Пол Стронски: Тоқаев пен Назарбаев төңірегі арасында текетірес бары анық

Қазақстан президенті міндетін атқаруға көшкен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) мемлекет басшысы қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың (сол жақта) қолын алып тұр. Нұр-Сұлтан, 20 наурыз, 2019 жыл.

Президенттікке келгеніне екі жыл болған Тоқаев дербестікке ұмтыла бастады ма? Ақорда мен "Кітапхана" арасында "реформашылар" мен "керітартпалар" қақтығысы бар ма? Қазақстанға инвестиция неге азайды? Ресей мен АҚШ арасындағы тартыс күшейген тұста Қазақстанның ахуалы қандай болмақ? Ресей думасындағы Қазақстанның егемендігіне шәк келтіретін мәлімделер Кремльдің жіберіп отырған "сигналы" ма? Вашингтондағы Карнеги халықаралық бейбітшілік қоры Еуразия және Ресей бағдарламасының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан мен Орталық Азия бойынша сарапшы Пол Стронски Азаттыққа берген сұхбатында осы және басқа сұрақтарға жауап іздейді.

"ТОҚАЕВТЫҢ ДЕРБЕСТІККЕ ҰМТЫЛЫП ЖАТҚАНЫН АНЫҚ БАЙҚАЙМЫН"

Азаттық: Назарбаев елде әлеуметтік наразылық өршіп, қарсылық күшейген тұста биліктен кетті. 2019-2020 жылдары жер-жерде митинг, шеру, демонстрация өтті, оның кейбірі ауқымды болды, билік негізінен бұл жиындарды басып тастап отырды. Қазір мұндай наразылық бәсеңсіген сияқты, митинг сирек болады, көбіне саяси тұрғыда белсенді адамдар көшеге шығады, олардың саны да көп емес. Сіздіңше, мұның себебі неде?

Пол Стронски. Фото Карнеги қорының веб сайтынан алынды.

Пол Стронски: Біріншіден, екі жыл бұрын болған жаппай наразылыққа да, оның былтырғы ұшқындарына да биліктің ауысуы себеп болды. Қандай да бір саяси өзгеріс болған кезде наразылыққа жол ашылады, Назарбаевтың орнынан кетуі де соған алып келді. Әсіресе оның биліктен кету тәсілі, жаңа президенттің оған мадақ айтуы, бірінші сайлаудағы проблемалар демократия орнату, халықтың үні естілетін жауапты үкімет құру туралы уәделердің толық орындалмағанын анық байқатты. Бұл халыққа тиген соққы іспетті болды, себебі ол [Нұрсұлтан Назарбаев] биліктен кеткенде халық әлдебір өзгеріс болады деп күткен еді.

Ашық және жауапты үкімет туралы әңгіме көп жылдан бері айтылып келеді. Былтыр наразылықтың біршама бәсеңдегеніне таңқалмаймын. Меніңше мұның бір себебі – инерция. Әрдайым халық әлдебір наразылықтан жалығады, содан соң күйбең тіршілікке қайта ойысады.

Сovid заманы наразылық білдіруді қиындатып жібергені рас, әсіресе бастапқы кезеңінде ол жұртты қатты әбіржітті. Былтыр жазда наразылық күшейе түскендей болды, кейін Қазақстанда өте суық қыс басталды. Содан соң көшеде саяси белсенділік көп байқалмай кетті, бірақ олар толығымен жоқ болып кеткен жоқ. Наразылық бұрын біз көріп жүргендегідей ауқымды қамтымады. Меніңше, бұл да бір трендтің белгісі.

Қазақстандағы президент сайлауы күнгі наразылық. Нұр-Сұлтан,. 9 маусым, 2019 жыл.

Қазақстанда әдетте ауа райы жақсы кезде наразылық көбірек болады, себебі митинг өткізу оңайырақ. Шағын бірақ жиі өтіп жатқан наразылық шараларын байқап жүрміз. Үкімет наразылықты болдырмауға бар күшін салса да, олар бәрібір шығып жатыр. Яғни, наразы көңіл-күй әлі де бар. Бұл халықты жаппай көшеге алып шығар қозғаушы күш жоқ дегенді білдірмейді.

