"Заң бұзылды" дегенше Путин де жеңіске жетті

Қырым аннексиясының 4 жылдығындағы Путин бейнесі салынған плакат. Мәскеу. 18 наурыз, 2018 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин тағы да алты жыл ел басқармақ. ОСК бюллетеньдердің басым көбін санап болған соң нәтижесін хабарлады, Путин бәсекелестерінен бірнеше есе артық дауыс жинаған.

Бірақ заң бұзушылық пен сайлаушыларға қысым болғаны туралы мыңдаған хабарлама түсті. Ресейдің «Интерфакс» пен ТАСС ақпарат агенттіктері Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) сілтеме жасай отырып 99 пайыз бюллетеньді санап шыққанда Путиннің 76,65 пайыз дауыс жинағанын мәлімдеді. Наурыздың 18-і күні өткен сайлауда Путинге 55,4 миллион адам дауыс берген.

РФКП (Ресей Федерациясы коммунистік партиясы) атынан түскен кандидат Павел Грудинин 11,82 пайыз дауыс алған, РЛДП (Ресей либерал-демократтар партиясы) жетекшісі Жириновский 5,68 пайыз, тележүргізуші Ксения Собчак 1,66 пайыз дауыс алды.

Қалған төрт үміткер – либерал Григорий Явлинский, ұлтшыл Сергей Бабурин, орталықшыл Борис Титов пен «Ресей коммунистері» жетекшісі Максим Сурайкин - әрқайсысы бір пайыздан аз жинады.

Ресей президенті сайлауына кандидаттардың суреттері.

ОСК-нің мәлімдеуінше, ел тұрғындарының «67 пайыздан астамы» дауыс беруге қатысқан. Сайлау алдында ресейлік БАҚ Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасай отырып 70 пайыз тұрғынның сайлауға қатысуын қамтамасыз етуге тырысатынын және Путиннің 70 пайыздан төмен дауыс алмауына жағдай жасайтындарын жазған болатын.

САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ ПУТИН

65 жасар Владимир Путин Мәскеуде өткен митинг-концертке (Қырымды басып алудың төрт жылдығына арналған) түн ортасына дейін қатысып, сайлаушылардың қолдауына алғыс айтты. Жиналған топ оның фамилиясын буынға бөліп, айғайлап айтқанда Путин оған жауап ретінде «Россия, Россия!» деп айғайлады, көпшілік оны қолдай кетті. «Бізді табыс күтеді» деген Путин өзінің жеңісі «ресейліктердің сенімі мен үмітін» білдіретінін айтты.

Қырым аннексияның 4 жылдығына арналған митинг-концертке келген Владимир Путин. Мәскеу. 18 наурыз, 2018 жыл.

Кейін журналистердің алдында сөйлеген Путин Конституцияны өзгертпейтінін және 2030 сайлауға түспейтінін айтты. Конституциядағы шектеу бір адамның президент мерзімінде екі жылдан артық отыруына рұқсат етпейді.

Сондықтан Путин 2024 жылы сайлауға түсе алмайды, бірақ 2030 жылы қайта сайлануға құқылы. «Әзірге ешқандай конститутциялық реформаны жоспарлап отырған жоқпын», - деді Путин журналистердің сауалына.

Наурыздың 18-і күні түске дейін дауыс берген Путин президент ретінде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретін кез келген нәтижені табысты санайтынын айтты. «Мемлекетке ұсынып отырған бағдарламамның дұрыстығына сенімдімін», - деген сонда Путин.

Сайлау учаскесіндегі дауыс есептеу. Новосибирск. 18 наурыз, 2018 жыл.

Заңның бұзылғаны туралы хабарламалар 18 наурызда күні бойы түсті. Сайлауды бақылайтын тәуелсіз «Голос» тобы 2825 ықтимал тәртіп бұзушылық туралы хабарлады. Кейбір сайлау бөлімшелерінде сайлау урналары бақылау камерасына көрінбей тұрған, бюллетеньдерді топтап салу да тіркелген. Ондаған жағдайда бақылаушылар сайлау барысын бақылай алмаған.

Бақылаушылар биліктің адамдардың көп келуіне жағдай жасағанын айтады. Кейбір аудандарда бюджеттік мекеме қызметкерлері басшылықтың қысым жасап, сайлау бөлімшелеріне барған суреттерін салуды талап еткенін айтады.

Басқа аудандарда билік сайлаушыларды тарту үшін бөлімшелерде шоу-бағдарламалар ұйымдастырып, азық-түлікті сауда орындарынан арзан бағамен сатқан.

ВИДЕО: Мәскеудегі дауыс беру кезінде.

Your browser doesn’t support HTML5

Дауыс беру кезінде

Алайда ОСК шағымдар түскенін, бірақ елеулі тәртіп бұзушылықтар болмағанын, бірнеше жүз ұсақ-түйек тәртіп бұзу туралы хабарламаны прокуратураға жолдағандарын айтады.

Сайлауға кандидат ретінде қатысуға рұқсат алмаған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары билікті сайлаушыларды бөлімшелерге топпен апарды деп айыптады. Әсіресе, Путинді қолдаушылар аз екі қала – Мәскеу мен Санкт-Петербургте жүздеген тәртіп бұзушылық болғанын айтады.

БАТЫСПЕН ШИЕЛЕНІС КЕЗІНДЕГІ САЙЛАУ

Шетелдік басшылар Путинді дүйсенбіге қараған түннен бастап құттықтай бастады. Қытай басшысы Си Цзиньпин Путинді қайта сайлануымен құттықтап, Пекиннің Мәскеумен ынтымақтастығын жалғастыра беретінін, «қарым-қатынасты барынша жоғары деңгейге көтеруге тырысатындарын» айтты.

«Қазіргі кезде Қытай-Ресей қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен ықпалдастық тұрғысынан ең жоғары деңгейде тұр. Оны жаңа типтегі халықаралық қарым-қатынас құрудың үлгісі десе болады», - деген Си Цзиньпиннің сөзін Xinhua агенттігі келтіріпті. Қытайда жақында екі мерзімнен артық президент болуға тыйым салатын шектеу алынды, енді Си Цзиньпин билікте шектеусіз отыра алады.

Путинді Орталық Азия басшылары да құттықтады, солардың ішінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия экономикалық одағы аясында Қазақстанның Ресеймен байланысты кеңейтуді көздейтінін айтты.

ВИДЕО: Ресей президентінің Қазақстандағы сайлауы.

Your browser doesn’t support HTML5

Дауыс беру үшін кезекке тұру

Ресейдегі сайлау бұрынғы Ресей барлау басқармасының агенті Сергей Скрипальдің Ұлыбританияда улануынан соң екі аптадан кейін болды. Болған жағдай үшін Лондон Мәскеуді айыптайды.

Соған қоса наурыздың 15-і күні АҚШ Мәскеудің 2016 жылы президенттік сайлау араласқаны үшін Ресейге қарсы санкцияны күшейтті. Алайда Батыс пен Ресей арасындағы шиеленіс Путиннің Ресей ішіндегі имиджін күшейте т үсті. Тиісінше, енді оны мемлекеттің қорғаушысы санайтындар көбейді.

Путиннің сайлау штабының баспасөз хатшысы Андрей Кондрашов бұрынғы Ресей азаматы Сергей Скрипальді улады деп Ресейді айыптаған Ұлыбритания көрсеткіштің жоғары болуына ықпал етті дейді. «Интерфакс» агенттігінің жазуынша, «Қазір цифр біз күткеннен 8-10 пайызға жоғары. Ол үшін Ұлыбританияға алғыс айтамыз, тағы да ресейлік менталитетті есепке алмады», - депті Кондрашов жексенбі күні журналистерге.

Путин сайлаудан соң бірінші рет Скрипальге қатысты оқиғаға өз пікірін білдірді. Ол Ресейдің бұған қатысы барын терістеді. «Бұл - деген сандырақ, ақылға қонбайтын нәрсе, Ресей президенттік сайлау алдында және осында өтетін футболдан әлем чемпионаты алдында ондайға бармайды», - деді ол.

1999 жылдан бері билікте отырған Путиннің (2008-2012 жылдары премьер-министр болды) 2024 жылы кезекті президенттік мерзімі аяқталғанда жасы 71-ге келеді.