Қадыржан Батыров - Қырғызстанда азшылық боп отырған өзбек қауымының өте ықпалды және танымал мүшелерінің бірі. Елдің оңтүстігіндегі ұлтаралық қақтығысты ұйымдастырды деп айыпталған Батыров өткен аптада Швециядан бой көрсетті.
Қадыржан Батыровтың айтуынша, Швеция оған саяси баспана берген. Азаттық радиосының тілішісіне берген сұқбатында ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, елдің жаңа президенті Алмазбек Атамбаевты қырғыз елін барлық аз ұлттар үшін қауіпсіз ел етіп қайта құруға үндеді.
БАТЫРОВТЫ АЙЫПТАУ
Танымал бизнесмен және заңгер ретінде Қадыржан Батыров бір кездері Қырғызстандағы өзбек қауымының саяси жетекшісі ретінде ықпал жасау мен билік жүргізудің біраз рақатын көрген.
Сонымен қатар Батыров жайында «Қырғызстандағы ең бай екінші адам», «Отан» саяси партиясының жетекшісі, Жалал-Абад қаласындағы Халықтар достығы университетінің де негізін қалаушы деген секілді алып-қашпа әңгіме көп айтылады.
Оңтүстіктегі былтырғы қырғын басталардан бірнеше апта бұрын дәл осы университетте Батыров мыңдаған этникалық өзбекті «қырғыздардан көріп отырған зәбірге қарсы шығуға» шақырған.
Ұлтаралық қақтығыста 500-ге жуық адам (негізінен өзбек) қаза тапты.
Көп уақыт өтпей жатып Батыров елін тастап қашып кеткен соң ресми билік оны «сепаратистік уағыз жүргізді, ұлтаралық алауыздық туғызды, Жалал-Абад пен Ош қалаларында өзбек пен қырғыз этникалық топтарының арасына от жағып, жасанды қырғын ұйымдастырды» деп, сыртынан қылмыстық іс қозғады.
Жалал-Абад соты қазанның 28-інде Батыровты айыпты деп тауып, оны өмір бойы түрмеге қамау жазасына кесті.
«ЕШҚАНДАЙ КІНӘМ ЖОҚ»
Алайда Батыров қазір Швецияда жүр. Оның айтуынша, бір жылға жуық Украинаны паналаған соң Швеция мемлекеті оған саяси баспана берген.
Азаттық радиосының тілшісімен сөйлескенде 56 жастағы бизнесменнің айтқаны - қарашаның 4-інде Киевтегі билік өкілдері өзін Қырғызстанға қайтару жөнінде құжаттарды дайындап жатқанын біліп қалған соң Украинаны шұғыл түрде тастап шыққан.
Батыров өзіне тағылған айыптарды қайта-қайта жоққа шығарумен болды.
- Менің бар істегенім - елдегі саяси жағдай өте шиеленісіп кетті, елден қуылған президент Бакиевтің жақтастары аймақтағы жағдайды толқыту үшін бір нәрсе ұйымдастыруы мүмкін деп ел-жұртты сақтандырдым. Мен ешкімді де көшеге шығып, бассыздық жасаңдар немесе тағы басқа бір нәрселерді қиратыңдар деп үгіттеген жоқпын. Бірақ бар бәле басталған соң қырғыз әскері, шекарашылар, күзет қызметкерлері түгелдей қылмыстық топтарға қосылып алды да, өзбектерді қудалай бастады. Бұл жерде менің ешқандай да кінәм жоқ. Неге осы фактілерді енді ешкімнің елегісі келмейді? - дейді Қадыржан Батыров.
МАУСЫМНЫҢ САЛҚЫНЫ
2010 жылдың маусымында болған қанды қырғынның қылмыскерлеріне қатысты Қырғызстанда әлі талай келіспейтін істер бар. Қырғызстанның халықаралық тексеру комитетінің биылғы баяндамасында ұлтаралық қақтығыс кезінде өзбектер зорлық-зомбылыққа көбірек душар болғаны, бірақ өзбектер тарапынан да қырғыздарға қарсы жүйелі түрде шабуылдар жасалғаны жазылған.