Азаттық: Демек, наразы көңіл-күй келесі циклді күте ме?

Пол Стронски: Иә, электоралдық циклды күтеді. Халықты қатты ашуландыратын әлдебір оқиға бола қалса, ол да жаппай наразылыққа түрткі болуы мүмкін. Ол қандай оқиға боларын білмеймін. Мәселен, коронавирус жұқтырғандар саны өсіп барады және Қазақстан үкіметі індеттің әсері мен ауқымы жөнінде ашық ақпарат берді деп айта алмаймын. Сондықтан бұл жөнінен де наразылық болуы ықтимал.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Прогрестің болмауы қынжылтады". HRW өкілі Қазақстандағы адам құқығы мен бостандығы жайлы

Азаттық: Қазақстанда "қос билік" туралы, саяси шешім қабылдаудың екі кіндігі Ақорда (президент әкімшілігі осылай аталады) және "Кітапхана" (экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі) туралы оқтын-оқтын әңгіме қозғалып тұрады. Сырт көзге қалай байқалады? Қазақстанда шынымен "қос билік" бар ма? Қазір олардың арасында қандай да бір қайшылық байқала ма? Болмаса бұл қайшылық болашақта байқалуы мүмкін бе?

Пол Стронски: Меніңше, бұлар болашақта анық байқала бастайды. Дегенмен Тоқаевтың айналасында реформаны жеделдетуді қалайтын адамдар бар сияқты, бірақ олар кері тартқан топтың қарсылығына ұшырап жатқандай көрінеді.

Бұрынғы президенттің төңірегінде ықпалын сақтап қалғысы келетін, сол үшін биліктегі орнын нықтауға тырысатын элементтер бар екені анық. Бірақ билік нақты кімнің қолында екенін ашық айтпайтын елдерде бұған толық көз жеткізу қиын. Сондықтан АҚШ сияқты үкіметтер олармен қарым-қатынас жасағанда қиналып жатады.

Тоқаев пен Назарбаев төңірегі, оның әулеті арасында текетірес бар екені анық байқалады. Екі басшы сирек кездеседі, бірақ олардың бейнесіне қарасаң, бәрі жақсы сияқты. Екі тұлға арасында бәрі дұрыс болып көрінеді. Дегенмен олардың командалары арасында немесе командаларының ішінде жаушылдық бар ма, жоқ па, анық емес.

Оның үстіне транзит өте ерекше кезге тұспа-тұс келіп тұр. Біз нағыз ғаламдық пандемияны бастан кешіп жатырмыз, ол әсіресе Қазақстан сияқты елдерге экономикалық зауал әкелді, көмірсутекке сұраныс азайып, елдің бұл проблемаларды шешудегі әлеуеті әлсіреді. Меніңше, бұл жайт та текетіреске әсер етіп отырған болуы мүмкін.

Бұл ерекше кезең болатын тағы бір себебі – жай уақытта халықты алдарқатуға болатын құралдар бұл жерде жұмыс істемейді. Сонымен бірге, ел соңғы екі жылдағы саяси транзитпен қоса, әлеуметтік-экономикалық өзгерісті де бастан кешіріп жатыр.

Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратқа түрлі месседж жіберіп, ел басқару бойынша батыл шешім қабылдап, тәуелсіздігін көрсетуге тырысып жатқандай. Осындай әрекеттерінің бірі "Ақорданың" ресми сайтын өзгерту. Оның басты бетінен Назарбаевтың портреті, ол туралы мәлімет алып тасталды. Сіздіңше, Тоқаев шынымен дербес тұлға болуға ұмтыла ма, әлде тек соның нышанын жасап жатыр ма?

Пол Стронски: "Ақорданың" вебсайтына қарап шығу керек екен, сіз айтқан өзгерісті әлі көрмедім. Дегенмен бұл – өте қызық.

Бір жылдай бұрын экс-президенттің қызын сыртқа тықсыру әрекеті болды, бірақ ол кейін қайтадан келуге талпынған сияқты. [Тоқаевтың] дербестікке ұмтылып жатқанын анық байқаймын. Ол үкіметтегі түрлі орындарға өз адамдарын қоюға да талпыныс жасады, Назарбаев сенім артқан адамдардан басқа кісілерге арқа сүйеуге тырысты. Бұл таңқаларлық нәрсе емес.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева құдасы, орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтің қолынан депутат куәлігін алып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қаңтар 2021 жыл.

