Баспанасыздарға байқалмаған "Тұрғын үй – 91"

"Шаңырақ" ықшамауданындағы үйлер. Алматы, 4 тамыз, 2008 жыл. Азаттық архивіндегі фото

1990 жылы Алматыдағы баспанасыздар бас көтеруіне қатысқан Әуезхан Шашаев кейін 9 шаршы метрлік жатақханаға қол жеткізген. Үй басып алғандар түрлі қиындықты бастан кешкен соң осындай қадамға барғанын айтады. Әуезхан осы қозғалыстың соңы немен аяқталғанын әңгімелеп берді.

Your browser doesn’t support HTML5

1990 жылы Алматыдағы "баспанасыздар бүлігі" немен аяқталды?

Совет одағы ыдырайтын қарсаңда – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қоғамда күрмеуі шешілмеген әлеуметтік түйткілдер асқына түсті. Сол кездегі Қазақстан астанасы Алматыға ағылған адамдар миграциясын реттеу және мемлекеттік тұрғын үй қоры пәтерлерінде тұру үшін дифференциалды төлем енгізу жайы қоғамда "нарықтық баға" желеуімен жалға берілетін пәтер бағасының көтерілуіне себеп болды. Сол кезде "Жетім бұрышты" жағалаған баспанасыздар бас көтеріп, бос тұрған жатақхана мен пәтерлерді басып алды. Оның аяғы жер басып алуға ұласып, ақырында адамдар 10 сотыққа жетпейтін жер телімдеріне қол жеткізген.

АРАЛ БОЙЫНАН КЕЛГЕН ӘДІЛХАН

Өткен эпизодта сол кезде Совет одағында қалыптасқан ахуал, одақ астанасы мен республикалар астаналарында қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілгенін айтылған. "Жетім бұрыш" жағалаған адамдар Алматыда бос тұрған жатақхана мен есептен шығарылған тұрғын үйлерді басып алуға мәжбүр болды. Соңынан сол кездегі милиция мен қауіпсіздік жасағы оларды осы ғимараттардан қуып шыққан. Баспанасыздар сол бойы облыстық комсомол ұйымы ғимаратын паналап жатқан. Бұл 1990 жылғы қараша, желтоқсан айлары еді.

Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин сонда баспанасыздарға жолығып, жай-күйін біліп қайтқан. Радио 1991 жылғы 26 қаңтардағы бір хабарын осыған арнаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баспанасыздар бүлігі. "Жетім бұрыш" пен билік қыспағындағы тағдыр

Алматыға Қарақалпақстаннан, Арал теңізі маңынан қоныс аударған Әділхан Рахметов екі баласының созылмалы ауру екенін айтады.

"Мен балаларымның ауырғаны себепті келдім. Біреуінің демі қысады, ауық-ауық ауруханаға түседі. Сол үшін Алматыға көшіп келген едік. "Жетім бұрышта" осы адамдармен танысып, басып алған үйде бірге болдық. Өзіміз Алматы облысындағы Заречное елдімекеніне тіркелгенбіз. Алматыда үй кезегіне тұру үшін бірнеше жыл қалада тұруың керек екен", – деген ол.

Әділхан ауру балаларының ауыр ахуалын да айтып берген.

"Балам екі жыл болды, демі қысып жата алмайды. Түн ішінде демігіп қалады. Үш күн үйде болса, 15 күн бір ауруханада жатады. Сол үшінде климат өзгертуге тура келді", – деген ол.

Әділхан Алматыда пәтер жалдап тұру машақатын бір адамдай өткерген. "Нарықтық баға" дегенді сылтауратқан пәтер иелерінің шарты да ауыр.

"Екі бала десең, пәтер иелері жақындатпайды. Оларға салсаң, бірнеше жан болып, солардың әрқайсысынан қалаған ақшасын алып отырған тиімді екен", – деп шағынған Арал маңынан көшіп келген Әділхан Рахметов.

БАЛАСЫ СЫРҚАТ ШОЛПАН

Азаттық радиосына сұхбат бергендер арасында Алматыға кешелі-бүгін көшіп келген адамдар ғана емес, бірнеше жылдап тұрып жатқандар да бар. Олардың бәрінің басын "Жетім бұрыш" біріктіріп отыр. Баспанасыздар басып алған бос үйден милиция оларды күш қолданып қуып шыққан. Өзін "Шолпан Түркебаевамын" деп таныстырған адам Алматыда 1979 жылдан бері тұратынын айтып берген. 1983 жылы тұрмысқа шыққан Шолпан – екі баланың анасы.

"Үлкен ұлым алтыда. Кіші ұлымның жасы үште. Оған ота жасалған. Туғаннан ауру. Жолдасым Арал бойынан келген. Ұлыма дәрігерлердің тұқым қуалайтын аурумен ауырады деген анықтама берген. Балам бірнеше жерде дәрігердің арнайы тіркеуінде тұр. Осы балама өзім қарайтын болған соң, мені жұмыстан да шығарып тастады. Ал баламның балабақшаға кезегі келіп қалған еді, бірақ "екпе алмады" деп сол кезектен де шығарып тастады", – деген Шолпан Азаттыққа берген сұхбатында.

Ол жұмысшы жұбайының 120 сом айлығы не пәтерақыға, не күнкөріске жетпей отырғанын айтып шағынған. Сөзіне қарағанда, милиция оларды басып алған үйден қуып шыққанда баласының ауру екеніне де қарамаған, анасының қолынан аяусыз жұлып алған.

Ауру баланың анасы Шолпан осындай мехнатқа душар қылған совет азаматтығынан бас тартудан тайынбайтындығын айтқан. "Бейбітшілік пен достықтың жарқын үлгісін" науқанға айналдырған СССР кезінде бұл ауыр сөз болатын.

ШЕТТЕТУ МЕН КЕМСІТУ

Алматыда бірнеше жылдан бері тұратын Бану Ғазизова да "Жетім бұрыш" жағалап пәтер жалдаудың зардабын тартқан жандардың бірі. Ол пәтер жалдап тұратындарды қоғам шеттеді деп шағынды. 1981 жылы Алматыға келген Бану тәрбиеші болып жұмыс істейді.

"Басшылар бізге ыңғайсыз сұрақтар қояды. Неге келгенімізді сұрайды. Еріккен адам мұнда келуші ме еді? Осында келген кім де болса, еңбек етеміз, өз күнімізді өзіміз көреміз деп келдік қой. Морис Торез көшесіндегі 152-үйді басып алған едік – сұмдық, сұрқиялықпен айдап шықты", – деген Банудың мәселесі бір пәтермен шектеліп қалмайды. Ол пәтер жалдап жүріп туындаған бір дауда күйеуінің басына балта тиіп, мүгедек болып қалғанын айтты.

Ал өзін "Нұргүл Тұрлыбекова" деп таныстарған адам Семей облысы Ақсуат ауданынан келіп отырғанын, таяуда Зайсанда болған зілзаланың өз ауылына да әсер еткенін айтып, шағынды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Төмпешікке айналған ауыл. Зайсан зілзаласының жазылмаған жарасы

Нұргұлдің меңзеп отырғаны 1990 жылғы 14 маусымда Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданында болған 8 балдық ауыр жер сілкінісі. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан жеріндегі зілзала салдарынан 9 мыңдай үй құлап, бір бала мерт болған. Жер сілкінісінен Семей облысы шегіндегі Ақсуат ауданы да зардап шеккен.

БАСЫП АЛҒАНДА КЕРЕК БОЛҒАН БОС ҮЙ

Азаттыққа сұхбат берген Нұргүл биліктің өздері басып алған үйді бір жыл бойы кәдеге жаратпай, енді қозғалып жатқанына таңданыс білдіреді.

"Балаңды тығып қойып жүргенде, пәтер иелері сол баланы көріп қалса тағы да қиын. Балаңды көріп қалса болды, ертесінде ақшаңды қолыңа ұстатып қуып шығады. Өкіметке жұмысшы керек қой, бірақ жұмысшының жағдайына қарасып жатқан өкімет жоқ. Біз басып алған үй бір жыл бойы бос тұрған. Бір жыл бойы сынақ жасамаған үйге олар енді сынақ жасайтын болып қалыпты. Бізді қуып шыққанда бізді аямаса да, бес айлық нәрестелерді неге аямайды?!" – дейді Нұргүл ашынып.

