"Жасыл энергияға" өту Қазақстанның мұнайдан түсетін кірісін кемітуі мүмкін

Көрнекі сурет.

Батыс баспасөзі Қазақстанға "жасыл энергияға" біртіндеп өтудің салдарын жұмсартуға қатысты кеңес беріп, "постсоветтік елдер" терминін қолданудан бас тартуды ұсынған және қазіргі алманың түп төркіні - Алматы маңында өсетін Malussieversii түрі туралы жазған.

"ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯҒА" ДЕЙІНГІ 10 ЖЫЛ

Ұлыбританияның Financial Times басылымында Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) экономика, саясат және басқару жөніндегі директоры Маттиа Романи Қазақстанға қалпына келетін энергия көздеріне көшуге дайындық туралы кеңес берген.

"Қазбалы жолмен өндірілетін жанармай түріне тәуелді елдер көмірсутек, энергетикалық және энергия жұмсайтын салалардан түсетін табысқа қатты тәуелді болғандықтан үлкен тәуекелге бел буады. Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) әлемдік энергетикаға жасаған соңғы шолуы көрсеткендей, қазба қоры мол елдерде активтер құнсыздануы мүмкін", - делінген мақалада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азиядағы энергияның болашағы

Financial Times пікірі бойынша, бұл елдерге тән үш фактор бар: қазбалы әдіспен алынатын жанармайдан түсетін активтің көбі (мұнай мен газ қоры және оған байланысты инфрақұрылым) жеке сектор емес, мемлекеттің қолында; осындай жанармайға тәуелді елдердің көбі экономикасы мен салық түсімін әртараптандыруға тырысады ("голландиялық ауру" деп аталатын құбылыс); бұл елдердегі ішкі саяси күштер өндіруші өнеркәсіпке инвестиция салуды жалғастырып келеді, нәтижесінде экономиканың көмірсутекке тәуелділігі күшейе береді.

"Біздің симуляция бойынша, әлемнің жасыл экономикаға өтуі, соған байланысты қазбалы жанармай түрлеріне сұраныстың азаюы Қазақстанның мұнайдан жинаған қорын он жылдан соң тауысады", - деп жазады Романи.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстандағы АЭС жобасының Қазақстанға әсері бола ма?

ЕҚҚДБ дерегіне сай, егер мұнай бағасы алдағы 20 жылда 65 доллар шамасында тұрса, "экспорттан түсетін табыс 40 пайызға төмендейді, оған экспорт көлемінің азаюы мен бағаның төмендеуі ықпал етеді. Мемлекеттік шығын стратегиясына өзгеріс енгізбесе, мемлекеттің қарыз мөлшері әрқилы болады", - дейді мақала авторлары.

ЕҚҚДБ жағдайдың жағымсыз салдарын азайту үшін төрт ұсыныс айтады:

1) Табыс көздерін әртараптандыру. "Ресурсқа бай мемлекеттер дамуды күшейту үшін инфрақұрылым мен білімге салатын шығынды арттыруы керек".

2) Мұнайдан түскен табысты тиімді басқару.

3) Қазыналық саясат арқылы табыс кіргізу мүмкіндігін зерттеу, солайша экономика дамуын күшейтіп, қажетсіз шығындарды қысқарту.

4) Мемлекеттік бюджетті қысқа мерзім емес, орта және ұзақ мерзімді негізде жоспарлау.

"Болжамға сүйенсек, 2020 жылдардың соңына қарай қаржылық салдары көрінеді. Қазақстанның салдарды жұмсарту үшін шара қабылдауына шамамен он жылдай уақыты бар", - деп жазады Financial Times.

ПОСТСОВЕТТІК РЕАЛИЙДЕН АЛШАҚТАУ

Америкалық Diplomat басылымы Орталық Азия елдерін мысалға келтіре отырып, қазанның 29-ы күні Twitter парақшасында украиналық журналист Максим Ериставин көтерген тақырыпты талқылаған. Ериставиннің айтуынша, Совет одағы құлағалы отыз жылға жуық уақыт өткендіктен "постсоветтік елдер" термині өзекті емес.

