"САҚ" ДИПЛОМАТИЯ
Вашингтонда шығатын Diplomat газеті "Қазақстан Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлерінде отырған қазақтарға қатысты Қытайға абайлап қарсылық білдіреді" деген мақаласында Қытайдың солтүстік-батысында тұратын этникалық қазақтарды ұстауға байланысты оқиғалардың өрбуін жан-жақты сипаттап жазған.
Азаттық мұндай "қайта тәрбиелеу" орталықтарында отырып шыққан әрі қамауда тартқан азабы мен көрген қорлығы туралы айтып берген бірнеше адамның әңгімесін жариялаған болатын.
Оқи отырыңыз: Қамауда не көргенін айтушылар көбейді
"Қуғын-сүргін деңгейі жаппай ДНК үлгілерін алудан бастап төлқұжаттарын тартып алу, ұстап әкетіп, "қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамауға дейін күшейген. […] Бұл мәселе бойынша тым көп шу шығармау үшін Астана асқан құнттылық танытты, бірақ қуатты көршісімен абайлап сөйлесіп, азаматтарын босатуға тырысты" деп жазған Diplomat.
Radio Free Asia (RFA, Азат Азия Радиосы) дерегінше, 1991 жылдан бері Қытайдың 200 мыңға жуық этникалық қазағы Қазақстан азаматтағын алған, көбінің ол жақта туыстары қалған.
Туыстары Қытайға кетіп, оралмағандар туралы Азаттық видеосы:
Your browser doesn’t support HTML5
2017 жылдан бері БАҚ-та жарияланып жатқан көптеген мақалаларда Шыңжаңдағы "жағдай нашарлап кеткені" айтылады. 2017 жылы тамызда ол жақта ондаған этникалық қазақтың ұсталғаны хабарланған. 2017 жылы қарашада RFA ұйғырлар мен этникалық қазақтарды қамауға бөлінген квота (RFA дереккөзінің ақпаратына сәйкес, аптасына үш мың адамға дейін); этникалық қазақ кәсіпкерлерді ұстап әкету; полиция бақылайтын "қайта тәрбиелеу орталықтары"; "ислам діні киімін киіп, намазға жығылған" оқушыларының үстінен мұғалімдердің сөз тасуы; Құран-кәрім мен намаз оқитын кілемшелерді тартып алу үшін этникалық қазақтардың үйлеріне жүргізілген рейдтер; Шыңжаңда дүниеге келіп, 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алған боксшы Қанат Исламның жекпе-жегі түсірілген әрі Қытайда тыйым салынған видеоны көргені үшін 50 этникалық қазақтың ұсталғаны туралы бірнеше мақала жариялаған.
Зерттеуші Адриан Ценцтің есебінде 2018 жылы сәуірде АҚШ Мемлекеттік департаментінің аға дипломаты "қайта тәрбиелеу" орталықтарында қамауда отырған адамдар саны ондаған мың деп бағалаған делінген.
Оқи отырыңыз: Профессор Коллинс: "Шыңжаң – Тибет емес"
Қытай қазақтарының қысым көруі талқыланды (Алматы, 24 сәуір 2018 жыл):
Your browser doesn’t support HTML5
"Қазақстан қамаудағы қазақстандық азаматтар туралы мәселені дипломатикалық арналар арқылы қозғап жатқаны анық, бірақ бұл абайлап, байыппен жасалып жатқан әрекет әрі нәтижесі де тұшымды емес болып көрінеді" деп жазған Diplomat.
Қазақстан қарастырған шаралар ішінде 2017 жылы қарашада Қытайдағы Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышевтің Қытай сыртқы істер министрі Ли Хуэйлаймен кездесуін, Қазақстан сыртқы істер вице-министрі Ақылбек Камалиденовтің Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесуін және Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың өткен айдағы мәлімдемесін атаған.
Бұл мәселені шешуге тырысып жатқан Астана өзінің әлеуметтік және экономикалық мүддесі арасындағы теңгерімді ұстап отыр деп жазған басылым. Diplomat Алматыдағы КІМЕР университетіне қарасты Орталық Азия зерттеу орталығының директоры Наргис Қасенованың "Меніңше, біздің ресми тұлғалар шын көңілімен алаңдаулы. Бірақ Қазақстанның Қытайға тәуелділігі ұлғайып бара жатқанын ескерсек, олардың қолынан көп нәрсе келмейді" деген сөзін келтірген.
