні (қазанның 5-і – ред.) таңертең өзін «консалтинг компаниясының өкілімін» деп таныстырған Манас есімді адам Астанадан қоңырау соғып, қысқа уақыт ішінде сауатты аудармашы тауып алғысы келетінін, ол жұма күні өтетін халықаралық жиынға қажет екенін айтты. Аудармашы іздегенімді терістемеймін. Бірақ жарнама берген емеспін, – деді Денис Стадничук.
«Әлеуметтік желіде телефон нөмірі мен есімі қайдан жүргенін түсінбеген» Денис Стадничук аудармашы іздеп хабарласқан адамның толық аты-жөнін де, телефон номерін де, мекемесінің атауын да жазып алмағанын айтады.
«ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ ХАБАРЛАНДЫРУ БЕРМЕС ЕДІК»
Азаттық тілшісі Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенконың кездесуіне украина және қазақ тілдерін білетін аудармашы іздеген-іздемегенін білмекке Украинаның Қазақстандағы елшілігіне хабарласты.
Аудармашы қажет болса, әлеуметтік желіге хабарландыру бермей, ресми орындардарға сұрау жіберетін едік.Украина елшілігінің пресс-атташесі Ирина Блащук.
- Аудармашы қажет болса, әлеуметтік желіге хабарландыру бермей, ресми орындардарға сұрау жіберетін едік. Бірақ аудармашы іздеу жұмысы жөнінде хабарым жоқ. Facebook-ке ненің қайдан шыққанын білмейміз. Ондағы парақшамызда мұндай жарнама жоқ, - деп жауап берді Украина елшілігінің пресс-атташесі Ирина Блащук.
Азаттық бұдан соң Украина сыртқы істер министрлігі тарабынан аудармашы жайлы ресми сұрау түскен-түспегенін білу үшін Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласты. Министрліктің баспасөз қызметі «екі ел президенті арасындағы келіссөз бойынша барлық сауалға Қазақстан президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі жауап беретінін» айтты.
Ал Қазақстан президент әкімшілігінің баспасөз қызметінің өкілі «Украина мен Қазақстан президенттері арасындағы келіссөздегі аудармашы мәселесі туралы нақты ештеңе білмейтінін және бұл баспасөз қызметінің жұмысы емес» екенін хабарлады.
«Украина мен Қазақстан президенттері келіссөзінде аудармашы бола ма? Келіссөздер қай тілде өтеді?» деген сауалдарға Украина елшілігі де, Қазақстан президент әкімшілігінің баспасөз қызметі де жауап бере алмайтындарын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко бұған дейін былтыр 22 желтоқсанда Киевте кездескен еді. Екі президент ол кездесуден соң бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз жиынында бір-бірімен орыс тілінде сөйлескен.
Қазақстан мен Украина президенттері биыл да бірнеше рет (15 қаңтарда, 15 ақпанда және 20 маусымда) телефон арқылы сөйлесіп, Шығыс Украинадағы дағдарысты, екіжақты ынтымақтастықты талқылаған.
«Украинаның территориялық тұтастығын қолдап, Донбастағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырып жүрген Астананың ұстанымына разы» екенін бірнеше рет мәлімдеген Киев жуықта Қазақстан сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдаған. Украинаның Қазақстандағы елшілігі атынан жіберілген ол құжатта қазақстандық мектеп оқулықтарында Қырым автономиялық республикасының «Ресей федерациясының субъектісі» ретінде жазылғанына наразылық айтылған.
Украинаның Қазақстандағы сенімді өкілі ол оқулықтардағы ақпарат Украина территориясының тұтастығына қолдау білдіріп отырған халықаралық қауымдастық пен Астананың позициясына қайшы екенін мәлімдеген.
Your browser doesn’t support HTML5