Accessibility links

Астананы Қытай ықпалының күшеюінен сақтандырады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин
Назарбаев Батыс Қытай - Батыс Еуропа бағыты бойынша жаңа контейнерлік жүк тасымалы бағытын ашу рәсімінде тұр. Астана, 8 маусым 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин Назарбаев Батыс Қытай - Батыс Еуропа бағыты бойынша жаңа контейнерлік жүк тасымалы бағытын ашу рәсімінде тұр. Астана, 8 маусым 2017 жыл.

Батыс баспасөзі Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасының Астана үшін ықтимал қатерлері, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының жаңа қарыздары және Қазақстанның мигранттар қабылдайтын елге айналғаны туралы жазған.

"БІР БЕЛДЕУ – БІР ЖОЛ" ЖОБАСЫНАН ТӨНЕТІН ҚАТЕРЛЕР

Жапониялық Nikkei газеті Кеннеди атындағы Гарвард мектебінің аға ғылыми қызметкері Филипп Ле Коррдың "Қазақстан ["Бір белдеу – бір жол жобасынан"] әріге көз тастағаны жөн" деген мақаласын жариялады. Автор Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Қытайға тым тәуелді болудан арылу үшін өзге державалардың мүддесін ескеруді" ұсынған.

Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда маршруттарын қалпына келтіруді көздейтін Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасының Қазақстанға ықпалын талдаған Филипп Ле Корр Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында Қазақстан "түрлі ірі державалармен тең қарым-қатынас ұстай алды" деп жазған. Бірақ Пекиннің экономикалық ықпалы шапшаң артуына байланысты Астана "жаңа экономикалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қуатты көршісінің геосаяси амбицияларына төтеп бере алатын жол табуы қажет" екенін айтқан.

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас құрлық порты. Желтоқсан, 2017 жыл.
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас құрлық порты. Желтоқсан, 2017 жыл.

"Қазақстан мұны кейінге қалдырмауы тиіс, өйткені 77 жастағы Назарбаев биліктен кеткеннен кейін ел қандай саяси бағыт ұстанады деген алып-қашпа сөз көбейіп барады. Орталық Азия республикаларын тәуелсіздікке жетелеген совет дәуірінен бері келе жатқан басшылардың соңғысы былтыр парламент өкілеттігін күшейткен әрі кей сарапшылар басшылықтың ауысуына дайындыққа балаған конституциялық өзгерістер енгізіп көрді. Қазақстан билігі Еуропамен байланысын тереңдету мүмкіндігін пайдаланып қалуы, АҚШ және Ресеймен көбірек жұмыс істеу мүмкіндігін іздеуі тиіс" деп жазған Филипп Ле Корр.

Бұған қоса, мақалада шенеуніктер мен кәсіпкерлердің көпшілігі Қытай бастамасын құптап, қошеметтегенімен, "елдің Қытаймен арадағы байланысынан қарапайым қазақтар қауіптенеді" деп жазған. Әңгіме 2016 жылы көктемде биліктің ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктерге ұзақ мерзімді жалға алуына мүмкіндік беру ұсынысына байланысты өткен наразылық акциялары туралы болып отыр. Ол кезде жұрттың көбі жаңа заңның пайдасын Қытай компаниялары көреді деп санаған. Ақыры заңның резонансты нормаларының күші уақытша тоқтатылған.

Қазақстан мұны кейінге қалдырмауы тиіс, өйткені 77 жастағы Назарбаев биліктен кеткеннен кейін ел қандай саяси бағыт ұстанады деген алып-қашпа сөз көбейді

Пекин позициясы тұрғысынан алғанда, Қазақстан – 2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин "Бір белдеу – бір жол" бастамасы туралы алғаш рет жариялаған ел әрі Қытайдың халықаралық ықпалын күшейту мақсатындағы аса маңызды буын делінген мақалада. Автор Қазақстанның Қытай мен Ресей арасындағы стратегиялық маңызды нүктеде орналасқанына әрі осы екі елмен бәсекелес Ееуропа одағы мен АҚШ-тан шалғайда жатқанына назар аударады.

