Қырғызстанның танымал журналисі жемқорлық туралы зерттеулері үшін қысымға ұшырағанын, қалтасына полицияның есірткі салып жібергенін айтады. Онымен шектелмей аңдыған, жала жабу науқанын ұйымдастырған, тіпті жыныстық сипаттаған видеомен бопсалаған. Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP және Клооп сайты бірлесе жүргізген зерттеуді ұсынамыз.
Журналист Ақтілек Қапаров редакциядан кофе алуға шыға сала оғаш жағдай байқаған.
"Маска таққан, жай киім мен милиция киіміндегі адамдар жүрді. Бес минуттан соң "спринтерден" маска таққан, арнайы киім киген бес-алты адам шықты" дейді ол ақ фургонды көрсетіп. "Ақ "фольсвагеннен" ит жетектеген адам шықты да, бәрі осында [кеңсеге қарай] жүре бастады".
Есірткі айналымына қарсы күрес қызметі Бішкекте сенбі күнгі рейдін осылай бастаған. 22 қаңтарда милиция Temirov LIVE жобасының кеңсесіне келген. Бұл арна қырғыз элитасының жемқорлығы жайлы зерттеулер жасайды. Осы оқиғадан екі күн бұрын журналистер жаңа зерттеу жариялаған.
Полицейлер кеңсеге баса-көктеп кіріп, қызметкерлердің бәрін жерге жатқызған. Екі полицей редактор Болат Теміровтың арқасына отырып алған. Содан кейін оны орнынан тұрғызып, қалтасындағы заттарды шығаруын сұраған. Заттарының арасында кішкентай ғана полиэтилен пакетін көрген журналистің зәресі қалмаған. Полицейлер онда марихуана салынғанын айтып, кеңседегі компьютерлерді тәркілеп, журналисті қамауға алған.
Полиция Теміровты кеңседен әкетіп бара жатқанда ол "Мұны өздері салып жіберді" деді. Есірткіні полицейлердің өзі салғанына журналистің әріптестері де сенімді. Қан талдауы Теміровтің бойынан тыйым салынған зат таппаған.
Осы материалды әзірлеп жатқанда "Азаттық", OCCRP және Клооп сайтының тілшілері бұл жағдай редакцияға қарсы операцияның бір бөлігі болғанын анықтады: құқық қорғау органдары бірнеше ай бойы қызметкерлерді аңдып, оларды арандатпақ болған.
Теміровтің сөзінше, күзде ол әріптестерімен бірге кеңсе маңында күмәнді көлік тұрғанын байқап қалған. Ал желтоқсанда жалдамалы пәтерінен жасырын камера мен микрофон тауып алған.
Ең жаманы: Теміровпен бірге жұмыс істейтін жас қыз арнайы қызмет тарапынан секс-бопсалауға ұшырағанға ұқсайды.
Бір күні спорт залда онымен бір ер адам танысады. Олардың арасы жақындап, екеуі кездесе бастайды. Бірде ол адам әлгі қызды демалыс күндері қала сыртына шығып, көл жағасында демалуға шақырады.
Кейін құқық қорғау органдарындағы дереккөз ер адамның ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтінін айтты. Әйелдің ноутбугын бұзып кіріп, екеуінің жыныстық қатынасын видеоға түсіріп алған. Содан кейін өздерін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері деп таныстырған бірнеше адам оның ата-анасының беделіне нұқсан келтіретінін айтып, Теміровтің ендігі зерттеулері жайлы сұраған.
Журналист сондай зерттеулердің бірін кеңсені тінтуден екі күн бұрын жариялаған. Онда ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиевтің туыстары мемлекеттік мұнай компаниясы арқылы жемқорлыққа барып, қалай пайда тапқаны айтылады.
