Грузияның экс-президенті, Украинаның Одесса облысының бұрынғы губернаторы, оппозициялық "Жаңа күштер қозғалысы" партиясының жетекшісі Михаил Саакашвили желтоқсанның 8-і күні Киевте уақытша ұстау абақтысына қамалғаннан кейін аштық жариялаған. Бұл туралы журналистерге Саакашвилидің адвокаты Руслан Чернолуцкий хабарлады. Адвокаттың сөзінше, Саакашвили бостандықтағы жақтастарын жексенбіге белгіленген Украина президентіне импичмент жариялау туралы қарсылық акциясына шығуға шақырған.
Сенбіге қараған түні Михаил Саакашвилидің жақтастары оппозициялық саясаткерді сол жерде қамауда ұстап отыр деген болжаммен парламент ғимараты жанындағы полиция бөлімшесі алдына жиналып, "Масқара!", "Киев, оян!" деп айқайлады. Бөлімшенің алды қаптаған полиция қызметкеріне толды. Саакашвилидің серігі Давид Сакварелидзе Украина президенті Петр Порошенконы Одессаның бұрынғы губернаторы әрі "Жаңа күштер қозғалысы" оппозициялық партиясы жетекшісі Михаил Саакашвилиді қудалады деп айыптап, Киев тұрғындарын саясаткерді ұстауға наразылық белгісі ретінде көшеге шығуға шақырды.
- Бүгін Порошенко рекорд атаулыны жаңартып, саяси қарсыласын қудалаған диктатор ретінде тарихқа енді, - деді Сакварелидзе NewsOne телеарнасына.
Саакашвилидің жақтастарының Азаттыққа айтуынша, саясаткерді желтоқсанның 8-і күні достарының пәтерінен ұстап әкеткен. Сакварелидзенің сөзінше, оппозиционерді ұстауға Украина қауіпсіздік қызметінің (СБУ) өкілдері барған.
Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бас прокурор Юрий Луценко "құқық органдары күш қолданбау үшін және қантөгіске ұласпауы үшін барынша тырысты" және "Саакашвили уақытша тергеу абақтысына қамалды" деп хабарлады.
БІР АПТАДА ЕКІНШІ МӘРТЕ ҰСТАУ
Жұма күні ұсталардан бірер сағат бұрын Михаил Саакашвили украиналықтарды жексенбі, желтоқсанның 10-ы күні наразылық акциясына шығуға шақырған болатын. Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған хабарламасында Саакашвили жақтастарына "тамағым бітіп, дауысым шықпай қалды, дене қызуым да көтеріліп тұр", бірақ 2013-2014 жылдары ресейшіл президент Виктор Януковичті биліктен қууға ұласқан наразылық акциясы өткен Тәуелсіздік Майданы алаңындағы марш кезінде, "сіздермен бірге боламын" деп хабарлаған.
2015 жылы Украинаның Одесса облысының губернаторы болып тағайындалып, бірақ бір жылдан кейін отставкаға кетіп, Порошенкоға қарсы оппозициялық іс-әрекетті бастаған Саакашвили кейінгі күндері болып жатқан аласапыранда қолдау танытқаны үшін жақтастарына алғыс айтты.
Желтоқсанның 5-і күні Киевтегі Саакашвилидің пәтерін тінту үшін барған күш құрылымы қызметкерлері оларға бағынбай үйдің шатырына шығып кеткен оппозициялық саясаткерді түсіріп алып, қызмет көлігіне күштеп салған болатын. Бірақ көшеде оны жақтастары көліктен босатып алған, сосын ол өзін қолдайтын адамдармен бірге наразылар шатыр тігіп алған парламенттің алдына жаяу барған. Бір күннен кейін полиция әлгі лагерьде тінту жүргізген, бірақ Саакашвилиді ұстамаған. Полиция оның тергеуге өз еркімен келуіне 24 сағат мұрсат берген.
Саакашвилиді ұстау және босату (5 желтоқсан):
СААКАШВИЛИГЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР
Украинаның ресми тұлғалары Михаил Саакашвилиді 2014 жылы биліктен қуылып, Ресейге қашып кеткен Украинаның экс-президенті Виктор Янукович басқарған "қылмыстық топқа" қатысы бар деп айыптайды. Киев Саакашвилидің ұйымдастырған наразылық акциялары Ресейдің Украинаға қарсы қастандық әрекетінің бір бөлігі болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Миахил Саакашвили бұл айыптарды жоққа шығарады.
Желтоқсанның 9-сына қараған түні Михаил Саакашвилидің адвокаты Руслан Чернолуцкий клиентіне тағылған айыптарда қылмыс құрамы жоқ, ал істің саяси астары бар деп мәлімдеді.
Саакашвилидің ісіне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқан тергеу абақтысынан шыққаннан кейін Саакашвилидің ондаған жақтасының алдында сөйлеген сөзінде адвокат: "Ол (Саакашвили - ред.) ешкімнен ешқандай ақша алмағанын айтты. Бұған қоса, билікті құлатуға ешқандай ақша аударылған жоқ, бейбіт шеру, бейбіт акциялар ғана өткенін өздеріңіз көрдіңіздер ғой" деді.
Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Чернолуцкий қорғаушы тарап саясаткерге қатысты бұлтартпау шарасын белгілейтін сотқа дайындалып жатыр деп хабарлады. Бұған қоса, ол әлеуметтік желіде Саакашвилидің қолымен жазылған үндеуді жариялады. Саясаткер хатында жақтастарын "ештеңеден қорықпауға және Украина президентіне "Импичмент жариялау" бір апталық бейбіт акциясына жасқанбай шығуға шақырған.
Саакашвилидің пәтерінде тінту "Жаңа күштер қозғалысы" партиясы Киевте Украина президенті Петр Порошенкоға импичмент жариялауға және импичмент жариялауды қарастыратын заң қабылдауға шақыратын митинг ұйымдастырғаннан кейін жүргізілген.
Желтоқсанның 8-і түн ортасында Порошенко Саакашвилидің үстінен қозғалған істі тергеуге халықаралық сарапшылар көмектесе алады деп мәлімдеп, Саакашвилидің соты әділ өтетініне сенімді екенін айтқан.
Литва президенті Даля Грибаускайтемен кездесу үшін Вильнюске барған сапары кезінде Порошенко журналистерге "айыптауға сенімді күшейту үшін қосымша сараптамалар, оның ішінде халықаралық ұйымдардың сараптама өткізуі қажет болуы мүмкін деп санаймын" деп мәлімдеген.
Саакашвили "тағылған айыптар бойынша тергеушілер мен қоғам алдында жауап беруі тиіс. Егер ол жауап бермесе, оған тағылған айыптаулар негізді деген сөз. Егер ол тергеуден жалтаратын болса, беделіне нұқсан келеді" деді Порошенко.
Айыптаушы тарап Саакашвилиді электронды білезік арқылы бақылап, үй қамағында ұстауды талап етеді. Бұл жайлы желтоқсанның 9-ына қараған түні бас прокурор Юрий Луценконың баспасөз хатшысы Лариса Сарган хабарлады.
Михаил Саакашвилиді ұстап әкеткеннен кейін ондаған жақтасы оны сол жерде ұстап отыр деген оймен Украинаның қауіпсіздік қызметі ғимараты жанында түнеп қалған. Олар жылыну үшін от жаққан. Саакашвилидің жақтастарының тағы бір бөлігі Жоғарғы Рада ғимараты жанындағы лагерьде әлі тұр. Өткен түнде Жоғарғы Рада депутаты Семен Семенченко парламент ғимараты жанындағы лагерьге шабуыл жасалды деген хабарды жоққа шығарды.