Your browser doesn’t support HTML5
2023 жылы ақын, педагог, Алашорда қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы атап өтілді. Соның аясындағы шаралар әлі жалғасып жатыр. Ал 1993 жылы Мағжанның туғанына 100 жыл толғанда Азаттық радиосы оған бірнеше хабар арнаған. Ақынның академиялық жинағы арада 30 жыл өткеннен кейін ғана жарық көріп отыр.
АЛМАТЫ БЮРОСЫНДАҒЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
Азаттық радиосының Мағжан туралы бірнеше хабары Астанадағы ұлттық академиялық кітапхана қорында сақтаулы тұр. Сонда Хасен Оралтайдың жеке қорындағы Мағжанның 100 жылдығы қарсаңындағы хабарлардың нақты ай-күні көрсетілмеген екен. Бұл – бір қызығы монтаждалмаған, шикі нұсқа. Онда Мағжанды көзі көрген туыстарының естеліктері бар.
Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің сол кездегі директоры Хасен Оралтай 1993 жылы Қазақстанға келген бір сапарында Азаттықтың Алматыдағы бюросында Мағжанның 100 жылдығына орай дөңгелек үстел ұйымдастырған. Оған Мағжанның інісінің қызы Райхан Қалижанқызы, Мағжанның туысы һәм шәкірті, ақын, аудармашы Хамза Абдуллин және Мағжан шығармаларын зерттеп, кейіннен жарыққа шығарған Батырхан Дәрімбет қатысқан.
Атаулы мерейтой қарсаңында өткізілген бұл дөңгелек үстелде Батырхан Дәрімбет кейінгі төрт жылдан бері ақын тойына әзірлік жүріп жатқанын айтады. "Бірақ ақын шығармаларының үш томдық жинағын шығару әлі кешеуілдеп жатыр" дейді. Ол соған дейін шыққан Мағжан шығармалары жинағында бұрмалаушылықтар болғанын айтады. Өйткені "ақтаңдақтар" совет дәуірінің соңғы жылдарында жарық көрген болатын. Яғни идеологиялық қырағылықтың салқыны әлі бар деген сөз.
Батырхан Дәрімбет айтқан үштомдық кейін жарық көреді. Мағжан шығармалары содан бері бірнеше мәрте кітап болып шыққанымен, толық академиялық жинағын шығару 2023 жылы ғана мүмкін болды.
"ЖҰМАБАЙ БАБАМЫЗДЫҢ ҰЯСЫ БҰЗЫЛДЫ"
Осы дөңгелек үстелге қатысқан Мағжанның інісі Қалижанның қызы Райхан Жұмабаевтар әулетін сталиндік режим қалай қудалағанын күйзеліспен еске алды.
– Мен Алматы мемлекеттік университетінде орыс тілінен сабақ беремін. Компартия мен Совет үкіметінің қудалауынан кейін Жұмабай бабамыздың ұясы бұзылды. Мағжанның сотталып кеткен Қаһарман және Әбәмүсілім деген екі ағасының сүйегі қайда жатқанын білмейміз. Мағжанның өзі атылды дейді. Мағжан ағамнан кейінгі Мұхамеджан, Сәлімжан ағаларым түрме, лагерьде отырып шықты. Осы екеуінен кейінгі менің әкем Қалижан мен кенже інісі Сабыржан қырғыз жазушыларының арқасында қырғыздың құмында пана тауып, өмір сүрді. Сабыржан ағам өмірбақи қырғыз аталып, дүниеден де қырғыз болып өтті. Осы күнге жете алмай бәрі де арманда кетті. Екінші буыннан, яғни Жұмабай бабамның немерелерінен 18 жан қаппыз. Олардың ішінде төртеуі ғана жоғары білім алды, – дейді Райхан Қалижанқызы.
Алты айлығында жетім қалған Райханды әкесі совет өкіметінің қысымы кесірінен тегін ауыстырып жазуға мәжбүр болған.
