Accessibility links

Shell "ҚазМұнайГаздағы" үлесін сатып алудан бас тартты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Батыс баспасөзі Shell компаниясының тәуелсіз тексеру нәтижесіне сүйеніп, "ҚазМұнайГаз" компаниясындағы үлесін сатып алу жоспарынан бас тартқанын жазған. "Союз" апатқа ұшыраған соң АҚШ жеке ғарыш бағдарламасын дамыту туралы көбірек айта бастады. Қазақстанда төрт бүркітті еркіндікке жібереді.

САТЫП АЛУДАН БАС ТАРТУ

Bloomberg іскерлік ақпарат агенттігі Royal Dutch Shell ағылшын-голландиялық мұнай компаниясының "қазақстандық мұнай компаниясындағы жемқорлық қатері туралы пікірталасты қамтыған толық тексерісінен кейін" "ҚазМұнайГаз" компаниясындағы үлесін сатып алу жоспарынан бас тартқаны туралы жазады.

Агенттікке "жағдайдан хабардар дереккөздің" хабарлауынша, талдауды Debevoise&Plimpton LLP америкалық адвокаттық кеңсесі жүргізген. Тексеріс нәтижесі бойынша, қатердің бір факторы ретінде "президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың бейресми бақылау жасауы" аталған.

Әлемдегі нарықтық капиталдандыру деңгейі бойынша екінші орында тұрған Shell мұнай өндіруші компаниясы акция алғанның орнына "ҚазМұнайГаздың" "корпоративтік басқаруын" жақсартуға көмектесеміз депті.

Тимур Құлыбаев.
Тимур Құлыбаев.

Bloomberg дерегі бойынша, 2005 жылы "ҚазМұнайГаз" бірінші вице-президенті қызметінен кеткен Тимур Құлыбаевтың компаниямен "байланысын үзбегені туралы деректер бар". Мақалада Құлыбаевтың Kazenergy бірлестігі президенті екендігі және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы екені айтылған.

2014 жылы Тимур Құлыбаевтың "ҚазСтройСервис" (табысы 1,2 миллиард долларды құрайтын энергетикалық компания) акциялар пакетіне иелік ететіні анықталды. Оның ірі жобаларының бірі – ұзындығы 644 шақырымға созылатын газ құбырын 2013-2014 жылдары "ҚазМұнайГаз" компаниясына арнап салған.

Агенттік Moody's Investors Service-ке сілтеме жасап, "ҚазСтройСервис" компаниясының мұнай және газ секторында "инженерия, сатып алу және құрылысқа қатысты квазимонополиялы ұстанымда" екенін айтады. Өзінің Steppe Capital холдингілік компаниясының қаржылық есебі бойынша, 2016 жылдың желтоқсанында Тимур Құлыбаев KazStroyServiceGlobal компаниясының 32,2% акциясына иелік еткен.

"ҚазМұнайГаз" сәуірдегі бағалы қағаздар эмиссиясы аңдатпасында қатер факторлары ретінде Қазақстандағы жемқорлық мәселесінің елеулі екенін мойындаған. Компания Transparency International жасаған жемқорлық индексіндегі Қазақстанның рейтингісіне сілтеме жасапты.

"2017 жылы Қазақстан 180 елдің арасынан 122-орынды алса, 2016 жылы 176 мемлекеттің арасынан 131-орында тұрған" деп жазады Bloomberg.

"ҚазМұнайГаз" компаниясындағы үлесті сату 2015 жылы президент Назарбаев енгізген экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі "100 қадам" бағдарламасының бір бөлігі. Бұған дейін Азаттық Қытайдың CEFC компаниясы "ҚазМұнайГаз"-бен келісімшарт жасасудан бас тартқаны туралы жазған болатын.

"СОЮЗДЫҢ" АПАТҚА ҰШЫРАУЫ

Америкалық Time журналы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған "Союз МС-10" зымыранының әуеге көтерілген кезде апатқа ұшырауына қатысты пікір білдірген. Зымыранда болған ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейг аман қалған.

Time "Союзды ғарыш кемелері жүйесі ішіндегі бәрінен де мәртебелі" деп атағанын еске салып, "ресейлік техника өз атауын ақтады" деп жазады.

"Союз МС-10" зымыраны ұшырылған сәтті суретке түсіріп тұрған адамдар. Байқоңыр, Қазақстан, 11 қазан 2018 жыл.
"Союз МС-10" зымыраны ұшырылған сәтті суретке түсіріп тұрған адамдар. Байқоңыр, Қазақстан, 11 қазан 2018 жыл.

"Союз" зымыран-тасығышындағы ақау – техникалық тұрғыда бұрын-соңды болмаған әдемі көрініс. Тағы бір оң жағы: "Союз" істен жиі шыға қоймайды, бірақ бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 14:40-та Қазақстан даласында осындай жағдай болды. Одан кейінгі жағдайларды әлдене бұзылған кезде қалай дұрыс әрекет етудің шеберлік класы деуге болады" деп жазады Time журналы.

"Союз" зымыраны 1967 жылдан бері ұшырылып келеді, осы күнге дейін басқарылатын 139 зымыран ұшырылған. 1975 және 1983 жылдары ұшыру кезінде сәтсіз оқиғалар болды. Екеуінде де экипаж аман-есен қалған.

Адам қазасына әкелген екі оқиға болған: 1967 жылы "Союз-1" бортында отырған жалғыз ғарышкер Владимир Комаров опат болды; 1971 жылы "Союз-11" кемесімен ғарышқа ұшқан Георгий Добровольский, Владислав Волков пен Виктор Пацаевтар қаза тапты.

