Your browser doesn’t support HTML5
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан әлі тәуелсіздігін жарияламай тұрғанда Азаттық радиосына берген сұхбаттарының бірі сақталған.
Бір қызығы – сол кезде Назарбаев Азаттық радиосына іркілмей сұхбат беріп жүретін. Радионың бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтайдың айтуынша, Назарбаев Венаға, Давосқа барған сапарларында радио тілшісі Өмірхан Алтынға сұхбат берген. Ол кезде Назарбаев әлі советтік Қазақстанның басшысы болатын. Бірақ шет мемлекеттерге сапары жиілеген кезі еді.
ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ДЕЙІНГІ "ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЕРКІНДІК"
Нұрсұлтан Назарбаевты Кремль советтік Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы лауазымына 1989 жылғы 22 маусымда бекітті. Қазақстан басшылығына келгеннен кейін жыл өтпей жатып, Назарбаев 1990 жылдың ақпан айынан бастап Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқарды. Ол коммунистік және советтік билік номенклатурасының барлық сатысынан өткен болатын.
Арада 10 ай уақыт өткенде Қазақ ССР-інде президенттік басқару институты енгізіліп, Жоғарғы кеңес депутаттарының дауыс беруімен Назарбаев президент болып сайланды. Ал Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін жариялардан екі аптадан астам уақыт бұрын – 1991 жылғы 1 желтоқсанда Назарбаев жалпыхалықтық сайлау өткізіп, президент болып сайланады.
Қазақстан президентінің Азаттыққа берген сұхбатында атышулы "Тамыз бүлігіне" (ГКЧП) дейінгі жай айтылады.
Сөз ләміне қарағанда, бұл – Назарбаев әлі Түркияға бармаған кез. 1991 жылы наурыз айында Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзал Қазақстанға сапармен келген. Сол жылы қыркүйекте Назарбаев Түркияға сапармен барған. Аталмыш сұхбатта осы аралықтағы жайлар сөз болады. Азаттық тілшісі Мұхтархан Оразбай сөз арасында "Өзі әлі тәуелсіздік жарияламаған елдің экономикалық еркіндігі қалай болмақ?" деген сарында сұрақ қояды.
"Бір мәселе бар. Мен Түркиядағы көптеген бизнесмендермен сөйлесіп көргенде, олар Қазақстанға қаржы қосу мәселесін ойласып отыр екен. Алайда Қазақстанның экономикалық жағынан дербес болмай, орталыққа бағынуы осыған кідіріс тудырып отырғанын айтады" дей келіп, сұрақ қойған тілшіге Назарбаевтың жауабы мынандай болған:
"Бұл мәселе маған белгілі. 20-сында одақтық шартқа қол қойылады. Сол шартқа байланысты менің жарлығым шығады. Қазақстан жеріндегі байлық, Қазақстанның жер-суы, Қазақстанның өндіріс байлығын жұмсауды тек Қазақстан үкіметі шешеді деп жарлық шығарамын. Қазірдің өзінде де солай болып жатыр. Бүкіл Түркия халқына, әсіресе, сондағы біздің қазақ ағайындарға айтарым – қолынан іс келетін, қаржысы бар адамдар болса, Қазақстанда жұмыс істеймін десе, біз барлық жағдайды жасаймыз".
Назарбаевтың "20-сында жаңа одақтық шартқа қол қоймақпыз" дегеніне қарағанда бұл сұхбат 1991 жылы жазда, Мәскеудегі "Тамыз бүлігі" алдында алынған. Ол кезде жаңа шартқа 20 тамызда қол қойылады деген ұйғарым болған еді. Бірақ 18 тамызда Совет Одағында "Тамыз бүлігі" тұтанып кетіп, ол құжатқа қол қойылмай қалады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ГКЧП кезінде Қазақстан басшылары қай жаққа шығарын анық білмедіБУШ НАЗАРБАЕВТЫ ҚАБЫЛДАМАДЫ
Азаттық радиосы сол кездегі Назарбаевтың ел тәуелсіздігін уақытылы жарияламағанын сынаса да, оның "Тамыз бүлігінен" кейінгі атқарған рөліне мән берген. Мәселен, 1991 жылғы 17 қазанда берген хабарларының бірінде былай дейді.