Азаттық радиосының 1993 жылғы осы дөңгелек үстеліне Мағжанның көзін көрген туысы, ақын Хамза Абдуллин де қатысып, естелігін айтқан.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Түркістан легионында болған, кейін нацистік Германияның да, коммунистік совет режимінің де түрмесінде болған Хамза Абдулиннің тағдыры күрделі. Қатарластары оны қаза тапты деп есептеген. Сол жайында Хасен Оралтай 1973 жылы шыққан "Алаш – Түркістан түріктерінің ұраны" деген кітабында Хамза Абдуллиннің соғыстың аяғына қарай жаладан қаза тапқанын айтқан. Алайда осы кітаптан хабардар болған соң, Хамза Абдуллин шетелдегі қазақ диаспорасына арналған "Шалқар" газеті арқылы өзінің тірі қалғанын жариялайды. Дөңгелек үстелде Хасен Оралтай осыны да еске алады.
Мағжанға туыстық жағынан да, рухани жағынан да жақын Хамза Абдуллин оны көрген тағы басқа да бірнеше туысының 1990 жылдары көзі тірі екенін айтады. Алдымен ол өзінің ақынға қалай туысатынын түсіндірген.
– Мағжанды көзі көргендерден Серғазы, Бибізайып және мен бармын. Бибізайып – немере апам, Серғазы – немере ағам. Осы үшеуміздің ішінде Мағжанды жақсы білетін Бибізайып апамыз болды. Мектепте беспен оқыған ол маған бала кезімде Мағжанның өлеңдерін жаттатқызатын. Мен соның арқасында жас күнімен Мағжанның өлеңдерін жаттап өстім, – дейді Хамза Абдуллин.
Хамзаның сөзінше, ол жеті-сегіз жасар кезінде Мағжанды алғаш рет көрген. Хамзаның әкесі 1927 жылы Мағжанды қонаққа шақырған екен. Бала жастан ақын жырына сусындап өскен Хамза Абдуллин өзіне Мағжан бата бергенін айтады. Ол сол кезде Мағжанның "Түркістан" өлеңін өзіне оқып беріпті.
Хамза Абдуллин Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада қалып қоймай, елге қайтып келу себебін сарказммен түсіндірген.
– Соғыстан кейін мен шатасып, шайтан азғырды ма, әлде туған елді сағынғаннан ба, бері өтіп келдім. Мағжанды сағындым. Еуропаға барған советтің шпиондары "Мағжан Жұмабаев та, Сәкен Сейфуллин де – бәрі тірі, Алматыда жұмыс істеп жатыр" деді. Келсем, Мағжан да, Сәкен де жоқ. Әкемді де атып тастапты. Совет үкіметі мені де түрмеге салды. Соғыста көрмеген түрмем жоқ еді. Бері өтіп келгенде тағы 10 жыл түрмеде отырдым. Бес жыл – Тайшетлагта, бес жыл Колымада болдым, – дейді Хамза Абдуллин.
Хамза Абдуллин грузин халқының әйгілі ақыны Шота Руставелидің "Жолбарыс терісін жамылған батыр" дастанын қазақшаға аударған.
МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ
1993 жылы Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығы қарсаңында Азаттықта өткізілген осы дөңгелек үстел басында совет дәуірінде дәріптелген Сәкен Сейфуллин мен сол кезде қараланған Мағжанның арасы, олардың саяси бағыты туралы да сөз болған.
Хамза Абдуллин Сәкен мен Мағжанның бала күннен бірге өсіп, Омбыда бірге оқығанын айтады. Оның сөзінше, Сәкен Омбыдағы оқуын түгескен соң ауылына мұғалім болып кетеді де, Мағжан Әлихан мен Міржақыптың қасында қалады.
Алайда екеуін тұлға ретінде бір деңгейде салыстыруға болмайды дейді ол. "Мағжан қазақ халқы мен түркілердің өткені мен болашағын жырласа, Сәкен совет үкіметін жырлады", – дейді Хамза Абдуллин.
