Бұған кандидаттардың жақтастарының қолын жинау парақтарын заңда белгіленген мерзімде өткізе алмауы себеп болған, сондықтан кандидаттар саны 24-ке дейін қысқарды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, негізгі тартыс үш-төрт кандидаттың арасында болады.
Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 20 кандидатты тіркеуден бас тарту шешімін тамыздың 26-сы күні қабылдаған. ОСК дерегінше 20 адамның 15-і өздерін қолдайтын адамдардың қолын жинаған парақтарын конституцияда белгіленген мерзімде өткізе алмаған. Ақыры Советбек Абыкулов, Аскарбек Абышев, Турат Акимов, Турсунбай Бакир уулу, Омурбек Болтуруков, Максатбек Жумабеков, Замира Муратбекова, Назарбек Нышанов, Темиркул Омуралиев, Токтобубу Таласбаева, Дамира Токтосунова, Мукар Чолпонбаев, Санжарбек Энназаров, Бакыт Керимбеков, Марат Мергенов сайлау науқанынан шығып қалды.
Бұдан бөлек, Руслан Жунусов, Игорь Трофимов, Калмамат Мактымбаев, Мирлан Шерикул уулу, Полотбек Кенжекулов қырғыз тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат пен жақтастарының қолын жинаған парақтарын өткізбегені үшін тіркелмеген.
Жақтастарының қолын жинаған парақтарды өткізіп үлгермеген Тұрат Акимов бұған дауыстарды сатып алу мен "қитұрқы" тәсілдердің кесірі тиді деп санайды.
- Ешқашан жарытып ештеңе істемеген үкімет жаңасын беру үшін жұрттың төлқұжаттарын жинап алды, бірақ жаңа төлқұжаттарды уақытында бермей, әлі ұстап отыр. Екіншіден, ОСК өкілдері сайлау алаңына шықпай, ештеңені қадағаламай кабинеттерінде жайбарақат отыр. Кей адамдар Бабанов, Сариевті қолдап қол қойдық деп, қол қоймай қойды. Үміткерлердің бәрін қолдап қол қоюға болатынын жұрттың бәріне неге түсіндірмейді. "Бізге ақша төлеңдер, бәрі төледі" дегендер де болды. Ең қиыны – әлгі парақты әр адам өзі толтыруы тиіс. Ал егер отбасында алты адам болса, біреуі жаза алмайды, ал екіншісінің көзі көрмейді. Егер бүкіл отбасы мүшелері үшін бір адам толтырса, ондай парақ жарамсыз деп танылады. Осындай технологияларды пайдаланып жатыр, - дейді ол.
Акимов сайлау таза, әділ өту үшін президент, үкімет, президент аппараты отставкаға кетіп, сайлау науқанын парламент бақылауы тиіс деп санайды.
Ертеректе бес үміткер - Мукар Чолпонбаев, Марат Иманкулов, Алмазбек Каримов, Сагынбек Абдрахманов және Замира Муратбекова сайлау әділ өтпейді деп мәлімдеп, сайлауға түсуден бас тартып, өтініштерін қайтарып алған.
Қазанның 15-інде болатын президент сайлауына түсу үшін ОСК-ға 59 азамат өтініш берген. Қазір 24 үміткер қалды.
ОСК мүшесі Гүлнара Журабаева бюллетеньге қанша кандидаттың есімі жазылатынын айтуға әзірше ерте деп санайды.
- Сайлауға қанша адам түсетінін 35 күн қалғанда айта аламыз. Ал оған дейін қол қою парақтарын тексереміз, қалғаны содан кейін анықталады, - дейді ол.
ОСК төрағасының орынбасары Абдыжапар Бекматов әділ сайлау өткізу үшін құқықтық база жеткілікті дейді.
- Адам факторын азайту үшін тиісті шаралар қолданып жатырмыз. Ертеректе, комиссиялар партиялар мен жергілікті билік өкілдерінен құралған кезде біреулер бұра тартқан жағдайлар болған. Президент сайлауына түсуге тіркеліп, кейін бас тартатындар үнемі болатын. 2011 жылы 87 кандидат болған, ал бюллетеньге 16-сы ғана ілікті, сайлауға 14-і ғана түсті. Сондықтан бұл - қалыпты құбылыс, - дейді ол.
Қазір ОСК қол қойылған парақтарды тексерумен айналысып жатыр. Сарапшылар негізгі тартыс үш-төрт кандидаттың арасында болады деп санайды.
Саясаттанушы Сейтек Качкынбаевтың айтуынша, негізгі тартыс екінші турда қызып, кандидаттар бірігуі мүмкін. Оның пікірінше, ұйымдар тәуелсіз сауалнама немесе зерттеу жүргізгені жөн болар еді.
- Кандидаттың сенімді өкілдері, заңгерлері мен кеңесшілері үш-төрт айдың ішінде дайын болуы тиіс. Бір жағынан, ОСК-сын жазғыра беру де дұрыс емес шығар. Негізгі талас үш-төрт кандидаттың арасында болады. Меніңше, үшінші және төртінші орын алғандар екінші турда біріге бастайды. Қазір зерттеу жүргізетін тәуелсіз ұйым табылмай тұр. Саясаткерлердің рейтингі сол кезде анықталар еді. Ал қазір әр сайт өз сауалнамасын жүргізіп жатыр, - дейді ол.
Ертеректе Темир Сариев, Омурбек Бабанов, Сооронбай Жээнбеков және Бакыт Торобаев ресми түрде кандидат болып тіркелген. Орталық сайлау комиссиясы "қол жинау процедурасы кандидаттың сайлау қоры есебінен жүргізілмеді" деген уәжбен "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев жинаған қолдарды жарамсыз деп таныған.
Канымгул Элкееваның мақаласы орыс тілінен аударылды.