Бұған биліктің реакция көп күттірмеді. Сондай-ақ іс Теміровті қамауға алумен шектеліп қоймады. Оқиғадан кейінгі аптада анонимді қолданушылар Facebook желісіне бірнеше видео жариялады. Онда журналисті қылмыскер деп атап, мемлекетке сатқындық жасады дейді. Видеода тәркіленген компьютерден табылған болуы мүмкін құжаттар қолданылған. Теміровті шетел ықпал етіп отырған агент етіп көрсеткісі келгендей.
Теміров қызметкерінің интим видеосын желіге салып, арнайы қызмет агенттерінің қоқан-лоқысын іске асырған. Олар бұл видео арқылы редакция басшылығы қызды қаржы тарту үшін шетелдік демеушілермен секспен айналысуға мәжбүрлейтіндей етіп көрсеткісі келген.
"Бұл олардың зерттеулерімізден қатты қорқатынын білдіреді, – дейді Теміров билік әдісі жайлы. "Бұрын олар жауап бермей, ақталатын. Зерттеуді жақсырақ жүргізген сайын олардың жауап беруі де қиындады. Осылайша олар өздеріне кедергі келтіретін нәрседен құтылғысы келген".
Теміров Қырғызстандағы ең мықты тәуелсіз журналистердің бірі екенін ескерсек, биліктің оны және оның ұйымын құртуға жүйелі түрде тырысуын елдегі баспасөз еркіндігіне ауыр соққы деуге болады.
Құқық қорғаушы топтар Қырғызстандағы жағдай 2020 жылғы қазанда билікке Садыр Жапаров келген соң нашарлай түскенін айтады. (ҰҚМК басшысы Ташиев президентті "қадірлі досым" деп атап, екеуін "тек Алла ғана ажырата алатынын" айтқан).
"Жалпы, болып жатқанның бәрі қазіргі биліктің жазасыз қалатынын, бассыздығын көрсетеді, – дейді қырғыз саяси сарапшы Әзім Әзімов. – [Олар] тәуелсіз журналистердің, әсіресе, зерттеуші журналистердің қызметін шектеуге тырысу арқылы еліміздегі сөз еркіндігіне қиянат жасап отыр".
Журналисті елден кетпеу туралы қолхат алған соң босатқан, бірақ айыпты қалдырған. ҰҚМК мен ІІМ пікір білдіруді сұраған сауалымызға жауап бермеді. Бірақ өткен аптада ҰҚМК интернетте журналистің беделіне нұқсан келтіретін видеолардың тарауына және кеңсені тінтуге қатысы жоғын айтқан.
Қамшыбек Ташиев қызметіне қалай жетті?
2020 жылы наразылар Ақ үйге басып кіріп, үкіметті құлатты. Олар бәріне белгілі сценарий бойынша әрекет етті: Қырғызстанда президентті екі рет орнынан құлатқан еді.
Бұл жолы революциядан соң билікке Садыр Жапаров келді. Ол Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы етіп өзінің одақтасы Қамшыбек Тәшиевті тағайындады.
2005 жылы Ташиев парламент депутаты болған. Бір кездері төтенше жағдайлар жөніндегі министр қызметін атқарған.
2010 жылы революциядан соң президент Құрманбек Бакиевті орнынан тайдырған соң, елдің оңтүстігінде ұлтаралық шиеленістер тұтанды. Содан кейін Ташиев ұлтшыл саясаткер ретінде танылды. Сол жылы оны тағы да парламентке сайлады. 2011 жылы президент сайлауында үшінші орын алды.
2012 жылғы қазанда қырғыз алтын кен орнын мемлекет меншігіне беру үшін болған митинг кезінде Ташиев, Жапаров (ол кезде депутат болған) және парламент спикерінің орынбасары Талант Мамыров Ақ үйдің қоршауынан секіріп өтпек болған. Оларды қамауға алып, билікті күштеп басып алмақ болды деп соттап жіберген. Олар алдын ала қамау сатысында мерзімін өтеді.
Сотталған соң олар парламенттегі орнынан айырылды. Ташиевтің сотталғаны жайлы деректі алып тастады, бірақ орталық сайлау комиссиясы оны 2015 жылғы парламент сайлауына қатыстырмады.
2013 жылы Жапаров Қырғызстаннан кетіп қалды. Оған наразылық кезінде губернаторды ұрлау әрекетін ұйымдастырды деген айып тағылды. 2017 жылы елге оралған соң оны соттап, түрмеге қамады.
2020 жылғы революция кезінде наразылар Жапаровты босатты. Ол президенттің міндетін атқарушы болды, кейін ресми түрде осы қызметке сайланды. Ол өзінің серігін ескерусіз қалдырмай, Ташиевті ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы етіп тағайындады.
"БАНДИТТЕРДІҢ ӘДІСІ"
Теміров бұған дейін де қысым көріп, зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
2019 жылдың аяғында ол басқарып отырған Factcheck.kg басылымы Қырғызстан шекара қызметі басшысы орынбасарының байлығы туралы зерттеу жариялады. Сол кезде материалдарды одан әрі жарияламау үшін Теміровке ақша ұсынған, оны интернет тролльдерге қаралатқан, ал сайты DDоS-шабуылға ұшыраған.
2020 жылғы қаңтарда журналисті үш ер адам соққыға жыққан. Болат Теміров оларды бұрынғы шенеунік жалдағанын айтады.
Бұл жағдай оларды бәрібір дегеніне жеткізбеді. Теміров жұмысын жалғастыра беруі керегін түсінген.
"Маған шабуыл жасағанда бетбұрыс сәті болды: осы жолға түсемін, зерттеу жасауды жалғастыра беремін деп шештім" дейді ол.
Сол кезде ол Temirov LIVE зерттеу жобасын іске қосты. Ал жазға қарай ол бәрін жан-жақты түсіндіру форматында бірінші зерттеуін жариялады. Бұл видео Ресейдегі оппозиция лидері Алексей Навальныйды танымал еткен видеоларға ұқсайды.
Болат Теміров қауіпті тақырыптардан қорықпайды. 2021 жылғы көктемде ол Теміров каналында ІІМ басшысын қолдауға арналған митинг қатысушыларының көбі министрлік қызметкерлері екенін айтқан. Халық министрдің орнынан кетуін талап еткен. Содан кейін оның әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұзбақ болған.
Одан кейін біршама уақытқа тыныштық орнаған.
Теміровтің сөзінше, қазанда олар кеңсе алдынан күмәнді көліктерді байқай бастаған.
Бірақ ең қорқыныштысы кейін болған.
Желтоқсанда Теміровтің қайын інісі оның пәтеріндегі шкафтың астынан видео камера, Wi-Fi-роутер, қолдан жасалған қуаттау блогы, микрофон және бірнеше сым секілді құрылғылар тапқан. Болат Теміров ол кезде елде болмаған.
Сымдардың қайда апаратынын байқағанда ол тұсқағаздың артынан кішкентай тесік арқылы қонақ бөлмесін түсіріп тұрған камераны тапқан.
Журналистер құрылғыдағы файлдарды қарап, онда бірнеше аптаның жазбасы барын анықтаған. Жүйе бұлтты серверге қосылған, яғни, камераны орнатқан адамдар жазбаларды тікелей көре алған.
Теміровтің сөзінше, желіге салған видеоларда оның үйінде жазылған кей аудио фрагменттер қолданылған.
Музыка ойнап тұратын видеода цифрлық жолмен өңделген қатал дауыс Теміров Қырғызстанға ықпал еткісі келетін Батыс және Ресей агенттерінен ақша алатынын айтады. Онда Теміровтің OCCRP қызметкерлерімен камера сатып алуды талқылаған әңгімесі мен әйелімен ұрсысып жатқаны салынған.
Онда кеңседен жазып алынған аудио да бар дейді Теміров.
"Биліктегілер бандиттік әдіс қолданады, мүмкін және мүмкін емес моральдық және мемлекеттік заңдардың бәрін бұзады, – дейді журналист. "Бұл адамдар заң деген нәрседен мүлдем беймәлім. Тіпті, білмеймін, адамдықтан да [жұрдай секілді]".
Теміровтың қызметкерімен болған оқиға оның үкіметтегі жаулары қандай нәрсеге баруға дайын екенін көрсетеді.
"АТА-АНАҢА НЕ БОЛАДЫ?"
Айгүл Temirov LIVE жобасында жұмыс істейді. Ол журналист емес, халықаралық гранттармен жұмыс істеп, донорлармен сөйлеседі.
Бірақ қыс басында болған кездейсоқ кездесу кейінірек мазасын қашырды.
Айгүл не болғанын журналистерге толық айтып берген. Біз оның жеке өмірін қорғау үшін шын есімін атамаймыз. Ол басынан өткен жайды тәптіштеп түсіндіріп берді, мүмкін болған тұста жазған хаттарын, скриншоттарын және компьютеріндегі лог-файлдарды дәлел ретінде келтірді.
Оқиға желтоқсанда спорт залда жас жігітпен танысқан соң басталған. Ол оған жаттығу құрылғысын реттеуге көмектесіп, содан кейін барар жеріне жеткізіп салған. Екеуі хат алмаса бастаған. Содан кейін жігіт демалыс күндерін елдің шығысындағы Ыстықкөл жағасында өткізуге шақырған.
"Ол пәтер жалдады, бәрін өзі ұйымдастырды" дейді Айгүл.
Ол екеуінің бірінші түнін жан-жақтан видеоға түсіріп тұрғанын елестете де алмаған болар.
Содан кейін ол күмәндана бастаған. Ертеңінде таңертең таңғы ас дайындап тұрғанда жігіт оның ноутбугының құпия сөзін сұраған. Ол құпия сөзді өзі енгізіп берген, бірақ жігіт біраздан соң қайта сұраған.
"Енгізіп жатқанда, телефонын тосып тұрды, – деп еске алады ол. – Түсіріп тұрғандай көрінді, одан алысырақ тұрдым".
Күндіз олар ыстық бұлаққа барған. Олар жоқ кезде біреу пәтерге кіріп, компьютерін бұзған. Мұны Temirov LIVE жобасының қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі жүргізген сараптама да растады. Деректерді OCCRP де зерттеді.
"Олар құпия сөзді шамамен отыз рет енгізген, – дейді Айгүл. – Ақыр соңында ашқан".
Мұны ол тек ертеңінде қауіпсіздік жөніндегі кеңесші хабарласқан соң білген. Одан кейін Айгүл браузердің тарихын қарап, компьютерін бұзғандар аңдитын бағдарлама орнату үшін Windows Defender антивирусын өшіру жолдарын іздеген. Айгүлдің әріптесімен әңгімесін құлағы шалып қалған жас жігіт күйгелектене бастаған. Оның кіммен жұмыс істейтінін сұрап, сырт киімінен 10 мың сом (шамамен 118 доллар) жоғалғанын айтып, Бішкекке асығыс жинала бастаған.
"Содан кейін, әрине, одан күмәндандым, – дейді ол. – себебі сол күні ол [телефонын] тосқанда, маған бұл біртүрлі көрінді".
Ол жігіттің арнайы қызметте істеуі мүмкін екеніне күмәнданған, бірақ бұған сенімді болмаған. "Онымен араласуды жалғастыра бердім, себебі оның олармен байланысы бар-жоғын анықтауым керек болды" дейді Айгүл.
Бірнеше аптадан кейін жігіт Айгүлді жалға алынған қала сыртындағы үйге шақырған. Ол түн қорқынышты жағдайға айналған. Кешкі астан соң қыз дәретханадан шығып, оның серігінен маска таққан үш адам жауап алып жатқанын көрген. Олар өзін ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері деп таныстырған.