Бұл сараптамада оңтүстіктегі шапшаң шиленісіп бара жатқан ахуалды дер кезінде бақыламағаны үшін және қақтығысты тоқтату үшін өзбек
Осы қақтығысты арнайы зерттеген қырғыз үкіметінің мемлекеттік комиссиясының мамандары ертеректе бүкіл кінәнің бәрін «сыртқы күштерге», жекелеп тұрып Батыровқа, тағы басқа жергілікті өзбек жетекшілеріне аудара салған болатын. Сондықтан олар халықаралық зерттеу қорытындысын теріске шығарды. Бірақ Батыров жаңа сайланған президент Алмазбек Атамбаев өзінің билігін пайдаланып, елдегі тұрақтылықты қалпына келтіріп, аз ұлттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп үміттенетінін айтты.
- Бұл - өте маңызды мәселе, Қырғызстандағы өзбектерге ғана қатысты емес, ұлт ретінде қырғыз халқы үшін де өте маңызды. Бәрінен де ең маңыздысы - заң нормаларын қалпына келтіру. Кімде-кім сайлауда жеңіске жетсе, (Атамбаев қана емес, мейлі ол кім болса да) қырғыз билігінің Оштағы ұлтаралық қақтығысқа қатысты халықаралық комиссияның қорытындысына қатысты көзқарастарын өзгертуден бастауы тиіс. Бұндай қадам Қырғызстанның көпұлтты қоғамы үшін құтты болар еді. Себебі, бұл әрекет елде мықты заңның бар екендігін және әрбір жеке адамның құқықтарының қорғалатынын білдірер еді, - деді ол.
Жалал-Абад соты Батыров пен бес айыпталушыға қатысты үкімді жариялаумен қатар олардың жекеменшік үй-мүліктерін мемлекеттік қазынаға тәркілеп алуға бұйрық шығарды.
САЯСИ БАСПАНА
Азаттық радиосына Батыров өзінің Қырғызстандағы қаржылық қорлары туралы таратып айтудан қашқақтады. Дегенмен біраз бизнестері әлі де Қырғызстанда жұмыс жасап тұр.
Батыров өзінің «ақтығын» дәлелдеп бақты. Оның айтуынша, 30 қазандағы президент сайлауына дейін болған бұл сот пен оның қатал үкіміне саяси себептер әсер еткен. Екінші айыпкер Ином Абдурасулов та өмір-бақи түрмеге қамау жазасына кесілген. Басқаларына жеңілірек жаза кескенімен, түрмеде өтейтін жылдары - бәрібір тым көп.
«Ғасыр алауы» адам құқықтарын қорғау ұйымын басқаратын Азиза Абдарасулова «соттың бұл ісіне көптеген заңсыз лас әрекеттер араласып кетті, сондықтан үкімді қайта қаратамыз» дейді. Адам құқықтарын қорғайтын топтар Қырғызстанның оңтүстік өңіріндегі соттардың 2010 жылдың маусымындағы қантөгіске қатысты негізінен өзбектерді соттағанын қайта-қайта сынға алды.
Оңтүстікте болған қанды қырғыннан соңғы бір жылда көптеген өзбектер Еуропадан саяси баспана сұраған болатын. Алайда олардың біразының ғана өтініші қанағаттандырылған. Батыров өзінің саяси баспана сұраған өтінішіне Швецияның күтпеген жерден жылдам жауап бергенін мойындай отырып, Украинадағы БҰҰ қызметкерлері және өзіне жаны ашыған швед шенеуніктері көмектескенін айтты.
- Швецияға енді ғана келдім. Барлық қажетті құжаттарды жылдам қолға түсіруімнің себебі - халықаралық комиссияның Ошқа қатысты қорытындыларын пайдаландым. Біз ол қорытындыларды ешкім есепке алмайды деген пікірге байланып қалғанбыз. Оштағы оқиғадан кейін басына қиындық түскен кез-келген адам қазіргідей саяси өліара шақта жәрдемге өте мұқтаж. Зерттеу қорытындысына көз жеткізу үшін кез-келген халықаралық ұйымдармен және қызметкерлермен көзбе-көз кездесе аламын. Сондықтан бұл қорытындылардың есепке алынуы үшін және саяси баспанаға мұқтаж боп отырған басқа да азаматтар мен сияқты мәселелерін шешуі үшін қолымнан келгеннің бәрін жасай аламын, - дейді Қадыржан Батыров.