Ал бұл (президенттің ресми сайтындағы өзгерістер – Ред.) – сол ұмтылыстың жаңа индикаторы. Уақыт көрсетеді, бірақ бұл – шынымен назар аударуға тұрарлық нәрсе. Бізде (АҚШ-та – Ред.) саяси транзит болғанда алдыңғы президент туралы ақпарат бірден алып тасталады да, архивке және президент кітапханасына жіберіледі.

Ең қызығы – мұның екі жыл бұрын емес, қазір болып жатқаны. Ол мұны қазір істеуге өкілеті мен құзыреті жеткілікті болды деп ойлай ма, әлде өзінің "тәуелсіздігін" паш ету үшін сырт көзге солай істеді ме? Бірақ ол жыл сайын түрлі жолдармен дербестігін көрсетуге тырысып жүр.

Азаттық: Қаңтар айында Қазақстанда Тоқаев билікке келгелі алғашқы парламент сайлауы өтті. ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды бақылау миссиясы бұл сайлауды "баламасыз" деп сынады. Додада президентті қолдайтын үш партия жеңіске жетті. Белсенділерді, оппозицияны қудалау көп болды. Сіздің ойыңызша стиль, сценарий жағынан бұл сайлаудың Назарбаев кезіндегі сайлаудан айырмасы болды ма?

Пол Стронски: Бұрынғы проблемалардың біразын байқадым: тәуелсіз кандидаттарды тіркеуде қиындықтар болды, бұрынғыдағы сияқты шынайы таңдау болмады. Сондықтан, бұл алдыңғы сайлауларға өте ұқсас науқан болды. Сайлау қыста өткізілгендіктен, наразылық білдіру қиын болды. Бұрыннан бар әдістер тағы қолданылды. Қазақстан тұрғындары арасында бұл сайлауға қатысты цинизмді де көп байқадым.

"ҰЗАҚ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН БОС УӘДЕ ЗАМАНЫ ӨТТІ"

Азаттық: Сарапшылар транзит сценариінің нақты еместігі Назарбаев президент болған соңғы жылдарда шетел инвестициясының азаюына себеп болды деген тұжырым айтқан еді. Бірақ Назарбаев биліктен кеткелі екі жыл өтсе де ағылып жатқан инвестиция байқалмайды. Әрине, бұған пандемия, жаһандағы алыс-берістің бәсеңдеуі бір себеп болуы мүмкін. Сіздіңше, инвестиция азаюының артында саяси фактор да болуы мүмкін бе?

Пол Стронски: Меніңше, мұның себебі көп және пандемия бұл себептерді бұрынғыдан қатты айшықтай түсті.

Әсіресе артында үлкен державасы жоқ, жаһандық алпауытқа жатпайтын, көлемі шағын компаниялар үшін Қазақстанда инвестициялық климат тым нашар. Елдің экономикасын әртараптандыру үшін оларға шағын және орта деңгейдегі бизнес өкілдері келуі керек. Әрі олар мұнай мен газдан басқа салалардан болғаны жөн. Алайда заң үстіемдігі, инвестициялық климат бұған мүмкіндік бермейді.

Түрлі жарлық шығаруға болады, бірақ ол бәрібір әсіресе Қазақстан дамытуы тиіс салаларға көп ақша әкеле алмайды.

Оның үстіне әлемде энергетика өнімдеріне бағаның арзандауы, Еуропадағы жасыл энергияға деген ұмтылыс (мұны АҚШ-тағы Байден әкімшілігінен де байқап отырмыз), кей энергетика компанияларын Қазақстанға ақша салардан бұрын жақсылап ойлануға мәжбүр етеді.

Меніңше, ұзақ жылға созылған бос уәде заманы өтті, Қазақстан [инвестиция] климатын жақсарту мен экономиканы әртараптандыруды шынайы іске асыруда қиын кезеңге келді.

