Public Eye зерттеуі: Vitol мен Құлыбаевтың ықтимал байланысы

Vitol Group компаниясының штаб-пәтері. Женева, Швейцария, 26 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Батыс баспасөзі Public Eye зерттеуіне сілтеме жасап, "швейцариялық Vitol мұнай компаниясының Қазақстан президентінің күйеубаласы Тимур Құлыбаевпен байланысы" болуы мүмкін екені туралы жазды. Сонымен бірге шетелдік басылымдар Қазақстанның жасыл энергия саласындағы амбициясы, Нью-Джерсидегі "Қызыл трактор" көрмесі туралы мақалалар жариялаған.

ШВЕЙЦАРИЯ ІЗІ

Швейцариялық SwissInfo жаңалықтар сайтында жарияланған "Швейцариялық мұнай сатушыны қазақстандық элитамен байланысын пайдаланғаны үшін айыптайды" деген мақалада Public Eye үкіметтік емес ұйымының зерттеу нәтижесіне сүйеніп, Швейцариядағы екінші ірі компания - Vitol-дың Тимур Құлыбаевпен байланысы болуы мүмкін екені айтылған.

Public Eye ұйымының мәлімдеуінше, операциялар Vitol компаниясының голландиялық филиалы арқылы құрылған Ingma Holding NV кәсіпорны арқылы жасалған. Ұйым дерегіне сәйкес, Vitol Central Asia – Ingma-ның еншілес компаниясы.

Public Eye дерегі бойынша, Ingma Holding 2003 жылы Роттердамда тіркелген, вебсайты жоқ, Vitol компаниясының корпоративтік материалдарында аталмайды, сондықтан Public Eye есебін растау қиын.

Public Eye зерттеуінде штатында 11 қызметкері бар Ingma-ның 2009-2016 жылдары 93,9 миллиард доллар көлеміндегі табысын декларация жасағаны және 1,1 миллиард доллар көлемінде таза пайда тапқаны көрсетілген. Оның ондаған еншілес компаниясы бар, олардың төртеуі Швейцарияда – Женевада, Баар мен Лозаннада тіркелген.

Тимур Құлыбаев.

"Public Eye зерттеуі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың бірлескен кәсіпорыннан жанама түрде пайда тауып отырғанын айтады. Құлыбаев пен әйелінің Женева кантоны Аньерде үйі бар екен, оны 2009 жылы 74,4 миллион швейцария франкіне сатып алған", - деп жазды зерттеу қорытындысына сілтеме жасаған SwissInfo.

Басылымның жазуынша, Ingma акционерлерге миллиард доллардан астам сомаға дивиденд бөлген, соның ішінде Vitol компаниясы мен оның серіктестері бар, солардың арасында Құлыбаевпен байланысы бар үш тұлға аталады. Олардың бірі – үнді бизнесмені және Ingma акционері Арвинд Тику, оның Oilex NV компаниясы Ingma-ның 51 пайыз акциясына иелік етеді деп жазады швейцариялық басылым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Shell "ҚазМұнайГаз" үлесін сатып алудан бас тартты

2013 жылы Құлыбаев пен Тикуға қарсы күмәнді ақшаны заңдастыруға қатысты сот ісі басталған. Бұл сот ісін 2013 жылы жауып тастаған, бірақ оның материалдары екеуінің де Credit Suisse трастына иелік еткенін көрсетеді.

"2006 жылдың мамырынан тамыз айына дейін траст түрлі компаниялардан 600 миллион доллар алған. 2007 жылы трастан 283 миллион доллар Құлыбаевқа тиесілі Merix International Ventures компаниясына пайыздық несие түрінде берілген", - деп жазады SwissInfo.

Басылымның жазуы бойынша, Vitol компаниясы Құлыбаевтың Ingma-дан қандай пайда көретінін білмейтіндерін айтыпты. Public Eye Швейцария федералды кеңесін шикізат саудасы саласында ашықтық стандарттарын күшейтуге шақырған.

ЖАСЫЛ АМБИЦИЯ

Британдық Guardian газеті "Жаңа жасыл супердержава ма? Қазақстандық мұнай алыбы қара энергиядан құтылуға тырысады" деген видеорепортаж жариялады. Оның авторы Фиби Гринвуд Астана мен Арал маңындағы Тастанбек ауылында болып, ондағы жағдаймен танысқан.

"Қазақстан мұнай, газ бен көмірге бай, бірақ оның өмірлік президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді қазба отыннан жасыл энергияға көшірмек. Ауылдық жерде кедейшілік деңгейі жоғары, инфрақұрылымның күрделі проблемалары мен экологиялық дағдарыстан жапа шегіп жатқан ел бұл ойын жүзеге асыра ала ма?" - деген сұрақ қояды репортаж авторы.

