Құлыбаевтың вилласы, Қазақстандағы клептократия және Ресейді "қауып алған" Қытай

Саннингхилл-парк, Бакхерст-роуд, Аскот, (SL5 7RQ), Беркшир аймағы, Англия.

Басылымдар Құлыбаевтың Англиядағы үйі және "Қазақстандағы байлықты бақылап отырған" азғантай топ туралы әңгіме қозғады. Бұған қоса, басылымдар Қытайдың Қазақстанда ядролық отын зауытын салу жоспарына, Қазақстан үкіметі "құтқарған" банктің өз акционерлеріне дивиденд төлей бастағанына тоқталды.

"ҚҰЛЫБАЕВ ЖАҢА ҮЙІНЕ КӨШЕ МЕ, ОНЫ САТА МА ӘЛДЕ ЖАЛҒА БЕРЕ МЕ, ОЛ ЖАҒЫ БЕЛГІСІЗ"

Британ басылымдары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Ұлыбритания ханзадасы Эндрюдан 14 жыл бұрын сатып алған Саннингхилл парк вилласына тағы назар аударды. Үйдің жаңа қожайыны 2016 жылы вилланы сүріп тастап, орнына жаңа зәулім сарай сала бастаған. Британ басылымдарының жазуынша, жаңа үйдің құрылысы бес жыл дегенде бітіпті.

Англияның Беркшир аймағына қарасты Аскот қалашығы маңындағы 12 жатын бөлмесі бар вилланы 1986 жылы Ұлыбритания патшайымы Елизавета ұлы Эндрю мен Сара Фергюсон шаңырақ көтергенде үйлену тойына сыйлаған. Ханзада бұл үйде отбасымен 1996 жылға дейін тұрған. Ерлі-зайыптылар ажырасқаннан біраз өткен соң, 2002 жылы патшайым сыйлығы сатуға қойылған. Сара Фергюсон вилла сатылғанға дейін екі қызымен сонда тұрған.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлармен суретке түсіп тұр. Артында тұрған - "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының сол кездегі басқарма төрағасы, Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев. Астана, 18 мамыр, 2011 жыл.

Британ басылымдары бес жыл бойы өтпей тұрған үйді кейін Тимур Құлыбаевқа тиесілі оффшор компанияның сұраған бағасынан 3 миллион фунтқа қымбатқа сатып алғанына тағы назар аударады. Times үйдің өз бағасынан қымбатқа сатылуы "көпшілікті таңқалдырғанын" айта келе, осы оқиғадан біраз өткен соң "Йорк герцогының Құлыбаевтың іскерлік келісімдеріне араағайын болғаны анықталғанына" назар аударады. "Назарбаевпен бірге қаз атуға шыққанды жақсы көретін Эндрю мұнда ешқандай заңсыздық жоқ деді" деп жазады британ газеті.

"Үйдің бес жыл сатылымда тұрғанын және оны Tesco супермаркетімен салыстырып, келемеждеп жүргенін ескерсек, бұл – таңқалдырарлық сома" деп жазады Tatler журналы.

Басылымның жазуынша, "шатырын мекен еткен жарқанаттар басқа жерден пана тапқан соң", 2016 жылы үй сүріле бастайды.

"Бай қазақ сатып алған үй толығымен қайта салынып шықты, онда бірнеше монша, қоршалған бақша және басқа қажеттің бәрі бар.

Қала сыртындағы заманауи үйдің көрінісін беру үшін" бас ғимарат кірпіштен тұрғызылып, сырты таспен көмкерілген".

Бұған қоса, мұнда "ойын-сауыққа арналған екі қабатты терраса, күнге қыздырынатын алаңқай, субұрқақ, балалар ойын алаңы және қоршалған бақша бар. Қосымша ғимараттардың арасында теннис алаңы, төрт автокөлік сиятын гараж, есік алдындағы күзетші үйі және қызметшілер үйі бар" деп жазады Times.

Британ басылымының дерегі бойынша, үйдің дизайнын Лондондағы ВВС телеарнасының ғимаратын салуға қатысқан HOK архитектуралық компаниясы жасаған.

Ғимараттың бірінші қабатында жаттығу залы, мұз бөлме мен сауна, кітапхана және қонақтардың жатын бөлмесі бар.