Азаттық: 2000-2010 жылдары Қазақстан көмірсутек экспортының арқасында ЖІӨ көлемін арттырып, Орталық Азиядағы көршілерін басып озды. Ол жылдар Қазақстанның табысты кезеңі саналды. Ал 20-жылдардағы жетістігі не болмақ?

Пол Стронски: Экономика қарыштап дамып жатқан кезде оны әртараптандыру, жаңа секторларға қаржы салу жеңілірек. Қазір экономика шөгіп барады және ол көмірсутектен басқа тарапқа ойысып келеді. Яғни [жетістікке жетуге ұмтылатын кез] осыдан он жыл бұрын болған еді.

Қазақстан өзін дәріптейтін жобаларға логистикаға және елді әлемнің лидері іспетті көрсететін істерге көп көңіл бөлді, бірақ олардың барлығы халықтың жағдайын жақсартып, ұзақ мерзім тұрғысынан экономиканы тұрақты түрде дамытатын жоба болды деп айту қиын. Меніңше Қазақстан имиджін жылдам жақсартатын жолдарға көп уақыт жұмсады. Бұл саяси және экономикалық элитаның кей бөлігіне көмектескенімен, одан әріге аса алмайтын еді.

Біршама позитивті трендтер мен бағыттарды байқаймын. Оның бірі – ауыл шаруашылығы секторы. Азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерінің алып нарығы – Қытай қастарыңызда тиіп тұр. Дамытуға болатын сала осы деп ойлаймын. IT секторына да қызығушылық өте жоғары.

Қазақстанда өте жақсы ғылыми институттар бар. Өткен жылы әлемде фармацевтика, ғылым және даму секторларының кенже қалғанын байқадық. Қазақстанда бұл индустрияны дамытуға да база бар.

Сіздер басқа әлемдік нарықтардан шалғай жатқан аймақтасыздар, артта қалған көршілеріңіз де бар. Дегенмен Өзбекстанда көп өзгерісті байқап отырмыз. Ортақ нарық қалыптастыру сияқты біріккен жобаларды қолға алуға болар еді, не тым болмаса ортақ инвестиция тарту, аймақтық даму бастамаларын көтеру қажет-ақ. Қазір бұрынғыға қарағанда бұған мүмкіндік көбірек, дегенмен Өзбекстан әлі де қиын әріптес болуы ықтимал.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ГЕОСАЯСИ ТАРТЫСТА "ҚЫСЫЛЫП" ҚАЛДЫ"

Азаттық: Дональд Трамп әкімшілігі Орталық Азия елдеріне көп қызығушылық танытпаған сияқты көрінеді. Вашингтонның сыртқы саясатының басымдықтары Қытай, Иран, Ресей және Солтүстік Корея болып қала берді. Байден әкімшілігі кезінде бұл жағдай өзгеруі мүмкін бе?

Пол Стронски: Трамп әкімшілігі саяси мәміле жасасуға бейім болды, дегенмен адам құқықтарына нағыз басымдық ретінде қарамады, жоғары үкімет деңгейінде солай көрінді. Байден әкімшілігі анық атап көрсеткен жайттардың бірі – адам құқықтары мен демократия құндылықтары Америка сыртқы саясатының басты бағыттары болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Байденнің президенттігі Қазақстан, ОА және Шыңжаңға қалай әсер етпек?

Бұл әкімшілік адам құқықтары мен жемқорлық мәселелеріне басымдық беретіндіктен проблема туындауы мүмкін деген бірнеше жайтты байқап тұрмын. Бұлар бұрын-соңды АҚШ-ты толғандырған басты мәселе болған емес. АҚШ Орталық Азияда тұрақтылық мәселесіне ерекше мән берді, сол үшін Ауғанстанға көңіл бұрды. Меніңше, Қазақстан мен Орталық Азияның барлығына қиындық әкелуі мүмкін деген бір мәселе – АҚШ-тың Ауғанстаннан кетуі. Сондықтан Орталық Азия мен АҚШ қарым-қатынасында ортада тұратын үлкен мәселе осы болмақ.

