Accessibility links

Лондон соты Назарбаева мен Әлиевтің қымбат үйлеріне қойылған ордердің күшін жойды


Дариға Назарбаева (оң жақта) және ұлы Нұрәли Әлиев.
Дариға Назарбаева (оң жақта) және ұлы Нұрәли Әлиев.

Лондонның Жоғарғы соты 8 сәуірде “шығу төркіні белгісіз байлыққа алынған үш жылжымайтын мүлікті” бұғаттау ордерінің күшін жойды. Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Лондондағы екі зәулім үй мен қымбат пәтерді бұғаттау туралы ордер шығарған. Құжат жүзінде бұл үйлер офшор компанияларына жазылған. Ал іс жүзінде бұл офшор компаниялары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваға және жиені Нұрәли Әлиевке тиесілі.

Лондон Жоғарғы сотының “шығу төркіні белгісіз байлыққа алынған” үш үйге қойылған үш ордердің күшін жойған шешімі 8 сәуірде шықты. Былтыр мамырда Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Лондондағы байлар тұратын аудандағы үш қымбат үйді бұғаттау туралы ордер шығарған. Агенттік “бұл үйлерді Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі және Нұрәли Әлиевтің әкесі Рахат Әлиев қылмыс жолымен тапқан ақшаға алған” деп күдіктенген.

Дариға Назарбаева – Қазақстанның бұрынғы экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы. Ол – қазір Сенат спикері ретінде билік тармағындағы екінші тұлға. Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев былтыр наурызда президенттік өкілетін доғарған. Бірақ Қауіпсіздік кеңесінің басшысы және “Нұр Отан” партиясының лидері ретінде биліктің жартысын уысында ұстап отыр.

Рахат Әлиев – Назарбаеваның бұрынғы күйеуі және Қазақстанның Австриядағы экс-елшісі. 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде бір кісілік камерада қамауда отырған Рахат Әлиев өлі табылған. Әлиев Австрия түрмесінде екі қазақстандықты өлтірді деген айыппен сотын күтіп жатқан еді. Нұрәли Әлиев – Назарбаева мен Әлиевтің үлкен ұлы. Мемлекеттік қызметтерде істеген. 2016 жылы шешесі екеуінің есімі “Панама архивтері” офшор құжаттарында аталған.

Ал Лондон сотында мына үш қымбат үйге қойылған ордерлер қаралды:

  • Лондонның солтүстігіндегі Хайгейт гольф-клубының маңындағы зәулім үй
  • Челсидегі екі апартамент
  • Лондондағы Хэмпстэд ауданындағы Бишопс даңғылындағы (“миллиардерлер көшесі” деп те аталады) зәулім үй. Сотта бұл үйде қазір Нұрәли Әлиев тұрып жатқаны айтылды.

Британия ақпарат құралдары бұған дейін Бишопс даңғылындағы зәулім үйде 10 бөлме, кинотеатр, бассейн барын жазған. Басылымдардың дерегінше, Челсидегі екі қымбат пәтердің құны бірнеше миллион доллар тұрады.

Бұл үйлердің жалпы құны – 80 млн фунт стерлинг немесе 104 млн доллар. Қағаз жүзінде бұл үйлер офшор компанияларына тиесілі.

Ұлыбритания құқық қорғау органдары бұл үйлердің негізгі иесі Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиев, Панамада тіркелген фирмалардың құрушысы Рахат Әлиев деп мәлімдеп, үйлер “қылмыстық істерге қатысы бар адамның қаржысына” алынғанын айтқан.

Былтыр мамырдан бері екі үй мен пәтерге арест қойылған. Назарбаева мен Нұрәли Әлиев заң бұзғандарын жоққа шығарған. Олар үйді сатып алған ақшаны заңды жолмен тапқанын дәлелдей алатынын айтқан.

ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ?

Сотта судья Джастис Ланг “ұлттық агенттік күдіктерін дәлелдей алмады” деген ұйғарымға келген 8 сәуірде ордердің және активтерге қойылған бұғаттың күшін жойған сот “тергеу Рахат Әлиевтің үйді алуға қатысы барын дәлелдей алмады. Бұл үйлерді экономикалық тұрғыда тәуелсіз Дариға Назарбаева сатып алған” деп мәлімеді.

Бұған дейінгі сотта Назарбаеваның адвокаттары “Ол – өзі ақша табуға мүмкіндігі жететін тұлға” деп айтқан еді. Reuters агенттігінің жазуынша, Назарбаеваның өкілдері сот шешімінен соң Қазақстан сенатының спикері “толық ақталды” деген.

Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.

Нұрәли Әлиев те сот шешімінен кейін мәлімдеме жасап, “Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі үйлерді қате деректерге сүйеніп бұғаттады. Осы қате деректерге сүйеніп, босқа тергеу жүргізді” деді. Ол тағылған айыпты “өзін, отбасын және елін қорлау” деп атаған.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігінің басшысы Грэм Биггара Лондон сотының шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ол “бұл шешім прецедентке айналып, алдағы істерге негіз болып кете ме” деп қауіптенеді.

“Біз бұл істе жеңіске жеткеніміз маңызды. Заңсыз деп санайтын капиталдарды тергеу кезінде біз қолымыздағы барлық заңнаманы қолданамыз деп мәлімдеме жасап келеміз” деді ол.

“ШЫҒУ ТӨРКІНІ БЕЛГІСІЗ БАЙЛЫҚ”

Назарбаева мен Әлиевтің үйлеріне қозғалған іс – Англияда “шығу төркіні белгісіз байлыққа” қойылған екінші ордер. Бұған дейін Әзербайжан банкирі Джахангир Гаджиевтің (елінде мемлекеттік банктер ақша жымқырды деп 15 жылға сотталған) әйелі Замира Гаджиеваның үйлеріне де арест қойылған. Өткен айда апелляциялық сот Гаджиеваның арызын қанағаттандырмаған. Егер Жоғарғы сот та Гаджиев шағымын қолдамаса, ол үйдің заңды ақшаға алынғанын дәлелдеуі тиіс. Дәлелдей алмаса, үй тәркіленеді.

“МакМафияға қарсы заңдар” деп аталатын бұл ордер – Ұлыбританиядағы лас жолмен табылған капиталдардың жолын кесу үшін 2018 жылы қаңтарда қабылданған заң.

Құқық қорғау органдары бұл ордерді кез келген активтің шын иесін анықтауға қолдана алады. Бұл ордер бойынша кінәсіздік презумпциясының күші жүрмейді, сондықтан үй иесі мүлікті заңды ақшаға сатып алғанын дәлелдеуге міндетті. Меншік иесінің дәлелі сенімсіз болса, онда оның мүлкі тәркіленуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG