New York Times Астананы «Солтүстік Дубай» деп атайды

Бейбітшілік және келісім сарайының алдын тазалап жүрген жұмысшылар. Астана, 6 ақпан 2015 жыл.

Батыс баспасөзі Астана мен Қазақстанның дамуы, Жібек жолының пайда болуы туралы жаңа теория және Моңғолияда тұратын Айшолпан жөнінде түсірілген «Бүркітші» фильмі жайлы комментарийлер жазған.

АСТАНАДАН АЛҒАН ӘСЕРЛЕР

Осы аптада америкалық New York Times газетінде «Қазақстанның постсоветтік кезеңде құрылған астанасы тамыр жая бастады» деген мақала жарияланды. Журналист Энн Барнард Астанаға барған сапарынан алған әсерлерін «Қаланың бой көтеруінің өзі Мәскеу мен Ресейдің оңтүстік перифериясында жатқан мұсылмандар көп тұратын аймақтар – Кавказдағы мемлекеттер мен жартылай автономды республикалардан бастап Түркиядан солтүстікке қарай Қазақстанның шығысындағы ең шеткі шекарасына дейін, Катмандудан да ары жатқан шығыс елдері арасында ғасырларға созылған беймаза биді көрсетеді» деп сипаттаған. New York Times тілшісі Астананы «Солтүстік Дубай» деп атап, қаланы әбден мақтаған.

Энн Барнардтың пікірінше, «Астана – Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеумен ептілікпен тіл табысуының көрінісі». Елдің тәуелсіздік алған кезден бергі жалғыз президенті Нұрсұлтан Назарбаев биліктің мәлімдеуінше, бұл қызметке бес рет сайланған, ал соңғы рет сайлаушылардың 97,5 пайыз дауысын алған. «Ол Еуропадан гөрі Ресейдегі және одан гөрі Түркиядағы өктемшіл адамның режиміне көбірек ұқсайтын «жеңілдетілген өктемшіл» жүйе құрды».

Кей саясаткерлер конституцияға жуырда енгізілген кезекті өзгертулерді осы жүйе көріністерінің бірі деп санайды. Заң жобасы парламентке наурыздың 3-іде ұсынылған, ал парламент наурыздың 6-сында конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңды бір сағатқа жетпейтін уақытта қабылдап, наурыздың 10-ында оған президент қол қойған. Қазақстанда өзгерістер жобасын жұрт әрқилы қабылдаған.

Уәделі пәтерлерді уақытында сала алмаған құрылыс компаниясының үлескер-инвесторлары Алматы аудандық 2-соты ғимараты алдында тұр. Астана, 13 шілде 2016 жыл.

New York Times газетінің тілшісі Астанадан алған әсері жайлы комментарийінде Назарбаевтың кей «жетістіктерін», мысалы оның басшылығымен Қазақстан «ресурстарға бай және маңызды мемлекетке» айналғаны, ядролық қарудан бас тартқаны, Ресей мен көрші мұсылман елдері арасында ұстанатын оңтайлы маневрлері және ұлтаралық жанжалдарға жол бермей отырғаны үшін мақтаған. New York Times газеті мақаласындағы бұл тұжырымдар Қазақстандағы оқырманға мүлде таңсық болып көрінбеуі мүмкін, өйткені ел билігіне іш тартатын баспасөз ондай тұжырымдарды жылдан жылға таратып келеді.

«Қазақстанға әлі де болса демократия мен ұтымды басқару жағы жетіспейді, елдің коррупция және баспасөз еркіндігі рейтингілеріндегі нәтижелері нашар. Шағын, онша жайлы емес қалаларда тұрмыс деңгейі әлдеқайда төмен, ал инфрақұрылымы нашар және көмір тозаңдарымен ластанған болуы мүмкін» деп жазады New York Times.

ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫ

Ұлыбританияның Daily Mail газетіндегі «Жібек жолы бес мың жылдан көп бұрын малына жаңа жайылым іздеген көшпенділердің ізімен пайда болған» деген мақалада Ұлы Жібек жолының пайда болуына қатысты жаңа гипотезаны сипаттаған.

Сент-Луистегі Вашингтон университеті ғалымдары Ұлы Жібек жолын географиялық тұрғыдан сипаттау үшін математикалық модельдеу әдісін пайдалану арқылы жайылым іздеп малын өрістен өріске айдаған көшпенділердің жүрген жолын картаға түсірген. Ғалымдардың сөзінше, осындай әдіспен құрастырылған карталар Жібек жолы бойындағы тау жолдары көшпенділер маршруттары бойындағы қысқа дистанцияларда тауар алмасу орындары ретінде пайда болған, ал саяхатшылар шалғай жерлерге сирек аттанған деген тұжырымды негіздейді.

Еуропадан Азияға теңіз арқылы жүзу қарышты дамығаннан кейін қазіргі Орталық Азия территориясы арқылы өткен Жібек жолы да транспорттық мәнінен айырылған болатын.

ЖАС ҚЫЗ АЙШОЛПАН

Австралияның Sydney Morning Herald газетіндегі «Бұл тамаша бойжеткен жайлы тамаша хикая, бірақ «Бүркітші» шынымен өмірден алынған екеніне кейбіреулер сенбейді» деген мақалада британдық режиссер Отто Беллдің «Бүркітші» (Eagle Huntress) деректі фильміне комментарий жазған. Фильмде Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпанның өмірі сипатталған, ол туралы Азаттық та талай жазған. Ол бүркітпен аң аулаудың ежелгі дәстүрін дәріптейтін өзіндік символға айналды.

Айшолпан «Алтын қыран» аймақтық жарыстарында тәжірибелі 70-тен аса жігітпен таласып, бас жүлдені жеңіп алған ең жас бүркітші ретінде танылды. Айшолпанның әкесі Нұрғайып – Моңғолиядағы белгілі бүркітшілердің бірі, ол ер адамдар ғана бүркітші бола алады деген дәстүрге қарамастан, қызының бүркітші болсам деген құлшынысын қолдаған. «Бүркітші» Батыста кең танылған фильм. Фильм жайлы көбінесе жағымды пікірлер жазылды, бірақ кей сыншылар деректі фильмнен гөрі «қойылымға көбірек ұқсайды» деп жазған.

Әлгі сынға Отто Белл фильмде сахналық көріністер мүлде жоқ деп мәлімдейді.

«[Бүркітші] диснейлік мультфильмге ұқсайтын шығар, бірақ «Бүркітші» - 2014 жылғы шілдеден бастап 2015 жылғы ақпанға дейін батыс Моңғолияға үш мәрте барып түсірілген деректі фильм» деп жазады Sydney Morning Herald. Мақалада «Бұл – отбасы қолдаған жігерлі әрі ыждаһатты қыз баланың неге жете алатынын көрсететін шаттандыратын, жасампаз ертегі» делінген.

Газетте фильм жарнамасында Айшолпан – әлемдегі тұңғыш әйел бүркітші деген ойды тура болмаса да меңзейтіні айтылған. «Олай емес, бұл атаққа 26 жастағы қазақстандық заңгер лайықты, мұны Отто Белл де мойындайды. Бірақ ондай қыздар сирек кездеседі, ол әсіресе теледидарда сымбатты көрінеді» деп жазады Sydney Morning Herald.

Мақала соңында Отто Белл «бұл, шындығында, әкесі мен қызы жайлы хикая. Айшолпанның жұртқа танылайын деген ойы болған жоқ. Шын мәнінде, ол әкесімен бірге аң аулауға ғана барғысы келгенін мен білемін» дейді.