Бішкек қаласының оңтүстігінде, астана орталығынан 15-20 шақырым жердегі Қой-Таш ауылында "президент үй салдырып жатыр" деген ақпаратты естіген Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшілері сол елдімекенге барған. Қой-Таш ауылына апаратын жол тегістеліп жөнделіп, жиектегі шөптер қырқылған. Атамбаев туып-өскен Арашан ауылы да осы ауылмен іргелес екен.
Жергілікті жұрт президенттікі делінген, құрылысы қызу жүріп жатқан үйге бірден жол сілтеген. Тілші ауыл шетіндегі биік дуалмен қоршалған ақ түсті ғимаратты қоршаған әскери киімді күзетшілер мен сыртқы бақылау бейнекамераларының көптігін жазады. Журналисті құрылыс аумағына күзетшілер кіргізбеген.
Өзін Кубан таныстырған ауыл тұрғыны бұл ғимарат жөнінде:
- Құрылыс басталғалы үш айдай болды. Қыркүйекте ашылады деп жатыр. Атамбаевтың үйі екенін, соның салдырып жатқанын елдің бәрі біледі. Тоқтамай жұмыс істеп жатыр. 16-17 қыркүйекте бітеді деген, - депті.
Ауылдың өзге тұрғындары да мемлекет басшысымен көрші боламыз деп қуанып жүргендерін айтады. Ажыбек есімді тағы бір тұрғын жолдардың түзеліп, қоқыстан тазарып жатқанына ризалығын білдіреді.
- Қоқысты тазалап, шөптерді шауып жақсы болды. Бір "ЗИЛ" көлігі жұмысшылармен бірге көше-көшені үнемі тазартып тұрады, - дейді ол.
Қырғызстан президенті апаратының ақпараттық саясат бөлімі өкілдері Алмазбек Атамбаевтың үй салғызып жатқаны туралы ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ.
- Менде бұл бойынша толық мәлімет жоқ екен. Дегенмен, бір жағдайды айта кетейін: Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев былтырғы толтырған декларациясында көп шығынды ашық көрсеткенін білесіздер, бәлкім оның себептерінің бірі осыған байланысты болар. Адал еңбекпен тапқан қаражатын кім қалай жұмсаса да, өзі шешеді емес пе? - деді президент аппараты ақпараттық саясат қызметінің жетекшісі Алмаз Үсенов.
Президенттің үй салғызып жатқаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Қоғамдық белсенді Жыпар Жекшеев үй салудан саясат іздегендерді сынайды:
- Президенттіктен кетем деп күн санап отыр. Қызметтен кеткен соң тұратын жер керек болады ғой. Бұл жерде ешқандай мәселе көрген жоқпын. Әйтеуір себепті-себепсіз сынап қалуды көздегендердің ісі деп ойлаймын, - дейді белсенді.
Ал тағы бір қоғамдық белсенді Алмаз Акматалиев ел алдында жүрген адамдардың ісі қоғамды қызықтыруы заңдылық деп есептейді:
- Әр адамның үй салуға қақысы бар. Бірақ ел алдында жүрген адамдардың барлық әрекеті жұртқа қызықты болып тұрады. Оның үйі бар ма, әйелі кім, кіммен құда-жегжат деп, білгісі кеп тұрады. Үй салып жатыр екен, оны қандай ақшаға салады, жемқорлық жоқ па деген мәселелер де елді қызықтырады. Бірақ мен үшін бұл сұрақтар мүлдем қызық емес, - дейді ол.
Былтыр қырғыз президенті өткізген декларацияға сәйкес, 2015 жылдағы Атамбаевтың табысы 1 298 448 сом (19 мың АҚШ доллары шамасы - ред.) болған, ал шығыны 34 миллион сом шамасында. Сонымен қоса, президенттің меншігінде 2,7 гектар жер, ол жерде 116,34 шаршы метрлік құрылыс нысаны бар. Бұдан бөлек, президент 6,4 гектар өсімдік өсірілген жер алқабы бар жауапкершілігі шектеулі компанияның иесі.
Ал Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев өз билігі тұсында кітапхана болады деп үлкен ғимарат салдырып, сонда үй ретінде тұрған болатын. 2005 жылғы оқиғалардан соң ол ғимарат сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал 2010 жылы екінші президент Құрманбек Бакиев пен оның жақындарына тиесілі 47 ғимарат мемлекет меншігіне өткізілген еді.
Қырғызстанның Орталық Азиядағы көршілері – Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қазақстан президенттерінің жекеменшік үйлері мен табыс декларациялары туралы ақпарат жоқтың қасы.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалын қазақшалаған - Қасым Аманжолұлы.