Қарашаның 25-і күні Бішкектің орталық алаңында #ReАкция атауымен өткен бейбіт шеруге жиналғандар "Райым тұтқындалсын!", "Ұрылардың орны – түрме!", "Реакция. Шынайы реформаларды талап етеміз!" деген және басқа ұрандар көтерді.
Жүздеген адам қолына мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың суреті мен елде заң үстемдігін орнату туралы талап жазылған плакаттар ұстап тұрды. Акция кезінде қатысушылардың микрофон алып сөйлеуіне мүмкіндігі болмады. Наразылар акцияны Қырғызстанның әнұранын айтудан бастады. Осыдан кейін жиын модераторы, азаматтық белсенді Улан Усойун өздері жиналған митингінің белгілі бір саяси күштердің қатысуынсыз ұйымдастырылғанын, қарапайым азаматтар акция арқылы билікке талабын жеткізуге жиналғанын айтты.
"Бұл - ел тағдырына бей-жай қарап отыра алмайтын азаматтардың акциясы. Бұл – саясаткерлердің немесе қандай да бір саяси күштердің митингісі емес. Бұл – болашақты ойлайтындар акциясы!" деді ол.
Жемқорлыққа қарсы акция. Бішкек, 25 қараша 2019 жыл
Акция басталар алдында алаңға келген Қырғызстан ішкі істер министрлігінің өкілдері мен Бірінші мамыр аудандық полиция бөлімшесінің басшысы Акылбек Азакеев қатысушыларға іс-әрекеттері "заңға қайшы" екенін ескертті. Азакеев Бірінші мамыр аудандық соты қарашаның 13-і мен желтоқсанның 1-і аралығында митинг өткізуге тыйым салғанын хабарлады.
Бірақ акцияға қатысушы заңгерлер сот шешімімен таныс екеін, онда қарашаның 13-і күні өтеді деп күтілген шара ғана аталғанын айтты. Басқа қатысушылар Қырғызстан Республикасының Конституциясына сәйкес, азаматтардың еркін пікір білдіру құқығы барын, ешкім заңды немесе басқа азаматтардың құқығын бұзбаса, митингіні тоқтатпайтындарын мәлімдеді. Кейінірек наразылық шарасы барысында заңбұзушылық тіркелмегені белгілі болды.
Алаңға жиналған наразылар арасында жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін Таалайбек Ишенбай уулу да болды. Ол билік елдегі кеден органдарындағы жемқорлықты жоюы керегін айтып, "бюджетке түспей, біреудің қалтасына кетіп жатқан ақша журналистер атаған сомадан да көп болуы мүмкін" деген болжам айтты.
"Бізде жемқорлық етек жайғалы қаншама жыл өтті. Жемқорлыққа белшесінен батқан сала – кеден қызметі. Көзіммен көрген жемқорлықты олар жоққа шығарғысы келеді. Кеден арқылы жүк алып өткен адам ретінде мұның бәрін жақсы білемін" деді ол.
Акцияны ұйымдастырушылар мен бақылаушылар наразылық шарасына 1-2 мың адам қатысты десе, құқық қорғау органдары алаңға 400-ден астам адам жиналғанын айтады.
Бұған қоса наразылық шарасына қатысқандардың көбі акция туралы ақпаратты интернеттен алған жастар екені айтылды. Алаңдағылардың арасында белгілі тележүргізуші Эркин Рыскулбеков, радиожүргізуші Алина Баженова, әнші Салтанат Аширова, блогер Эрулан Кокулов және басқа да танымал тұлғалар жүрді. Халық арасында парламент депутаты Дастан Бекешев, бұрынғы депутат Ширин Айтматова, құқық қорғаушы Рита Карасартова, кәсіпкерлер Жумадил Эгембердиев пен Тілек Токтогазиев және түрлі ұйымдардың өкілдері де болды.
Журналист әрі жазушы Олжобай Шакир митинг туралы ойын былай жеткізді:
"Бойымыз үйренген акциялардан ерекшелігі - бұл жолы саясаткерлер сөйлеп, микрофонмен ұран айтқан жоқ. Наразылық акциясында топты басқарған айқын көшбасшы болмады. Адамдар алаңға өз еркімен жиналды. Бұл - жақсылықтың нышаны. Халық арасында мұндай мәселелерге алаңдаушылықтың болуы – елдің болашағы барын көрсетеді".