Екі жағдайда да орбитадан келе жатқан аппарат атмосфераға қайта кірген кезде проблема туындаған. "Тәжірибелік ұшырудан айырмасы аз ғарыш сферасында мұндай қайғылы оқиғалар әркез болмай тұрмайтын жайт саналады" деп жазады Time.

Басылым АҚШ-тың "ғарышқа шығаратын жалғыз жол ретінде" Ресейге тәуелді болып келе жатқанын айтады. NASA жетекшісі Джим Бриденстайн "Союздың" сәтсіздікке ұшырауын мұқият тексеретіндерін мәлімдеген. "Тергеу жасалу керек" деп жазады Time. "Егер бұл жұмыста Американың ғарыш саласындағы әлсіз тұстарына талдау жасалмаса, біреудің өз жұмысын атқармай отырғаны" дейді мақала авторы.

Америкалық Washington Post газеті де "Союз" апатына қатысты пікір білдіріп, ғарышкерлерді ұшырудың жеке жүйесін дамыту керектігі туралы АҚШ-қа қысым жасаушылардың көбейгенін ескертеді.

Соның ішінде биыл ұшыруға дайын ғарыш аппараттарын жасаймыз деген Boeing пен SpaceX компанияларының көмегіне жүгінсе болады. "Бірақ түрлі кедергілер туындағандықтан, олардың 2019 жылдың ортасына дейін дайын болуы екіталай" дейді автор.

Үш адамнан құралған тағы бір экипажды желтоқсанда халықаралық ғарыш станциясына ұшыру көзделген еді, бірақ "Союз" апатқа ұшыраған соң оның сапары күмәнді болып тұр. NASA лауазымды тұлғалары қазір ХҒС-де жүрген экипаждың өздерін алмастыруды күтпей Жерге оралуы мүмкін екені жайлы мәлімдеген.

"Бірақ NASA құны 100 миллиард доллар тұратын орбиталық зертхананы уақытша болса да бос қалдырғысы келмейді, оған тұрақты күтім жасау керек, бұған дейін оны жердегі қызмет көмегімен ғана басқарып көрген емес" деп жазады Washington Post.

ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУ ЛАГЕРІ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Америкалық CNN жаңалықтар сайтында "Қытай қайта тәрбиелеу лагерлерін заңдастырып жатыр" деген мақала жарияланды. Онда бұған дейін лагерлер туралы ақпаратты терістеп келген Шыңжаңның енді діни экстремизм бойынша айыпталған адамдарды "қайта тәрбиелеу орталықтарын" ресми түрде заңдастыра бастағаны айтылған.

Бұған дейін көптеген құқық қорғау топтары мұсылман азшылықты заңсыз қамау туралы хабарлаған, қамауда болғандар патриоттық ұрандарды мәнерлеп айтып, революциялық әндер шырқап, Қытай президенті Си Цзиньпиннің еңбектерін оқытқанын мәлімдеген болатын.

CNN сайтының жазуынша, лагерлерді заңдастыру туралы хабарлар "Қытай олардың бар екенін терістеген соң бір айға жетпей түскен".

Жапониялық Japan Times газеті жариялаған "Қытай Шыңжаңда мұсылмандарды қамау лагері үшін ретроактивті заңдық негіз жасап жатыр" деген мақалада "халықаралық сынақ күшейген сайын лагерлерге арналған заңдық негіздің пайда болғаны" айтылады.

Жергілікті билік қабылдаған заңнамалық ережелер "экстремизм ықпалына бейім адамдарды қайта тәрбиелеу үшін білім беру орталықтарын" ресми түрде қолдануға жағдай жасайды. Ол жерлерде қытай тілін оқытып, кәсіби және құқықтық дайындықтан өткізеді, "идеологиялық білім беріп, психологиялық сауықтыру мен мінез-құлықты түзету" шаралары жасалады.

"Қытай билігі қамау лагерлері бар екенін мойындамайды, бірақ ұсақ қылмыскерлер кәсіби "оқу орындарына" жіберіледі дейді. Орталықта болғандар өздерін ислам дінінен бас тартып, коммунистік партияға адал болуға ант беруге мәжбүрлегенін айтады" деп жазады Japan Times.

БОСТАНДЫҚ АЛҒАН БҮРКІТТЕР

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты биыл күзде Қазақстанда бүркіттің төрт балапанын еркіндікке босатып қоя беру жоспарланып отырғаны туралы жазыпты. Балапандар 1989 жылдан бері көбі "Қызыл кітапқа" енген, сирек кездесетін құстарды сақтаумен айналысатын Қазақстандағы жалғыз орын – Алматы облысындағы "Сұңқар" питомнигінде өсіп, жетілген.

Бұл балапандар туғаннан бері еркін жағдайда өсірілген, адаммен тікелей қарым-қатынаста болмаған, оларды сақтау түйсігін жоғалтпай өсіруге тырысқан.

Бүркіт. (Көрнекі сурет.)
Бүркіт. (Көрнекі сурет.)

Қазақстандағы "Қызыл кітапта" "саны күрт азайған, жоғалу алдында тұрған" жыртқыш құстардың түрі көп. Оған "браконьерлердің аулауы, өсіруге арналған ұядан заңсыз алу мен аңшылық мақсатта қолдану, жоғары вольтті электр желісіне ұрынып өлу және қақпанға түсу" сияқты жағдайлар себеп болады.

Eurasianet.org сайтының жазуынша, "Сұңқар" тәлімбағы ашылғаннан бері 638 сұңқар-ителгіні бостандыққа қоя берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG