Халықаралық комиссияның есебі бойынша былтырғы маусым айында тұтанған этникааралық қақтығыс кезіндегі зорлық-зомбылыққа қырғыз үкіметі күштерінің қатысы болуы ықтимал.
Егер сотта дәлелденсе, өткен жылы Қырғызстанның оңтүстігінде болған этникалық зорлық-зомбылық барысында жергілікті өзбектерге жасалған кейбір шабуылдар «адамзатқа қарсы қылмыспен» теңелуі мүмкін. Халықаралық тәуелсіз комиссияның баяндамасында осындай тұжырымдар бар.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы парламенттік ассамблеясының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі және халықаралық Қырғызстандағы оқиғаларды тексеру комиссиясының төрағасы Киммо Килюнен сейсенбі күні Бішкекте баспасөз мәслихатын өткізіп, маусым айындағы оқиғалардан кейінгі сот тыңдаулары диспропорциялық түрде этникалық өзбектерге қарсы бағытталды деп атап көрсетті.
Қаза болғандардың 74 пайызы өзбектер болса да, қанды оқиғалардан кейінгі сот процестерінің 80 пайызы өзбектерге үкім шығарды.
«Қырғызстанда маусым айындағы қақтығыстарда қаза болғандардың 74 пайызы өзбектер болса да, қанды оқиғалардан кейінгі сот процестерінің 80 пайызы өзбектерге үкім шығарды. Сондықтан бұл жерде дисбаланс бар. Өкінішке орай, билік орындарының абақтыларында қинап-азаптау әрекеттерінің болғандығына да дәлел бар. Бұл өте, өте маңызды мәселе», - деді Килюнен.
Комиссияның мәліметінше, жарияланған баяндама 750 куәгермен өткізілген сұхбаттар, 700 құжат пен мыңдаған фото және бейнетаспаны талдау негізінде жасалған.
Тәуелсіз халықаралық комиссия 2010 жылдың маусым айында Ош пен Жалалабадта 470-ке жуық адамның өмірін қиған қақтығыстарды зерттеген болатын. Финляндиялық саясаткер Киммо Килюнен жетекшілік жасаған Қырғызстандағы оқиғаларды тексеру комиссиясының баяндамасы мамырдың 3-де жарияланды. Оған сәйкес, маусым айындағы зорлық-зомбылықтар соғыс қылмыстары немесе геноцид емес. «Жалалабадтағы қақтығыстарда адамзатқа қарсы қылмыс деп сипатталатындай әрекеттер табылмады, бірақ Ош қаласында өзбектерге жасалған кей шабуылдар, егер сотта дәлелденсе, адамзатқа қарсы қылмыс деп бағалануы мүмкін» деп жазылған баяндамада.
Қақтығыстар барысында 470-ке жуық адам қаза тауып, 410 мыңнан астам адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Тәуелсіз комиссияның баяндамасына қарағанда, Қырғызстанның оңтүстігіндегі зорлық-зомбылықтар барысында қаза тапқан 470-ке жуық адамның басым бөлігі этникалық өзбектер болған. Қақтығыстар барысында 410 мыңнан астам адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
«Сонымен қатар диспропорциялық түрде негізінен өзбектердің мүліктері зақымданған», - делінген баяндамада. Онда аймақтағы қырғыздардың да айтарлықтай зардап шеккендігі айтылады.
Бұған қоса, халықаралық тексеру комиссиясы үкімет күштерін зорлық-зомбылықтың алдын ала алмады деп сынаған. Қырғыз әскерилеріне «шабуылдаушыларға өз қаруларын берді» деген де айып тағылды.
«Көптеген жағдайда шабуылдаушылар қаруды әскерилер мен полициядан алған. Үкімет күштері бұған қарсы болмаған. Әскери көліктер де берілген», - делінеді баяндамада.
Көптеген жағдайда шабуылдаушылар қаруды әскерилер мен полициядан алған. Үкімет күштері бұған қарсы болмаған. Әскери көліктер де берілген.
«Бұдан бөлек, армияның кей мүшелерінің өзбек махаллаларына жасалған кей шабуылдарға қатысы болған», - деп жазылған баяндамада.
Сонымен қатар халықаралық тексеру комиссиясы қауіпсіздік күштерінің өзбек махаллаларында жүргізген операцияларын сынады. Баяндамаға қарағанда, операциялар барысында бірқатар адам заңсыз түрде тұтқындалған.
Ал Қырғызстан үкіметі аталмыш баяндаманы «біржақты» деп жоққа шығарды. Үкіметтің мәлімдеуінше, баяндамада этникалық өзбектер «қорғансыз құрбандар» ретінде әділетсіз көрсетілген.
Қырғыз үкіметі былтыр шілде айында 7 мүшеден құрылған халықаралық комиссияның елдегі этникалық зорлық-зомбылықтарды зерттеуіне рұқсат берген болатын.
Қырғызстанның оңтүстігіндегі қақтығыстар бұрынғы президент Құрманбек Бакиев биліктен кетірілген соң екі айдан кейін басталып, бірнеше айға созылған еді.
Қаңтар айында зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты жеке тексеру қорытындысын жариялаған Қырғызстанның ұлттық комиссиясы жергілікті өзбек басшылары мен Бакиевтің туыстарын айыпты етіп шығарған болатын. Сонымен қатар ұлттық комиссия уақытша үкіметті толқулардың алдын ала алмады деп те сынаған еді.