Косовоның оңтүстігіндегі тозып кеткен қалашықтың күңгірт кафесінде көк түтіннің ортасында отырмыз. Әлемдегі ең қатыгез террорлық топ – «Ислам мемлекетінің» (ИМ) құрамына қалай өткенін әңгімелеп отырған қырма сақал 19 жастағы ұзын бойлы жігіттің қолы дір-дір етеді.
Тұтқындалудан қорқып, өзін «Адем» деп қана атауды сұраған ол бұрын Косоводан алысқа ұзап көрмегенін айтты. Алайда осыдан екі жыл бұрын ол ИМ содырларына қосылатындар ғана баратын шалғайдағы қауіпті аймақ - Түркия-Сирия шекарасына барған.
ИМ адамдары оны түрік ауылына алып барған, одан ары Адемді контрабандистер соғыс аймағына әкетуі тиіс болған. Ирак пен Сирия жерінде содырлар құрған «халифатының» іс жүзіндегі астанасына айналған Раққа (Сирия) қаласында екі апталық жаттығудан өткен соң ол соғысқа кіруі керек болған.
Шекарадан соғысқа алып кететін содырлардың келуіне бірер сағат қалғанда Адем райынан қайтып, еліне қарай қашқан.
- Сириядағы жағдайдың ислам дініне еш қатысы жоқ екенін түсіндім, - деген Адем Косовоның құқық қорғаушылары қай кезде келіп, тұтқынға алар екен деп жан-жағына жалтақтап қарай берді. Тырыстырып джинсы киген, мойнына күміс алқа таққан оның басқа жастардан еш айырмасы жоқ.
БАЛҚАНДАҒЫ «ЖИҺАДШЫЛАР»
Үкімет дерегіне қарағанда, «қасиетті соғысқа» қатысамыз деп Косоводан Таяу Шығысқа 300-ге тарта адам аттанған. Яғни, 2008 жылы Сербиядан бөлініп кеткен, 2 миллионға жетпейтін халқының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын бұл шағын ел адам басына шаққандағы терроршылар саны жөнінен Еуропада 1-орында тұр деген сөз.
Ал Качаник қалашығы Балқан «жиһадшыларының» астанасы атануға лайық. Соңғы үш жыл ішінде 30 мың халқы бар қаладан 24 адам Сирия мен Ирактағы «Әл-Қаида» мен ИМ содырлары қатарында соғысуға кеткен.
Адем әуелде Facebook арқылы көрші қалада өтетін имам уағызына шақырту алыпты. Исламға қызыққан жас жігіт бес ай бойы уағызға үзбей қатысып, қолдан тұрғызылған мешітте Құраннан дәріс алып, тіпті шәкірттермен бірге сонда тұрған.
Уағызды Качаниктегі Rinia Islame (албан тілінен аударғанда «Ислам жастары») аталатын қайырымдылық ұйымы ұйымдастырған. Бұл – Исламның экстремистік түрін насихаттайтын, Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы басқа да елдер қаржыландыратын ондаған құпия мекеменің бірі. Бұл ұйымдарды кейбір адамдар шетелдегі экстремистік топтарға адам жинайды деп айыптайды.
Адемның айтуынша, уағызшылар тым қатал талаптар қойған. «Олар қыздармен қол алыспаңдар, кафе-барларға бармаңдар деді» деп еске алады жас жігіт. Құран дәрістері біртіндеп «жиһадтың мәні» мен Ирак пен Сириядағы конфликті туралы уағыздарға ұласқан.
- Біздің үйде дінді қатаң ұстанбайды. Атам екеуміз ғана [діншілміз], - дейді Адем. Ол Качаниктегі шағын пәтерде ата-анасымен және екі қарындасымен тұрады.
Оның радикалданып бара жатқанын байқаған жақындары «намаз оқы, дін ұста, бірақ тым қатты кетпе» деп ескерту жасаған.
Адем уағызын тыңдаған имам Зекирия Қазими мен оның алты сыбайласы 2012-2014 жылдары Сирияда ИМ қатарында соғысып, оның құрамына адам жинағандары үшін мамырдың 20-сы күні 10 жылға сотталды.
- Имам Зекерия Қазими Гниланеден (Gjilan) келген, ол бізге «жиһад» туралы айтты - дейді Адем. Гнилане - Косовоның шығысындағы қала.
YouTube желісінде жариялаған видеосында Қазими «біз үшін ең керемет сусын – кәпірлердің қаны» дейді. Жергілікті БАҚ дерегіне қарағанда, Қазими Косовоның 11 азаматын соғысқа апарған, олардың үшеуі Сирияда қаза тапқан.
«Кетіп қалған соң экстремистер сені қорқытқан жоқ па?» деген сұраққа Адем «Ешқандай қорқыныш болмады» деп жауап берді. Оның бұл сөзінен ИМ содырларының сатқындарды аяусыз өлтіретін қатыгездігі байқалмайды.
Таяу Шығыс елдері қаржыландыратын «қайырымдылық» ұйымдары Качаник сияқты кедей аудандарға енген. Жұмыссыз тұрғындар 40 пайызға жеткен, үкімет назарынан тыс қалған бұл аймақта жас жігіттерді радикал ұйымдардың қатарына қосу қиын емес.
Қайырымдылық ұйымдары әдетте мектептерді, жатақханаларды қаржыландырады, материалдық көмек таратады. Олар арасында қатыгез әрекеттерге де барып тұрады.
Радикалды идеология Качаникте тамырын тереңге жайғанға ұқсайды. Мұнда Ислам фундаменталистеріне тән әдетпен шолақ шалбар киіп, ұзын сақал жіберген еркектерді, хиджаб киген әйелдерді жиі кездестіруге болады.
ЭКСТРЕМИСТЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ ОРЫН
Адемның айтуына қарағанда, арабтар қаржыландыратын «қайырымдылық» ұйымдары кедей әулеттерді, әсіресе жалғызілікті аналарды тауып алады. Олар уағыз тыңдауға келгендерге баспана тауып беріп, ақшалай көмектеседі. Жаңа киім-кешек, аяқкиім алуға жәрдемдеседі. Адем уағызға мектепті бітіріп, жұмыс таппай жүрген кезінде бара бастаған.
- Онда көп кісі келетін, көбінің әлеуметтік жағдайы өте нашар еді, - дейді ол.
Ал Качаник қаласының мэрі Бесим Илази:
- Бұл «қайырымдылық» ұйымдары еш жерде тіркелмейді, радикал адамдармен жұмыс істеді, жандарына кедейлерді көп тартты, - дейді.
Илази қала маңындағы қаңыраған үйлер мен тау бөктерлерінде қалқиып бос қалған зауыттарды нұсқап «Кей кісілер тек экономикалық себептермен ғана олардың қатарына қосылды» дейді.
Качаниктің радикализмнің ошағына айналуының тағы бір себебі – оның Македонияға тым жақын орналасуы. Жарты сағаттық жерде жатқан Македониядағы радикал албандар Косовоға келіп, уағыз айтып тұрады.
АҚШАЛЫ ҰЙЫМДАРДЫҢ АСТЫРТЫН ӘРЕКЕТІ
2014 жылдың соңында Косово басшылығы 14 «қайырымдылық» ұйымын жапты, солардың арасында Адемге діни дәріс берген ұйым да бар. Олар шетелдегі экстремистік ұйымдармен байланыс орнатты деп айыпталған. Ел заңы бойынша шетелдегі соғысқа қатысқандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Косово үкіметінің деректері бойынша, Сирия мен Ирактағы соғыста бұл елден барған 50-ге тарта кісі мерт болған, тағы 120 адам елге қайтып оралған. Жүзге жуық кісі ИМ қатарында соғысқа адам жинағаны не сол соғысқа қатысқаны үшін қамауға алынған немесе тергеліп жатыр.
Қала мэрінің айтуынша, үкімет қысымды күшейткен шақта радикалдар Качаниктен кетіп қалған. Дегенмен, ол кейбір экстремистік топтардың әлі де жекеменшік үйлерде жасырын әрекет етіп жатқанын мойындайды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, радикалдар қазір ормандағы үйшіктерде, шеткерідегі жартастарда жиын өткізіп жүр. Аты-жөндерін айтуға жасқанған тұрғындар «олардың түнде кездесетіндерін, ол кездесулеріне көп ешкім бармайтынын, өйткені содырлардың қарулары бар» екенін баяндады.
«КЕТКЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ»
Адеммен бірге діни сабақ алып, артынша Сириядағы соғысқа аттанған жас жігіттер қайтып оралмапты.
- Біз шағын ауылда тұрдық, бәрін естіп отыратынбыз. Сирияға аттанғандар болды, олардың Качаниктен кетіп бара жатқанын көрдім, - дейді Адем.
Косовода ресми тіркелген мұсылмандар ұйымы – Косово мұсылмандары қауымдастығының жергілікті бөлімшесінің басшысы Флорим Незираж жастардың содырлар тобына қосылуына қарсы күрес жүргізіп баққан. Қара-көк костюм киген, жұқа сақал қойған имам:
- Сирияға кеткендердің көбі өрімдей жас. Олар Качаниктегі үлгілі әулеттерден шыққан. Жаман адамдар еді дей алмайсың. Радикалдану нышандарын да байқамадық. Бірақ олар бір адамдарың арбауына түсіп қалды, - дейді.
Оның айтуынша, бұл жағдайға радикализм мәселесіне назар аудармай келген үкімет кінәлі. «Радикалдар ұзақ уақыт бойы еркін тайраңдап жүрді» дейді ол.
Косово бұрыннан либерал мұсылмандар өмір сүретін, бір көшеде сырахана мен мешіт қатар тұра беретін зайырлы аймақ болатын. 1999 жылы соғыс аяқтала салысымен қаптап кеткен радикал діни топтар мен ақшалы ұйымдар ол ахуалды өзгертіп жатыр.
Незираждың айтуынша, бұл топтардың көбі мектеп пен аурухана салып береміз деген желеумен, «гуманитарлық ұйым» санатында келген. Олардың жастарды адастырушы екені кейіннен білінген.
КАЧАНИКТІҢ N1 ТЕРРОРШЫСЫ
Качаниктегі радикализмнің айқын мысалы – Сирияда соғысқан, қазір ИМ қатарына адам жинап жүрген 25 жастағы Лавдрим Мухаксери. Ол тіпті ИМ көсемдерінің бірі саналады.
Өткен жылы ол Сириядағы бір тұтқынның басын кесіп тұрған суретін Facebook-те жариялап, Косово халқын шошытқан. Тағы бір постында ол сириялық бір жігітті гранатамен жарып жібергенін баяндайды.
Адем Качаниктен шыққан белгілі террорист туралы көп айтқысы келмейді, дегенмен ол мешітке намаз оқуға келгенде Мухаксериді көрген. «Ол кәдімгі адам сияқты» дейді Адем.
Оның айтуынша, Мухаксеридің өмірі Сирияға соғысқа кеткісі келіп жүргендерге сабақ болуы тиіс. Кафеде даяшы болып жұмыс істейтін Адем:
- Жолым болып, бейбіт өмірге оралдым. Адасып, теріс жолға түскендердің тура жолға қайтуы қиын, - дейді.
Фруд Бежанның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.