Нұргүл билік өкілдері баспанасыздарды қуған кезде зардап шеккен аяғы ауыр әйелдердің ауруханаға түскенін айтқан. Ол сол кездегі милицияның бала-шағаны аямаған қатаң әрекетіне наразылық ретінде биіктен секірмек болғанын да жасырмады. Мұны өздерінің әлеуметтік мәселесі уақытылы шешілмегеніне билік пен қоғам назарын аударту деп түсіндірген.

СЕГІЗ ЖЫЛДЫҚ СЕРГЕЛДЕҢ

Азаттық радиосына сұхбат берген Гүлнар Маманова жұбайының билік тапсырмасымен барған жерінен қайтпай қалғанын айтады. Оның да бір басына машақаты жетеді. Үш баласының бірі іштен туғаннан жүрек ауруымен ауырады. Өзі де сырқат.

"Күйеуім қайтыс болған сегіз жылдан бері бармаған жерім қалмады. Мәскеуге дейін хат жаздым. Ешкім жауап беріп жатқан жоқ. Пәтерақы бұрынғыдай 50-60 сом болса да тұра берер едім. Бірақ қазір жан басына 50 сомнан сұрайды. Өзімнің алатыным – 95 сом. Сондықтан пәтер басып алуға мәжбүр болдық", – деген ол шарасы таусылғанын айтып.

Ал Семейден көшіп келген Бейсен Әзизұлы бұрынғы тұрған жерінде күн көрудің қиындап кеткеніне шағынды. Отбасын асырау үшін пана іздеп Алматыға келгенде де тауы шағылған.

Азаттық радиосының тілшісі Қиял Сабдалин сөзге тартқан адамдардың арасында балалар да болған. Солардың бірі әкесін әлдекімдер өлтіріп кеткенін айтып, өзін милиция қалай желкелегенін баяндап берген.

"ЕКІНШІ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ БОЛУЫ МҮМКІН ЕДІ..."

"Азаттық толқынында" подкасының үшінші эпизодында 1990 жылғы қазан, қараша айларындағы баспанасыздар бас көтеруі кезінде Азаттыққа сұхбат берген ғалым Әуесхан Шашаев оқиғаның егжей-тегжейі туралы әңгімелеген еді.

Баспанасыздар бүлігі кезіндегі Әуезхан Шашаев (сол жақта). Алматы, 1990 жыл.

Содан бері арада 34 жыл уақыт өткен. Бүгінде алпысты орталаған Әуезханның өз үйі, өз жері бар. Бала-шағасы өсіп-өніп, өзі де зейнетке шыққан. Бір ғана нәрсе өзгермеген екен. Әуезхан Шашаев сол кезде Тарих институтынде қызмет атқарып экспедициялатып жүрсе, әлі де сол ұжымның мүшесі, өзі өмір бойы осы институтта табан аудармай еңбек еткен археолог. Бір кездегі баспанасыздар бүлігі белсендісінен шағын сұхбат алдым. Ол жатақхана басып алудан басталған наразылықтың кейін қаланың шетінде жер басып алуға ұласқанын, соңынан қала басшылығы тегін жер телімдерін беруге мәжбүр болғанын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хасен Қожахмет пен Аманжол Нәлібаев "митингілік демократ" па?

Әуезхан Шашаевтың сөзінше, үй басып алу оқиғасы кезінде баспанасыздар арасынан да дау туындаған. Олардың кейбірі басып алған үйден бір емес, екі бөлме керек деген сияқты талаптар қойған. Мұны бүгінде Әуезхан сол кезде билік жіберген адамдардың әрекеті болуы мүмкін деп топшылайды.

Әуезханнан "Баспанасыздар мәселесі шешілмегенде ақыры не болуы мүмкін еді?" деп сұрадым. Ол "Екінші Желтоқсан оқиғасы болуы мүмкін еді" деп жауап қатты.

– Өйткені баспанасыз жастардың айырылатындай түгі жоқ. Желтоқсан оқиғасында адамдардың санасы оянып, билікпен күресуге болатындығына көз жетті, – деді Әуезхан Шашаев Азаттыққа.

9 ШАРШЫ МЕТРЛІК ЖАТАҚХАНА – ЕСТЕН КЕТПЕЙТІН ЖАҚСЫЛЫҚ

Әуезхан Шашаевтың айтуынша, баспанасыздар осындай қиындық кешіп жатқанда, Ресейдің ішкі жағынан келгендерге кезексіз үй беріліп отырған. Бұл қалай дегенде, совет билігі көшіп келгендердің біліктілігі жоғары маман екенін алға тартып, артықшылық беретін.