"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы кездерде, әсіресе тамыз айындағы Мәскеудегі сәтсіз төңкерістен кейін одақ көлемінде атқарған қызметі Америка басшыларымен қатар, Батыс Еуропа елдерінің де назарын аударды. Америка Құрама Штаттарының сыртқы істер министрі Джеймс Бейкер өткен қыркүйек айының 16-сында Алматыға ресми сапармен барып, президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп, разы болып қайтқан-ды. Екеуі одан алдын Мәскеуде де кездескен. Енді Бейкер Иордания астанасында тұрып, өткен дүйсенбі күні Алматыға, Назарбаевқа телефон шалып, сөйлескен. Алматыдан түскен хабарларға қарағанда, Бейкер Назарбаевты Америка Құрама Штаттарына келуге шақырған. Біріншіден, Бейкердің Амманда тұрып телефон соғуы және Қазақстан басшысын еліне шақыруы дипломатиялық тұрғыдан қарағанда, Америка басшыларының Қазақстан президентіне мән бергенін байқатады. Бейкер сондайда өзінің тағы да Қазақстанға сапармен баруды тілейтінін айтты. Назарбаев Қазақстанмен қатар, Совет Одағының әлеуметтік-саяси жағдайы туралы сөйлеп, саяси және шаруашылық дағдарысының шешім жолдарын қарастырып жатқаны туралы көзқарас білдірді. Назарбаевтың Бейкердің Америкаға шақыртуын мақұлдап, мақұлдамағаны әлі мәлім болмады. Бірақ оның мақұлдайтынын болжауға болады. Өйткені Назарбаев Америкамен арақатынасты жақсартуды қаламай қоймас. Ол бұрын да Америка Құрама Штаттарын және Канаданы аралап қайтқан-ды. Ол кезде президент Буш Назарбаевты қабылдамаған. Өйткені ол кезде Совет Одағының орталығындағы әкімшілік әлі күшті болатын. Америка басшылығы да республика басшыларын жеке қабылдауды жөн көрмейтін".
Бұл – Қазақстан тәуелсіздігін жарияламаса да, Назарбаевтың халықаралық қатынастағы алғашқы қадамдарының сипаты. Оның ядролық қарулар өз орнында тұруы керек деген ұстанымы да сол кезде құптарлық жағдай ретінде қабылданған. Назарбаевтың ядролық қаруға қатысты бағыт-бағдары туралы сәуір айындағы эпизодтардың бірінде кеңірек баяндағалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға сапарлаған алғашқы шетелдік ресми қонақ және Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартпаған кезі1991 жылы қазан айының аяғында Назарбаевтың Ұлыбританияға жасаған бес күндік сапарында да осы мәселелер халықаралық ақпарат құралдарының назарында болған.
"НАЗАРБАЕВТЫҢ КАНДИДАТУРАСЫН ТӘКЕЖАНОВ ҰСЫНДЫ"
Назарбаев үнемі "сүйкімді" бола бермеген. Әсіресе, оның ішкі саясаттағы қадамы қоғам сынына ұшырап отырған. 1991 жылы қазан айында "президент сайлау туралы" заң қабылданып, биліктің үш тармағының басшылары кім болады деген мәселе Жоғарғы кеңесте қаралған. Сонда Назарбаев премьер-министрлікке Сергей Терещенконы ұсынғанда, белсенділер наразы болып парламент үйінің алдына пикет ұйымдастырған.
1991 жылы қазан айында Жоғарғы кеңестің кезектен тыс алтыншы сессиясы қызу талқысымен есте қалды. Азаттық радиосы 17 қазан күнгі эфирінде Жоғарғы кеңес "Президент сайлау туралы" заң қабылданғанын және Назарбаевтың президенттікке кандидат ретінде бекігенін хабарлайды.
"Сонымен, президент сайлау жөніндегі заң қабылданды. Президенттікке ұсынылу үшін 100 адамның қолын жинау қажет. Президент сайлау биылғы жылдың 1 желтоқсанында өтетін болды. Кешегі сессияда депутаттар президенттікке кандидат етіп Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Оны ұсынған қарт депутаттардың бірі Сауық Тәкежанов болды. Ал депутат Владимир Чернышев кандидаттыққа Олжас Сүлейменовті ұсынды. Олжас Сүлейменов депутат болмаса да, Жоғарғы кеңес залында жүр екен. Ол шығып сөйлеп, "қазіргі өтпелі кезеңде бізге Нұрсұлтан Назарбайдан басқа президент болатын азамат жоқ" деп, кандидатурасын алып тастады. Назарбаевтың кандидатурасына отырған 286 адамның 276-сы дауыс берді. Екі адам қарсы дауыс берді, төрт адам қалыс қалды. Төрт адам дауыс беруге қатысқан жоқ" деп хабарлаған Азаттық радиосы.
Осы заң қабылданған кезде Жоғарғы кеңес алдында Орал оқиғаларына орай аштық жариялап жатқан белсенді Айсұлу Қадырбаеваға күштік құрылымдар шабуылдап, оны милиция бөліміне апарған. Сол жылы Оралда казактар қайта жаңғыру мерекесін өткізбек болғанда, қазақ ұлтшылдары оған қарсылық білдіріп, жиынды тарқатып жіберген.
Ал Назарбаев президенттікке кандидат болып бекігеннен кейін демократиялық күштер тарапынан саяси диссидент, антисоветтік көзқарасы үшін екі рет сотталып, түрмеде отырған Хасен Қожахмет те президенттікке түсуге әрекет қылады.
Алғашқы президент сайлауына кандидат болып тіркелу үшін 100 мың адамның қолын жинау керек болған. Алайда белгіленген мерзім ішінде сонша адамнан қол жинап үлгеру қиын еді. Белсенділер Алматыда Жібек жолы даңғылы бойында киіз үй тігіп, Назарбаевқа балама кандидатқа қол жинауға кіріскен. Сол кездегі билік олардың киіз үйін бұзып, дауыс жинауға мүмкіндік бермеген.
КАНДИДАТТЫҚҚА КЕДЕРГІ
Азаттық радиосы сол кездегі хабарларының бірінде президенттікке кандидат болуға әрекет қылған тағы екі адамды атайды. Қазақ ұлттық университетінің бұрынғы ректоры Өмірбек Жолдасбеков пен осы университеттің оқытушысы Кәрішал Асанов кандидат ұсыну жиынында үміткерге қажетті дауысты жинай алмаған.
Ресми тіркелмеген "Желтоқсан" ұлттық-демократиялық партиясының басшысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін сотталып, кейін түрмеден босап шыққан Хасен Қожахмет президенттікке кандидатқа қол жинауға қажетті мерзімді тым қысқа етіп бекіткен биліктің қылығына наразы болады.
Азаттық радиосына берген сұхбатында Хасен Қожахмет Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды ақтамай және Қазақстанның тәуелсіздігін жарияламай отырғаны үшін сынап, өзінің сайлауалды бағдарламасынан хабардар етеді. Ол елге жаңа Конституция қажет екенін айтады.
"Желтоқсан" ұлттық-демократиялық партиясы билікте отырған Назарбаевқа қарсылығын сайлауға балама кандидат ұсыну арқылы білдіреміз деген шешім қабылдады. Мен өзім, осы орынға кандидатурамды ұсынуға міндеттімін деп есептеймін. Өйткені мен өзгелер сияқты емеспін. Басқалардың бәрі тоқырау жылдарында шалқып жүргенде, мен осы биліктің түрмесінде отырдым. Коммунистермен, отаршылдармен күрескен, 1970-80 жылдары екі рет сотталған адаммын. Сондықтан халқымның сенімін ақтаймын деп ойлаймын" деген Хасен Қожахмет сол кезде Азаттыққа берген сұхбатында.
Билік Хасен Қожахметті сайлауға қатыстырмай қойған.
Бір қызығы, сол кезде Қожахмет қана емес, басқа да саясаткерлер Назарбаевтың тәуелсіздік жарияламай тұрып, әуелі президент болып сайланып алуға, жеке-дара билігін барынша нығайтуға тырысқанына мән бермеген сияқты.
Сөйтіп, елде алғаш рет азаматтардың төте дауыс беру жолымен өткен жалпыхалықтық сайлауға жалғыз өзі президенттікке кандидат болып түскен Нұрсұлтан Назарбаев шаппай бәйге алады. Мемлекетті басқарған 30 жылға жуық уақыт ішінде ол елдегі бүкіл билік жүйесін өзіне бағынышты етіп құрып алды. Президент мерзімін ұзарту, Конституцияны өзіне ыңғайлы етіп қайта жазу, кез-келген сәтте парламентті таратып жіберу, референдумдар өткізу – осының барлығы Назарбаевтың жеке-дара билігін нығайту құралына айналды.
"Азаттық радиосы – 70 жыл" подкасының алдағы эпизодында Назарбаев билігінің бір жылдығына шолу жасалады.
Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады