Өзбекстанның Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге баратын азаматтарының ішінен ең білімділерін іріктемек болған жоғары лауазымды шенеунік қызметінен кетті.
Өзбекстанның сыртқы миграция агенттігінің директоры Улугбек Назаров сәуірдің 18-і қызметінен босатылды. Сөйтіп, оның Оңтүстік Кореямен арадағы екіжақты келісімге сәйкес сол елге барғысы келетін өзбек азаматтарының жалпы білімін тексеру туралы бастамасы да аяқсыз қалды.
Мигранттар тапсыруы тиіс әлгі тестті ондаған мың өзбекстандық «мағынасыз әрі түсініксіз», «Оңтүстік Кореядағы жұмыс пен тұрмысқа еш қатысы жоқ» деп сынаған.
Жартылай үкіметтік Gazeta.Uz сайтының жазуынша, тест сұрақтарының арасында 13-ғасырда өмір сүрген моңғол императоры туралы «Моңғолияның Құбылай ханы Қытайды басып алған соң қандай династия құрды?» деген де сауал бар.
Тесттің енді бір жерінде «Ахмад қашан қайтыс болды?» деп сұрайды. Бірақ Ахмадтың кім екені туралы ештеңе айтылмайды.
«Түркістан жотасындағы қылқан жапырақты ормандар қандай биіктікте орналасқан?» деген де сауал қойылған. 11-ғасырда өмір сүрген парсы ақыны әрі философы туралы «Насыр Хусрау жеті жылға созылған сапары кезінде қанша қашықтықты жүріп өтті?» деген де сұрақ бар.
Биыл Өзбекстаннан Оңтүстік Корея үш мың жұмысшы сұраған. Осыған барудан үміт еткен Өзбекстан азаматтары осы тестті және корея тілінен емтихан тапсыруға міндетті болған.
Тест сауалдары жұмыссыздық өршіп тұрған, жұрттың көбі сыртқа кетіп нәпақа іздеуге мәжбүр болып отырған Өзбекстандағы әлеуметтік желілерде наразылық туғызды. Оңтүстік Кореядағы жұмыстарға 90 мыңға жуық адам өтініш берген, яғни бір орынға 30 адам таласады.
Сыртқы миграция агенттігінің Facebook парақшасына Temur Tohirov есімді қолданушы осыған байланысты «Ақылға қонымсыз сұрақтар, бұларды бірдеңе істеу керек» деп жазды.
Самарқандық қолданушы Nigisha Nigi «Мынау не бассыздық?... «2012 жылы Африка халқы қанша болды?», «Африкада ағаштың қанша түрі бар?». Бұл тестке Африканың, басқа елдердегі саясаттың қандай қатысы бар? Біз профессор болайын деп емес, қарапайым мигрант ретінде барғалы жатырмыз ғой» деп жазды.
Әлеуметтік желі қолданушылары миграция агенттігінің вебсайтынан өтініш формасын жүктеу де қиын екенін айтып шағымданды. Өтініш берушілердің көптігінен вебсайт дұрыс ашылмай қалса керек. Директор қызметтен кеткен күні сыртқы миграция агенттігі тестті жақтап мәлімдеме жасады, олардың айтуынша, «сынақ өткізудегі мақсат – Өзбекстаннан сыртқа ең үздік кандидаттарды жіберу».
Сыртқы миграция агенттігінің өкілдері сәуірдің 18-і күні «Оңтүстік Кореяға не басқа елдерге жұмыс істеуге баратын өзбек азаматы біздің ұлттың өкіліне, еліміздің айнасына айналады. Шетелдіктер Өзбекстанды және өзбектерді олардың біліміне, талантына, тәрбиесі мен моральдық қасиеттеріне, жалпы біліміне қарап бағалайды» деген уәж келтірді.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, «тест сұрақтары Өзбекстандағы орта мектептердің 7- және 9-сынып оқулықтарынан алынған».
Тестті жақтап сөйлегеніне қарамастан, сыртқы миграция агенттігі Facebook-тегі парақшасы арқылы «көпшіліктің түсініспеушілігін және наразылығын туғызған» тіркеу процесі кезіндегі «техникалық ақауларға» байланысты тест нәтижелерінің жоққа шығарылатынын хабарлады. Агенттік жетілген тіркеу процесін іске қосып, Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істегісі келетіндерге арнап жаңа тест сұрақтарын әзірлейтінін хабарлады.
Өзбекстанның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, 2007 жылдан бері 27 мың өзбек азаматы Оңтүстік Кореяда жұмысқа тұрған. Ташкент пен Сеул жұмысшыларға арнайы квота бөлу туралы келісімге 2006 жылы қол қойған.
Өзбекстанның 17 мың азаматы қазір Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Олардың көбі зауыт-фабрикаларда еңбек етеді. Алайда, Оңтүстік Кореяда жүрген өзбектер саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі олардың біршамасы алты жылдық еңбек шарты аяқталған соң елге оралмай, сонда қалып қойып жатыр.
Марқұм болған президент Ислам Каримовтің тұсында Өзбекстан мен Оңтүстік Корея тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқан. 2015 жылғы президент сайлауында жеңіске жете салысымен Каримов шетелге алғашқы сапарын Сеулден бастаған.
Сол сапар кезінде сауда, инвестиция, экономика және басқа салалардағы ынтымақтастық бойынша жалпы құны 7,7 миллиард доллар болатын 60 шақты құжатқа қол қойылған.
Оңтүстік Корея – Өзбекстанның негізгі инвесторларының бірі. Олар сауда, коммуникация, табиғи газ және күн энергиясы, фармацевтика, тау-кен, электрондық заттар шығару салаларына инвестиция салған.
Өзбекстандағы табиғи газ игеру жобаларындағы Оңтүстік Кореяның үлесі 12 миллиард долларға дейін жетеді. Ташкент энергия көздерін диверсификациялауды көздеп отырғандықтан, Сеул Өзбекстанның алғашқы күн электр станциясын салуға 300 миллион доллар инвестиция салуды ұйғарды. Алғашқы станция 2030 жылы салынуы тиіс.
Өзбекстан үшін Оңтүстік Корея – Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші импортер. Жалпы импорттың 12 пайызы осы елге тиесілі. Өзбектер кәрістерден көбіне автокөлік және оның қосалқы бөлшектерін сатып алады.
Өзбекстандық мигрант жұмысшылардың ең көп баратын елі – Ресей. Бірақ бұл ел қаржы дағдарысынан жапа шеккендіктен, Ташкент мигранттарды жіберетін басқа елдерді іздей бастаған. Мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, үкімет «еңбек мигранттары мәселесін» Түркия, Чехия, Оман және тағы басқа елдердің үкіметтерімен де талқылап жатыр.
Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.