Ақындық пен азаматтық ұстаным

Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов. Алматы, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов "тек шындықты сөйлейтін" ұстаным-көзқарасы билікке жақпайтынын айтады. Кей сарапшылар оны "талант пен азаматтық ұстанымды бірге алып жүруге болатынын көрсеткен тұлға" деп сипаттайды.

Қазақ қоғамында "зиялы қауым" аталатын елге танымал кей ақын-жазушылардың мерейлі жасын кең көлемде атап өту дәстүрі бар. Соның ішінде әсіресе билік төңірегіне жақын шығармашылық өкілдеріне мемлекет тарапынан ерекше құрмет, марапат көрсетіліп жататыны байқалады. Бірақ зиялы қауым өкілдерінің бәріне бірдей ондай құрмет бұйыра бермейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Мұхтар Шаханов 75 жасқа келді. Аудиоподкаст.

Азаттық тілшісімен әңгімеде Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов биыл шілденің екісі күні 75 жасқа толғанын туған жерінде атап өткенін, қалған шараларды күзге қалдырып отырғанын айтты. "Ол үкімет деңгейінде ұйымдастырыла ма, жоқ па" деген сұраққа ақын: "Атап өтуге құлшынбаймын. Бағытым басқа, ұстанымым басқа, біреулер өткізе ме, өткізбей ме, шаруам жоқ", - деп жауап берді.

ЖЕЛТОҚСАН ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕ

Совет заманында ақындығымен аты шыққан Мұхтар Шаханов 1989 жылы Мәскеуде СССР халық депутаттары Жоғары советінің бірінші съезінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты жасаған мәлімдемесінен кейін қоғам қайраткері ретінде танылды. Ол СССР көлемінде тікелей эфир арқылы көрсетілген съез мінберінен Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда Мәскеу шешіміне наразылық білдіріп алаңға шыққан қазақ жастарының шеруін биліктің басып-жаншуы және одан кейін республикада жүргізілген қуғын-сүргін жайлы қалың бұқараға алғаш рет жеткізіп, Желтоқсан оқиғасының жай-жапсарын әділетті тексеру үшін комиссия құру қажеттігін айтқан.

Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттары бірінші съезінде Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы мәлімдеме жасап тұр. (Видеодан скриншот.)

Шаханов съез мінберіне шығуға сөз сұраған кезде Желтоқсан оқиғасы емес, экологиялық тақырыпқа - Арал теңізінің мәселесі туралы сөйлейтіні туралы өтініш білдіргенін айтады. Ол 1988 жылы Қазақстанда құрылған тұңғыш экологиялық қозғалыс – "Арал-Балқаш" қоғамдық комитетін басқаратын. Қазақстаннан сайланған жиырмаға жуық депутат "Шаханов Арал проблемасын айтуға сөз сұрайды" деген өтінішке қол қойып, оны съезд президиумына тапсырғаннан кейін ғана биік мінберден сөйлеуге мүмкіндік туған.

Қазір интернетте сақталған видеодан Мұхтар Шаханов 1989 жылы Мәскеуде бірінші съезде мәлімдеме жасап тұрған кезде залда отырған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин, министрлер советінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстаннан сайланған өзге де депутаттарды көруге болады. Бірақ қазір Мұхтар Шаханов әлгі адамдардың сол кездегі реакциясы қандай болғаны туралы таратып айтудан тартынады.

– Арал мәселесінің орнына Желтоқсан оқиғасында қазақ халқына "ұлтшыл" деген орынсыз айып тағылғаны туралы сөйледім. Ертеңінде әлгі өтінішке қол қойған 19 депутаттың 16-сы "Шаханов бізді алдады, депутаттықтан айыру керек" деп арыз жазды, - дейді ол.

Шахановтың Мәскеудегі съездегі мәлімдемесі жайлы әртүрлі пікірлер бар. Онда биік мінберден Желтоқсан оқиғасы туралы айтқаны үшін Мұхтар Шахановты кейін республиканың бірінші басшылары қатты айыптағаны айтылады.

Мұхтар Шаханов (сол жақта) 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандары құрметіне тұрғызылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші жанындағы еске алу шарасында. Алматы, 17 желтоқсан 2016 жыл.