Оның үстіне бұл – қашаннан Ресеймен біте қайнасқан, енді Қытаймен жақындасып бара жатқан аймақ. Ал АҚШ–Қытай және АҚШ–Ресей қарым-қатынасы нашарлап кетті. Әсіресе Трамп әкімшілігі кезінде біз геосаяси бәсеке жағдайына тап болдық, сөйтіп Орталық Азия елдері АҚШ–Қытай және АҚШ–Ресей геосаяси тартысының ортасында "қысылып" қалды.

Менің ойымша, қазір АҚШ-тағы сыртқы саясатты басқаруға келген топ [бұрынғы мемлекеттік хатшы] Помпео командасынан және одан бұрынғылардан әлдеқайда тәжірибелі. Сондықтан олар мұның перифериялық зарарын азайтуға тырысатын шығар. Оның үстіне олар АҚШ пен Ресейдің, я АҚШ пен Қытайдың ортасында қалып қоймас үшін нәзік баланс ұстауға тырысады деп үміттенемін. Қарым-қатынастың басқа түйткілдерін былай қойғанда, бұл ең үлкен мәселелердің бірі болатын сияқты.

Орталық Азия Трамп әкімшілігі үшін басымдық болған жоқ. Ал Байден әкімшілігінің ең негізгі басымдығы – НАТО-дағы ресми одақтастарымызбен, Тынық мұхитындағы одақтастарымыз – Жапония, Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасты қалпына келтіру. Басқа әріптестердің кезегі содан кейін келеді. Сондықтан, Орталық Азия сияқты аймақтар үшінші басымдық деп ойлаймын.

"БАЙДЕН ӘКІМШІЛІГІ ШЫҢЖАҢҒА БАЙЛАНЫСТЫ БАЙЫПТЫ САЯСАТ ҰСТАНАДЫ"

Азаттық: Әсіресе Қазақстанға шетелден көшіп келген қазақ оралмандар арасында "Байден әкімшілігі Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы адам құқықтарының бұзылуы бойынша қатаң саясат жүргізбейді" деген түсінік бар. Сіздің ойыңызша, АҚШ-тың Шыңжаңға қатысты сыртқы саясаты өзгере ме?

Стронски: [АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Майк] Помпео бір жылдай бұрын Орталық Азияға келгенде адам құқықтары мәселесін көтергені рас. Меніңше бұл ел ішінде Қытайға қарсылық жоғары болып тұрған, бір жағынан дипломатиялық тепе-теңдік сақтауға тырысатын жергілікті үкіметтерге біраз проблема тудырған сияқты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ конгресі мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп тұр. Вашингтон. АҚШ. 10 наурыз, 2021 жыл.

Қызметке бекітер кезде де, жұмысына кіріскен соң Конгресте сұраққа алынған сәтте де Шыңжаң мәселесі туралы сұрақтар қойылғанда [жаңа тағайындалған] мемлекеттік хатшы [Энтони] Блинкен өте қатаң мәлімдемелер жасады. Сондықтан Байден әкімшілігі Шыңжаң бойынша бостау саясат жүргізеді деп ойламаймын. Меніңше олар Трамп әкімшілігімен салыстырғанда әлдеқайда байыпты саясат ұстанады.

Оның үстіне, Трамп әкімшілігі адам құқықтары мәселесіне онша көп бас қатырған жоқ. Ал Байденнің тобы бұл тақырыптың маңызына бірден көңіл аударды, Шыңжаңда болып жатқан жағдайдың шынымен жан түршіктірерлік екенін айтты. Сондықтан олар бұл жайтты назардан тыс қалдыруы мүмкін емес. Меніңше олар бұл тақырыпқа перспектива тұрғысынан қарап, Қытаймен басқа салаларда жұмыс істей береді, бірақ бұл мәселеде талапшыл болады.

Сөздің ашығын айтсақ, мұнда халықаралық қауымдастық көп нәрсе істей алмайды. Біз мәселені атап көрсетіп, ондағы халықтың ауыр тағдырына назар аударта аламыз. АҚШ алаңдаушылық білдіріп, назар аудартқанымен, аз уақыт ішінде ахуалды өзгерте алмайды. Шыңжаңдағы жағдайды Трамп әкімшілігі де, Байден әкімшілігі де түзей алмайды.

