Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев отбасына тиесілі мүлікке қатысты апелляциялық соттың шешімін британдық Law360 онлайн-ресурсы хабарлады.
Онлайн-ресурстың жазуынша, апелляциялық соттың судьясы Сью Карр қылмыспен күрес жөніндегі агенттіктің бірінші инстанцияда шыққан [Лондон жоғарғы соты шығарған] "шешімді өзгертуге шынайы перспективасы жоқ" деп тапқан. Бұған дейін Лондон жоғарғы соты бұл үйлер заңсыз ақшаға сатып алынды деген күдікке қажетті дәрежеде айғақтар табылмағанын айтқан еді.
Карр төменгі инстанциядағы судья Беверли Лэнгтің "істің байыбына жеткенін" айтып, жауапкердің дәлелдері бұл істің негізсіз екенін көрсетеді деп тұжырым жасаған Лэнг байламымен келіскен.
Лондон жоғарғы соты сәуір айында активтерге қойылған бұғаттың күшін жойып, агенттік үйлерді сатып алу жайына "объективті түрде баға бермеді" деп қорытынды жасаған еді. Лэнг үйлердің иесі офшор компаниялары мен Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, Нұрәлі Әлиевтің әкесі Рахат Әлиев арасында "қандай да бір байланыстың жоғын" атап өткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар "құпияны сақтауды" сұрап, "елді қорлағандарды" жазғырдыАқпарат бойынша, 17 маусымда шықты делінген сот шешімі сенбі күні де Ұлыбританияның азаматтық істер жөніндегі апелляциялық соттың сайтында жарияланбады.
Азаттық редакциясына британдық Tancredi фирмасынан электронды хат келді. Фирма жіберген құжат сот шешіміне ұқсайды. Хатқа сонымен бірге "доктор Дариға Назарбаева және Нұрәлі Әлиев мырзаның" атынан жазылған екі мәлімдеме тіркелген. Бұған қоса, Mishcon de Reya заңгерлік компаниясының заңгері Джоанна Уолштың да айтқандары бар. Ол Назарбаева мен Әлиевтің сотта мүддесін қорғағанға ұқсайды.
Хат мазмұнына сәйкес, апелляциялық сот шешімінен хабардар Назарбаева мен Әлиевтің "төбесі көкке жеткен". Олар қылмыспен күрес жөніндегі агенттіктің шешімді апелляцияға беруін "сәтсіз талпыныс" деп атап, "уақытты құр босқа шығындау" және агенттіктің "жауапсыз әрекетінің жалғасы" деп атап өткен. Олар осылайша өздерінің "толық ақталғанын" айтқан.
ОФШОРҒА РӘСІМДЕЛГЕН ҮЙЛЕР. СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ?
Қымбат мүліктерге байланысты Лондон жоғарғы сотындағы процесс халықаралық ақпарат құралдарының Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (елді 30 жылға жуық басқарып, былтыр отставкаға кеткеннен кейін де саяси ықпалын сақтап қалған) отбасы мүшелеріне назарын аудартты.
Бірінші инстанциядағы сот шешімінен кейін Дариға Назарбаева парламент сенаты спикері қызметінен айрылып қалды. Қазақстан Конституциясына сәйкес, бұл қызметте отырған адам мемлекет басшысы міндетін атқара алмай қалған жағдайда президент болады. Назарбаеваның депутаттық өкілетін тоқтату туралы жарлыққа 2 мамырда Назарбаев билікке отырғызған Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Оның қызметтен кетуіне байланысты билік түсініктеме берген жоқ. Кейбір сарапшылар мұны күтпеген шешім деп атады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дариға Назарбаеваның орнынан кетуінің астары неде?Парламенттен кеткеніне шамамен бір жарым ай болған Дариға Назарбаева әзірге ешқандай мемлекеттік қызметке тағайындалған жоқ. Осы уақыт ішінде ол бір рет қана көпшілік алдына шықты. Маусым айының басында Назарбаева Қазақстан жастары конгресінің отырысына қатысты. Ол бұл конгреске 2016 жылдан бері жетекшілік етеді.
Былтыр мамырда Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Лондондағы байлар тұратын аудандағы үш қымбат үйді бұғаттау туралы ордер шығарған. Үшеуі де офшор компаниясына тіркелген. Бұл үйлердің Назарбаева мен Әлиевке тиесілі екені журналистік зерттеу нәтижесінде анықталған. Кейінірек Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы және немересінің аты-жөні сот кезінде айтылды.
Агенттік “бұл үйлерді Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі және Нұрәли Әлиевтің әкесі Рахат Әлиев қылмыс жолымен тапқан ақшаға алған” деп күдіктенген. Лондонның жоғарғы соты “ұлттық агенттік күдіктерін дәлелдей алмады” деген ұйғарымға келіп, 8 сәуірде активтерге қойылған бұғаттың күшін жойған.
Сол кезде Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігінің басшысы Грэм Биггар Лондон сотының шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін айтқан. Ол “бұл шешім прецедентке айналып, алдағы істерге негіз болып кете ме” деп қауіптенген.
“Біз бұл істе жеңіске жеткеніміз маңызды. Заңсыз деп санайтын капиталдарды тергеу кезінде біз қолымыздағы барлық заңнаманы қолданамыз деп мәлімдеме жасап келеміз” деген еді.
Лондон сотында мына үш қымбат үйге қойылған ордерлер қаралған:
- Лондонның солтүстігіндегі Хайгейт гольф-клубының маңындағы зәулім үй
- Челсидегі екі апартамент
- Лондондағы Хэмпстэд ауданындағы Бишопс даңғылындағы (“миллиардерлер көшесі” деп те аталады) зәулім үй.