"Құлыбаев жаңа үйіне көше ме, оны сата ма, әлде жалға бере ме, ол жағы белгісіз" деп жазады Times.

Американың Forbes журналы биыл сәуірде Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динараның (Назарбаевтың ортаншы қызы) жиынтық байлығы 5,6 миллиард доллар (әрқайсысында 2,8 миллиард доллардан) деп бағалаған. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар өз меншігіндегі "Алмэкс" компаниясы арқылы елдегі ең ірі коммерциялық банк – Халық банкке иелік етеді.

54 жастағы Тимур Құлыбаев – KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының жетекшісі, ресейлік "Газпром" компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін, Қазақстан бокс федерациясын басқарады.

Былтыр желтоқсанда британдық Financial Times басылымы Құлыбаев Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазған. Жақында Қазақстанның бас прокуратурасы бұл мақаладағы ақпаратты ресми тексеріп, Назарбаев күйеу баласының жұмысынан "заң бұзу фактісі анықталмағанын" хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаймақ қарпыған" Құлыбаев жайлы мақала: Нұр-Сұлтан "бәрі заңды" дейді, АҚШ "ұрлықты" айтады

"БАР-ЖОҒЫ 162 АДАМ ҚАЗАҚСТАН БАЙЛЫҒЫНЫҢ ЖАРТЫСЫНА ИЕ БОЛЫП ОТЫР"

Eurasianet "Сарапшы көзқарасы" подкастында Орталық Азиядағы "ұрлық жолымен ел басқару" және онымен күрестегі АҚШ пен Ұлыбританияның жемқорлыққа қарсы заңдары жөнінде әңгіме қозғайды. Колумбия университеті Гарриман институтының сарапшысы Маша Уденсива-Бреннер клептократияны зерттеп жүрген Томас Мэйнмен Қазақстандағы және басқа елдердегі билік басындағы жемқорларды сөз етіп, ондағы клептократияның ерекшеліктеріне тоқталады.

Қазақстандағы жемқорлықты зерттеп жүрген ғалым Томас Мэйн.

Мэйн клептократияның (билікті қолдану арқылы баю және саяси ықпалын арттыру) ең озық үлгісі ретінде Қазақстанды атайды. Оның себебі – Қазақстанда бір қарағанда тәртіп бар сияқты, халықтың жағдайы да көрші елдермен салыстырғанда біршама тәуір көрінеді, бірақ, "егжей-тегжейіне бажайлап қарасаңыз, байлық пен билікті кімнің бақылап отырғанына зер салсаңыз, олардың аз ғана топ екеніне көз жеткізесіз. Бар-жоғы 162 адам Қазақстан байлығының жартысына ие болып отыр, әрі бұл адамдардың барлығы әйтеуір бір жағынан бір-бірімен жақын. Яғни, саяси тұлғалардың бұл жымдасқан қауымы бәсекелестерінің елдегі табыстың қандай да бір негізгі бағыттарын бақылауына жол бермейді" дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұнайға өте бай Қазақстан "ақшаның бір бөлігін ес жиып келе жатқан орта тапқа беру арқылы ақылды әрекет жасады, себебі бұл мәселен 15-16 жылда үш революцияны бастан кешірген Қырғызстандағы сияқты халқтың көтерілуіне жол бермеді".

Оның айтуынша, Түркіменстан сияқты елдермен салыстырғанда қуғын-сүргін аз болғанымен, Қазақстан бәрібір "нағыз клептократия үлгісі" саналады. "Себебі халық өз басшысын өзгерте алмайды. Жүйе ресурстарды бақылауға негізделген, сондықтан ешқандай саяси плюрализмге жол бермейді".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар, Шерлок Холмс үйі және "корольге сыйлық"

Бұған қоса Томас Мэйн Ұлыбритания қылмыспен күрес агенттігінің шығу төркіні белгісіз байлық ордері (UWO – Unexplained Wealth Order) аясында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы – Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевке тиесілі деген Англиядағы қымбат үйлерді бұғаттау ісіне де тоқталады. Былтыр көктемде Лондондағы сот процесінде Назарбаеваның адвокаттары Англияның қымбат аудандарындағы зәулім үйлер мен Лондондағы пәтердің "адал ақшаға сатып алынғанын" дәлелдеп шыққан. Мэйннің айтуынша, Ұлыбританиядағы соттар бұл ордердің мәні – "клептократиядағы құқық қорғау жүйесіне деген сенімсіздіктен" туындағанын түсінбей отырған сыңайлы, себебі осындай істердің бірінде судья "Қазақстан мұны дұрыс деп отырса, онда дұрыс шығар" деген пікір айтқан.