Мағжан шығармаларын зерттеген Батырхан Дәрімбет 1969 жылдан бастап ақын жырларымен танысқанын айтады. Соған себеп – Хамза Абдуллин екеуінің бір ұжымда, "Жаңа фильм" журналында әріптес болуы.
Мағжанның 100 жылдығы туралы Азаттықтың 1993 жылғы дөңгелек үстелінде ақын өлеңдерінің даулы тұстары жайында да айтылады. Хасен Оралтай Мағжанның кейбір шығармалары толық нұсқада жарияланбай келе жатқанына назар аударған. Хамза Абдуллин сондай даулы өлеңнің бірі "Жауынгер жырын" оқып береді.
Жалпы, Хамза Абдуллин өзі көзі тірісінде жүрген жерінде Мағжанның өлеңдерін мәнерлеп айтып жүретін. Осы дөңгелек үстел басында да ол арқаланып, түйдек-түйдек Мағжан жырларын оқыған.
КЕШ АҚТАЛҒАН МАҒЖАН ҚАЙТА ҚАРАЛАНДЫ
Алашордашыл ақын Мағжан Жұмабаев совет тұсындағы репрессия кезінде әуелде 1929 жылы Мәскеудің Бутырка түрмесіне қамалып, кейін 10 жылға сотталады. Жазасын Карелияда, Архангельскіде өтейді. Атышулы Соловкидегі айрықша тәртіптегі лагерьде болады. Оған "контрреволюционер", "пантюркист", "ұлтшыл", "жапон тыңшысы" деген жала жабылады.
Жазушылар одағы жасақталар алдында Мағжанның "Алқа" қаламгерлер ұйымын құрмақ болғаны да большевиктерге ұнамайды. Олар "Алқа" ұйымын құру ұмтылысын Алашорданы тірілту ретінде қабылдайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Одағыма жазушым сайМағжанның лагерьде жүргенде орыс жазушысы Максим Горькийге хат жазып, соның көмегімен 1936 жылы түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққаны айтылады. Алайда 1937 жылғы жаппай қуғын-сүргін науқаны кезінде қайтадан қамалып, 1938 жылы ату жазасына кесіледі.
Ал ақынның ақталуы да оңай болмаған. Совет одағында Хрущевтің жылымығы тұсында, яғни 1950 жылдардың екінші жартысында бұрын тыйым салынып, тарих бетінде "ақтаңдақ" болып келген көптеген адамдар ақталады. Алайда олардың алғашқы легінің ішінде Мағжан болған жоқ. Ол тек 1960 жылы ғана ақталады.
Оған Хамза Абдуллин өзі жоқтаушы болғанын айтады. Оның сөзінше, алғашқы кезде Мағжанның жары Зылиха Жұмабаева жүйеге сенбегендіктен болар, тиісті өтініш жазуға бейілді болмаған. Мағжан мұралары негізінен сол кісінің қолында сақталып, бүгінге жеткен. 1960 жылғы реабилитацияның өзі тағы да даулы болған. Оның хикаясын Хамза Абдуллин былай түсіндіреді:
– Жазушылар одағының сол кездегі басшылары Мағжанның ақталғанын қабылдамады. Олар мұны Мағжанның азаматтық ақталуы, саяси реабилитация емес деп түсіндірді. Мұны естігенде таңғалдым. Сосын Алматының бас прокурорына барып, осыны түсіндіруін сұрадым. Олар ақталу бойынша азаматтық және саяси реабилитация дегендер болмайтынын айтты. Реабилитация біреу деді. Қайтадан Жазушылар одағына келіп осыны айтып едім, сөзімді тыңдайтын ешкім болмады. Мені маңдарына да жолатпады. Кейіннен өткенде Әбдірахманов деген генералдан білдім, жазушылардың басшылары бірлесіп, Мағжан туралы "Мағжан бірінші контреволюционер", "совет үкіметін инаяттаған", "ақтауға болмайды" деген сарында бір папканы толтырып жазып, КГБ-ға өткізген екен.
Мағжанның құқығын жоқтаушылар мұнымен тоқтап қалмай, ақын өлеңдерін орыс тілінде шығаруға да әрекеттенген. Бірақ бұл да сәтсіз аяқталған.
Ақтаңдақтардың ақталуы үнемі даулы болған. Өткен эпизодта сотсыз, тергеусіз атылған Шәкерімнің тағдыры мен ақталу хикаясын айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "КПСС мүддесіне қайшы". Ақталған Шәкерімді қаралау 30 жылға созылдыШәкерім жырлары сияқты тыйым салынған уақытта өлеңдері зиялылар ортасында қолжазба күйінде тараған Мағжан ақынның да ақталу дауы бертінге дейін созылған.
Мәселен, 1982 жылы кейіннен "Зерде" аталған, сол кездегі "Білім және еңбек" журналының 10-санында Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінен үзінді жарияланған. Ол да болса, "Қойлыбай қобызы" поэмасынан алынған бақсылыққа қатысты шумақтар. Яғни, советтік атеистік қоғамның қытығына тиетін әрекет.
Оның арты әдеттегідей тағы да шу болған. Бұл туралы сол кезде журналда қызмет атқарған Әшірбек Амангелдиев Азаттық радиосының 2011 жылғы 25 шілде күнгі хабарында айтып берген.
Онда да компартия ұйымдары тарапынан Мағжан Жұмабаевтың азаматтық ақталуы саяси реабилитацияға жатпайды деген уәж айтылады. Журнал әскери прокуратураға сұрау салғанда, Мағжанның саяси көзқарасына байланысты ақталғаны туралы жауап алған.
МАҒЖАННЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Азаттықтың 2011 жылғы осы хабарында Мағжанды 1950 жылдары көрдім деген адамның пікірі келтірілген. Бұл кезде Азаттық радиосы веб-сайт платформасына көшіп, Мағжанды көрдім деген Абдулла Әбдірахмановтың видеосын да жариялаған.
Оның айтқанына сенсек, Мағжан 1951 жылы Қиыр Шығыста айдауда жүргенде қайтыс болса керек. Алайда Абдулла қарттың айтқанын дәлелдейтін басқа дерек, немесе құжаттар жоқ.
Ал Азаттық радиосы 1967 жылғы 21 қарашада Түркия қазақтары туралы бағдарламаны эфирден берген. Сонда Түркия қазақтары зиялыларының жергілікті баспасөзге де ат салысып, қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениеті туралы мақалалар жазып тұратыны сөз болады. Бұған қоса онда "Мағжан Жұмабайұлының, Мұстафа Шоқайұлының өмірлері және Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық жолындағы күресі туралы жеке кітап болып жарияланғаны" айтылған.
Бұл жерде сөз Хасен Оралтайдың 1965 жылы Түркияда жарық көрген "Ұлы түрікшіл ақын Мағжан Жұмабайұлы" дегені кітабы жайында болып отыр. Ал совет кезінде Мұстафа Шоқайдың Мағжанның өлеңін оқыған дауысын да Азаттық радиосы эфирге беріп отырған. Ол туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 2023 жылғы 10 маусымдағы эпизодынан толығырақ мәлімет алуға болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мұстафа Шоқайдың өз үні. Азаттық радиосы елге жеткізген бір мұраБір айта кетерлік жаңалық – таяуда тұңғыш рет Мағжан Жұмабаевтың үштомдық академиялық жинағы жарық көрді. Оны Түркі академиясы мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты бірігіп шығарды.
Бұл туралы 12 қазанда Алматыда өткен Мағжан шығармаларының рухани сабақтастығы туралы халықаралық конференцияда белгілі болды.
Ақынның академиялық жинағын әзірлеу Совет одағы құлағаннан кейін 30 жылдан астам уақыт өткен соң ғана мүмкін болып отыр.
Осы мақалада қысқаша мазмұндалған деректер туралы толығырақ аудиоподкаста айтылады.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға және жүктеп алуға болады.