Қытайға тәуелділіктен арылу үшін сарапшы Қазақстанға өзге әріптестерімен, мысалы, Ресей, АҚШ және Еуроодақ елдерімен қарым-қатынасты тең ұстауды ұсынады. "Брюссельмен тығыз әріптестік орнату Қазақстанға саяси және экономикалық автономияны қамтамасыз етуге көмектесуі мүмкін" деп түйіндейді Филипп Ле Корр.

"ТІРШІЛІК ЕТУ ҮШІН" АЛҒАН ҚАРЫЗДАР

Вашингтонда шығатын Diplomat газеті "Қазақстанның энергетикалық компаниясы тіршілік ету үшін әлі қарыз алып жатыр" деген мақаласында сәуірдің ортасында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы 3,25 миллиард доллардың еуробондын сатылымға шығарғаны туралы жазған.

"ҚазМұнайГаздың" теңгерімді қамтамасыз етуге қабілетсіздігі оның үлкен құрылымын ұстап тұру үшін және компанияны болашақта жарым-жартылай жекешелендіруге дайындау үшін қаржылық демеуге әлі де тәуелді екенін көрсетеді" деп жазған Diplomat.

Мақалада 2015 жылы "ҚазМұнайГаз" күйреуге шақ қалған болатын деп көрсетілген. Автордың жазуынша, 2015 жылы желтоқсанда компания Женевада орналасқан Vitol трейдерінен үш миллиард доллар қарыз алған (шын мәнінде, Vitol оны болашақта мұнай сатып алу есебімен берген). Мұнай бағасының өсуі мен Қазақстанның ең ірі кеніштері – Қашаған мен Теңізден өндірілген мұнай көлемінің ұлғаюы "ҚазМұнайГаз" компаниясына Vitol-дан алған қарызын қайтара бастауға көмектесті. Кезінде оның бұл қарызы бес миллиард долларға дейін өсіп кетті деп хабарланған болатын.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының Астанадағы ғимараты.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының Астанадағы ғимараты.

Vitol-мен келісім-шарт бекіткенге дейін ұлттық компания өз еншілесі – Қашаған кенішін игеріп жатқан консорциумның 16,81 пайыз акциясы тиесілі KMG Kashagan B.V. компаниясындағы 50 пайыз үлесін сатқан еді. Бір қызығы, оны Қазақстан ұлттық банкі сатып алып, акциялар пакеті үшін 4,7 миллиард доллар төлеген. Қолма-қол ақша компанияның ұзақ жылдардан бері жиналған қарызының бір бөлігін жабу үшін қажет болған.

Мақалада "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ІРО-ға шығарар алдында компанияны "тартымдырақ ету" үшін Shell компаниясына "ҚазМұнайГаз"-дағы 10 пайыздық үлесін сатып алуды ұсынғаны көрсетілген. Парижде орналасқан Ротшильд инвестициялық банкінің кеңесімен жасалған бұл ұсыныс туралы бұған дейін Азаттық жазған.

Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішінің D жасанды аралындағы инфрақұрылым.
Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішінің D жасанды аралындағы инфрақұрылым.

МИГРАНТТАР ҮШІН ТАРТЫМДЫ ЕЛ

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайтының "Қазақстан – Орталық Азияның миграцияға тартымды елі" деген мақаласында еңбек мигранттарын Ресей мен өзге елдерге жіберіп жатқан Орталық Азияның өзге елдерінен Қазақстанның бір ерекшелігі – кейінгі жылдары бұл мемлекет мигранттарды шетелге жіберетін елден оларды қабылдайтын елге айналды деп жазған.

Мақалада жағдай соңғы он жыл көлемінде өзгерді әрі бұл Қазақстан экономикасының, мысалы, құрылыс секторының шапшаң өсуі мен Ресей экономикасындағы проблемалар сияқты факторлармен байланысты деп топшылайды. Мақала авторларының жазуынша, Кавказ және Азиядан шыққандарға ксенофобиялық көзқарас күшейіп тұрған Ресейде мигранттарды кемсіту проблемасы бар, ал Қазақстандағы толерантты орта Орталық Азияның көрші елдерінен барған мигранттар үшін анағұрлым тартымды болып көрінеді.

XS
SM
MD
LG