Мәскеудегі съезге дейін баспасөзде біржақты сипат беріліп келген Желтоқсан оқиғасына деген көзқарас өзгере бастады. Қуғын-сүргінге ұшырағандар шағымданып, олардың кейбірінің ісі қайта қаралды. Кейін Қазақстан Жоғары Кеңесі құрған Желтоқсан оқиғасын тергеу комиссиясына Мұхтар Шаханов жетекшілік етті. Комиссия Желтоқсан оқиғасына қатысы бар жоғары лауазымды шенеуіктерден, оқиғаға қатысушыларды тергеумен айналысқан құқық қызметкерлерінен, оқиғаға қатысып, биліктің озбырлығына куә болған қарапайым азаматтардан жауап алып, куәліктер жинады. Ол туралы баспасөзде және кейін зерттеулерде көптеген деректер жарияланды. Бірақ, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен зерттеушілердің көбі ол комиссия өз жұмысын соңына дейін жеткізе алмады деп санайды.

Мұхтар Шаханов бұған дейін Желтоқсан оқиғасына арналған түрлі шараларда және баспасөзге берген сұхбаттарында "советтік кезеңдегі басшылардың әлі де билікте отыруына байланысты шындық соңына дейін ашылмай қалғаны" туралы айтқан.

ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІ

Мәскеудегі мәлімдемесінен кейін қоғам қайраткері ретінде жаңа қырынан танылған Мұхтар Шаханов 1991 жылғы қазанда ақын Олжас Сүлейменовпен бірге жаңадан құрылған Қазақстан халық конгресі партиясына жетекшілік етті. Бірақ либералды-демократиялық бағыттағы партия басшылығында олар көп отырмады.

Оқыңыз: Сүлейменов пен Шаханов басқарған партия

1993 жылы Қазақстанның Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалған Мұхтар Шаханов партияның тең төрағасы қызметінен кетті. Партияның "билікке конструктивті оппозицияға көшетінін" мәлімдеп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынауға көшкен Олжас Сүлейменов те 1995 жылы Италияға елші болып тағайындалған соң Қазақстан халық конгресі партиясы саясат сахнасынан біртіндеп жоғалды.

Кейбір естеліктерде "билік Қазақстан халық конгресі партиясын сол кезде белсенділігімен танылған ұлттық бағыттағы "Азат" қозғалысын әлсірету үшін құрды" деген болжамдар жасалған.

Шаханов Қазақстан халық конгресі партиясынан кетуіне Олжас Сүлейменовпен көзқарасының үйлеспеуі себеп болғанын, ал елшілік қызметке "өміріне қауіп төнген соң" келісім бергенін айтады.

- Шетелге кетпесең болмайды деген хабар келген соң Қырғызстанға елші боп кеттім. Онда "Өркениеттің адасуы" және "Жазагер жады космоформуласы. Шыңғыс ханның пенделік құпиясы" деген роман жаздым. ЮНЕСКО бұл екеуін әлемдік поэзияның биігі деп бағалады, - деген ақын өміріне кімнің, қандай қауіп төндіргенін ашып айтпады.

ТІЛ ҮШІН КҮРЕС

Мұхтар Шаханов елші қызметінен оралғаннан кейін, 2004 жылы Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ол депутат мандатына ие болған парламент мәжілісі сайлауын Қазақстан оппозициясы әділетсіз өтті деп бағалаған еді.

Осы кезде Шаханов қазақ тілінің мәртебесін көтеру және қолданыс аясын кеңейтуді мақсат тұтатын "Мемлекеттік тіл" қоғамдық қозғалысына төраға болып сайланды. Ол қазақ тілінің жағдайы туралы парламентте де үнемі мәселе көтеріп, үкіметке сауалдар жолдады.

Мұхтар Шаханов (сол жақта) пен "Руханият" партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталин баспасөз мәслихатында. Алматы, 28 желтоқсан 2011 жыл.

Мұхтар Шаханов мәжіліс депутаттығынан кеткеннен кейін "Халық рухы" атты жаңа партия құруға талпыныс жасап көрді. Бірақ партия ресми тіркеуден өте алмағандығына байланысты 2011 жылы күзде ол "Руханият" жасылдар партиясы атынан мәжіліс сайлауына түсу ниеті барын айтты. Бірақ, Шахановты рухани жетекшісі деп жариялаған "Руханият" партиясының бұрынғы басшылығы қайта съез өткізіп, ол шешімді өзгертті.