"Бірақ саяси тұрғыда құрығы ұзын адамдар өте қымбат адвокаттарды жалдап, бұл талапты айналып өте алмауы үшін жағдайды міндетті түрде өзгерту керек" дейді сарапшы.

Ол жиған ақшасын Британиядағы жылжымайтын мүлікке салатын клептократ басшыларды тексеруді көздейтін бұл заңның күшіне сенеді.

Оның айтуынша, бұл заң Ұлыбритания құқық қорғау ұйымдарының "бұрын қойылмаған сұрақтарды қойып, бұрын көрсетілмеген ақпаратты алуына мүмкіндік береді".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Клептопия". Британ журналисінің кітабындағы Назарбаевтар, Әблязов және олигархтар

ҚАЗАҚСТАНМЕН КЕЛІСКЕН ҚЫТАЙ АҚШ-ТЫ АЛАҢДАТЫП, РЕСЕЙДІ "ҚАУЫП АЛДЫ"

АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы дипломатиялық тартыс Қазақстанның сыртқы қарым-қатынасын шиелентістіруі мүмкін. Қытайдың Қазақстанмен ядролық отын бойынша келісімі Diplomat басылымын осындай ойға жетелейді. Мақала авторының айтуынша, Қытайдың Қазақстанмен келісімі Вашингтонды да, Мәскеуді де бей-жай қалдырмайды.

Басылым дерегі бойынша, Қытай әлемдегі ең ірі уран өндіруші – Қазақстанның ұлттық атом энергетика компаниясы "Қазатомөнеркәсіппен" ядролық отын бойынша келісімді сәуір айында аяқтаған. Қытайдың мемлекеттік General Nuclear Power Group (CGNPC) компаниясы мен "Қазатомөнеркәсіп" Үлбі ядролық отын зауытын салатын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде уағдаласқан. Қытай 435 млн доллар инвестиция салу арқылы зауыттың 49 пайызына иелік етпек, оның үстіне CGNPC жылына зауыт өнімінің 49 пайызын сатып алып отыруға кепілдік береді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Пекин, Қытай. 11 қыркүйек, 2019 жыл.

"Қытайдың қарулы күштерімен қатысы болғандықтан, бұрын CGNPC-ге АҚШ санкция салғанын ескерсек, Вашингтон Қазақстанмен арадағы бұл келісімге алаңдаушылық білдіріп жатса, оған таңқалуға болмайды. АҚШ біраздан бері Қытай мемлекеттік корпорацияларының бүкіл әлемдегі стратегиялық ресурстарды сатып алып жатқанына үреймен қарап келеді" деп жазады сарапшы Грегори Ксантос. Мамандар әсіресе Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылым жобасы аясында инвестиция салу жолымен стратегиялық шикізат тауар саласында шешуші позицияларды алып жатқанына алаңдайды. Мұның алдында Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) әлемдегі екінші уран кеніші – Намибиядағы Россинганы сатып алған. "Қытай үкіметі шетелдегі активтерді сатып алу арқылы өз меншігіндегі стратегиялық ресурстар тасымалының тізбегін құрып алды" деп жазады сарапшы.

Оның айтуынша, Қытай мен Қазақстан арасындағы бұл келісім Ресей билігін де қобалжытары анық. "Ядролық отын өндіретін жаңа зауыт ашқан "Қазатомөнеркәсіп" ядролық материалдардың әлемдік нарығында Ресеймен бәсекеге түседі. Қытай Қазақстан экономикасының стратегиялық секторларындағы үстем позициясынан Ресейді біртіндеп тістеп шығарды, бұл мәміле оның ең ірі қабуы болса керек" деп қорытады Diplomat авторы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдың несие беру шартының құпиясы

"САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕР ЕСЕБІНЕН" ҚҰТҚАРЫЛҒАН БАНКТІҢ "ЖОМАРТТЫҒЫ"

Соңғы жылдары үкіметтен өте көп қаржылай көмек алған қазақстандық банк акционерлеріне 430 млн долларды дивиденд ретінде төлеген, бұл дивидендтің бір бөлігі "құтқарудан" бұрын түседі деген табыстан берілген. Сарапшылар "салық төлеушілер есебінен" құтқарылған банктің бұл "жомарттығына" таңырқап отыр. Бұл жөнінде Bloomberg агенттігі хабарлады.

