Рио олимпиадасында командасы ең көп медаль алған жаттықтырушы Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов болды. Олимпиада алдында ол "екі алтын алу - мақсат" деген еді. Бірақ бапкердің пікірінше, бұл жоспардың орындалмауына "бірнеше фактор әсер еткен". Қазақстан боксшылары олимпиададан 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдемен оралды.
1. Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Данияр Елеусіновтің еңбегі ақталып чемпион болды. Ол - команданың капитаны, жауапкершілік өте үлкен. Құрамада кемшіліктер жоқ емес бар. Абылайхан Жүсіпов, Берік Әбдірахманов және Біржан Жақыпов қарсыластарынан жеңілді, мойындаймыз. Кей боксшыларымыз бабы жақсы болғанымен, оларға жүлде бұйырмады. Кей боксшыларымыз жеңді, бірақ төрешілер басқа шешім шығарды. Бірақ ешкімді кінәламаймыз. Василий Левит (күміс жүлде - ред.) жеңіліп қалса да рингте де, марапаттау рәсімінде де өзін өте салмақты ұстады. Бастысы, оны халық қолдады. Күміс алған Әділбек Ниязымбетов 81 килограмм салмақ дәрежесінде әлемдегі ең үздік боксшылардың бірі екенін дәлелдеді. Екінші рет қатарынан олимпиада финалына шығу кез келген спортшының қолынан келмейді. Иван Дычко (+91 килограмм, қола - ред.) алтынға бокстаса алмайтын еді. Жартылай финалда тез шаршап қалды. Біз екі күн бойы дайындадық. Бірақ психологиялық тұрғыдан дайын болмады. Ол қола жүлденің өзін қанағат тұтып қойған сияқты. Финалға шықсам деген жігер болмады, - дейді.
Ал қазақстандық боксшы Дариға Шәкімова (69-75 килограмм) Лондон олимпиадасында қола жүлде алған қазақстандық боксшы әйел Марина Вольнованың нәтижесін қайталады. Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының аға бапкері Вадим Присяжнюк:
- Дариға Шәкімова олимпиадада қола медаль алғаны – Қазақстандағы әйелдер боксы үшін жақсы нәтиже. Шәкімова жартылай финалда америкалық Кларесса Шилдспен (Лондон және Риоолимпиадасының чемпионы - ред) кездесті. Шилдс деңгейі жағынан Шәкімовадан мықты. Бірақ біз оны ұтуға тырыстық. Дариға қолынан келгенін бәрін істеді, бірақ нәтиже шығара алмады. Қарсыласы өте мықты болды, - дейді.
Қазақстанның медаль жағынан 2-орында тұрған құрамасы - Алексей Ни баптаған ауыр атлеттер: 1 алтын, 1 күміс, 3 қола. Бас бапкер Ни Токио олимпиадасына (2020 жыл) дайындықты келесі жылдан бастамақ.
2. Алексей Ни, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Ильин, Подобедова, Чиншанло, Манеза Риоға келмейтіні белгілі болған соң (допинг дауына байланысты - ред.) құраманы қайта жасақтау керек болды. Бұл олимпиадаға біз екінші қосалқы құрамды алып келдік. Риоға келген атлеттер ішінен тек Александр Зайчиков қана Лондон олимпиадасына қатысқан. Ол Лондонда 12-орын алса, Риода қола жүлдегер болды. Чемпион болған Нижат Рахимов пен күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұл мақсатты орындады. Жаппарқұлға алтынға таласуға болар еді, бірақ психологиялық тұрғыдан дайын болмады. Қола алған Карина Горичева мен Фархад Харки олимпиадаға дейін әлем чемпионатына қатысып көрмеген. Мұндай ірі жарысқа алғаш қатысып, жүлде алу – жақсы нәтиже. Егер Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстан ауыр атлеттерін бір жыл жарыстан шеттетіп тастаса, еш алаңдаудың қажеті жоқ. Бір жыл бойы ел ішінде жарыстар ұйымдастырып, өз ішімізде іріктеу жасаймыз. Ел ішінде бәсекелестікті арттыру үшін жұмыстар жүргіземіз. Құраманы 2017 жылдан бастап 2018 жылғы Азия ойындарына және 2020 жылғы Токио олимпиадасына дайындаймыз, - деді.
Жазира Жаппарқұлдың күміс медалі Қазақстан спортындағы тарихи жүлде болды - ауыр атлет олимпиадада жүлде салған алғашқы этникалық қазақ қызы атанды. Қазақстанның Рио олимпиадасында алған тарихи жүлдесі бұл ғана емес. Бұл ел Рио-де-Жанейрода жүзуден алғашқы медалін иеленді және ол бірден алтын болып шықты.
3. Олег Вагизов, жүзуден Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Дмитрий Баландин Риоға медаль үшін келген. Бірақ алтын болады деп ойламадық. Баландин Азия ойындарында үш алтын алған соң бапкерлермен бірге Риоға кешенді түрде дайындық жүргізді. Сол дайындық өз нәтижесін берді. Қазақстан алғаш рет су спорты түрлерінен олимпиадада медаль алды. Енді ол алдағы әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында жеңісті жолын жалғастыруы керек. Дмитрий Баландин сәл демалып алып, Токио ойындарына дайындықты бастайды, - дейді.
Рио олимпиадасында Қазақстанның еркін күрестегі әйел балуандары көзге түсті. Бұл құрама Қазақстанға 1 күміс, 2 қола әперді.
4. Қайрат Сағадиев, еркін күрестен Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері:
- Күміс жүлдегер Гюзель Манюрова - тәжірибелі балуан. Финалда барын салды. Канадалық қарсыласы (Эрика Уибе - ред.) тактикалық тұрғыдан басым болды. Ларионова мен Сыздықова Токиода жүлде алады деп болжағанбыз. Олардың жастар құрамасынан ересектерге ауысқанына көп болған жоқ. Ал олар Риода қола алды. Демек Токиода алтынға таласады. Манюрова басқаларға үлгі болды. Оның Лондон мен әлем чемпионаттарында алған жүлделері Қазақстандағы күреске серпіліс берді. Олимпиада ол - эмоция мен психология жарысы. Рейтингтегі жоғары орның көп нәрсе шешпейді. Оған дәлел - Сыздықова мен Ларионова, - дейді.
Қазақстан қоржынына 1 күміс, 1 қола медаль салған Қазақстанның дзюдо құрамасы болды.
5. Ермек Иманбеков, дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Риода Қазақстан құрамасы өз деңгейінде нәтиже көрсетті. Қазақстанға екі медаль алып бердік. Алғаш рет Қазақстан дзюдодан олимпиадада екі медаль алды. Қазір дзюдода бәсекелестік өте жоғары. Елдос Сметов те, Галбадрах Отгонцэцэг те карьераларына серпіліс беретін, мотивация беретін жеңіске жетті. Максим Раков үшін жеребе өте сәтсіз болды. Ол чехиялық Лукаш Крпалекті (Риода олимпиада чемпионы атанды - ред) жеңгенде кем дегенде финалға дейін барар еді, - деді.
Рио олимпиадасында үш қарғып секіруден қола жүлде алған жеңіл атлет Ольга Рыпакова Азаттық тілшісіне елге барған соң "сәл демаламын және бапкеріммен Риода жіберген қателіктерімді анықтап, оларды түзетуге кірісемін" деген еді. Өкінішке орай жүлдегердің бапкерімен тілдесудің сәті түспеді.
Рио-де-Жанейро олимпиадасы 16 күнге созылып, жабылу салтанаты тамыздың 21-інде өтті. Қазақстан үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медальмен жалпы есепте 22-орында, ал Азия құрлығы бойынша төрт ел - Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстаннан кейін бесінші болып тұр. Қазақстан Рио олимпиадасында 17 медаль иеленіп, жүлде жағынан тәуелсіздік алғалы бергі жеке рекордын да жасады.