Олардың қыздың соңынан келгені түсінікті болды.
Алдымен олар қыздың ата-анасының суретін алып шыққан.
"Ол жақсы, беделді адам, мемлекеттік қызметте жұмыс істейді" – деп келтірді Айгүл әлгі жігіттердің сөзін. – "Сен үлгілі ата-ананың қызысың, саған жалақы қайдан түсіп тұратынын білесің бе?".
Олар қызға Теміровтің де суретін көрсетіп, оны "шетел арнайы қызметтеріне елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға көмектесіп жатқан" шетел агенті деп атаған.
"Олар донорлардың тасасында жұмыс істейді. Бұл донорларды шетел арнайы қызметтері қаржыландырады. Оларға елімізде революция болғаны тиімді" – деп келтіреді Айгүл арнайы қызмет өкілінің сөзін.
Олар қайта-қайта әріптестік жайлы келісімшартқа қол қойып, Теміровті аңдуға келісуін талап еткен. Айгүл бас тартқанда, қысым көрсетудің басқа жолдарын қолдана бастаған: олар қыздың жас жігітпен өзен жағасында өткізген түндегі интим видеосын көрсетіп, оны желіге салатынын айтып қорқытқан.
"Жарайды, жассың, батыл сияқтысың, шыдайсың, – дейді оған агенттердің бірі. – Ал ата-анаңа не болады? Жүрегі шыдамайтын болар. Қанша жыл мемлекеттік қызметте еңбек етті, сондай сыйлы болды – ал сен соның бәрін бір-ақ сәтте құртасың".
Қыз үндемеген соң, топ жетекшісі қысымын күшейте түскен. "Жігіттерім ата-анаңның үйінің жанында тұр. Қазір оларға хабарласамын, олар ата-анаңа кіріп, фотоларды көрсетеді. Жаңа жылға жақсы сыйлық болады" дегенін еске алады ол.
Көп сағаттық қысымнан кейін Айгүл берілуге мәжбүр болған. "Қол қоюыма тура келді, – деп түсіндіреді ол. – Қол қоймасам, олардың кетпейтінін түсіндім". Әңгіме аяқталған соң жас жігіт оны үйіне апарып тастаған.
Журналистер бұл жігіт туралы деректерді Айгүлге айтқан есімі бойынша іздеп көрген. Салық базасында да, сайлаушылар тізімінде де оның есімі жоқ болып шықты. Бірақ оның суретін қырғыз құқық қорғау органындағы дереккөзге көрсеткенде, ол бірден ұлттық қауіпсіздік комитеті агентін таныған.
Айгүлге ұлттық қауіпсіздік комитетінен екенін айтқан адамдардың қысым көрсеткенін де растай аламыз. Бірнеше күннен соң оған ата-анасы тұратын көшенің атымен бірдей аккаунт бірнеше хабарлама жіберген. Оған былай деп жазған:
Хабарлама: Сәлеметсіз бе?
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.18.2022 17:53
Хабарлама: Эфирге қандай журналистік зерттеулер шыққалы жатыр? Қандай зерттеулер (кім жайлы және қандай деректер бойынша) тексеріліп немесе дайындалып жатыр?
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.18.2022 17:54
Хабарлама: Бұл Б. Көшесіндегі көршілерің
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.18.2022 22:33
Хабарлама: Сәлеметсіз бе?
Жіберген адам: Айгүл
Күні: 1.19.2022 17:12
Хабарлама: ?
Жіберген адам: Айгүл
Күні: 1.19.2022 20:51
Хабарлама: Сәлеметсіз бе? Бұл – сенің достарың. Жұма күні кездескен едік. Қалың қалай?
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.19.2022 22:29
Хабарлама: ҰҚМК-дағы достар ма?
