Тартыс тұсында Атамбаев ауруханаға түсті

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевты ауруханаға алып кеткен сәт. Стамбул. 19 қыркүйек. 2016 жыл.

Оппозициялық саясаткермен айтыс-тартысы күшейген кезде Қырғызстан президенті сырқаттанып қалды. Ал елде "парламент тарауы мүмкін" деген пікірлер айтыла бастады.

Нью-Йорктегі БҰҰ-ның сессиясына ұшып шыққан президент Алмазбек Атамбаев дүйсенбі кешкісін Стамбул ауруханасына түсті. Сейсенбіде Қырғызстан президент аппаратының жетекшісі Фарид Ниязов Атамбаевпен телефон арқылы сөйлескенін, оның денсаулығы қалыпты, бірақ, тексерілу үшін қысқа демалыс алғанын хабарлады.

ҮКІМЕТТІҢ ТАРАП КЕТУ МҮМКІН БЕ?

Қырғызстанда соңғы күндері президент Алмазбек Атамбаев пен "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев арасындағы тартыс күшейе түскен. Парламентте басымдыққа ие "Парламенттегі тұрақтылық, сенім және жаңа мүмкіндік" коалициясы бөлініп кетуі мүмкін деп қауіптенетіндер бар. Бұл одақ тарай қалса, оның артынан үкімет те отставкаға кетуі тиіс.

Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (СДПК) жетекшісі Иса Омуркулов парламенттегі басымдыққа ие коалициядан (СДПК, "Қырғызстан", "Онгугуу", "Ата Мекен" фракцияларынан құрылған - ред.) "Ата Мекеннің" шығарылуы мүмкін екенін хабарлады. Омаркулов мұндай пікірді "Ата Мекен" партиясы оппозицияға кеткен соң парламенттік коалиция құрамынан шықпай қалғандықтан айтқан.

Қырғызстан парламенті. Бішкек. 30 маусым, 2014 жыл.

​Қыркүйектің 19-ы күні социал-демократтар конституцияға енетін өзгерістерді талқылады. Оңаша өткен бұл жиында коалициядан шығу мәселесі қосымша қаралатыны айтылған. Бірақ, Омуркулов "күн тәртібінде бұл тақырып қозғалмады" деді. Алайда Азаттықтың Қырғыз қызметіне парламенттегі сенімді ақпарат көзінің хабарлауынша, коалицияның бөлінуі алдағы күннің өзекті мәселесіне айналғалы тұр, парламенттік одақ құрамынан бірінші "Қырғызстан" фракциясы шықпақ.

Парламенттің вице-спикері, "Қырғызстан" фракциясының мүшесі Нурбек Алимбеков бұл мәселені әлі естімегенін, коалициядан фракцияның шығуы мен жаңа одаққа қосылу жайында сөз болмағанын айтады.

- Тұрақтылық керек. Мұндай шешім (коалициядан шығу - ред.) фракция талқысынан кейін шығады. Әзірге бұл мәселе көтерілген жоқ, - деді Алимбеков.

Ал "Ата Мекен" партиясының депутаты Алмамбет Шыкмаматов фракцияларының парламенттегі одақтан шығып қалуы мүмкін екенін айтады.

- Ондай жұмыстың жүріп жатуы әбден мүмкін. Коалициядан өзіміз шықпайтынымызды, шыққысы келгендердің өздері шыға берулерін айттық. Олардың (коалиция құрамындағы өзге үш фракцияны меңзейді - ред.) парламенттегі басымдыққа ие одаққа неге жабысып алғаны, одан не себепті кеткісі келмейтіндері бізге түсініксіз. Бәлкім, коалицияны бүлдіріп, оны кейін қайта құрай алмайтындарына қауіптенетін шығар, - дейді Шыкмаматов.

Жергілікті саясаттанушы Шерадил Бактыгулов парламенттегі коалицияны бөлу "Ата Мекен" партиясына қарсы істелген шара және елдегі саяси жағдайды шиеленістіретін іс деп біледі.

– "Ата Мекенге" бұлай қысым көрсету дұрыс емес. Коалиция құрылған кезде ешқандай фракция билікті қолдауға міндеттеме алған жоқ. Үкіметті жасақтауға құрылған одақты жеке саяси мақсаттарға пайдаланудың қажеті жоқ, - деді Бактыгулов.

Қырғызстан заңы бойынша, парламенттегі басымдыққа ие коалиция тараса, үкімет отставкаға кетуі тиіс. Мамандар мұндай саяси тартыстар онсыз да экономикалық қиын жағдайды одан әрі нашарлатады деп санайды.

ТЕКЕБАЕВТЫҢ АЙЫПТАУЫ

Қырғызстандағы "Ата жұрт" партиясының төрағасы Нурлан Шакиев Азаттықтың Қырғыз қызметіне "Ата мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаевтың президент Алмазбек Атамбаевқа қатысты пікірлерін тексеру үшін тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылып, "ауыр айыптауларға қажетті баға берілуі керек" дейді.

- Омурбек Текебаев - тәжірибелі, белгілі саясаткер. Одан бөлек, парламенттік фракцияның жетекшісі, басымдыққа ие коалицияның мүшесі. Ол мемлекет басшысына айып тағып сөйледі. Оның ішінде Азиз Батукаев (қырғызстандық қылмыс әлемінің ірі өкілі - ред.) ісі де бар. Бұл мәліметтерді тексеру қажет, - дейді Шакиев.

Қырғызстандағы"Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев. 1 қазан. 2015 жыл.

Текебаев өткен аптада Бішкектегі баспасөз мәслихатында қылмыс әлеміндегі аса беделді Азиз Батукаевтың түрмеден Алмазбек Атамбаевтың бұйрығымен босатылғанын айтқан. Одан бөлек, Жалал-Абад облысындағы этникалық қақтығысты ұйымдастырды деп сепаратизм бойынша айыпталған өзбек диаспорасының белсендісі, қазір шет елде жүрген Кадыржан Батыровпен Алмазбек Атамбаев 2010 жылдары жергілікті кадр мәселесін ақылдасып шешті деген мәлімдеме жасаған. Мұның алдында Текебаев президент Атамбаевты "заңсыз алған жер теліміне үй салып жатыр" деп те айыптап шыққан.

Текебаев елдің Бас прокуратурасын сепаратизм ісімен айыпталған Кадыржан Батыровтың шетелге қашып кету ісін тексеруге шақырған. Осы мәлімдемеден соң президент Атамбаев Текебаев айтқан деректерді тексеру үшін Бас прокуратураға "Батыровтың қашуына көмектескендерді табу" туралы тапсырма берді.

Ал президент аппаратының жетекшісі Фарид Ниязов Атамбаев "үй салып жатқан жерін 2015 жылы заңды түрде сатып алғанын" айтып, Текебаевтың "заңсыз жер" мәлімдемесін терістеген.

Президент Атамбаев пен парламенттегі "Ата жұрт" фракциясының жетекшісі Текебаевтың қарым-қатынасы тамыздың 31-інен бері нашарлай түскен. Қырғызстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында Алмазбек Атамбаев бұрынғы уақытша үкіметтің кейбір мүшелерін "өтірікші", "бәлеқор", "көреалмаушы" деп сипаттаған.

Жергілікті сарапшылар, президенттің бұлайша сөйлеуіне 2010 жылғы уақытша үкіметтің құрамында болған кейбір саясаткерлердің Атамбаевтың конституцияны өзгертіп, үкіметтің құзырын кеңейтуге қатысты бастамасына қарсы шыққаны себеп болды деп ойлайды.