"ТҮЗ ДАЛАДАҒЫ ҒАРЫШ СТАНЦИЯСЫ"
Америкалық Business Insider бизнес саласындағы жаңалықтар сайты израильдік фотограф Томер Ифрахтің Астанада түсірген суреттерін әлемдік кей бұқаралық ақпарат құралдары жазған комментарийлермен қоса жариялаған.
Астананы сипаттаған мақалада президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет астанасын "қу тақыр даладағы жұрт көп білмейтін қалаға" көшіріп, оны "Астана" деп атады және қаланы жобалау үшін аты әлемге әйгілі жапон сәулетшісін шақырды деп жазған. Қазір көп адамдар Астананы ол жобалаған Канберра, Бразилиа және Вашингтон сынды әлемдік астаналармен салыстырады.
"Қаланы жайлаған сюрреалистік атмосфера тудырған мұнтаздай жинақы және қорқыныш тудыратын көшелері – Астананың архитектуралық кереметтері. Астананы CNN әлемдегі "ең ақылға қонымсыз астана", ал Guardian "түз даладағы ғарыш станциясы" деп атаған" деп жазған Business Insider.
"Бір сағат бойы құла түздің үстімен ұшасың, ал сосын, тұтқиылдан, айналасында әлдебір ферма немесе қаланың шетіндегі үйлер сияқты көз тоқтатар бұдыр жоқ Астана шыға келеді" деп жазған Independent.
Guardian басылымына сілтеме жасаған Business Insider "Астанада тәртіп мығым. "Тазалықтың бақыланатыны" көшелерінен көрініп тұр" деп жазған.
Washington Post газетінен "Астанада тіршіліктің көп бөлігі ғимарат ішінде өтеді, қыста минус 40 градусқа дейін суытатын Астана – әлемдегі ең суық екінші астана" деген цитата келтірген.
"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АВТОКРАТТАРЫ ӘЧ-2018 АШЫЛУЫНДА"
Ұлыбританиялық Telegraph газеті "Ресей әлем чемпионатында El Gasico-ны ұтып жатқанда Владимир Путин кемеңгер қожайынның рөлін ойнай алатынын дәлелдеп жатты" деген мақаласында футболдан Ресейде өтіп жатқан әрі БАҚ-тардың хабарлауынша, ашылу рәсіміне Батыс елдері басшылары бармаған, бірақ постсоветтік елдердің бірқатар басшылары қатысқан әлем біріншілігі жайлы комментарий жазған. Қонақтардың арасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Чемпионат Moscow Times басылымының "Қартайып бара жатқандар мен тәжірибесіздер: Ресей неліктен сәтсіздікке ұшырайды" деген мақаласындағы болжамына қарамастан, 5:0 есебімен ресейліктерге күтпеген жеңіс әкелген Ресей мен Сауд Арабиясы құрамаларының матчымен ашылды.
Алғашқы матчқа Владимир Путин мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бин Салман қатысты. "Путин Сауд Арабиясының король отбасы [өкілінің] компаниясында рахаттануына болады, өйткені оның қабылдауын күткен өзге жоғары лауазымды тұлғалардың тізімі тым шолақ. Қабылдауды сұраған өтініш Панама, Молдова, Қазақстан және Өзбекстан басшыларынан ғана түскен. Эммануэль Макрон егер Франция келесі раундқа шықса, Мәскеуге баруы мүмкін екенін айтты, бірақ халықаралық қатынастардағы Ресейдің серпінді қадамы әзірше көрінбейді" деп жазған Telegraph чемпионат ашылған күні.
Ашылу рәсімінде Батыс басшыларының болмағанын ұлыбританиялық Guardian газеті "Әлем чемпионаты ашылуына қатысқан қонақтар тізімі көбінесе бұрынғы Совет одағы елдерінен тұрады" деген мақаласында да көрсетіп, Кремльдің шақыруын қабыл алғандар тізімінде "Орталық Азия автократтары мен Сауд ханзадасы" бар деп жазған.
Владимир Путиннің Батыс басшыларымен дүрдараздығы әлем чемпионатының ашылу рәсіміне президенттер мен премьер-министрлердің қатысуы постсоветтік қана мәселеге айналғандай болып көрінеді" делінген Guardian басылымының турнир ашылғанға дейін жариялаған мақаласында.
"Ашылу рәсіміне Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қатысты " деп жазған Guardian. Басылым Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың Путин "қонақтардың бәрін Мәскеуде көруге қуанышты, әрі бұл ең жоғары деңгейдегі АҚШ қонақтарына да қатысты, әрине" деген сөзін де келтірген.