"Батыс Қазақстанды автократиялық ел деп біледі, бірақ Назарбаев бір президентті отыз жылға жуық уақыт бойы қайта-қайта сайлау - демократия дейді. Осы уақыт ішінде президент пен оның елі мұнай, газ бен көмірдің үлкен қоры арқасында қатты байыды. Бірақ, осы ресурстарға қарамастан, 2016 жылы Назарбаев мұнай мен көмірден бас тартып, жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануға тапсырма берді", - деп жазады Астанада ЭКСПО көрмесі өткен жердегі суреттер көрсетілген репортажында Фиби Гринвуд.

2017 жылы Астанада өткен EXPO көрмесі кезінде түсірілген сурет.

Парижде өткен халықаралық кездесуде Назарбаев Қазақстан 2050 жылы энергияның 50 пайызын қалпына келетін ресурстардан алатын болады деп уәде берген. Оған елдің әлеуеті жетеді – жылына 300 күн бойы күннің көзі шығып тұрады, Қазақстан күн энергиясын табысты пайдалана алады және қазірдің өзінде бұл бағытта маңызды қадамдар жасады. Guardian басылымы Астанаға жақын маңда күн сәулесінен қуат алатын панель шығаратын орталық жұмысын бастағаны туралы жазған.

Сонымен бірге Guardian тілшісі "жасыл революцияның астанадан алысқа ұзамағанын" айтады. Репортаждың осы тұсында экологиялық апатқа ұшыраған Арал теңізі мен су деңгейі төмендеген соң теңізден 20 минут қашықтыққа алыстаған Тастабек балықшылар ауылының тұрғындары туралы бейнекадрлер көрсетіледі. Су құбыры, дәріхана мен емханасы жоқ ауылда тұрғындар билік тарабынан ешқандай көмек жоғын, соңғы бірнеше айда теңіз деңгейі 1,74 метрге төмендегенін айтып шағынады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кіші Аралдан көксерке аулаушылар көбейді

"Теңізі тартылып жатқан, адамдары жол мен су құбырына жарымай отырған мемлекетте, әсіресе үкімет осы жасыл революцияны қаржыландыруда жеке инвестицияға үміт артып отырған кезде президенттің жасыл энергия туралы амбициясы сәл мерзімінен бұрын айтылғандай көрінеді", - деп жазады Guardian тілшісі.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АВАНГАРД

Ұлыбританиялық Ocula.com жаңалықтар сайтында жарияланған "Назарда Қазақстан – ойлар жиынтығы: тарихты ойдан шығару" атты мақалада Нью-Джерсиде жақында ашылған қазақстандық "Қызыл Трактор" арт-тобы суретшілерінің Mana Contemporary заманауи өнер орталығы туралы баяндалған.

"Қазақстанға назар аудару" жобасының және ACAW заманауи азиялық өнер апталығы арнайы бағдарламасының бөлігі саналатын көрмеге кураторлары – Лиза Ахмади мен Владислав Слудский қатысқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Ұлы дала жаңғырығындағы» тарих бейнесі

Мақалада 1990 жылдардың басында негізі қаланған қазақстандық арт-топтың қалыптасуы егжей-тегжейлі баяндалған, оның құрамына қазір Саид Атабеков, Смаил Баялиев, Арыстанбек Шалбаев пен Виталий Симаковтар бар. 1995 жылдан бастап бұл топ табылған советтік ескі трактордың құрметіне "Қызыл Трактор" деген атауды таңдаған.

Ocula көрмедегі екі жұмысқа жан-жақты тоқталған, біріншісі - Молдақұл Нарымбетовтың "Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген" жұмысы. Ағаш, резіңке мен тас мүсіндерден құралған бұл туындының тәңіршілдік сипаты бар.

Екіншісі – Саид Атабековтің "Шыңғысхан туралы түстер-1" жұмысы. Онда бейнеленген жүзі мұқалған, саптары жоғары қаратылып қойылған кетпендер қажыған армияны еске салады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ирония, Ленин және қолжуғыштан жасалған "Коммунизм шыңы"

"Жүз жылға толар-толмас уақытта көшпелі мәдениеттен коммунизм мен капитализмге ауысқан Қазақстан күрделі әлеуметтік және саяси өзгерістерді бастан өткерді. 1980 және 1990 жылдары қайта құруды енгізу мен оның ақырына, экономикалық және саяси жүйені қайта өзгертулерге куә болды… Осы проблемалар "Қызыл Трактор" жұмысында анық көрінеді, өйткені оның бәрі дәстүр мен қазіргі заманның біте қайнасқан түйінімен тығыз байланысты. Руханият 1990 жылдан бастап [суретшілер] шығармашылық процесіне дем беріп келеді. Олар ислам дініне дейінгі тіл мен көне салт-дәстүрге, шамандық мемлекет пен рәсімдерге оралу арқылы ойлау, өмір сүру мен тұтынуда қасаңдықтан ада бола білген", - деп жазады Ocula.com.