Азаттық: Жақында Еуропа одағы Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуын сынайтын қарар қабылдады. Құжатта "адам құқықтары жағдайының нашарлауы, азаматтық қоғам ұйымдарының жанышталуы алаңдаушылық туғызатыны" айтылған. Ел ішінде Еуроодақтан Ресейдің, Беларусьтің басшыларына салған сияқты Қазақстан билігіне де санкция салуды талап етіп жүргендер бар. Бұл Қазақстандағы адам құқықтары жағдайы ол елдерден жақсы дегенді білдіре ме, әлде Батыстың бұл елдегі ахуалдан хабары аз ба? Мүмкін бұдан да басқа себебі бар шығар?

Стронски: Меніңше азаматтық қоғам Қазақстандағы жағдай туралы жан-жақты ақпарат жеткізе алмай отырған сияқты. Оның үстіне, ең сорақысы – Ресей [оппозициялық саясаткер Алексей] Навальныйды өлтіру үшін қатыгездікке барып, "Новичок" [уын] қолданды. Ал Беларусьте наразыларға қарсы қандай шара қолданылып жатқаны Батыс баспасөзінде жан-жақты көрсетілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нұр-Cұлтанға 20 талап. Еуропарламент Қазақстанды сынайтын қарар қабылдады

Қазақстан түрмелерінде азаптау болатынын білемін, бірақ ол тиісті деңгейде [баспасөзде айтылған] жоқ. Бәлкім оған себеп – елдің Батыстан тым шалғай жатқаны болар. Мүмкін журналистер соншалық көп емес шығар. Батыста бұдан көпшілік хабардар болып жатыр, көп жазылып жатыр деп айта алмаймын.

Санкцияның екі жағы бар. Украинадағы [Қырымды аннексиялау және Шығыс Украинадағы сепаратистерге қолдау білдіру] әрекеттерінен соң, "Магнитский актінен" (Ресейдегі адам құқықтарының бұзылуына және заң үстемдігінің сақталмауына байланысты лауазымды тұлғаларға санкция салуға мүмкіндік беретін АҚШ конгресі 2012 жылы қабылдаған заң – Ред.) кейін салынған санкциялардан соң Ресей мінез-құлқын өзгертті деп айта алмаймын. Гонконгта адам құқықтарының бұзылуына байланысты БҰҰ мен әлемнің түрлі мемлекеттері Қытайға, ондағы ресми тұлғаларға санкция салғанымен, бұл жерлерде жағдайдың жақсарғанын байқамадық. Сондықтан санкция тек символдық мәнге ие деп ойлаймын. Санкция "әйтеуір бір әрекет жасадық" деп марқайып отыруға жақсы шығар, бірақ олар үнемі жақсы нәтижеге жеткізе бермейді.

"РЕСЕЙ ОРЫС ҰЛТШЫЛДЫҒЫМЕН ОЙНАП ОТЫР"

Азаттық: Ресейдің Орталық Азия аймағына ықпалына тоқталсақ. Екі держава АҚШ пен Ресейдің текетіресі күшейген тұста жағдай қалай өрбуі мүмкін? Бұл жалпы Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қалай әсер етпек?

Стронски: Кеше ғана АҚШ-тағы 2020 жылғы сайлауға сырттан араласқандар туралы ұлттық барлау мәліметі шықты. Онда Ресейдің әрекеті анық байқалады, өздері қалаған кандидатқа ықпал етуге белсене күш салғанының белгілері бар. Трамп мырза [сайлауда] жеңілді, бірақ бұл олар [Ресей] талпыныс жасамады дегенді білдірмейді. Демек бұл [Ресей-АҚШ] қарым-қатынасын одан сайын күрделілендірмек. Байден әкімшілігінің адам құқықтары мәселесін көтеру ниеті қарым-қатынасты одан әрі күрделі ете түспек.

Бірақ Ресеймен саяси және экономикалық тұрғыда тығыз одақтасқан, сонымен бірге АҚШ-пен жақсы қатынаста болғысы келетін Қазақстан тәрізді елдер абайлап жол табуы керек болады. Меніңше АҚШ айрықша дабыл қағып әрі онысын анық білдіріп отыр. Путин болсын, парламенттегілер болсын, Ресейдің ресми адамдары Қазақстанның егемендігіне күмән келтірсе, бұл АҚШ-ты әрдайым қатты алаңдатады.