Әуезхан Шашаев

Сол кездегі билік 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін "Тұрғын үй – 91" бағдарламасын қолға алған. Әуезхан сол бағдарламаның өздеріне еш әсері болмағанын айтып берді. Тек үлес ақша салып тұрғызылған "кооперативті пәтер" аталған үйлерді есептегенде көп адамның оны сатып алуға шамасы жетпеген.

– Есептеп көрсек, өмірбақи сол пәтер үшін жұмыс істейтін түрің бар. Сол себепті одан бас тартқанбыз, – деді сұхбаттасымыз.

Әуесханнан "Сіз 1976 жылдан бері Алматыда жүргенде естен кетпейтін қандай жақсылық болды?" деп сұрадым.

– Жатақхана! 1991 жылы үйленгеннен кейін бір жақсы жаңалық – өзім жұмыс істейтін Ғылым академиясынан 9 шаршы метрлік жатақхана бөлмесін алуға мүмкіндік туды. Ең бір қуанышты жаңалық осы болды. 9 шаршы метр болса да өз баспанаң болғанына жетер не бар?! 9 шаршы метр дегенді елестетіңіз. Соның өзін алғанымызға қуандық қой! – деді Әуезхан Шашаев.

"ТҰРҒЫН ҮЙ – 91". "ТҰМАННАН ТЕҢІЗ ШЫҚПАЙДЫ"

1986 жылы Қазақстан билігіне келген, Желтоқсан оқиғасымен аты шыққан Геннадий Колбин – популистік, науқандық шараларымен ғана еміс-еміс есте қалған шенеунік. Оның сондай бағдарламасының бірі "Тұрғын үй - 91" аталатын. Мәскеу оны Қазақстан билігіне жібергенге дейін Колбин өзі басқарған Ульянов облысында "Тұрғын үй – 90" бағдарламасын қолға алған. Онысы аяқсыз қалған. Ол өзі 1990 жылы маусым айында, яғни Алматыдағы баспанасыздар бас көтеруі алдында Мәскеуде басқа қызметте жүріп берген сұхбатында Қазақстандағы бағдарлама талапқа сай жүріп жатқанын, жыл сайын пәтер кезегінде тұрғандардың 20 пайызы баспанамен қамтамасыз етіліп жатқанын айтыпты. Сонда ол Ульяновскідегі "Тұрғын үй – 90" бағдарламасының сәтсіздікке ұрынғанын риторикалық сұрақпен мойындаған.

Ал баспанасыздар бас көтеруі кезінде Алматы қаласы атқару комитетінің төрағасы болған Заманбек Нұрқаділов 1996 жылы баспадан "Тек өзім туралы ғана емес" деген атаумен жарық көрген, орыс тілінде жазылған кітабында 1989 жылдың жазында болған оқиға туралы да жазған.

"Жаз ортасында Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің пленумы болып, Чебриковтің [КПСС орталық комитетінің хатшысы – Азаттық] қадағалауымен Назарбаевты бірінші хатшы етіп сайлады. Колбинге алғыс айтқан. Не үшін екені белгілі. Әйтеуір келген жағына кетері үшін алғыс айтқан. Қылмыспен күресті үйлестіру комитетінің және "Тұрғын үй – 91" бағдарламасының болашағы туралы бүкілхалықтық үнсіздік. Тұманнан теңіз шықпайды ғой", – деп жазған сол кезде Алматыны басқарған Заманбек Нұрқаділов.

Ол 1990 жылғы 14 қарашада қалалық газетте тек орыс тілінде жарық көрген мақаласында қала басшылығының Алматыға миграцияны реттеу, мемлекеттік тұрғын үй қоры пәтерлерінде тұру үшін дифференциалды төлем енгізу, босап қалған және адамдар заңсыз кіріп алған тұрғын үйлер туралы және "Шаңырақ" әлеуметтік тұрғын үй кешені жайлы шешімдер қабылданғанын айтады. Ал бір күннен соң 15 қарашада милиция мен қауіпсіздік жасағы Алматыдағы баспанасыздарды басып алған үйлерінен күшпен қуып шығады.

"Азаттық толқынында" подкасының бүгінгі эпизодында осы туралы кеңірек баянадалады.

"Азаттық толқынында" аудиоподкасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.