Accessibility links

Сүлейменов пен Шаханов басқарған партия


Ақын Олжас Сүлейменовтің ерте кездегі суреті.
Ақын Олжас Сүлейменовтің ерте кездегі суреті.

Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан халық конгресі партиясы құрылды. Сарапшылар бұл партияның ғұмыры ұзаққа бармауын басшыларынан көреді.

1991 жылы қазанның 5-інде құрылып, ақындар Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменов төрағалық еткен Қазақстан халық конгресі партиясы либералды-демократиялық пиғылдағы саяси күш ретінде сипатталды.

Бірақ партия ұзақ әрекет еткен жоқ. Әуелі 1993 жылы Мұхтар Шаханов партияның тең төрағасы қызметінен кетіп, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметіне ауысты.

Партия басшылығында қалған Олжас Сүлейменов 1994 жылы «билікке конструктивті оппозицияға көшетінін» мәлімдеп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынады.

«Референдумын пайдаланып, президент өз мандатын тағы да ұзартпақшы. Сірә, өз билігіндегі сайлау машинасының мүлт кетпейтін механизміне сенетін болар. Әрине, 1991 жылғы сайлаудағыдай 99 процент деп жар салудың ыңғайсыз екенін президент командасы сезеді. Халық бұған сенбейді, өйткені республиканы талау мен қайыршылыққа душар еткен президент саясатына көпшілігі қарсы дауыс береді» деді ол 1994 жылы қарашада шетелдік ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында.

Бірақ 1996 жылы өтуі тиіс болған президент сайлауында өз кандидатурасын ұсынуға әзір екенін айтқан Олжас Сүлейменов 1995 жылы Италияға елші болып кетті. Содан кейін Қазақстанның халық конгресі партиясы саясат сахнасынан ысырылып кете берді.

«ҰЛТТЫҚ БАҒЫТТАҒЫ КҮШТЕРДІ ЕКІГЕ БӨЛУ»

1990 жылдардың бас кезінде Қазақ ССР жоғарғы кеңесін басқарған Серікболсын Әбділдин Қазақстанның халық конгресі партиясын «ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев авторитаризмді сынап, демократияны қолдағаннан кейін құрылған партияның бірі» деп сипаттайды. Оның айтуынша, партия президентті тікелей сынай бастаған кезде билікке ұнамай қалған.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин.
Саясаткер Серікболсын Әбділдин.

– [Билік] содан кейін ол партияның белсенділерін біртіндеп өз жағына шығарды. Арасында 1990 жылдардың ортасында мәжіліс төрағасы болған Марат Оспанов та болды. Кейін Олжас Сүлейменовке қатысты да іс қозғалды. Сөйтіп, әуелі Мұхтар Шаханов, кейін Олжас Сүлейменов елшілікке кетіп, партия басқарусыз қалды. Аз уақытта халық арасында аты шықса да, басшыларының берекесі болмағандықтан партия жойылды, – дейді ол.

Ал саясаткер Дос Көшім Қазақстанның халық конгресі партиясының әу бастан тәуелсіз құрылым болғанына күмән келтіреді.

– Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі боп отырған Олжас Сүлейменовтің бірден басқа платформадағы партия құруының өзі күлкілі еді. Билік бұл ойынға Мұхтар Шахановты сәтімен пайдаланған сияқты. Оны Шахановтың өзі де аңғармауы мүмкін, – дейді Дос Көшім.

Ол «билік Қазақстан халық конгресі партиясын сол кезде белсенділігімен танылған ұлттық бағыттағы «Азат» қозғалысын әлсірету үшін құрды» деп санайды.

Саясаткер Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.
Саясаткер Дос Көшім. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.

– Халық конгресі партиясының құрылтай съезі «Азат» қозғалысының съезімен бір күнде өткізілген. «Азат» қозғалысының үлкен съезіне келгендердің біразы белгілі қос ақын құрған партия съезіне кеткен. Сөйтіп билік күшейіп келе жатқан «Азат» қозғалысын осындай әдіспен екіге бөлген, – дейді саясаткер.

Дос Көшім Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» қозғалысының қаржы мәселесіне байланысты дау туғаннан кейін Қазақстанның халық конгресі партиясының саяси белсенділігі күшейіп, оппозициялық көзқарасын ашық мәлімдей бастағанын айтады.

– Бұл билікке дөңайбат көрсету, өзін-өзі қорғау тәсілі боп көрінді. Көп ұзамай Олжас Сүлейменов елшілікке кетіп, жайлы қызмет тапты, – дейді Дос Көшім.

«ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІ» МЕН «РЕНІШ»

Ақын Мұхтар Шаханов кезінде өзі басшыларының бірі болған Қазақстанның халық конгресі партиясының қызметі тоқтауын Олжас Сүлейменов жетекшілік еткен «Невада-Семей» қозғалысының қаржы мәселесіне байланысты іс қозғалуымен байланыстырады.

– Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Олжас Сүлейменов оппозициялық райынан қайтып, билік ұсынған елшілік қызметке мойынсұнған, – дейді Мұхтар Шаханов.

Ақын Мұхтар Шаханов. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл.
Ақын Мұхтар Шаханов. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл.

Олөзінің партия басшылығынан кетуін екінші төраға Олжас Сүлейменовпен пікірлері жараспауымен түсіндіреді.

– Олжас Сүлейменов партия қатарына қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғамайтын азаматтарды тарта бастағаннан кейін арамызда реніш пайда болды. Содан соң партиядан шығып кеттім, – дейді Мұхтар Шаханов.

Ол өзі басқарған партияның съезіне ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, баяндама жасағанын есіне алды.

Қазақстанның халық конгресі партиясы басшыларының бірі болған Олжас Сүлейменовтен ол ұйымның әрекеті жайлы пікір алу мүмкін болмады.

Қазақстанның халық конгресі партиясы елдегі саясаттан кеткен жалғыз партия емес. 1990 жылдардың бас кезінде онымен қатарлас көрінген Қазақстанның халық бірлігі партиясы мен «Азат» сияқты саяси құрылымдар да кейін жабылып қалған.

XS
SM
MD
LG