57 жастағы Жипариза Ажималиева қазір Анкараның "Нумуне" ауруханасында жансақтау бөлімінде жатыр. 2018 жылы қыркүйектің 6-сы күні ол көшеде келе жатып, есінен танып қалады. Қасында болған Рысгүл Аширапқұлова Жипаризаға алғашқы көмек көрсеткен.
- Жипариза әпке бұрыннан демікпе сырқатына шалдыққан. Сол күні ол Қырғызстанға ақша салам деп кеңседен шықты. Көшеде есінен танып қалды. Оған су бермек болдық, бірақ есін жинамады. Сөмкесінен ингалятор тауып шаштық. Бірақ одан да көмек болмады. Жедел жәрдем шақырдық. Қасымыздан өтіп бара жатқан түрік қыз көмекке келді. Жүрегі тоқтап қалыпты деп жүрек-өкпе реанимациясын жасады. Ол медбике болып жұмыс істейді екен. Сәлден соң жедел жәрдем келіп, әпкені алып кетті, - дейді ол.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісіне "Нумуне" ауруханасынан Жипаризаның қазіргі жағдайы туралы мәлімет беруден бас тартып, "емделушінің туыстарына ғана ақпарат береміз" деп жауап берген.
Қырғызстаннан Анкараға Жипаризаның қызы мен сіңлісі ұшып келді. Елдің Түркиядағы елшілігінің өкілдері олармен байланысып, тиісті хат жазып, оларды емханаға кіргізуге көмектесіпті.
- Оның қызы мен сіңлісі елшілікте болды. Оған дейін өкілдеріміз ауруханаға барып, дәрігерлерден науқастың хал-жағдайын біліп қайтты. Дәрігерлер нақты ештеңе айта алмаған. Жағдайы ауыр екенін растаған. Емханада жатқан бір күні үшін 400 доллар сұраған. Мен ресми хат жазып, төлемақыны тым құрығанда екі есе азайтуды сұрадым, - дейді Қырғызстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Ибрагим Жунусов.
Жипариза Ажималиеваның туыстары әлеуметтік желі арқылы оның еміне көмектесуді сұрап, ақша жинап жатыр. Жипариза Ажималиева мемлекеттік емханада жатыр. Бірақ ресми визасы болмағандықтан, медициналық мекемеде емделу құнын толық төлеуге тиіс.
Түркия заңы бойынша, шетелдік еңбек мигранттары жұмыс визасы болса және тиісті төлемдердің бәрін жасаса ғана медициналық қызметке жеңілдік алады. 2017 жылы ондай виза алуға небәрі екі мың Қырғызстан азаматы өтініш берген.
Қырғызстандықтар көбіне бір жылдық туристік виза алып, жұмыс істей береді. Мұндай виза түріне берілетін сақтандыру жарнасы аз болғандықтан, мемлекеттік емханалар осы санаттағы азаматтарды емдеуге жеңілдік жасамайды.
Анталья қаласындағы "Қырғыз айымдар" (Қырғыз әйелдері - ред.) бірлестігінің жетекшісі Перизат Асаналиева отандастарының денсаулығы туралы ойлану керектігін айтады.
- Соңғы жылдары қырғыз әйелдері арасында бүйрегі ауыратын, гинекологиялық сырқаты барлар көбейіп кетті. Әрине, олар мына жаққа еріккеннен келген жоқ. Тапқан табыстарын отанына жібереді. Үнемдеу үшін өз денсаулығына мән бермейді. Науқасы жанына батқан кезде ғана дәрігерге барады. Жақында сондай жағдай болды. 31 жастағы қырғыз әйел созылмалы сырқаттан көз жұмды. Бөтен елде сау адамның өзіне оңай емес, ал сырқат жанға тіпті қиын, - дейді ол.
Түркияда мемлекеттік емханаларда ем қабылдау тегін. Бірақ ол үшін мемлекеттік Әлеуметтік қорында шотыңыз болуы керек және оған тұрақты түрде ақша аударып отыру қажет. Жұмыс визасын рәсімдеген шетелдік еңбек мигранттары ғана қорда шот аша алады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеудегі қырғыз әйелдерінің тағдырыМедицина ғылымдарының докторы, Антальяда жеке емханасы бар гинеколог Айла Учкуй мигрант әйелдерге қатысты былай дейді:
- Әйел адам әркез денсаулығына мән беруге тиіс. Қасында жақындары болмаса, ол міндетті өзі арқалайды. Түркияда мемлекеттік емханалар тек жұмыс күндері қабылдайды. Мигранттардың көбі ол күні бара алмайды. Ал мен демалыс күндері жұмыс істеуге тырысамын. Әрине, менің емханам жеке болғандықтан ақылы, емделушілердің бәрі бірдей келе бермейді. Бірақ Түркияға жұмыс істеуге келген әйелдердің созылмалы сырқаты болса, осы жақтағы дәрігерлерге қаралғаны дұрыс. Бұл жақта медицина жақсы дамыған, дәрілер де сапалы, - дейді дәрігер.
Түркия миграция департаментінің дерегі бойынша, Қырғызстаннан келген еңбек мигранттарының көбі Стамбул, Анкара, Измир және Анталья сияқты қалаларда жұмыс істейді.