Жіберген адам: Айгүл
Күні: 1.19.2022 23:32
Хабарлама: Иә, дұрыс айтасың, бұл – достарың. Сенен жауап күтеміз.
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.19.2022 23:35
Олар толық ақпарат талап еткен.
Хабарлама: Болат Теміров Фейсбук парақшасында жуырда екі бомба зерттеу шығады деп жазыпты. Қандай зерттеулер?
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.19.2022 23:43
Айгүл нақты білмейтінін айтқанда, олар ашуланып шыққан.
Хабарлама: [Айгүл] мысық пен тышқан ойынын ойнамай-ақ қояйық. Студия кеңсемен бір жерде орналасқан, сұрағанымызды біліп беру қиынға соқпайды. Орындауға болатын бұйымтай.
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.20.2022 00:06
Хабарлама: Көп рахмет
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.20.2022 00:06
Хабарлама: [Айгүл], сосын кеңсеңізді сипаттап беріңізші, қай жерде не тұр, кімнің міндеті қандай.
Жіберген адам: Б.
Күні: 1.20.2022 00:06
Айгүл жауап бермеген. Сол күні кешке Temirov LIVE YouTube-каналында ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиевтің туыстары жайлы зерттеу шықты. Айгүлдің сөзінше, содан кейін агенттер онымен байланысқа шықпаған. "Мен [зерттеу шығатынын] ескертпеген соң, маған шығуды доғарды" дейді ол.
Бірақ бірнеше күннен соң Айгүлдің интим видеосы желіде тарады. Ал әлгі жігітті одан кейін көрмеген.
"МҰНЫ ӨЗДЕРІ САЛЫП ЖІБЕРДІ"
Тимуров командасымен зерттеуді жариялаған соң екі күннен кейін есірткі айналымына қарсы күрес қызметінің өкілдері олардың кеңсесін тінтуге келген.
Бұған Айпері Адалқызы деген адамның шағымы негіз болған. Бірнеше сағат бұрын ол милицияға Болат есімді адам оны бірнеше рет есірткі қолдануға мәжбүрлегенін айтқан. Ол екі мекен-жай көрсеткен, соның ішінде Temirov LIVE кеңсесі де бар.
(Журналистер оның әлеуметтік желідегі бірнеше аккаунтын тауып, оның осы істегі рөлі жайлы хабарлама жіберді. Материал жарияланған уақытқа дейін жауап болмады)
Адвокаттардың сөзінше, тінту жүргізу алдымен судьямен келісілуі керек. Тергеуші операция жүргізуге тек айғақ жоғалып немесе бұзылып қалады деген қауіп болса ғана рұқсат бере алады.
Бішкек қалалық ішкі істер департаменті бас тергеушісі осы жағдайды пайдаланған сыңайлы: тінту жүргізу туралы қаулыда ол "заттық айғақтар жоғалып, бұзылып немесе қылмыстық мақсатта қолданылуы мүмкін екеніне қауіп бар" деп жазған.
ІІМ есірткі айналымына қарсы күрес қызметінің өкілдері осы қаулыны негізге алып, Temirov LIVE кеңсесіне барған.
Милиция қызметкерлері ер адамдардың бәрін жерге жатқызып, қолын байлаған. Кейін қолын босатып, қалтасындағы заттардың бәрін шығаруды бұйырған. Теміров олардың айтқанын соңғы болып істеген. Әйелі Махаббаттың сөзінше, қалтасынан полиэтилен түйіншек алып шыққанда журналистің зәресі ұшқан.
"Ол жылап жіберді, себебі оған жала жапты. Ол айғайлап, дүрліге түсті. Бәріміз шошып кеттік, – деп еске алады ол. – Сосын мен: Тынышталшы, саған жала жапқанын бәрібір көрдік қой" дедім".
"Мен көрдім ғой, бұны сендер салдыңдар, – дейді Махаббат. – Айқайлай бастадым. Болат та, бәрі де айқайлай бастады".