Ресей-Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысып отырған Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Омбы. 7 қараша 2019 жыл.

Саяси тұрғыда қарасақ, АҚШ Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста болуға ниетті, әрі ол АҚШ пен Ресей қатынасындағы мәселелердің [Қазақстанға] жайылып кетпеуіне ерекше мүдделі. Бірақ бұл өте қиын, оған Қазақстан мен Ресей арасындағы географиялық жақындық пен қоғамдық, саяси және экономикалық байланыстардың тығыздығы кедергі.

Азаттық: Соңғы кездері Ресейде Қазақстанға территориялық талап қоятын, егемендігіне күмән келтіретін мәлімделер жиі айтыла бастады. Әрі мұндай мәлімдемелерді жай адамдар емес, Ресей парламентінің депутаттары, биліктегі "Единая Россия" партиясының мүшелері айтып жүр. Сіздің ойыңызша, бұл мәлімдемелер Кремльдің тікелей я жанама нұсқауымен жасалып жатуы мүмкін бе?

Стронски: Грузиядағы саяси дағдарысты бастан-аяқ шолып шықсаңыз, Кремльден тікелей я жанама түрде келсе де, әйтеуір Ресей истеблишментіндегі адамдар түрлі мәлімеделер жасап, талаптар қойған. Бұл мәлімделер Қазақстанға еш жақсылық әкелмейді. Әрі бұлар коронавирус [пандемиясы] кесірінен Ресей экономикасы қиын жағдайда тұрғанда орыс ұлтшылдығын қоздыру үшін жасалып жатқаны анық.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Демарш және Еуразияшыл билікке ескерту". Ресей депутаттарының мәлімдемесін сарапшылар әркелкі бағалайды

Яғни бұл орыс ұлтшылдығымен ойнау үшін жасалып жатыр, бірақ бұл Қазақстан сияқты елде қиындық туғызуы ықтимал.

Мұның бәрі президент Тоқаев қандай болса да әйтеуір басқа саяси жүйеге бет түзеп жатқанда оған доқ көрсету үшін істеп жатқандай көрінеді. Кремль бұл мәлімдемелерді ұйымдастырмаса да, құптап отыр әрі оны тоқтатуға да тырыспайды, себебі бұл үнемі қайталанып отырады. Бір айтылды, қойды дейтін жағдай емес. Жылына кемінде бір-екі рет осы сияқты мәлімдемелер жасалып тұрады. Бұл Қазақстанға "солтүстікке көз қырыңды салып қой, Ресей қай бағытқа бет бұруың керегін нұсқап тұр" деген сигнал жібереді.

Ресей Қазақстанның егемендігіне қол сұғуы мүмкін бе? Әрине, Ресейден бәрін күтуге болады деп айтар едім. Оның үстіне Ресейдің өз проблемасы бастан асады. Қырымды Ресей экономикасына интеграциялау қымбатқа түсті. Меніңше бұл – Қазақстанға "Қытайға, Батысқа тым қатты жақындап кетпе" деп ескерту айтып, сигнал жіберіп отырудың тамаша құралы.

Қазақстан Ресеймен достық қарым-қатынасын сақтап қалса, олар [Ресей Қазақстанға қарсы] қандай да бір әрекетке барады деп ойламаймын. Дегенмен бұл "Орталық Азияда үлкен бір тұрақсыздық бола қалған жағдайда Ресей әрекет етуге мәжбүр болады" деген сигнал жіберіп отырғаны анық. Бұл – Қазақстандағы әрбір саяси белсендіге "қарап, бақылап отырыңдар, мұндайға (тым ұлтшылдыққа – Ред.) бармаңдар, басқа жерлерде болған нәрселерді (Грузия мен Украинадағыдай Ресейге қарсы, Еуропаға бағытталған саясатты – Ред.) сендерде көрмейтін болайық" деген сигнал.

Беларуське қарасақ, Ресей Беларуське басып кірген жоқ. Меніңше, Ресей көршілеріне "мұны істей аламын" деп сигнал жіберіп отырған тәрізді. Бірақ бұл – ең соңғы әдіс болатын шығар.