Олимпиада жүлдегерлері Кремльде марапатталып, сыйлықтары мен ақшаларын алып, су жаңа автомобильдерін мінген күннің ертеңінде, яғни тамыздың 26-сы күні ресейліктер таң-тамаша болды - жүлдегерлерге берілген көліктің бірі сатылатыны туралы хабарландыру шықты.
Хабарландыру ресейліктер жаппай қарайтын auto.ru сайтына жарияланды. Онда көлік бағасының 4 миллион 700 мың рубль екені жазылған. Жарияланған суретінде «Ресей құрамасы - 2016» деген жазуы сол күйі тұр. Фотографияға мынадай сипаттама берілген:
«Машинаны Ресей президенті В.В. Путиннің өзі сыйлаған. Рио-2016 олимпиадасындағы жеңіс үшін, нақтырақ айтсақ алтын медаль үшін берілген көлік. Су жаңа».
Ақпараттарға қарағанда, Рио-де-Жанейро қаласында өткен 2016 жылғы жазғы олимпиада жүлдегерлеріне берілген сыйлықтардың бірі болған BMW автокөлігі шетелден сатып алынбаған, Ресейдің Еуропадағы эксклавы – Калининградтағы (Польша мен Литваның арасында орналасқан – ред.) зауытта құрастырылған.
Ресей спорт министрі Виталий Мутко «көліктерден бөлек, олимпиада жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар: алтын медальға – 62 мың, күміске – 39 мың, қолаға 26 мың доллар берілетінін» мәлімдеді. Күміс және қола жүлде иегерлері де көліктер алды, бірақ олардікі чемпиондарға берілген үлгіден басқа болды -BMW X4 және X3.
Сыйлықтарды тапсыру кезінде Ресей президенті Владимир Путин және басқа да шенеуніктер спортшыларға мақтау сөздерін арнады. Олар допинг дауына іліккен спортшылардың олимпиада ойындарынан шеттетілгеніне наразылықтарын да мәлімдеді. Ресей атлеттері халықаралық спорт мекемелері бұл елде жаппай допинг қолданудың «мемлекеттік жүйесі» қалыптасқанын мәлімдегеннен кейін Рио олимпиадасынан шеттетілген болатын.
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Ресейдің параолимпиада құрамасын да Бразилиядағы Рио-де-Жанейро олимпиадасынан шеттету жөнінде шешім шығарды. Параолимпиада қыркүйек айында өтеді.
Машина сатылатыны туралы жарнама шыққан тамыздың 26-сы күні көлік иесінің өкілі «Говорит Москва» радиостанциясына берген сұхбатында құнды сыйлықтың сатылу себебін жүлдегердің көлік жүргізе алмайтынымен түсіндірді. Ақпараттарға қарағанда, көлік иесі - Ресейдіңсинхронды жүзу құрамасының спортшысы.
Жарнама Auto.ru сайтында кешке дейін тұрды. Дегенмен оған «хабарландырудың күші жойылды» деген ескертпе қойылды.
Ресей олимпиада құрамасы Риода жүлде саны жағынан 4-орын алды. Ресей атлеттері алған жүлделердің 19-ы алтын медаль болды.
Майк Эккельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.