Temirov LIVE қызметкерлері мен адвокаттарының сөзінше, операция кезінде олар көп процедуралық қате жіберген.
Тінту кезінде құқық қорғау органы қызметкерлері бірнеше ноутбук пен компьютер, мобильді телефон, кеңсеге бейнебақылау жасайтын видео тіркеуішті алып кеткен.
Жоба адвокаттары құқық қорғау органы қызметкерлері кеңсе құралдарын тәркілеуге құқығы жоқ екенін, оның Теміровке тағылған айыпқа еш қатысы жоғын айтады.
"Тінту жүргізген кезде тергеуші іске қатысы құжаттар мен заттарды тәркілеумен шектелуі керек" дейді заңгер Бекболат Қасаболатов.
Заң қалай бұзылды?
Temirov LIVE адвокаттары операция кезінде құқық қорғау өкілдері біршама қате жібергенін айтады.
Полиция қызметкерлері адвокаттарға тінту жүріп жатқан ғимаратқа кіруге рұқсат бермеген.
Адвокаттардың сөзінше, Теміровке қай бап бойынша айып тағылғанын айтпай, заң бойынша оның қандай құқығы барын оқымаған.
Temirov LIVE қызметкерлері мен адвокаттары құқық қорғау қызметкерлері құжат көрсетпегенін айтады. Сондай-ақ олар балаклава киіп келген. Мұндай жағдайда оған тыйым салынады.
Ертеңінде есірткі айналымына қатысты қамауға алу оқиғасы жайлы пікір білдірген ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиев "қазір сөз еркіндігін желеу етіп істеліп жатқан қылмысты жасыруға ешкімнің заңды және моральды құқығы жоқ" деді.
"Егер мұнда қандай да бір қылмыс болса, кабинеттегі заттардың бәрін тәркілеу керек болады. Бұл компьютерлерде есірткіні қайдан алатыны, есірткі түрлері, бағасы мен атауы болуы мүмкін. Олардың компьютерінде елімізге кесірін тигізуі мүмкін қылмыстық сипатта ештеңе жоқ шығар деп ойлаймын" деді ол.
Temirov LIVE қызметкерлері құрылғыларды қазір жүргізіп жатқан зерттеулер жайлы білу үшін тәркіледі деп санайды. Ал бейнебақылау камерасындағы жазбаларды тінту кезінде милицияның әрекетін қоғамнан жасыру үшін тәркілеген деп ойлайды.
Журналисті тергеу аяқталғанша босатты. Егер ол есірткі сақтағанына кінәлі деп танылса, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Басылымдағы бірнеше қызметкер жауап беруге шақырылған.
Қырғызстан азаматтары журналиспен болған оқиғаға ызаланса, жергілікті сарапшылар бұл жағдайды бұрын болмаған оқиға деп атаған.
"Қандай режим болсын, бәрінде дерлік журналистер мен медиа басылымдарға қысым көрсетеді" дейді саяси сарапшы Әзімов. "Бірақ процеске заңды сипат беруге тырысады. Ресми себеп тауып, сотқа жүгінеді. Бұл жағдайда кәсіби беделі жоғары журналисті осындай дөрекі жолмен куәгерлер көзінше есірткі салып, олардың құрылғысын ғана емес, қылмыс ізін қалдырмау үшін бейне бақылау камерасындағы жазбаларды да тәркіледі... әрине, бұл ашу мен ыздан басқа ештеңе туғызбайды" деді ол.
Теміровтің өзі именетін емес.
"Мықты болдық деген сөз, – дейді ол. – Қырғызстанда зерттеу журналистикасы дамып жатыр. Мұндай нәрсе қолында билігі барларға қорқыныш ұялатады. Ең алдымен бұған биліктің ұстанымының болмауы себеп, екінші себебі зерттеу журналистикасы өте мықты бола бастауы".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді