Азия жаһанданудың жаңа қозғаушы күшіне айналуы мүмкін

Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ұлыбритания патшайымы екінші Елизавета патша күймесінде кетіп барады. Букингем сарайы, Лондон, 20 қазан 2015 жыл.

Батыста жаңа саяси үрдістер қарқын алған тұста жапон газеті «түбінде Азия әлемдегі жаһандану процесінің қозғаушы күшіне айналуы мүмкін» деген болжам жасайды.

ЖАҢА ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІ ЖАЙЛЫ БОЛЖАМ

Жапонияда шығатын Diplomat газеті «Жаһанданудың азиялық сипаты» атты мақаласында «жаһанданудың құбылмалы қарқыны» жайлы жазған. Мақала авторлары Ұлыбритания Еуропа одағынан шығуды ұйғарған тұста Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АІІВ) алғашқы съезін өткізуін оның индикаторларының біріне балайды. «Қарапайым тілмен айтқанда, Батыс жаһандану процесіндегі қозғаушы рөлін біртіндеп Шығысқа, оның ішінде Азияға береді» деп жазады Diplomat.

Мақалада АҚШ-тағы Дональд Трамп пен Берни Сандерс, Ұлыбританиядағы Джереми Корбин мен Найджел Фараж немесе Франциядағы Марин Ле Пен тәрізді «протекционистік платформасы бар саясаткерлердің өрлеуін» сипаттаған. «Бұлар қазіргі қағидаларға қарсы наразылық танытушы оқшау тұлғалар деп саналғанымен, қазір олардың көзқарастары барған сайын көбірек танылып келеді» делінген мақалада.

Бірақ Азия елдері өз мүддесін халықаралық сауда-саттық пен аймақтық ынтымақтастықты дамыту және әлемдік мүдделерді қорғаумен көбірек байланыстырады деп жазады басылым. Әйткенмен мақала авторы, Лондонда тұратын саясаттанушы Читиги Бажпайи Азия жаһандануға қатысты пікірталастардың көшбасшысына айналады деп айтуға әлі ерте деп санайды. «Қысқа және орта мерзімді кезең ішінде жаһандану бәсеңсіп, батыс елдері барған сайын томаға-тұйықтала түседі, ал Азия елдері бұл вакуумды толтыруға әзірше қауқарсыз. Бұл бақылаусыз территориялардың көбейіп, ғаламдық нормалар мен институттардың күйреуіне және трансұлттық қатерлерге тойтарыс беру мүмкіндігінің шектелуіне ұласады» деп жазады Diplomat газетінің авторы.

ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ МАРИХУАНА

Американың Metroactive газетінде жарияланған «Батыс өркениетін «наша» саудагерлері құрған ба?» деген мақалада адамзат өркениеті Батысқа қарай дамыған тұста марихуана сауда-саттықтың негізгі элементі болған деген болжам айтылған. Vegetation History and Archaeobotany академиялық журналында жарияланған зерттеу деректеріне сәйкес, Еуразия континентінің екі жағын жайлаған адамдар марихуананы 10-12 мың жылдай бұрын бір-бірінен тәуелсіз тауып, пайдалануды үйренген. Әлгі зерттеуде Шығыс Азияда марихуананы пайдалану қола дәуірінің бас кезінде, яғни бес мың жылдай бұрын континентаралық сауда дамуына байланысты тараған болуы мүмкін деп жазады.

Израильдің Сафед қаласындағы сора өсетін плантация. 7 қараша 2012 жыл.

«Қола дәуірінің басына қарай дала көшпенділерінің ұшы-қиыры жоқ территорияны жайлауға мүмкіндік беретін салт атпен жүру өнерінің майталман шеберлеріне айналуы бірнеше мың жылдан кейін әйгілі Жібек жолына айналған Еуразия бағытының бойында сауда жолдарын түзуге ұласты. Қола дәуірінде қаланған жол Шығыс пен Батыс арасында талай тауардың, оның ішінде марихуананың да таралуына септескен шығар» деп болжайды Metroactive басылымы.

Ал Американың News4Jax.com жаңалықтар сайты АҚШ-тың Флорида штатында алғаш рет заңды түрде өсірілген марихуана өнімі жайлы хабарлайды. Оны мемлекеттен марихуананы медициналық мақсатта өсіріп, ауыр дертке шалдыққан жандар мен ажал аузында жатқан науқастар үшін қолдануға рұқсат алған алты компанияның алғашқысы – Surterra Therapeutics компаниясы ашқан екі өндіріс орнының бірінде өсірген.

Жабайы сораны өртеп жатқан адам. Красноярск өлкесі, Ресей, 12 шілде 2012 жыл.

Енді Флорида штаты заңдары медициналық марихуананың екі түрін – кей дерттің қозуын тоқтатып, белгілерін жеңілдетуге көмектеседі деп болжанған Charlotte's Web тәрізді эйфориялық емес түрі мен әл үстіндегі науқастардың жанына батқан ауруын, лоқсу мен өзге симптомдарын басатын толыққанды марихуананы пайдалануға рұқсат етеді.

Егер қараша айына жоспарланған дауысқа салуда сайлаушылардың 60 пайыздан көбі әлгіндей марихуананы ауыр дертке шалдыққан науқастар үшін пайдалануды құптаса, мұндай компаниялар көбеюі мүмкін. Алдын ала есеп бойынша, қазір Флоридада 450 мың ауыр науқас адам бар.

Мақалада медициналық мақсатта пайдаланылатын марихуана түрінің әдетте көңіл-күйді көтеру үшін қолданылатын марихуана түрлері сияқты әсері жоқ деп түсіндіреді. Флоридада марихуана шегуге заңмен тыйым салынған, сондықтан түскен өнімнің бәрі май, аэрозоль, бальзам және капсулалар жасауға жұмсалады.