Мұхтар Шаханов "Халық рухы" партиясын әлі де тіркетуден үміті барын, бірақ "ол партиядан билік сескенетінін" айтады.

2009 жылы күзде Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ақын-жазушылар мен қоғамдық белсенділер билік Қазақстан халқының ассамблеясы арқылы жұрт талқысына ұсынған "Ел бірлігі" доктринасына қарсы шықты. Олар ұлттық доктринадағы "қазақстандық ұлт" деген атауға келіспейтіндерін мәлімдеп, оны алып тастауды талап етті. Наразылар егер билік даулы доктринаны желтоқсанның 17-іне дейін кері қайтарып алмаса, онда аталған күннен бастап аштық жариялайтындарын мәлімдеген болатын.

Оқыңыз: Қазақ зиялыларының қаһарын тоқтатқан бір жапырақ қағаз

Арада 20 күн өткенде Шаханов билікпен келісімге келгенін, аштық жариялау туралы ойынан айнығаны туралы мәлімдеме жасады. Мұхтар Шаханов кейін де мемлекеттік тіл мәселесі бойынша бірнеше рет өткен жиын ұйымдастырушысы болды.

"ТАЛАНТ ПЕН АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМДЫ АЛЫП ЖҮРУ"

Бұрғынғы Қазақстан Жоғары Кеңесінің төрағасы, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Мұхтар Шахановтың саяси қоғамдық қызметіне екіге бөле қараған дұрыс деп санайды.

– Совет өкіметі күшінде тұрғанда Желтоқсан оқиғасы туралы жасаған мәлімдемесі мен атқарған қызметі – батылдық. Бірақ кей мәселелерді, мәселен, "қазақ тілі тек менің арқамда мемлекеттік тіл болды" деген мәлімдемесі, бәлкім, артықтау болар, - дейді ол.

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин (сол жақта), ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов (ортада) Желтоқсан оқиғасын еске алу шарасында. Алматы, 16 желтоқсан 2009 жыл.

Әбділдин 1993 жылы құрылған Қазақстан халық конгресі партиясын екі төраға – Мұхтар Шахановтың да, Олжас Сүлейменовтің де тастап кеткенін құптамайды.

– Халықтың жағдайы мен әділетті қорғаймын деп бастаған істерін екеуі де соңына жеткізбеді. Күнкөріс те керек болған шығар. Өйткені бұрынғы жүйе тарап, жібі түзу жұмыс беруші тек бір адам ғана болып қалды. Екіншіден, екеуіне де жоғарыдан қысым болғанға ұқсайды, - дейді ол.

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Мұхтар Шахановтың әлі күнге дейін қоғамдық істен қалыс қалмағанын жоғары бағалап, оны "ұстанымы, жігері бар адам" деп сипаттайды. Ол "жұрт аузына қарап отырған шығармашылық адамдарының бірде олай, бірде былай кетіп қалған кездерін" сынамайтынын айтады.

Саясаткер Дос Көшім болса Мұхтар Шахановқа саясаттың әдіс-тәсілдерін меңгерген саясаткер деуден гөрі, "талант пен белсенді азаматтық ұстанымды қатар алып жүрген тұлға" деген сипаттама дәлірек келеді деп біледі. Оның айтуынша, қазіргі уақытта "билікті сынап, оған пікірін жеткізе алатын зиялы қауым саусақпен санарлық".

– Танымал, беделді адамдардан үміттену – қазақ дәстүрлі мәдениетінде бұрыннан бар. Советтік тоталитарлық жүйе желдің ығында жүретін зиялық қауым дайындап, биліктің қолбаласына айналдырды. Бұл тұрғыда Мұхтар Шаханов өзгеше, оқшау көрінеді, - дейді ол.

Дос Көшім Мұхтар Шахановтың қоғамдық қызметінде "оппозициямен жақындасу кезеңі" де болғанын айтады. Оның сөзінше, оппозициялық саяси күштер халық арасында беделді Мұхтар Шахановты қатарына тартқысы келген. "Ұлттық бағыттағы маңызды мәселелер бойынша оппозициямен кейде бірге жүргенімен, Шаханов оппозиция қатарына өтпегенді жөн көрген" дейді ол.