"Тікұшақты Қазақгейттің" Бельгиядағы сайлауға әсері

Францияның сол кездегі президенті Николя Саркози (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Париж, 19 қыркүйек 2011 жыл.

Батыс баспасөзі Бельгия сайлауына ықпал еткен "тікұшақ дауы", қазақстандық интернет қолданушыларға шектеу күшейіп, Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға заңсыз еңбек мигранты болып баратындардың көбейгені туралы жазған.

Бельгияның танымал басылымдарында осы аптада "Қазақгейт" туралы бірнеше мақала жарияланды. Француз тіліндегі медиа америкалық бизнесмен Джеймс Гиффенге қатысты 2000 жылдардың басындағы шулы жемқорлық оқиғасын ғана емес, Қазақстан билігінің шетелдегі саяси және қаржылық келісімдеріне қатысты өзге де халықаралық істерін осылай атайды.

Қазанның 14-і күні Валлонияда өткен аймақтық сайлауда екі негізгі француз тілді партия – либерал Mouvement Reformateur (MR) мен социалистер кәдімгідей сәтсіздікке ұшырап, бұған дейін ықпалы аз болған Ecolo-Groen "жасылдар" партиясы жаңа белеске көтерілді.

RTLInfo пікірінше, Валлония сайлаушылары MR партиясынан "Қазақгейт" үшін теріс айналған.

Франциялық France 24 сайты да сол даулы тақырыпты еске салып, Бельгияның француз тілді аумағында "басқаруға қарсы даулар, соның ішінде "Қазақгейт" сайлаушылардың Ecolo-Groen партиясын таңдауына ықпал етті" деп жазды.

Бельгияда 2014 жылы Қазақстанның 45 француз тікұшағын сатып алу туралы келісімге қатысты туған дауды "Қазақгейт" деп атайды. Бұл істе Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози, Қазақстанмен байланысы бар олигархтар Патох Шодиев, Александр Машкевич пен Алижан Ибрагимовтер аталады.

Бельгиялық саясаткер Арман де Декер. 2014 жыл.

Бельгия тарабынан негізгі тұлға ретінде танымал саясаткер – MR партиясының бұрынғы мүшесі, Уккелдің бұрынғы мэрі, Бельгия сенатының бұрынғы басшысы және бұрынғы вице-президент Арманд де Декерді атайды.

Тергеудің пікірінше, 2010 жылы тікұшақ келісіміне Шодиев, Машкевич және Ибрагимовтар себепкер болған, ол кезде Бельгияда оларға қарсы қылмыстық тергеу жүріп жатқан.

Іс материалы бойынша, сол кездегі Франция президенті Саркози келісім жасау аясында Назарбаевтың үш олигархты Бельгиядағы қылмыстық айыптаудан босату туралы өтінішіне келіскен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Францияның сол кездегі президенті Николя Саркози құжаттарға қол қояр кезде. Елисей сарайы, Париж, қазан, 2010 жыл.

Назарбаев өзінің бұл іске қатысы бар екенін терістеген.

Саркози президент болған кездегі кеңесшісі Жан-Франсуа Этьен де Розе мәміледе негізгі рөл атқарғанын және істің "саяси аспектісі болғанын" мойындаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Airbus Қазақстанға қатысты тергеуге ілікті

Бельгияның қатысына келсек, биыл мамырда Бельгия бас прокуратурасы Арманд де Декерді қызметтік жағдайын пайдаланғаны үшін айыпты деп таныған.

Тергеудің тұжырымынша, 2010 жылы сенат басшысы болған және жеке адвокаттық қызметтер көрсеткен заңгер Шодиевтің мүддесін қорғаған. Атап айтқанда, де Декер сол кездегі Бельгияның Әділет министрі Стефан де Клеркпен байланыс орнатып, Шодиевтің қылмыстық қудалаудан құтылуына көмектесетін заңға лоббилік жасаған.

Өз қызметі үшін заңгер 700 мың еуродан астам сыйақы алған деген ақпарат тараған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бельгияда "Қазақстан тікұшақтары" жайлы тексеру қайта жаңғырды

Айыптау қорытындысынан соң Арманд де Декер барлық қызметінен кетуге мәжбүр болған, MR партиясынан шыққан, бірақ бельгиялық БАҚ-тың пікірінше, бұл оқиға партияның беделіне нұқсан келтірген. Де Декер ұзақ уақыт басқарған Уккел коммунасында MR басым көпшілік дауыстан айрылған. БАҚ жағдайдың осылай боларын сайлауға дейін болжаған еді.

Де Декер сияқты MR партиясына мүше, Уккелдегі билікті қолына алған Борис Дийе коммуна мэрі лауазымында қалды, L’Avenir басылымының жазуынша, ол "сайлау жәшігі маңында сый-сияпатты аямаған". Оның партиясы 2012 жылы MR-ді қолдаған сайлаушылардың 15 пайызын жоғалтты, солайша коалиция құруына тура келді.

LaLibre басылымы сайлауға дейін жазғанындай, "Уккелге "Қазақгейтті" ұмыттырып, қайтадан сенімге кіру" Дийенің негізгі міндеті болмақ. Басылым дерегі бойынша, бүкіл сайлау науқаны кезінде ол даулы оқиғаға қатысты сұрақтардан жалтара алмаған.

"ТҮРМЕДЕН БІР КЛИК ҚАШЫҚТА"

Ұлыбританияның Economist журналына шыққан "Қазақстан түрмеден бір клик қашықтықта тұр" деген мақалада интернетті пайдалануда шектеудің күшейгені айтылады.

"Қазақстанда басқаша ойлайтындар қоғамдық кеңістікте пікірін білдіре алмайды. Ойран салушылар шағын жиынның өзін таратып жібереді. Кәсіподақ жетекшілері түрмеге түседі. Басылымдар мен телеарналар біраздан бері режимге қызмет етеді. <…> Қарапайым қазақстандықтар сән-салтанатқа бөленген Астананың қасында өз өмірлерінің күңгірт әрі сұрғылт екеніне наразы. Наразылық өсіп келеді, интернеттен де соны көруге болады. Ол жақта да дұшпан аулау басталды. <…> Биыл полиция [интернет пайдаланушыларды қуғындауға байланысты – Ред.] 46 іс тіркеді", - делінген мақалада.

Абловас Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақбердиева (жақта) мен оның адвокаты Жанар Сүндетқалиева сот залында отыр. Ақтау, 24 ыркүйек 2018 жыл.

Мысал ретінде Economist ақтаулық ерлі – зайыптылар Абловас Жұмаев пен Айгүл Ақбердиеваның ісін келтірген, билік оларды telegram-чаттағы пікірлері үшін қамаған. Азаттық бұл процесс туралы жазған.

Өткен айда Жұмаевты "мемлекетте төңкеріс жасамақ" болғаны үшін үш жылға түрмеге кесті, оның әйеліне қатысты іс әлі қаралып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтау тұрғыны "ҚДТ чаты" үшін сотталды

Басылым "Алматыдағы саяси пікірталас клубына бейресми қатысқаны" үшін сотқа берілген "жиһадшылар ісі" мен "арнайы қызметтің әуесқой өніміне ұқсас" Whatsapp-тағы видеороликті де еске салған.

Басылымның пікірінше, бұл екі оқиға бір-бірімен байланысты. "Оларға ортақ мәселе – 2009 жылы Қазақстаннан қашқан олигарх Мұхтар Әблязов. <…> Ақтаулық ерлі-зайыптылар Әблязов құрған, тыйым салынған чатқа пікір жазған. Видеоролик бойынша қамалған ер адамдардың бірі соның алдында әлеуметтік желіде Әблязовқа қолдау көрсетіп, пікір жазған", - дейді Economist.

Басылымның жазуынша, "режимнің бұл іске сонша күш салғаны таң қаларлық, себебі Қазақстанда Әблязовқа сүйсінетіндер аз". "Билік оның өзінен көрі үндеуінен көбірек қорқатын сияқты", - деп жазады басылым.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ "ЖҮРЕГІ АУЫРАДЫ"

Америкалық Diplomat басылымы Қазақстандағы жүрек-қан тамырлары ауруларына (ЖҚТА) қатысты материал жариялапты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) дерегі бойынша, 2014 жылы Қазақстандағы өлімнің 54 пайызына ЖҚТА себеп болған (жалпы алғанда, 84 пайыз өлім жұқпалы емес сырқаттан болған).

"Совет одағы тараған соң Қазақстанның денсаулық сақтау саласы он жылдам астам уақытқа созылған радикалды құлдырауды бастан өткерді. Үздік дәрігерлер елден кетіп қалды, қаржының аздығы медициналық жабдықтарды жөндеуге кедергі келтірді. Дәрігерлердің біліктілігін көтеріп, жаңа медициналық технологияны игеруге де қаржы тапшылығы тежеу болды. Осы құлдыраудың салдары әлі байқалады", - деп жазады Diplomat.

Diplomat дерегі бойынша, Қазақстан Еуроодақ, Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша рейтингте бастапқы орында тұр.

"Экономикалық белсенді тұрғындардың 12 пайызы, яғни, екі миллионға жуық адам осы сырқаттан жапа шегеді. Жыл сайын 350 мыңнан астам адамға созылмалы жүрек ақауы диагнозы қойылады", - деп жазады басылым.

Diplomat оның себебі ретінде "қалада кең тараған" диабет, семіздік, қан қысымының артуы, холестериннің артуы, алкоголь, шылым шегу мен натрийді (тұз бен сода) көп мөлшерде қолдануды атайды.

Қазақстанда науқастың жүрегіне операция жасап жатыр. (Көрнекі сурет.)

"Қоғам назарын ЖҚТА-ға аудару жағдай біртіндеп жақсарады деген үміт тудырады" деп жазған басылым жүрекке жасалатын операциялардың көбейгенін, білім беру стандарттарының артқанын және денсаулық сақтау саласында мемлекеттік бағдарламаның көбейгенін айтады.

Солай бола тұра, мақала авторы көп жерде қабылданған шараның жеткіліксіз екенін, ауылды жерлерде білікті мамандардың аздығын атап өткен, спирттік ішімдіктер ішу мен тұз тұтыну, шылым шегуге қарсы күрестің аздығын айтқан.

СЕУЛДЕГІ ҚАЗАҚСТАН МИГРАНТТАРЫ

Ағылшын тілді Eurasianet.org сайты жариялаған "Қазақстандық жұмысшылар тұрмысын жақсарту үшін Оңтүстік Кореяға кетіп жатыр" деген мақалада Қазақстанда соңғы жылдары пайда болған үрдіс: еңбек мигранттарының Оңтүстік Кореяға пайда табу мақсатында көптеп кетіп жатқанын айтады.

Сеулдің орталық көшелерінің бірі. Сәуір, 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

"Әдетте Орталық Азиядағы еңбек миграциясы дегенде Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан тәрізді экономикасы әлсіз аймақтар еске түседі. Бірақ мұнай бағасы құлдыраған соң Қазақстанда да экономикалық қиындықтар туды, оның азаматтары біліктілікті талап етпейтін секторда шетелге көз сала бастады. Әсіресе, Оңтүстік Кореяға кетушілер көп", - деп жазады Eurasianet.org.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея қысқа мерзімді сапар үшін виза режимін жою туралы екіжақты келісімге отырған. Сеулді "медицина туристері" қызықтырады, жыл сайын ол жаққа емделуге қазақстандықтар көптеп аттанады.

"Алайда, туристер Сеулге басқа мақсатпен кетіп жатыр. Қазақстандықтар Кореяға турист сияқты кеткенімен, ол жақта 30 күннен артық қалып, жұмыс іздейді", - делінген мақалада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Корея халқының еңбекқорлығына таң қалдым»

Сеулден түскен ресми ақпарат бойынша, соңғы екі жылда миграциялық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталған Қазақстан азаматтарының саны 15 есе артқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) бағалауынша, Оңтүстік Кореяда 12 мың қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр.

Басылым Оңтүстік Кореяда заңсыз қалған еңбек мигранттарының өмірі ауыр екенін айтады. Қажетті құжаттары болмағандықтан олар жертөледе немесе құрылыс орындарында түнейді, миграциялық тексерістен қорқып жүреді.

Оңтүстік Корея билігі Қазақстан азаматтарының елге келу тәртібін қатаңдатқан, қазір қолыңда кері қайтар жолыңның билеті мен емхана немесе турагенттіктен шақырту болуы керек. Солай бола тұра миграциялық полиция елге кіруге рұқсат етпеуге құқылы. Қазақстан СІМ дерегі бойынша, былтыр Оңтүстік Корея 5 мыңнан астам қазақстандықты қабылдаудан бас тартқан.