"Кей журналистер мен авторлар 1991 жылы тараған Совет одағы тарихынан қазіргі егеменді республикалардың тарихын әлі ажырата алмай жүр. Орталық Азия аймағы туралы сөз қозғалғанда соны айқын байқайсыз", - деп жазған Diplomat аталған аймақта түркі тілдес мұсылмандар көп тұратынын ескертеді (Тәжікстан ғана парсы тілдес елге жатады).

Diplomat басылымының жазуынша, Совет одағы тарағаннан бері Орталық Азияның дамуы да басқаша жолға түскен: "өзге постсоветтік елдер демократия мен либерализмге бағыт алды, ал мына бес мемлекет авторитарлық болып қалды", - дейді мақала авторы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Санадағы совет символдары

Бірақ ол Орталық Азия елдеріне қатысты қолданылған "постсоветтік" термині шатастыруы мүмкін екенін айтады. "Соның кесірінен Орталық Азияда өзгеріс бар екенін байқай алмаймыз. Бұл аймақ ақырындап болса да өзгеріп жатыр. Әсіресе, ұлттық сәйкестікті құрудан осыны байқаймыз".

Басылым Қазақстанның 1994 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған концепция бойынша "еуразиялық мемлекет" болуға тырысатынын атап өткен. "Бұл идея Қазақстанның Азия мен Еуропа арасында орналасқанына байланысты туындады", - деп жазады автор.

Diplomat демократия құруда Қазақстанның жетістігі аз болса да, еркін сауда жасауға көшкенін және қазіргі кезде нарықтық экономикасы бар ел саналатынын айтады.

Совет комсомолының 100 жылдығына арналған форум. Алматы, 20 қазан 2018 жыл.

Diplomat аймақтағы өзге елдердің де ұлттық сәйкестігі туралы ой толғап, олардың арасындағы саяси, мәдени, экономикалық айырмашылықтар туралы жазған, Қырғызстанның салыстырмалы түрде ашық екені, Тәжікстанның парсы тілдес мемлекет екені, Өзбекстандағы авторитаризм мен Түркіменстандағы жеке басқа табыну жайлы сөз етеді.

Автордың пікірінше, "постсоветтік елдер" термині осы фактордың бәрін қамтымайды, Орталық Азияны жеке сәйкестігі бар мемлекеттер жиынтығы сияқты көрсетеді.

АЛМАНЫҢ ОТАНЫ

BBC News арнасының "Аспаздық негізі" бағдарламасының авторы Мерседес Хаттон қазіргі алмалардың шығу тегін зерттеу мақсатында Қазақстанға барған сапарынан алған әсерін сипаттаған.

Алматыға келген Хаттон жергілікті жол көрсетушімен бірге Түрген шатқалына барып, қазіргі алманың түп төркіні – Сиверс (Malussieversii) жабайы алмасы өсетін тоғайды өз көзімен көрген.

Қала күні мерекесіндегі кәдесыйлар. Алматы, қыркүйек, 2017 жыл.

"1929 жылы танымал орыс ғалымы Николай Вавилов алғаш рет алманың Malussieversii түрін Malusdomestica үй алмасының арғы түбі деп анықтағанда, аймақтағы орман қалың, жеміс мол болатын […]. Үй алмаларының бәрі Алматыдан тараған деген ғалымның болжамын қазір генетика растады", - деп жазады ВВС.

Іле Алатауы бөктерінен алмалар Жібек жолы арқылы тарап, Еуропа мен Солтүстік Америкаға барған, жергілікті жабайы алма ағаштарымен будандасып, қазіргі алманың түрлі сорттары пайда болған.

"Алматыда алманы барлық жерден көресіз", - деп жазған ВВС арнасының тілшісі Көкбазарды, қаладағы билбордтар мен Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік музей экспонаттары және Көктөбені атаған.

"Аймақ өзін Malusdomestica отаны деп қуана атайды, бірақ Қазақстанда жабайы алма ағаштарына көңіл бөлінбейді. Қазіргі кезде Malussieversii сирек кездесетін түр саналады, 2007 жылы ICUN (Табиғат пен табиғи ресурстарды қорғаудың халықаралық одағы) қызыл тізіміне енген. Тоғайдағы аз қалған алма ағаштары коммерциялық іс-әрекет, мал шаруашылығы және орманды отау кесірінен жойылып кетуі мүмкін", - деп жазады Хаттон.

Your browser doesn’t support HTML5

Алматыдағы алма жәрмеңкесі