Ал бір адамдық пикеттерге шығып танылған белсенді Ондуруш Токтонасыров дүйсенбідегі митингіде қатаң талаптар айтылмағанын, қатысушылар саны аз болғанын сынады.
"Акцияға көңілім толған жоқ. Адам аз болды. Бүкіл Қырғызстан жиналады деп ойлаған едім. Олар жиналып, "Құрметті президент, Райымды таңдайсыз ба, әлде Қырғызстанды ма? Болмаса, кетіңіз!" деген талап қойса дұрыс болар еді" деді ол.
Жогорку Кеңеш депутаты Исхак Масалиев белсенділердің тұтқындау жайлы талапты 1937-1938 жылдары болған қуғын-сүргінмен салыстырды. Ол бұл пікірін Азаттықтың Қырғыз қызметінің "Сарапшылар талдайды" бағдарламасының эфирінде айтты.
Саясаттанушы Руслан Акматбек елде билікке өзге пікір қосатын мықты оппозиция мен саяси күштердің жоқтығынан қарапайым азаматтар көшеге шығып, талаптарын жеткізуге мәжбүр деп есептейді. Ол билік мұндай наразылық шаралары мен онда айтылған талаптарға назар аудармаса, оның соңы әлеуметтік шиеленіске әкеп соғуы мүмкін екенін айтады.
"Акция жоғары мәдени деңгейде өтті. Ешкімнің отставкаға кетуін талап еткен жоқ. Ешкімге тіл тигізбеді. Оппозициясы жоқ, саяси партиялары өз міндетін дұрыс атқармайтын елде мұндай митингілердің болуы – заңды құбылыс" деді ол.
Акция соңында белсенділер наразылық шарасына жиналғандардың қолы қойылған талаптар қарашаның 26-сы күні Жогорку Кеңеш пен президент аппаратына берілетінін айтты. Олар билік аталған талаптарға құлақ аспаса қазіргіден де көп адаммен қайта митинг өткізетіндерін ескертті.
Қарашаның 25-і күні Бішкекте болған баспасөз мәслихатында қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Дамир Сагынбаев жақында қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтетінін, онда жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі талқыланатынын айтты. Ол жемқорлыққа қарсы күрес Қырғызстанда белсенді жүріп жатқанын атап өтіп, шенеуніктерге қолданылатын "Жемқорлық" бабы бойынша қозғалатын істердің мерзіміне қатысты шектеу жоғын еске салды.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің зерттеуіне билік пен қоғам реакциясы
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы зерттеу материалының екінші бөлімін жариялады. Жемқорлық туралы журналистік зерттеуге көмектескен тегі ұйғыр қытай кәсіпкері Айеркен Саймаитиді қарашаның 10-ы күні Стамбулда атып өлтірген. Ол журналистерге заңсыз әрекеттерге мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың отбасының қатысы барын айтқан.
Райымбек Матраимов шетелден Қырғызстанға келіп, өзі туралы сұрақтарға жауап беруге дайын екенін білдірді. Бұл туралы қарашаның 24-і күні оның туған ағасы, Жогорку Кеңеш депутаты Искендер Матраимов Facebook парақшасында жазды. Райымбек Матраимов Азаттық материалында көрсетілген деректердің бұрыстығын дәлелдеуге дайын екенін айтқан.
Қарашаның 22-і күні Қырғызстан прокуратурасы журналистер зерттеуіндегі кей деректі, мысалы, белгісіз адамдардың [Саймаитге] өлтіретінін айтып бірнеше рет қоқан-лоқы жасағаны" жайлы ақпаратты тексеруге кіріскенін хабарлаған.
Сол күні Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Толғанай Стамалиева президент Сооронбай Жээнбековтің журналистер зерттеуінде күмәнді іс-әрекеттерге қатысы болуы мүмкін негізгі тұлғалардың бірі ретінде аты-жөні аталған Хабибула Әбдіқадыр деген адаммен бұрынғы президент "Алмазбек Атамбаев өткізген жалпы жиналыста ғана кездескені", бірақ онымен ешқандай бизнес-жобаға қатыспағаны туралы мәлімдеген.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалы бойынша дайындалды.)