Әңгіме Jýsan Bank туралы болып отыр. "Реттеуші органдардың құжаттарына сәйкес, [Қазақстанның] өмір-бақилық басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құрған қор сатып алған бұл банк 2020 жылы [акционерлеріне] төлем жасай бастаған".

"Цеснабанк" бөлімшесінің сыртқы көрінісі. Астана, 12 қыркүйек, 2018 жыл.

Әуелде "Цеснабанк" деп аталған Jýsan Bank-ті 2019 жылы ақпанда First Heartland Securities компаниясы иеленген. Бұл мекеме Pioneer Capital Invest компаниясына тиесілі First Heartland компаниялар тобының бір бөлігі саналады. Pioneer Capital Invest-ке "Назарбаев университеті" (16,06 пайыз), "Назарбаев зияткерлік мектептері" (9,46 пайыз) және Назарбаев қоры (74,48 пайыз) иелік етеді.

Назарбаева қоры 2009 жылы "Назарбаев университеті" мен "Назарбаев зияткерлік мектептеріне" қаржылай қолдау көрсету үшін құрылған. Қордың акционері – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі.

Jýsan Bank-ке айналғанға дейін "Цеснабанк" Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Әділбек Жақсыбековтің бақылауында болған. Jýsan Bank жақында Қазақстандағы тағы бір ірі қаржы ұйымы – "АТФ банкті" өзіне қосып алды. Ал оның қожайыны – Назарбаевтың туысы, Қазақстан билігінде лауазымды қызметтер атқарған, Алматы қаласының әкімі болған, биыл көктемде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы қызметінен кеткен Ахметжан Есімовтің күйеу баласы – Ғалымжан Есеновке тиесілі болған.

Ресми мәлімет бойынша, 2018 және 2019 жылдың басында "Цеснабанкке" мемлекет 1 трлн теңге ($2,3 млрд) көмек қаржы берген және ол мемлекеттік компаниялардың 460 млрд теңге депозитін табысы төмен облигацияға конвертациялауға рұқсат алған.

"Қазақстан жақын тараптарға несие беруден және нашар басқарудан жапа шегіп жатқан банк секторын тазалауға бар күшін салып келеді. Қымбатқа түскен бұл тазалауға 2009 жылдан бері 18 млрд доллар кетті" деген агенттік президенттің "Қазақстан бұдан былай банктерді құтқармайды" деген уәдесін де келтіреді.

"Әсіресе қайта құрылымдаудан соң банктің екі жыл қатарынан дивиденд төлеуі – сирек кездесетін жағдай, әсіресе пандемия тұрғысынан қарағанда" дейді S&P Global рейтинг агенттігінің сарапшлысы Ирина Велиева. Оның айтуынша, әдетте қаржылық тұрғыдан сауықтырылып жатқан банкке әдетте 3-5 жыл дивиденд төлеуге тыйым салынады.

Лондондық сарапшы, Prism polit Risk Management зерттеу орталығының негізін қалаушы Кейт Маллинсонның айтуынша, жақында мемлекеттен қаржылық көмек алғанын және 2020 жылы Қазақстан экономикасының 2,6 пайызға қысқарғанын ескерсек, Jýsan Bank-тің акционерлеріне мұндай төлем жасауы – жомарттық.

"COVID-19 пандемиясымен, мұнай бағасының арзандауымен бетпе-бет келген банк 2019 жылы салық төлеушілердің есебінен жүргізілген қаржылай комектен соң қалайша жарты миллиард доллардай дивиденд төлейді деген сұрақ туады" дейді Маллинсон.

2007-2008 жылдардағы ғаламдық қаржы дағдарысынан бері Қазақстан үкіметі банктерді қаржылық қолдауға миллиардтаған доллар шығындап келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Біреуін құтқарып, екіншісін "құрту"